Қуандық Шамахайұлы. Жол үстінде (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4944

Қуандық ШамахайұлыБәкен жездей Алматыдан Астанаға баратын пойызға бір билетті зорға тапты. Оның өзінде касса алдында сағаттап, тағатсыздана күтіп, пойыз қозғаларға бес-он минут қалғанда ғана қолына тигізді. Плацкарттық вагонның екінші полкісінен бұйырған орынның табылғанына шүкір етті.

Кешкі сапар. Екінші полкіге шығып алып, жолға әдейі алып шыққан романды оқып жатамын деп қуанып кетті. Бәйбішесі жолға шыққанда қарның ашпасын деп әбден тойдырып шығарып салған. Енді, кітап оқып рақаттанып жатпағанда не істейді?  

Астанадағы құдасы жалғыз ұлын үйлендіріп жатыр. Ол тойға бармай қалу Бәкен үшін өте ыңғайсыз болар еді. Үш қызын әлдеқашан қияға қондырған құдасы жалғыз ұлының үйлену тойын көптен күткен болатын. Мұндай қуанышты құдасы болғаны үшін ғана емес, бала кезден тай-құлындай тебісіп бірге өскен досы ретінде Бәкен Алматыдан ат арылтып, барып бөліспесе, реніштің көкесі сонда тумай ма. 

Кемпірі ана жолы сырға салу рәсіме қатысып алдын ала құттықтап, келген. Сондықтан, осы жолы бара алмайтынын айтып, алдарынан өтіп алған. Ал енді, зейнеткер Бәкеннің осы жолы тойға келмей қалуға еш сылтауы да, жөні де жоқ. 

Дәл бүгін студенттердің кезекті каникулы басталыпты да, жолаушы атаулы әдеттегіден де көп. Жалпы, осы екі қала арасында аптаның соңында жолға билет табылмай қалатыны ежелден келе жатқан ауру. Осындай қарбалас шақта дәм тартып, билет тапқанына ол дән риза. 

Вагонның есігі жабылайын деп жатқанда Бәкен кіріп үлгерді. Ұзын дәлізді бойлап жүріп отырып, орта тұстағы орнына жетті. Үстелдің үстіне қазы-қартасы аралас туралған ет, шашылған бауырсақ. Толықша келген егделеу қара әйел, қысық көз келіншек пен шидиген арық сары қыз үшеуі ауыз жаппай күйсеп отыр. Шеткіріректе бір қартаң кісі телефонмен сөйлесіп алыстау отырғанына қарағанда, бұларға бөтен адам болса керек. 

Бәкен жездей отырғандармен сәлемдесіп, екінші полкадағы орнына сөмкесін қойып, сырт киімін шешті. Сол-ақ екен, төрде отырған семіз қара қатын бәйек бола қалды: 

-Ағасы, келіңіз! Тамақ жеп, шай ішіңіз! 

-Жоқ, рақмет! Тамақтанып шыққанмын, ас болсын! 

-Астанаға дейін барасыз ба? 

-Иә, әрине. 

-Екінші полкіде екенсіз. Үлкен адамға шығып, түсу де оңай емес қой. Мына қарсы алдымыздағы боковойдың бірінші полкінде мына менің қызымның орны бар. Ауыстырайық та. 

-Жоқ. Ауыстырудың қажеті жоқ. Маған шығып-түсу қиын емес. 

-Е, мейлі. Сізге қолайлы болсын дегенім ғой. Жасыңыз үлкен кісі болған соң астыңғы орын жайлы ма дегенім. 

-Қамқорлығыңызға рақмет! Өз орнымда жата беремін – деді де, Бәкен жезде лып беріп, үстіңгі полкіге шықты да, кітабын оқып жайланып жатып қалды. 

Кітаптың қызығына түскен Бәкеннің құлағына төменде тамақтанып отырғандардың сөздері де әлсін-әлсін кіріп кетіп, ойын бөле береді. Бірақ, әңгіме айтпаңдар деп оларға қалайша орынсыз талап қоя алады? 

Сөздеріне қарағанда, Алматыға тойға келіп қайтып бара жатқан адамдар көрінеді. Тойханадан шығарда алыс жол жүресіңдер, қарындарың ашып қалады деп, үлкен қызы ет, салаттарды тым көп салып жіберіпті. Таңға дейін сақталмайды, тастай салу асқа обал. Сондықтан, шай іше отырып, жеп қою туралы шешім қабылдасып жатқанда, Бәкен жезде ұйықтап кетті. 

Пойыз жұлқынып орнынан қозғалғанда оянып кетті. Жолдағы көп бекеттердің бірінен өтіп бара жатыр екен. Төмендегілер ішіп-жеп, әңгіме айтып әлі отыр. Вагонның шамдары саламадай болып, жанып тұрғанына қарағанда жолаушылар әлі жата қоймаған. Ол кітабын ары қарай жалғастырып оқып, әбден қызығына түскені соншалық аяқтап барып бетін бірақ жапты. 

Айналасына қараса жым-жырт. Жоғарыдан ақырын ғана түсіп, бой жазып келді. Жұрттың бәрі ұйқыға кеткен. Әлгі тойдан қайтқан ішіп-жегіштер де пырылдап ұйықтап жатыр. Боковойдың астыңғысында әлгі семіз қара қатынның шидиген сары қызы жайғасыпты. Әлгі Бәкенге қамқорсып, астыңғы полкідегі қызының орнын ұсынғыш әйел де қор-қор етіп, вагонды басына көтереді. 

Бәкен оқып біткен кітабын әне жер, міне жерінен тағы бір қарап, қызықты оқиғаларын еске алып, тамсанып жатып тағы да ұйықтап кетіпті. 

-Шу станциясы! – деген әлде біреудің қатты даусынан оянып кетті. Қол жүгін көтеріп, сырттан кірген бір еркек адам боковойдағы астыңғы орынды босат деп әлгі семіз қара қатынмен дауласып тұр екен. 

-Ағасы, қызымды тұрғызбай-ақ қойыңызшы! Оның орны әне жерде. Нөмірі міне. Сіз сонда барып жата беріңіз! Қызым өз маңымда болсын дегенім еді. Сіздің Шудан мінетініңізді қайдан білейік! – деп, әлгі үзеңгіліс әйел жалынып тұр.  

Вагонға Шудан мінген жолаушы орынның нөмірін қайта бір анықтап сұрап алып, кетіп қалды да ізінше қайта оралды. 

-Өй, айналайын! Ана орның туалеттің дәл қасында екен ғой. Тағы ол орынға удай мас біреу жатып алған, тіпті, тұрмайды. Босатса да ол орныңа бармаймын. Пысығын қара өздерінің! Мені алдап соқпақшы, екенсіңдер ғой. Сендерге жағдай жасау үшін осы билетті күні бұрын сатып алып па екенмін. Давай, басты қатырмай орнымды босатыңдар! – деді. 

Қызы дереу орынды босатып, шешесінің қасына келіп жайғасты. 

-Жарайды, сыйысып жата тұрайық. Ұйқы қанбаса, таңертең Астанаға жеткенше кезектесіп көз шырымын алармыз. Қазіргі ер азаматтар қатыннан да жаман. Қаршадай қызға орнын бере салса қайтеді екен. Мына үстіңгіде жатқан шал да пәле біреу екен. Кешке қанша жалынсақ та тыңдамады ғой – деп, күнкілдеген дауыс естілді. 

Бәкен жезде оған бірдеме демекке ұмтылды да, қолды бірақ сілтеп, дереу райынан қайтты. Қатынмен қатын болып, сонымен салғыласып, ұйқымды бұзамын ба, қойшы, тәйірі!  

Вагонға алғаш кіргенде-ақ әлгі әйелдің тым қамқорсып, жылпылдай қалғанын ойлағанда жыны келді. «Егер оның сөзіне иланып, орнымды ауыстыра салған болсам, қазір ана қызы емес, мына орыннан мен қуылып жатқандай екенмін ғой. Бәсе, дауысының тонында бір қулық пен залымдықтың нышаны бар секілді көрініп еді» деп ойлап жатып, қатты ұйықтап кетті.

2019.

author

Қуандық Шамахайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...