Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Пар...
«Saz and soul» вокалды-аспапты тобының шығармашылық кеші өтті
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Saz and soul» вокалды-аспапты тобы алғаш рет өзінің шығармашылық кешін ұйымдастырды. Шара 2019 жылдың 15 мамырында «Qazaqstan» ОКЗ камералық залында өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», -деп атап өткен болатын. Осы орайда Saz and soul шығармашылық ұжымының заманауи тыңдарманның талғамына сай, керемет музыка кешіне куә болдық. Шарада А. Қоразбаевтың «Көзіңнен айналайын», «Сырғалым», Б.Тұрғараевтың «Махаббат – мәңгі ертегі», Н.Тілендиевтің «Саржайлау», және тағы да басқа әр заманның хит әндері джаз, фанк, рок-баллада, блюз, латина, мюзетта, танго, неоклассика жанрларында орындалды.
«Saz & soul» тобы 2017 жылы жоғары кәсіби білімі бар, дарынды жастардан құралған. Әрқайсысы өз алдына ерекше, дара өнерпаз: кәбіси әнші Салтанат Меңдіғалиева, Әділжан Толықпаев (пернелі аспап, көркемдік жетекші), Аслан Қуатов (пернелі аспап), Самғар Толқынхан (баян), Камиль Шаяхметов (гитара), Болат Турабеков (соқпалы аспап), Азамат Темірбаев (бас гитара) сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш қонағы – әнші Қайрат Сарыбаев.
Ұжым қазақтың халық әндері мен замандас авторлардың шығармаларын жаңаша өңдеп, заманауи нақышқа келтіріп, түрлі стильдерге салып орындайтындығымен ерекшеленеді. Топтың көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаевтың 16 жасында жазған «Япурай» фортепианолық пьесасы отандық пианистердің репертуарына еніп, республикалық және халықаралық байқауларда жиі орындалады. Ал 18 жасында өзінің алғашқы фортепианоға арналған пьесалар жинағын шығарған. Сазгердің скрипкаға арналған пьесалары қазақстандық скрипка мектебінің хрестоматиясына енген.
Қазақ әндеріне жаңа леб, өзгеше тыныс алып келген топтың концертіне Жеңіс Сейдоллаұлы, Қайрат Баекенов бастаған бірқатар өнер қайраткерлерімен қоса шет елден көптеп туристтер қатысты. Бір жарым сағат бір сәттей өткен шарадан көрермендер көкірек толы қуаныш, жоғарғы эстетикалық әсер, керемет көңіл-күймен қайтты
madeniportai.kz