ӘУЛИЕЛІК ГЕОГРАФИЯ

ТАНЫМ
2964

ӘУЛИЕЛІК ГЕОГРАФИЯ

Терістігінде Қобда-Елек, күнгейінде Үстірттің оңтүстік өрнегіне дейінгі аралықта, бүгінгі Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының сирек қоныстанған өңірлерінде орта ғасырлар тұңғиығына кететін әулиелі немесе киелі орындар назар аударуға тұрарлық тарихи жәдігерліктер қатарына жатады. Әдетте, олардың мәдени-тарихи құндылығы біздің ғалымдар арасында негізінен тек сәулеттік-бейнелеу сипатымен ғана есептелінеді. Бұл қазақ адами ғылымына тән кәдуілгі қырсыздық па, әлде, жай ғана біліксіздік пе? Әйтеуір жағдай осындай болып отыр. Ал егер әулиелі орын бір төмпешіктің үстіндегі жай ғана тac үйіндісі мен оған қыстырылған қара ағат діңгегі болса ше? Бұл жағдайда археолог та, сәулетті де оны тарихи ескерткіш қатарына қоспасы анық. Осындай қарапайым әулиелі орындар қазақ даласының түкпір-түкпірінде жүздеп, мыңдап кездесетіндігі анық, тек оларды түгендеп, насихаттап жатқанымыз шамалы.

Аталмыш кеңістікте «әулиелер кеніші» іспетті Маңғыстаудың ойы бар. 360-362 әулиелі Маңғыстау әулиелі орындардың бәрі болмаса да бірер саны оқырманға белгілі. Ал Үстірт пен Жылойдың, Сағыз бен Ойылдың, Үлкен-Кіші Борсыққұм мен оған іргелес өңірлердің, Елек-Қобда, Мұғалжар-Ырғыз аймақтарының осындай нысандары іс жүзінде көпшілікке белгісіз болып қалып отыр.

1. Дауымшар

2. Сүндет

3. Нұрмамбет

4. Асреп-Мүсреп

5. Қарақұл

6. Тайлан

7. Әбділда қазірет

8. Жеңке

9. Қосаман

10. Қыздаршыққан

11. Көкей

12. Ақсай

13. Үлкен-Кіші Жыбысқы

14. Арыс әулие

15. Абат Байтақ

16. Шәкен ишан

17. Мәні әулие

18. Қарабас әулие

19. Ишан Ата

20. Ұшқан Ата

21. Қайыршы ишан

22. Бекет Ата-Ақмешіт

Бұл, ең алдымен, әулиелердің аттары емес, тек Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының аталмыш аймақтарындағы корымдардың аттары ғана. Әрине, олардың ішінде белгілі әулиелер бар, ең бастысы, бұл тізім аталған өңірдің әулие-қорымдарының толық тізімі емес. XVIII ғасырдан, яғни 1700-1720 жылдардан бергі қазақтардың осы аймақтарға араға шамамен 80-100 жыл сайын қайта оралуы дәуірінен кейінгі әулиелерді (Байұлы, Әлімұлы әулие делінетін кісілерін) есепке алмағанның өзінде осы аймақта не ноғайлы заманынікі, не қыпшақ заманынікі делінетін нақтыланбаған, рулық иемденушісі жоқ «басы бос», көне ғасырлар әулиелері бар. Мәселен, Үстірттің солтүстік бөлігіндегі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы жеріндегі Жағалбайлы-Құсшы, Құсшы ата, Қайыршы ишан, Қырыққыз, Атырау облысының Жылой ауданы жеріндегі Тайлан, Ұшқан Ата, Ақтөбенің Байғанин ауданы жеріндегі Қошқар Ата, Арыс әулие, Сағыз өңіріндегі Алып Ана мен Түкті Ата, Темір ауданындағы Ишан Ата т.б. толып жатқан белгісіз әулиелер ең бері дегенде 1600 жылға дейінгі ғасырларға, яғни ноғайлы (1400-160 жылдар) не алтынордалық (1300-1400) замандарға жататыны анық, тек нақты уақытын атап көрсетудің ыңғайы келмей тұр. Ең бастысы − аталған әулие адамдар жөнінде аңыздар сақталмаған не жинақталмаған. Ең белгілі дегендер − Алып Ана мен Түкті Ата туралы аңызда олардың ерлі-зайыпты қасиет қонған кісілер екендігі және Алып Ананың жауынгер қыз (келіншек) болғандығы айтылады. Мәні әулие туралы әңгімелердің бірінде оның да жауынгер қыз болғандығы айтылады.

Үстірттегі «Құсшы Ата» деген әулиелі орын саны екеу. Оның біреуі − қазақтың жағалбайлы деген руынан көрінеді. Ал екіншісінің кім екендігі белгісіз, бірақ олардың кейінгі қазақ дәуірінікі (XVIII—XIX ғасырлар) емес екендігі анық, ал оның XVII ғасырдағы қалмақтардың тұрған кезі бола қоюы күмәнді, олай болса әулиенің өмір сүрген уақытының бергі шегі − XVI ғасыр, яғни XIV-XVI ғасырлардағы «ноғайлы-түрікпен заманы» болып шығар еді.

Біз білетін Құсшы Ата Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Тұрыш аулының оңтүстігінде 25 км (Сам құмы) жерде, екіншісі «Үстірттің оңтүстігінде» делінеді.

Құсшы Ата, аңыз бойынша, құс иесі және құс салушы аңшылардың пірі. Ал әлгі Құсшы аталардың біреуі жағалбайлы руынан екендігін айтып өттік. Айта кетер жәйт, «жағалбайлы» руының есімі де құсқа байланысты, «жағалмай» − «ұсақ тұлғалы жыртқыш құстың бірі». Міне, осы ру аты мен осы рудан шыққан әулиенің есімінің де құсқа байланысты болуы − өз алдына жеке мәселе боларлық әңгімеге арқау болса, екінші жағынан − осы Үстірт-Маңғыстау аймағындағы «ман» формантты жер-су атауларының болуы, ен бастысы, Мана Ата мен жағалбайлы руының ұранының «Манатау» болуы бізге көне ғасырлардағы жағалбайлылар тарихының бір парасы осы Үстірт өңірімен байланысты деген қисынды туғыза алады.

Маңғыстау мен Атырау облыстарының шекаралық тұсының маңғыстаулық бөлігіндегі Көлеңкелі тауында белгісіз «Қайыршы ишан әулиенің» моласы жатыр. Этикалық тегі белгісіз әулиенің XIV-XVI ғасырлар заманның бір сопы-машайығы болып жүрмесіне кім кепіл бола алады. Айдалада, халық сирек қоныстанған жерде осындай ишанның моласының жатуы тек осындай пайым туғызады.

Бейнеулік Үстіртте «Қырық қыз» деген жер атауы картада көрсетілген. Қазақтың және ортаазиялық түркі халықтарының діни аңыздарында орын алған «жауынгер-қыз», «молда-қыз», «бақсы-қыз», «рух-қыз» образдарында деп суреттелетін болғандықтан осы атпен аталған жерде зиярат ету немесе қадір тұту нысанының бар екендігін (немесе болғандығын) шамалап тұспалдауға болады. Бұл өңірден мұсылман-сопылық түсінікке сай келетін образдың «моласының» табылуы − бір кездері осы аймақта да діни уағыздаушылардың болуы жиірек болғандығынан хабардар етеді.

Сағыз өңіріндегі Буракөл деген жерде (Ақтөбе-Атырау облысының шектесер тұсы, ақтөбелік жағында) «Алып Ана» деген әулиелі қорым бар. Аңыз бойынша, ол алып денелі, жауынгер әрі қасиеті бар келіншек болған екен. Өмір сүрген уақыты белгісіз, тек «ноғайлы» не қалмақ заманынікі болар деген дағдылы жорамал ғана бар. Ебейті-Ноғайты мен Сағыздың тұщы сулы Қопа қонысын мекен еткен. Алып Ана өз күйеуі Түкті Атаның атағы өз атағының қасында шықпай қала ма деген қауіппен өлгесін екеуін екі жерге жерлеуі жөнінде кеңес берген. Екеуі екі жерге, бірақ арасы жақын жерге жерленген. Зиярат етушілер әуелі Түкті Атаның басына барып дұға етіп, басына түнейді.

Ұшқан Ата − бүгінгі Мұнайлы мұнай кешенінің оңтүстігінде 20 км жерде, Жем бойынан Хиуа мен Маңғыстауға апаратын көне керуен жолдын бойындағы, Толтыртұз соры маңындағы әулиелі орын (Атырау облысы, Құлсарының шығыс беті). Аңыз бойынша, Ұшқан Ата далаға ислам діні кіріп жатқан тұста өмір сүрген кісі және де ол осы жерден аса таяғымен шұқып, суы таусылмайтын қайнарды ашқан деседі.

Бақашы әулие — Атырау облысы, Құлсары кентінен шығысқа қарай, Жем өзені бойында орналасқан «қазақтан бұрынғы замандардың киелі тұлғасының» моласы. Бақашы өңірі − XVIII ғасырдың алғашқы жартысында адайлардың тұрақтаған аймағының орта тұсы болған. Адайдың алтыншы, жетінші ұрпақтарының көпшілігі, сірә, осы Бақашы мен осы аймақ қорымдарына жерленген деп жорамалданады. Әбіш Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабында «Адайдың көш жолы» деп аталатын көші-қон маршрутының ең соңғы (осы аталғаны) нысаны − осы Бақашы жері.

Каспий маңы Қарақұмында Қарашүңгіл (қазақ жерінде ең бірінші мұнай алынған жер), Ойыл өзенінің Бекбәкен иінінде орналасқан Секер әулие, Буракөл жеріндегі Түкті Ата әулиелердің де аңыз-дерегі белгісіз болып отыр.

Әулиелер мен олардың молаларының нақты жер бегінде кездесуі, яғни бүгінгі ел аз қоныстанған аймақтардың бір тұсында аз болып, енді біртұстарында шоғырланып көрсетілуі − бір кездері сол жерлерде халықтың едәуір тығыз қоныстанғандығын, осы жерде қызу өмір қайнап жатқандығын көрсететін айғақ болып табылады. Осындай нысандарды картаға түсірсек, осындай шоғырланудың Орталық Маңғыстаудан басқа, Жем бойына, Ақтөбе-Ырғыз аралығында, Шағырой-Борсыққұм өңірінде екендігін көрер едік.

Осы аталған аймақтарда, әсіресе, бүгіндегі адам өмір сүруге ең қолайсыз аймақтар қатарына жататын Бейнеу, Байғанин аудандарының өзенсіз, көлсіз иесіз далаларының бір кездері елді (және молалы) жұрт болғандығын байқауға болады. Ал бұл қай кез деген сауалға жауап іздер болсақ, негізі тарихи-географиялық көрсеткіштер (даладағы ислам дінінің ең күшті әрі тез тараған уақыты, даладағы ылғалдың мол болған кезеңі, аңыздар мен жырдың жанама мәліметіндегі уақыт ауқымы, нақты тарихи деректер) бізге XIV ғасырды, Алтын Ордада Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібектің (Әз Жәнібектің) билік құрған (1312-1357 жылдар) заманын көрсетіп бере алады. Аталған көрсеткіштердің, бір-біріне сәйкес келетін уақыты да осы тұс.

Әулиелердің «алғашқы ұрпақтары» негізінен Қожа Ахмет Иасауи образы мен байланыстырылады. Мәселен, маңғыстаулық әулиелер − Шопан Ата мен Дәніспан әулиелер аңыз бойынша, Қожа Ахметтің шаңырақтан атқан жебесінің (лақтырған аса таяғының) артынан Маңғыстаудың бойына келген делінеді. Ал Есен Ата, Қараман Аталар да Қожа Ахметтің замандасы, шәкірті болған. Осындай Қожа Ахметке «байланған» әулиелер мен батырлар, елбасылар туралы аңыздар қазақтар мен түрікпендерде, қарақалпақтарда да жеткілікті. Соған қарап «осы әулиелік оқиғалардың бәрі ХІІ-ХІІІ ғасырларда ғана өтіп кеткені ме» деген ой да келеді. Зерттеушілердің дені де дәл осындай қисынмен әулиелердің өмір сүрген уақытын «тез арада анықтай береді». Бірақ бұл жерде дала көшпелілерінің мұсылмандары үшін Қожа Ахметтің бейнесінің қандай дәрежеде құрметтелетінін сезінген абзал. Оның рухани авторитетіне ешкім мін қоя алмайды. Міне, дала мұсылмандары, оның ішінде мұсылман дінін уағыздаушылары Қожа Ахметтің діни ілімін уағыздаушы болғандықтан және Ата беделінің халық арасындағы қуаттылығына ден қойғандықтан, өздерін не өздеріне дейінгі өмір сүрген, белгілі бір аймаққа белгілі болған әулие кісіні міндетті түрде «Қожа Ахметтің шәкірті» етіп көрсетуді дағдыға айналдырған.

«Қожа Ахметтің шәкірті» − жай ғана аңыздық анықтама мәлімет емес, ол аса қуатты рухани беделі бар әлеуметтік-қоғамдық дәреже, мансап, атақ. Бұл жерде «Қожа Ахметтің шәкірті» болу тарихи абсолютті көрсетпейді, ол тек рухани, діни ғұмырда Қожа Ахметтің ұстанған жолын қабылдау дегенді ғана білдіретін шартты анықтама, ол үшін Қожа Ахметтің өз қолында оқу, тіпті онымен замандас болу міндетті емес, тек оның жолын қуған, білімін меңгерген пенде болса жеткілікті.

«Қожа Ахметтің шәкірті» дегенді христиандық аңыздардағы Ғайсаның дінін таратушы он екі апостол-патриахтар бейнесінің қалыптасу үрдісімен шендестіріп көруге болады, өйткені дін үшін уақыттың дәлдігінен гөрі діннің санаға сіңгені маңызды. Міне, дала сопылары мен молдалардың өткен әулиелерге деген көзқарасы осы «шәкірт болуы» арқылы анықталған.

Сондықтан әулиелерді Қожа Ахметпен байланыстыру мәселесіне сын көзбен қараған жөн, ал осындай «байланыстылық хақындағы» аңыздардың екі аймақтық типі қалыптасқандығын және ескерген жөн.

Бірінші − Қаратау-Ташкенттік әулиелік аймақ − Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының жері мен Ташкент-Жизақ, Нұратау өңірлерін, яғни бүгінгі оңтүстік қазақ пен өзбектенген қазақ жерін қамтитын аймақтың әулиелері. Бұл аймақтың әулиелері Қожа Ахмет Иасауидің өзімен және ұрпақтарымен тікелей байланысты. Сүлеймен Бақырғани да, Хәкім Ата да, Зеңгі баба да, Сайрамдағы сансыз әулие де, сондай-ақ осы өңірдегі Жылақ Ата (Оңт.Қаз. обл, Төлеби ауд), Тамшыбұлақ (Оңт.Қаз.обл., Машат), Шашты Ана (Оңт.Қаз.обл. Қарнақ маңы), Домалақ ене (Оңт.Қаз. обл. Алғабас ауд.), Дәубаба (Оңт.Қаз.обл.Түркістан маңы), Арыстан Баб (Оңт.Қаз.обл. Шәуілдір ауд.), Жылаған Ата (Йашқар), (Қазығұртта), Ерқоян Ата (Оңт.Қаз.обл. Үкаша Ата маңы), Үкаша әулие (Оңт.Қаз.обл. Қарнақ маңы), Домбы Ата (Оңт.Қаз.обл.), Қыз әулие (Жамбыл обл. Жамбыл ауд. Қаракемер ауылы), Мезер әулие (Шоңайнар) (Жамбыл обл. Қаратау ауд. Тамды ауылы) сияқты әлі күнге шейін түгенделіп көрмеген сансыз қаптаған әулиелердің түгелі болмағанымен, басым көпшілігі Қожа Ахмет Иасауидің замандасы болған немесе солай деп есептелінген тұлғалар. Олардың барлығы да XII ғасырда қалыптасқан «иасауилік сопылық ағымның» жалғастырушылары болған. Олардың уақытын біз расында да Қожа Ахметтің өзімен байланыстырып, «ХІІ-ХІІІ ғасырлар» дей аламыз.

Екінші − Арал-Каспий әулиелік аймағы − бұл Батыс Қазақстанның төрт облысы, Қарақалпақстан, Түрікменнің Оқ-Балқаны сияқты аймақтарды қамтитын үлкен кеңістік. Ең алдымен − Маңғыстаудың 360 әулиесі, сондай-ақ Үстірттің, Жылой мен Шағырой-Борсыққұмның, Сағыздың әулиелері. Осы жақтың руларын да, әулиелерін де Қожа Ахметпен байланыстыру тарихи-уақыттық тұрғыдан шартты түрде болып саналады, яғни осы өлкедегі Шопан Аталар мен Есен Аталар «Қожа Ахметтің ілімдік шәкірті, жолын қуушы» болғанымен оның замандасы, тікелей өзінен дәріс алған шәкірті бола қоюы күмәнді. Тарихи қисын оларды XIV-XV ғасырлар адамдары екендігін көрсетеді. Олар XIV ғасырдағы даладағы қыпшақ тілді дүниенің жаппай ислам дінін қабылдай бастауымен байланысты дін уағыздаушылар болып шығады.

Біз Алматы-Талдықорған облыстары, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Шығыс аймақтардың нақты XII—XIV ғасырлардағы әулиелігі жөнінде ештеңе білмейміз, яғни қолымызда осы аймақтың әулиелі орындары − Шамара әулие үңгірі (Алматы обл. Талғар тауында), Қоңыр әулие (Павлодар, Баянауыл), Бектау Ата (Балқаш қаласы маңы), Қоңыр әулие (Семей, Шыңғыстау), Жайсаң Баба (Қарағанды облысы), Әулиетас (Павлодар, Баянауыл), Келінтам (Ұлытауда), Бала бақсы (Жезқазған обл), Жидебай Баба (Жезқазған, Ақтоғай ауд.), Мәди әулие (Қарағанда обл., Қу (Балқан) тауы), Есқожа Баба (Қарағанды обл.), Шopa Ана (Жезқазған, Ақтоғай ауд.), Секен әулие (Жезқазған, Ақтоғай ауд.), Болған Ана (Ұлытауда), Теректі әулие (Жезқазған қаласы маңы) сияқты киелі нысандардың аттары белгілі болғанымен, олардың өмір сүрген уақыттары жөнінде мәліметіміз жоқ, сондықтан осы аймақтарда ертедегі әулиелер мен дін таратушылар шоғыры болды деп айта салудың қисынын таппай отырмыз. Оны анықтау сол аймақтардың осындай нысандарымен жақсы таныс зерттеушінің несібесінде қалсын. Дегенмен Жезқазған мен Қарағанды облысының әулиелі орындарын XIV ғасырдың сопылық уағызшыларымен байланыстырып, үшінші әулиелік аймақ ерекшелеудің ыңғайы бар екендігін де айта кетуіміз керек.

Сонымен, Қазақ жерінде екі әулиелік ареал бар. Бірі − ХІІ-ХІІІ ғасырлар болса, екіншісі − XIV-XV ғасыр. Екеуінің рухани сабақтастығы айқын, батыс әулиелі ареалды қалыптастырушылар туралы аңыздардың ыңғайына қарап біз XIV ғасырда Түркістан аймағынан «иасауилік» діни уағыздаушылардың легі Өзбек хан билеген, исламның ресми түрде мемлекеттік дін деп жарияланған тұсында Арал-Каспий аймағына қаптап келе бастағандығын байқаймыз. Яғни егер XIV ғасырдың ортасында осы орталықтың ықпалымен тағы бір «иасауилік ареал» Батыс Қазақстанда пайда болды.

Түркістан-Қаратау аймағындағы Баба Түкті Шашты Әзіз, Қошқар Ата, Шопан Ата сияқты әулиелердің «екіншілері» немесе «копияларының» Маңғыстауда, Жем-Сағызда, Борсыққұмда пайда болуы, яғни осы өңірлерде де Баба Түкті Шашты Әзіз, Шопан Ата, Қошқар Аталардың пайда болуы осындай «әулиелер экспорты» болғандығын көрсетеді. Яғни 1300 жылдары Түркістан-Нұратау аймағында шоғырланған сопылық топтардың (дін ордендердің) бір бөлігі Өзбек ханның Алтын Ордадағы жаппай исламдандыру саясатына сай еркіндікті пайдаланып, Батыс Қазақстанға ағылған. Олар өздерінің келген жеріндегі діни-ұйымдық атауларын алып келген. Мәселен, Созақ ауданындағы «Баба Түкті Шашты Әзіз» әулиенің жай ғана моласынан басқа XIV ғасырда осында сопылық-дәруіштік ұйым болды деп есептейтін болсақ, онда осы ұйымның сопылары Маңғыстаудың Сазды Үштаған жеріне келіп, тағы бір «Баба Түкті Шашты Әзіз» ұйымының (мазһаб, мектеп, т.б.) ашуы әбден мүмкін және істің қисыны осыған келеді.

Түркістан аймағындағы Қошқар Ата мен маңғыстаулық Қошқар Ата, Байғанин айданындағы Қошқар Аталар арасында, түркістандық Шопан Ата мен маңғыстаулық Шопан Ата, түркістандық Шақпақ Ата мен маңғыстаулық Шақпақ Ата, түркістандық Баба Түкті, Шашты Ана, Түкті аталар мен ақтөбелік Алып Ана, Түкті Аталар арасында да осындай «әулиелік экспорт» болған сыңайлы. Маңғыстау түбегіндегі 360 әулиенің көпшілігі де осы түркістан-нұраталық сопылық дәруіштерге қатысты деуге негіз бар, ал осы түбектегі көне керуен жолдың бойында жатқан Сенек ауылы мен Оңтүстік Қазақстандағы тарихи Сығанақ қаласы аттарының арасында да осындай байланыс бар деп шамалауға болады. «Сенек» топонимінің бір кездері «Сығанақ» деп аталу ықтималдығы бар (Сенек, Санақ, Саанақ, Сыанақ, Сығанақ), ал түркістандық зерттеуші Әбіласан Әбілханның «сығун» сөзінің «әулие» деген мәнге ие болу мүмкіндігін жазғанына қарап, осы атауды (Сығанақты) XIV ғасырда сопы дәруіштерінің әлдебір тобы пайдалануы әбден мүмкін дей аламыз. Яғни 1320-50 жылдары аралығында Түркістан аймағынан, Сығанақтан шыққан дін таратушылар тобы Маңғыстаудағы бір жерге келіп, кейін сол жер Сығанақ (Сенек) деп аталып кеткен де шығар, кім болжап көріпті оны ...

Осындай әулиелік экспорт немесе әулиелік сабақтастық қазақ даласындағы ислам дінінің іс жүзінде бір орталықтан тарап, бір рухани қайнардан бастау алатындығын көрсетеді. Осыны толықтыра түсуге мүмкіндік бар, тек ол үшін бес облыс жеріндегі барлық киелі орын туралы мәлімет жүйелі түрде жинақталынуы тиіс. Тек сонда ғана грек-рим, қытай, араб-парсы, орыс жазба құжаттарымен қатар XIV-XV ғасырлар қазақ даласының көмескі тарихының жүрек соғысын байқатар қосымша ғылыми бастау-көз ашылған болар еді. Ең бастысы, осындай әулиелік сабақтастықты барынша дәлелді көрсету арқылы нақ XIV-XV ғасырларда басталған «қазақ» деген ат астында жиыла, қауымдаса бастау, яғни этногенез процесінің басты компоненті болған сопылық исламның таралу маршрутын айқын көргендей боламыз.

Серікбол Қондыбай


author

Серікбол Қондыбай

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...