Бірнеше сағат бұрын Нобель сыйлығының иегері, Түркиялық жазушы Орхан Памуктың 23-наурыз кү...
Майдангер естелігінен: «Соғыстағы күлкілі уақиғалар»
Соғыстың екінші жылы болатын. Біздің ел ұлан-ғайыр жерден айырылып қалды. Жау Ленинградқа ентелеп келе жатыр. 1942 жылдың күзінде 80-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, қорғаныс шебінде бит пен аштықтан қор болып жатқан 15-ші дивизияны алмастыруға бет алған. Сол сапта мен де болдым.
Біз алдыңғы шептен екі шақырым жердегі екінші эшалонда тұрдық. Жатағымыз ағаштың бұталарынан жасаған күркесымақ қана еді.
... 1942-ші жылдың қарашасы. Синявинск батпағын мұз құрсай бастады. Күндіз суық пен сызға шыдауға болатын-ды. Ал түнге қарай қалтырай бастайсың. Біздің қолымызға автомат және оған қажетті оқ-дәрісі мен гранаттар берді. Шынын айту керек, автоматпен қалай атуды білмедік. Шайқас кезінде оны қалай пайдалану керек екенін ауызша ғана түсіндірді. Бірақ орманның бір түкпіріне барып, кепкен ағашты көздеп атып үйреніңдер деп бұйрық берген.
Күркешіктің бірінде менің бөлімшем орналасқан-ды. (Шенім сержант, солардың командирі болатынмын). Барлығы тоғыз адам. Түнде оттың маңында сөніп қалмауын қадағалап, кезектесіп күзетіп жүрдік. Қалғандары азда болса ұйықтап тынығатын.
Бір күні таң сібірлеп келе жатқанда, отты күзеткен солдаттың көзі ілініп кетіпті.
- Аттан, жанып жатырмыз! – деген айғайдан шошып ояндым.
Күркеден атып сыртқа шықтық. Байқасам, арқам шыдатпай қызып барады. Алдымен оқшонтай мен гранаталарды лақтырдым. Шинелімді шешіп қарасам, арқасы бұрқырап түтіндеп жатыр.
Жалма-жан сөндірдік. Өкінішке орай, шинелім үңірейіп тесіліп қалды. Жамау салмаса болмайтын сияқты. Старшинаға жүгінуге тура келді. Ол:
- Киім-кешек қоймасы бұл жерден он екі шақырым аралықта, - деп басын қасыды.
- Жолдас старшина, ақыл қосыңызшы, шинелді қайтып жамаймын, көмектесіңіз, құдай үшін! – деп жалындым.
Старшина маған жаны аши, түсінікпен қарап:
- Жүр, каптеркеге барайық, сол жерден бірдеңе табармыз, - деді
Расында жолым болды. Ешкінің терісін тауып алдық. Теріні ұстатып тұрып, қоштасарда:
- Мына жарғақты арқаңа жапсыртып ал. Бөлімшедегі жігіттер көмектеседі, - деді.
Шынында да төрт-бес адам маған қол ұшын беруге ықтиярлық танытты. Кереметтей жамалды деп айта алмайсың, әйтеуір, бұрынғыға қарағанда әдеуір жылылық пайда болды.
Соғыстың аты соғыс
1942 жылдың желтоқсанының басында «Круглая роща» деген жердің маңында қорғаныс шебін ұстап тұрдық. Осы тұста баяғы старшинамен қайта жүздесудің сәті түсті. Бұл былай болған еді. Ол менің қасыма келді де:
- Взвод командирінің нұсқауы бойынша маған үш солдат бөліп беруге тиіссіз. Далалық асханадан ыстық тамақ пен арақ әкелуіміз керек. Ол алғы шептен екі шақырым жерде, орман ішінде.
Мен әрине бұйрықты орындадым. Сонымен старшина қасына үш солдатты ертіп роталық асханаға аттанды. Қолдарында бос канистрлері бар. Ол жаққа бару үшін алдымен орман ішімен жүріп, қалқиған талы жоқ, кішкентай ашық алаңқайдан өтуің керек-ті. Сосын тағы орманға кіресің, ар жағында асхана да тұр..
Оқыс оқиға болды. (Әдетте, соғыста оқыс оқиға болды деу қисынсыз шығар?). Орманнан енді шығып бара жатқанда бір солдат оққа ұшады. Қалғандарының бағына орай, бұлар алаңқайға шыққан тұста болады. Бағына қарай деп айтқан себебім, бұның алдында осы алаңқайдан танкілер жүріп өткен еді. Олардың шынжыр табанынан қалған із - ырсиған ор болып жатқан-ды. Бір солдат бой тасалап, сол орға жата қалады. Старшина мен солдат қашып орманға кіреді де жасырынады. Орды паналаған солдатқа аса қауіп төне қоймайды. Ол жайлап ордың бойымен еңбектей бастағанда, бұны көздеп атылған оқтың тұсына кірш-кірш қадалғанын байқап тыныш жата қалады. Бірақ солдат саса қоймапты. Басындағы каскасын шешіп, таяққа іліп жоғары көтеріп, тағы жылжи бастайды. Шаң-шұң етіп оқ каскаға тие береді, ал солдат алдыға жылжи береді. Оның осы сапары бір сағаттан асады. Бір уақытта ату тиылады. Осы кезде, әбден титықтап қалжыраған солдат та ордың ішінде ұйықтап кетеді.
Орманда бұғып жатқан старшина мен жауынгер ағашқа мініп отырған неміс мергенінің оғы таусылғанын сезеді. Ақырындап сол ағаштың тұсына келеді. Расында торғай секілді ербиіп бұтақта отырған мергеннің қарасын көреді. Старшина оған:
- Хенде хох! – деп автоматын кезейді. Жапырақтар сылдырап, оптикасы бар винтовка жерге торс ете түсті. Артынша аяқтары салбырап немістің өзі де көрінеді.
Старшина мен жауынгер оны тінтіп, қаруын, шақпағы мен мөштегін сыпырып алады. Мөштектен айырылған кезде неміс жылап жібереді. Расында мөштек өте керемет еді. Әйнек көздері жылтыраған иттің басы бейнеленіпті. Темекіші түтінді ішіне сорған кезде - әлгі көздер жанып қоя береді екен.
Мергеннің қару-жарағын тартып алып, енді одан қауіп жоқтығына көздері жеткен соң, бағана өзі атқан русты алып кел деп ымдайды. Ол түсініп, орда ұйықтап жатқан жауынгерге барады.
«Рус Иван, ком» - деп зекіреді. Ұйқысынан шошып оянған жауынгер өзіне төніп тұрған немісті көреді. Бұларды сырттан бақылап тұрған старшина мен жауынгер күлкіге қарқ болыпты. Ал ана екеуіне бас қайғы. Старшина орда жатқан жауынгердің қасына келіп: - Тиісті жүз грамыңның орнына жарты литр арақ және бір банкі америкалық бұқтырма аласың! – деп арқасынан қағады.
Күлкілі уақиға осылай тәмам болған-ды.
Дайындаған: З. Самалбекұлы