Симона де Бовуар және Жан-Поль Сартр: Экзистенциал махаббат

ӘДЕБИЕТ
4704

«Өзгерістерге тап болған кезде өзгеретін махаббат бұл махаббат емес. Ал ол махаббатты көз емес, жан көреді », - дейді Шекспир. «Жан көрер махаббат»бүгінге дейін әр түрлі тілдерде, әр түрлі қоғамда өмір сүрді. Мыңдаған «махаббат хикаялары» аңызға айналды, бірақ біз Шекспир айтқан өзгерістен аман қалған оқиғаларды сирек тыңдайтынбыз.

Бүгінге жеткен Париж бен Хелен, Антоний мен Клеопатра, Джульетта мен Ромео, Фархад пен Шырын және Қозы мен Баян махаббаттары болса бәрі-бәрі ел жадында. Күн сайын махаббат туралы жаңа композиция, әңгіме, пьеса, роман жазылады. Бәлкім бұл адамзаттың ең әмбебап ұғымы шығар. Дегенмен аты аңызға айналарлықтай махаббатты қанша адам басынан өткеріп көрді екен?! Сіз ше, құрметті оқырман, тұла бойыңызды өртеп бара жатқан махаббатыңыздың аңызға айналатынына сенесіз бе?

ХХ ғасырда ер мен әйел қарым-қатынастары, отбасылық өмір сынды ұғымдарымен көп талқыланған, датталған, мақталған және солай бола тұра аты аңызға айналған махаббат оқиғасының кейіпкерлері бар. Олар, экзистенциализмнің атасы, философ, жазушы Жан-Поль Сартр мен экзистенциалдық философияның өкілі, қазіргі феминизмнің анасы болып есептелетін Симона де Бовуар. Әлі күнге дейін Сартр мен де Бовуардың ара-қатынасын бірілері «интеллектуал махаббат» десе, енді бірілері «экзистенциал махаббат» деп атайды. Біз де осылардың соңғысына тоқталғанды жөн көрдік, құрметті оқырман. Қос алыптың экзистенциалды махаббаттары әдебиетке, мәдениетке және философияға үлкен әсер қалдырды. Тіпті ХХ ғасырдың ең мықты философиялық және романтикалық байланысын қалыптастырды.

Симона де Бовуар мен Жан-Поль Сартр 1929 жылы Сорбонна университетінің философия факультетінің ең үздік студенттері болды. Ең қызығы, бұл «бүлікші» қарым-қатынас Париждегі талғампаз көшедегі орындықта болған философиялық әңгімеден басталды. Сартрға де Бовуардың әдемілігі мен ақылдылығы бірден әсер етті. Сартр өзінің «ер ұлтшыл» екенін мойындай отырып, де Бовуарды «ерлердің интеллектісі мен әйел сезімталдығы бір арнаға тоғыстыра білген бар жалғыз адам» деп атады. Де Бовуарға Сартр бірден ұнай қоймады. Әрине, бала кезінен бастап үлкен комплекстермен өскен, өзін көріксіз санайтын Сартр сұлу да, мөлдір де Бовуарға қалай ұнай қойсын. Бірақ көп ұзамай оған жас философтың ақылдылығы, әзіл-қалжыңы, дауыс ырғағы, мейірімділігі сұлудың жүрегін жаулай бастады.

Симона де Бовуар мен Жан-Пол Сартрдың арасындағы махаббаттың ең көркем жері – олардың сөз бен қаламға адалдылығы мен сенімі болатын. Олар жазудың күші мен тәртібіне өте берік болды. Сартр өзінің кез-келген жұмысын де Бовуарға көрсетпей, оның пікірін білмей бөліскен жоқ.

Де Бовуардың әлемді дүр сілкіндірген "Екінші жыныс" (Le Deuxième Sexe)  атты кітабы да Сартрмен болған әңгімеден кейін барып жазыла бастайды. Бірде Бувуар Сартрдың жазуын редакциялап жатқан кезде Сартр оған: «Сен неге өз өміріңді жазбайсың?» деп сұрақ қояды. Бірнеше сағатқа созылған сұхбаттан кейін Бовуар жазуға кіріседі. Алайда өзінің өмірбаянын жазу барысында де Бовуар Сартрға қарағанда өмірінің кей тұстарының кемшіл екенін, тіпті жоқ екенін аңғарады. Кемшіл тұстары деп отырғанымыз -де Бовуардың бойжеткен кезіндегі білімі Сартрмен тең болмағаны. Міне, жаңалық! Асқан білімді, интелектуал де Бовуар Сартрмен тең дәрежеде қалайша білім ала алмаған?! Жалғыз себеп – оның әйел болуында еді. Сол сәттен бастап осы гендерлік теңсіздік туралы кітап жазуды мақсат етеді. Ол өзінің екі томдық кітабын шығарды, онда әйелдерді жасанды патриархалдық жүйедегі ана немесе әйел болуға мәжбүр етуі, репродуктивті органдарға бағынуы және «екінші» жыныс ретінде көрінуі жайлы сөз қозғалады.

Осы шығармасымен ол әйгілі «сіз әйел болып туыла алмайсыз, сіз әйел етеді» деген сөзі өмірге келді. Де Бовуар және Екінші жыныс кітабы әйелдер құқықтары мен гендерлік теңдікті қорғаушылардың қасиетті кітабы болды. Кейіннен ол әртүрлі философиялық, әдеби, мәдени, әлеуметтік және саяси идеяларға жол ашты.

Ал Сартр болса экзистенциалдық философияның маңызды туындыларына жаңа көзқарастар батыл енгізе бастады. Сартрдың пікірінше, адамдар өздерінің болашағын басқара алады, олар өз өмірінің бағытын өзгерте алады, өйткені олар әр шешімі мен таңдауына жауапты. Сартр бостандық, даралық және шынайылық ұғымдары туралы өте маңызды идеялармен бөлісті. Олардың ішіндегі ең атақтысы «Болмыс мәннен бұрын пайда болады» деген философиялық тұжырымдамасы еді. Ол бізді түпнұсқалық ерекшеліктерімізді табуға шақырады деген ойды ұстанды. Өз кезегінде Хайдеггер Сартрдың осы бір тұжырымдамасына қарсы шығып, өз ұстанымын білдірген еді. Алайда ол басқа әңгіме. Қазіргі тақырып Сартр мен де Бовуар және олардың экзистенциалды махаббаттары жайлы болмақ. Осылайша Сартр өз философиясында адамдар басқалар үшін емес, өздері үшін өмір сүру керектігін баса айтты. Уақыт өте келе өздері үшін өмір сүруі керек адамзаттың трагикомикалық табиғатын қолға ала отырып, біздің бір «ештің», «бостықтың» ішінде өмір сүретімізді, тағдырларымызды басқаруға деген ұмтылыстарыңдың еш мағына бермейтінін айтумен һәм жазумен болды.

Қысқаша айтқанда, адамзаттың экзистенциалдық проблемасы және әйелдерге жүктелген жасанды рөлдер елу бір жылға созылатын қатынастардың күн тәртібін құрды және көптеген идеялардың арқасында жаңа туындылар дүниеге келді. Аты аңызға айналған осы бір махаббаттың жалғыз нәтижесі, жалғыз ұрпағы, жалғыз ортақ перзенті ретінде  экзистенциалистік қозғалыс есептелді. Иә, құрметті оқырман, Сартр пен де Бовуардың жалғыз перзенті экзистенциалистік қозғалыс бола білді.

Құдай, дін, мемлекет, билік сияқты барлық абсолютті құндылықтарға күмән келтіретін және олардың барлығын жоққа шығаруға тырысатын олардың осы бір перзенті, де Бовуар мен Сартрдың жазбалары, жұмыс үстелдері, джаз клубтары, кафелер мен Париждің күңгірт көшелері, темекі түтіні мен қызыл бокалды шампандардың арасында дүние есігін ашты. 

Әлемдік әдебиет пен философиядағы ізашар идеяларымен екі адамның қарым-қатынасы бірдей күрделі және әдеттен тыс болғанын байқаған шығарсыз. Де Бавуар өз өмірінде бірінші рет интеллектуалды түрде пікір алмасатын адам тапты. Сартр оны барлық жағынан өзіне тең көретін және оған мейірімділікпен қарайтын. Ол өзі сияқты ақылды әйелге ғашық болды. Өйткені ол өзінің сөйлемдерін өзінен бұрын аяқтай алатын және аяғына дейін тәуелсіз бола алатын жан еді.

Дәстүрлерді бірінен соң бірін бұзуға тырысқан бұл ерлі-зайыптылар моногамдық романтикалық қарым-қатынас орнатқысы келе ме, жоқ па, ол даулы мәселесі болды. Әйтеуір күндердің бір күнінде Сартр де Бовуарға «Бізде бар нәрсе - махаббат. Бірақ екеуіміз үшін басқа мүмкіндіктерді қолданған дұрыс болар еді », - деп айтып қалды. Кейінгі хаттарда көрсетілгендей, де Бовуар бұл шешімге қатты қуанды деп айта алмаймыз. Бірақ де Бовуар үшін де бостандық ұғымы өте маңызды болды. Ол жыныстық қатынассыз, еш жақындықсыз махаббаттың қалай болатынын білгісі һәм сезгісі келді. Осылайша олардың арасында «ашық қарым-қатынас» терминін қолданыла бастады. Міне, осы термин, бәлкім әрекеттер олардың махаббаттарын аңызға айналдырды. Фархад пен Шырыннан, Қозы мен Баяннан бөлектеп тұратын да осы «ашық қарым-қатынас» еді. 

Сартр мен де Бовуар «махаббат - бұл бізді толықтырушы күш» деген идеяға қарсы болды.  Олардың ойында осы бір махаббатқа қайшы келетін болмыстың ерекшеліктері, махаббат жолында жоғалып яки құрбан болып кетуі мүмкін деген қорқыныш самсап тұрды, яғни олар бір-бірін толықтырғандары соншалық, егер екеуі бірге болса Сартр әлемге әйгілі жазушы, әрісі философ болмас еді. Де Бовуар тіпті қолына қалам алмас па еді, кім білсін? Неге дейсіз бе, құрметті оқырман?! Себебі классикалық үлгідегі махаббатқа бой алдырса, Сартрға де Бовуардан басқа, де Бовуарға Сартрдан басқа ешкім де, ештеңе де қажет болмай қалатын. Бейне бір тау тескен Фархадтың кейпінде Сартрды, Шырынның кейпінде де Бовуарды елестетіп көріңізші. Оларға махаббат жолында мұндай «құрбандық» керек пе еді, қалай ойлайсыз? Сол «құрбандықтарды», өздерінің тілімен айтсақ «болмыстың ерекшеліктерін» сақтап қалу үшін махаббаттарының кейпін өзгертуге мәжбүр болды. Махаббатқа қайшы келетін болмыстың ерекшеліктерін һәм махаббаттарын сақтап қалу үшін тек бір ғана жол бар еді: Ультиматум. Мөп-мөлдір экзистенциалдық келісім. Ал олардан Шам шаһарының бегімі Бану мен Фарабидің махаббат оқиғасын күтуіміз тіпті әбестік болар еді.

Осылайша екеуі елу бір жыл ішінде басқалармен романтикалық, интеллектуалды және жыныстық қатынастарда болды. Яғни қос ғашықтың махаббаттарына үшінші бір адамның кіруіне рұқсат етілді. Осы уақыт ішінде де Бовуар мен Сартр бір –бірімен кездесулерін тоқтатқан жоқ. Басқа бір адамдармен кездесіп, тіпті көңіл жарастырып жүрсе де бір-біріне деген махаббаттарын дәл осылай жалғастырды.

Бұл үдерісте де Бовуар басқа адамдармен ұзақ және мағыналы қарым-қатынас орнатты, тіпті өзінің бисексуал екенін де мойындады. Ал Сартрдың өмірінде барлығы керісінше болды. Ол ұзақ және мағыналы қарым-қатынастың орнына бір түндік немесе қысқа мерзімді «құштарлықпен» шектелді.  Шынында да, Сартр үшін әйелмен жыныстық қатынасқа түскеннен гөрі, әйелді азғыру әлдеқайда қызықты һәм маңызды болып көрінді. Алайда де Бовуар мен Сартрдың махаббаттары «ашық қарым-қатынас» ретінде қарастырылғанымен де қызғаныш, қайғы және ашудың болуы заңды еді. Олар осы үшін ашуланды, қайғырды, қызғанды, бірақ жақ ашпады. Енді бір сәтке тоқтап ойланыңызшы, құрметті оқырман: Махаббат қызғаныш пен қайғы-қасіретсіз бола ала ма?

«Еркіндікке ұмтылған» бұл философтар да сіз секілді бұл сұраққа жауап іздегені анық. Олардың қарым-қатынасы өздері үшін де үлкен бір эксперимент болды. Философиялық ойлары олардың жеке өміріне қаншалықты әсер еткенін, шешімдеріне қаншалықты өкінетінін білмейміз. Бірақ де Бовуар Германияға Сартрды іздеп келіп, оны өзге әйелмен көрген кезде немесе де Бовуардың өзге ер адаммен көңіл жарастырғанын білгенде Сартр қиналмады дегенге сенгіміз келмейді. 

Сартр мен де Бовуардың махаббат хикаясы физикалық түрде Сартрдың өлімімен аяқталды. Сартрдан айрылғаннан кейін де Бовуар үлкен күйзеліске ұшырайды. Өмірінің мәніне айналған сүйгенінен айрылу кімді болмасын қайғыртатыны анық. Араға бір жылдай уақыт салып Бавуар Сартрдың соңғы он жылдығы туралы жазылған «Қоштасу рәсімі» кітабын жазады. Ең алғашқы бетінде «Сартрды сүйген, сүйетін адамдарға арнаймын» деген жазумен бастапған бұл кітап  де Бовуардың Сартрсыз шыққан алғашқы шығармасы болды. Ел арасында «Қоштасу рәсімі» екеуінің сұхбаттарынан тұратын «Махаббат туралы деректі фильм» ретінде көп айтылды.

Симона де Бовуар қалған өмірін Сартрдың қабірінің қасындағы өз үйінде өткізді. Араға алты жыл салып, 1986 жылы 14 сәуірде, сүйіктісінің қасына қоныс аударды. Сартр секілді ол да өз денесін өртеуді өсиет етті. Күлін ғашығының қасына жерледі. Осылайша олар махаббат оқиғаларын қайтадан экзистенциалды және либералды тәсілмен жеңуге бет бұрды.

Шыңғыс Қара

author

Жан-Поль Сартр

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...