Арман Әділбекұлы. Нөсер (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
10294

Арман ӘділбекұлыАрман ӘділбекұлыБөлмеде үш жігіт тұратын, үшеуі де шуылды қалап кетпейтін бұйығылау жандар, сосын да бөлме іші күндіз де, түнде де тып-тыныш. Анау екеуі бағана шығып кеткен, бұл төсегінде терезеге қарап меңрейіп жатқан болатын. Дәлізден әлдебіреудің айғайы шықты.  

- Зәказдарың келді, жігіттер. 

Ол аунап түсіп есік жаққа қарады, бөлменің ортасында үстел орналасқан, үстінде босаған стакандар ретсіз тізіліп тұр. Бұрышта қарны қампиған қара пәкет көрінеді, қоқсық көбейіп қалғандай. Бағанағы дауысты анық естісе де қозғалғысы жоқ. Өзінің ерініп жатқанын, әлде, ерігіп жатқанын білмейді, бір қолайсыз күйдің торында тынымы қашады. Екі бүктелген жастығын желкесіне бастырып қайтадан терезеге қарады. Аспанды шұбалшаң бұлттар орап алыпты, күн төбеден еңкейіп қалған екен, бұлт арасынан тұншыға сәуле шашып тұр. Терезенің жанында ілулі сағат бар еді, тоқтап қалған болатын. Есесіне ішінде бір тарақан стрелкаларды басып-жаншып жүгіріп жүр.

 Ол төртінші қабатта тұратын.  

Жаңа ғана моншаға түсіп шыққан, екі тізесі дірдек қағып әлсіреп тұрғанын сонда сезген. Енді бірінші қабатқа түсіп барады, өткен түнде терезе ашық қалыпты, сарылдаған жаңбыр үнінен оянып терезе жапқанын есіне алды. Тұмау тигізіп алғаны анық, басы бебеулей бастаған. Баспалдақтар да бітер емес, тізе буыны сырғақ қағатын сияқты. Ол тау баласы болатын, көз алдына бала күнінде мал қайыратын, өрлі-қырлы шауып жүретін құлама беткейлер келді. Шаршағанда беткейден түсу ең жиркенішті іс еді, дегенмен, онда да дәл осылай ыңғайы қашқан емес. Әлде, ұмытып қалған шығар, санасының бір қалтарысында сондай кешірменің елесі қылаң етті, беттен домалап бара жатқаны, қалғаны бұлдыр. Мына баспалдақтар да сондай бір көрністі тіленгендей тымырайып жатыр. Тісі шықырлап жақ еті сіресе қалды, намыстанғаны сыңайлы. Іле жаурынынан суық тер бұрық ете түскені білінген, алаңы да жеңіл емес көрінді. Төрттен үшке түсіп құлыптаулы есікке қарады. Қап-қара терезеге көзі түскен, өзінің дағдарыңқы жүзі тұп-тұнық көрінді. Артында тұрған баспалдақ та анық көрініп тұр. Басы зеңгендіктен бе екен, баспалдақ қозғалатындай, тіктеліп, тіпті, оған қарай төңкеріліп келе жатқандай түр көрсетті. Артына жалт қараған, ештеңе қозғалмапты. Ауылдың батыс шетіндегі Жетімжар осылай қозғалатын, астынан өткен кісіге басып келе жатқандай төнетін. Басын көтеріп қараған сәт қатып қалатұғын. Түндерде тіпті сүркейлі көрінер еді. Ол жәйлі ауылда сөз көп, іңірден соң ол жаққа қараудың өзі ауыр, қарайғанның бәрі булығып тұрған жетім қыздың аруағындай сезілетін.  

Қайдағыны ойлап келе жатып бірінші қабаттан төмендеп кетіпті. Подвалға түсіп алғанын кештеу аңғарды. Дәлізге кіретін есікті ашарын ашып алып қапелімде шошынып қалды. Тастай қараңғы екен, есіктің салқ етіп ашылған даусынан шырақ жарық ете қалған, қабырға толы алабажақ жазулар, шырма- шату суреттер, суық көрініс. Есіктері үңірейе қатарласып монша мен туәлет тұр, әбден ескіргені бірден көзге ұрылады. Қайдан шығып жатқаны белгісіз ысылдаған, шыртылдаған дауыстар естіледі. Ешкім жоқ сыңайлы. Туәлетке кіре кету қажетін ойлап солай аяңдады. Шырағы жанбайтынын білетін. Жұмысын бітіріп бола бергенде артынан әлдененің салқын тықырын сезді, басын ақырын бұрып қарап еді қабырғадағы айна көзіне түсті. Дәліздің әлсіреп түскен шырағы өзінің күңгірт сұлбасын көрсетіп тұр екен. Айнаның беті сүртілмегені байқалады, түр-тұлғасын өліктей жүдетіп көрсетіп тұр. Жүрісін тежеп шығар жаққа қарай салқам жүрді, жүрегін бір ызғырық қарып тұрғанын ойлағысы келмеген. Есікті дәрменсіз жұлқып подъезде шыға бергенінде аяғын орап бірдеңе жүгіріп өткендей болды, вахтадағы орыс кемпірдің қара мысығы екен. Сып етіп үстіңгі қабатқа шығып кетті. Ол келіп есік ашпаса бұнда қашанға дейін тырмаланып жүрерін кім білсін.  

Бұл өзі жер шетіне салынғандай шағын қалашық. Биік үйлер аз, көше санаулы. Сенбі мен жексенбі күндері дүкендер есік ашпайды, демалыс күнінде жұмыс жасау олар үшін қылмыс істеудей көңілсіздік. Тек осы компания келіп қызмет бастағалы ғана, орталық көшедегі бір дүкен жексенбіде бір сағат есік ашуға көнгені бар. Оған ұбап-шұбап бәрі бара бермейді, компанияның жеңіл көлігі арнаулы босатылған, бұлардың заказдарын тізімдеп алып барып қайтады. Тұрғындардың айтуынша бұл ара ертеректе қайнап тұрған базар болған көрінеді. Ал, оған қалашықтың осы қалпы ұнаған, тек анда-санда кездесе кететін қираған үйлер сүркейлі көрінер еді, ғимараттың қасындағы қараусыз бақша да жынның ұясындай сезілетін. 

Заттарын алып қол қойып берді де залдың оң жақ бұрышындағы диванға бұрылды. Ол арада үлкен терезе бар, сыртты тамашалап отырып темекі тартуға болады. Көшеден жүргінші байқала қоймады, есесіне әлем жасыл пұлысқа оранып алыпты. Терезе жартылай ашық екен, қозы самал маңайдағы ұйыған ауаны түртпектеп тұр, шылым түтіні қапталдай тарқатыла ұшады. Еден тастай суық сияқты, аяқтары жаурамаса да сүйретпесін шешіп, малдасын құра отырды, телефон шұқылай қойғысы келсе керек, бірақ тез зерікті. Отбасына бүгін қабарласатынын екі күн бұрын айтқан, сонда да телефонына басқа номер терді. 

 – Алло?

 – Боссыңба? 

 – Бір сағат шамасында.

 – Есігіңді аша бер, астыдамын.

 – … 

Асханада аспазға көмекші болып істейтін қыз. Осы қалашықтікі. Бұны тәуір көретін, басқалар секілді жиы мазаламайтыны үшін. Қайдағыны қоқсытып көпірмейтіні де ұнаса керек. Қапелімде кездессе бір-біріне жеңіл жымип өте шығады, аралары тым алыс та емес, әрине, тым жақын да емес.  

Жұмысын бітіріп қызды құшақтап ұзақ жатты, көзін тас жұмып алған. Ашқысы келмейді, қыздың жәудіреген көзіне, қуқыл тартқан сүйкімді жүзіне қарағысы жоқ. Әлде, көзін ашса қыздың өзі сағынған, өзі аңсаған адам болмай шығатынынан қорқатындай. Жүрегі бірдеңеге уланып қалғандай тыпырсыз ашиды. Қыз оның құшағынан ақырын серпіліп шынтақтай тұрды да оның шашын сипады, самайынанда бырсындап тұрған терді сүртті. Кететін уақыты болғанын сездіргені. 

 – Шай ішесің бе?

 – Рахмет, кетейін.  

Үстелдің үстіне ақшасын қойып қызға бұрылды, ол әлі кинбепті, омырауын жауып тұрған шашын ширатып үнсіз отыр, саусақтары сүйріктей екен. Үстелге тұнжырай қарайды. Бұрыла бере зорлана жымиды, қоштасқан түрі. Сосын есікке беттеген. Диванға қайта барып отырды, пәкетін жаңа қалқалау тұсқа тығып кеткен. Орнында екен, ішінен бір шөлмек сыра алып аузын ашты. 

Есіне осында келе салғанда екінші қабатта тұрғаны түсті, ол бір терезесі көшеге қараған жәйлі бөлме болатын. Жол бойындағы ығы-жығы қайыңдарды қызықтайтын, әсіресе, ымырт бөлекше рахат бағыштайтын. Кейін келе төртінші қабат ремонттан өтіп, ремонт кезегі екінші қабатқа түскен, бұлар да көше барған. Қазіргі бөлменің терезесі қапталдас салынған үш қабатты ескі ғимаратқа қарайды, анықтап айтсақ төбесіне қарайды. Қалай қараса да құлазыған жүдеу дүние. Оның төбесінде шашылған қоқыстарға қарап, өзі тұрған ғимараттың төбесін ойша елестетеді. Ал, ол ғимараттың аржағында аласа салынған мешіт бар, өзі аласа болғанымен мұнарасы әжептәуір ұзын. Естуге қарағанда іргедегі қараусыз бақшаның арғы жағында шіркеу де бар сыңайлы, ескіріп қаусап тұр деседі. Оның мұнарасы жәйлі ешкім ештеңе айта қоймаған, бұл да сұрауға ерінген. 

Ол темекі тұқылын күлдікке қарай шертіп қалды, нысанаға тигізе алмады, тұқыл күлдіктің ернеуіне тиді де онан ары қаңғып кете барған. Сосын, еденге бірдеңе барлағандай көз жүгіртті, ызғар мүңкіп тұр екен. Одан да тұрақ таппай өзінің сүйретпелеріне назар салды. Бұл көз қарасы сүйретпенің қимылдауын күтіп отырғандай көрінген, бірақ, сүйретпе тырс етіп қозғалған жоқ. Әлден уақытта бойының тоңазый бастағанын сезді, жел едәуір күшеюге бекінгендей. Қайың жапырақтары жеңіл сылдырай бастапты. Ол да орнынан көтерілді, терезені жаба салуды кәперіне алды, алуын алғанмен жаппастан-ақ подъездге қарай аяңдай берген. 

Ыбылжи басып баспалдаққа көтеріліп келеді, пәкетінде аса көп дүние болмаса да ауыр сезілген, үшінші қабатқа көтерілгенде қара саны ұйып кеткендей болды. Тоқтаған жоқ. Үшінші қабатта кімдер тұратыны жайлы ойланды, ештеңе есіне түспеді. Сірә, үшінші қабаттың есігінің ашылғанын да көрмеген екен. Ремонттың төрттен екіге бірден неге секіргенін түсінгендей болды, аңғары адам тұруға жарамсыз болғаны ғой деп ойлады. Осылай ойлауын ойласа да үшінші қабаттың кіре берісіндегі қап-қара терезе көз алдынан кетпей қойды. Біреу сыртынан тесірейіп тұрған секілді. Баспалдақтың айланбасынан бұрыла бере өзі де аңғармай көз тастап үлгерген, қара терезенің ішін көру мүмкін еместей екен. Шынында, біреу қарап тұрса да аңдау екіталай. Сосын, жүрісін тоқтатып маңдайын көтере төртке үңілді, үшінші қабаттан өрлеп кеткеніне сенімі шала сияқты, ғұдды төрт қабаттың қайсы біріне көтеріліп түссе де алдынан үшінші қабат қана күтетіндей, бір құбыжық қиял көкейін аямай сызғылап жатты.

Төртінші қабаттың дәлізіне кіре берісте төрт кісілік орындық бар-тын, жігіттер темекі тартуға ыңғайлап өздері қоя салған. Біреуіне отыра кетті де демін соза тыныстады. Ертең өзінің қызметке бара алатынына күмәнданғандай қияпаты бар, ақырын басын көтеріп темекісін тұтатты. Мұнда отырып подездің ең үстіңгі терезесінен тысқа қарауға болатын, ол терезе де сол үш қабатты ғимараттың төбесін көрсетеді, бірақ, мұнда оның төбесі ұзыннан-ұзақ созылып, аса кең көрінетін еді, онан өзге ештеңе байқауға болмайтын. Терезе едәуір биік болса да онда гүл қойылған, кім суғаратынын кісі ұғу қиындау. Онсызда үгіліп қурай бастаған, құрт жеген жапырақшалары бүрісіп қалыпты. Сосын, айналасын шолған кісімсіп әуеге шарлай қарады, көзі төбеге шығатын темір қақпаққа тірелген, қақпақтың астында қабырғамен беттестірілген кофе реңді болат саты бар-тын, сол сатыны жаңа көргендей ұзақ барлады. Төбе жәйлі ойланғысы келмесе де темір қақпақтың тат басқан құлпысына қарап іші суып кеткенін сезінді. Ақыры, барақат таппайтынын ұққандай болды, шылымын шала шегіп өшіре салды. Керіле орнынан тұрды да пәкетін сылдырлатып есікті ашып қалғаны сол еді, аяғының арасынан бір қара бәле су етіп өте шықты. Жалт бұрылып қарады да таныды, бағанағы қара мысық екен, тағы да қаңғылестеп келіп қамалып жүрсе керек. Күтіп те жүрген кейпі жоқ емес. Әйтеу әр жолы көз ілестірмей ғайып болады. 

Төсегіне жетті де сүйретпесін шешпестен құлады, қайнаған су ішіп таңдай жібітудің қажет-ақ екенін сезіп жатыр, қозғалғысы келмейді. Анау екеуі әлі жоқ, кім білсін олардың қай бұрышта мүлгіп отырғанын. Құлағына азан даусы естілгенде көзін ашты, аспан жүзін алашабыр бұлт көмкеріп тұр екен. Күн сәулесі креуетінің жанына түсетін шақ келіп қалғаны байқалады, қолын креуеттің қырынан соза асырып алақанына күн нұрының тамып кетуін күтіп жатты. Содан бір дәру болатындай, кемінде, ойын бұрғанға сеп болардай. Үнемі осы уақытта күн сәулесі креуетіне жуықтап түседі, болымсыз болса да бақуатты бір жылы тыныс сыйлайды. Бүгін қырсық басып тұрса керек, күн тұрған тұстың бұлттары лезде тесіктерін жамап үлгіріпті. Күн нұры алақанына ақыры түскен жоқ, ол да қолын жиған жоқ, саусақтарына қарап жатып қалғып кетті. 

Шыбындардың ызыңы құлаққа еміс-еміс жетеді. Ол түс көрді, түсінде үшінші қабаттағы бір қараңғы бөлмеде шіріп жатқан мәйіт көрді. Таныс адамдарының біріндей сезілген, іле-шала көрінгені өзінің сағымы, тура подвалдағы айнада көрінген ұсқыны. Түсінен оянған бойы орнынан қарғып тұрды, суық тер жүзін жуып кетіпті. Екі бөлмелес те келіп алған екен, бұның сүрепетіне сұраулы жанармен бір-бір қарады да қойды. Үшеуі де үн қатысқан жоқ. Ойына кешкі ас ішпегені түсіп үстелге қарап еді, жігіттер тамақ әкеп қойыпты. Терезені ашып тұнық ауадан сіміргісі келді де өзін тоқтатып алды, аспанды қорғасындай ауыр бұлт сіреп алыпты, жаңбыр сіркіреп тұр.

Шүмектеген терін сүртіп жатып қайтадан терезеге қарады, көз алдына жаңбыр астында тұрған бейнесі келді. Анау қоқыр-қоқсықтардың арасында, құшағын көкке жәйіп алып айғайлап тұрған бейнесі. 


Оқи отырыңыз: А.Куприн. Миллионер (әңгіме)



author

Арман Әділбекұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Үндістанда 25 жастағы ер адам өзінің жерлеу рәсімінде тіріліп кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz...

Жаңалықтар

“Көреміз” бағдарламасының журналисті Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасына виде...