Шымкентте №44 жалпы орта мектептің басшысы мен оның орынбасарына және бухгалтерге сот үкімі шықты, д...
Сириядан қайтарылған қазақстандық келіншек: 19 рет күйеуге шыққандар болды
Сирияда 4 жыл өмір сүрген 33 жастағы қазақстандық келіншек қақтығыс аймақтарында әйелдердің басынан өткен қиындықтарды айтып берді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Күйеуі қайтыс болған әйелді бір үйге алып келеді. Ол жерде тазалық, тамақ, жарық жоқ, яғни ешқандай жағдай жасалмаған. Амал жоқ басқа күйеуге шығуға мәжбүр боласың. Себебі осы қиындықтарды әйелдер амалсыздан күйеуге шығуы үшін әдейі жасап қойған. Күйеуге шықпасаң, сол жерде аштан өлесің. Ал күйеуге шыққанымен, ол адам 2-3 күннен кейін қайтыс болу мүмкін. Осындай жағдайдың салдарынан 5-6 рет, тіпті 19 рет күйеуге шығып жатқан әйелдер болды», - деді ол ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинге.
Оның сөзіне қарағанда, әйелдердің күйеуі мерт болса, оған тиесілі ақшасын да бермейді. Күйеуі болғанда тамаққа деп ақша беріп тұрады екен. Денсаулығына байланысты сыртқаттанып қалса да, ер азаматсыз үйден тыс аумаққа шығуға тыйым салынған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сириядан 231 Қазақстан азаматының елге жеткізілуіне байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады.
«Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы - балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і - жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция - Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы», - делінген Мемлекет басшысының мәлімдемесінде. Белгілі болғандай, Қазақстанға келгеннен кейін 16 ер адам мен 4 әйел ДАИШ жағында террористік іс-әрекетке қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды.