Ақын Ұларбек Нұрғалымұлының 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
3405

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі Таңжарық секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ұларбек Нұрғалымұлы! Мархабат!

ЖАЗҒЫ ТҮН. ЖАЙЛАУ

Сол жайлау шіркін…
жатқан бір шөбі жайқалып,
Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.
Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,
Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.

Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыр еткенге,
Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.
Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,
Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.

Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,
Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.
Қара қосымның жыртығын жамап жұлдыздар…
Жасаған Ие-ай нығыметіңе қарықпын.

Жалбыздысайдың саумал түні-ай…
жалғанда,
Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!
Суп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,
Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.

Ақ шағи бұлттар…
Алтайдың асқар тауында,
Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қапты-ау жадымда.
Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,
Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.

АЛТАЙ. ҚЫС. САҒЫНЫШ

( )

Аязына сүңгисің
Айдалада,
Жылылық бар онда бір ойламаған.
Тұмсығыңмен жұтасың,
Тұп-тұнық бір
Арқар иісі аңқиды айналаңнан.

Аяңымен ақ қырау арғымақтың,
Бедер түсіп жүзіне сан қыраттың.
Құсбегінің кешкі бір жүзіндей боп,
Батып бара жатады албырап күн.

Сезгендейін, жымыңдап түн жанары,
Балғын қыздың балтыры сыздағанын.
Жас қонаққа жаутаңдап,
Бейуақта,
Жалғыз үйдің кірпігі дір қағады.

Бір қиғылық сезімге жасап өтер,
Аяз ерні алдымен масаң етер.
Ай қылымсып ақ төсін аша беріп,
Бұлт үстіне бұраңдап жата кетер.

Не бір арман күзетте, не бір елес...
Шолпан туды, жас шопан жөніңе көш.
Ай мүйізді текеңді қасқыр жепті,
Түсіңдегі айдай қыз, тегін емес.

Ақ сүңгі етіп ажарлы қас-қабақты,
Алып қашсаң ақ түнде ақ тамақты.
Аппақ қарда жүйткіген ақ қояндай,
Пырағыңды ағызып ақ қанатты.

Жүзін өбіп таулардың таңғы ызғары,
Уысында ұлпадай балмұздағы.
Бұрымында күн нұры күміс шашып,
Бұлаңдайды бұзылмай сәнді ырғағы.
.... ....  .... .... .... ....
Қиялыма сипатып қауырсынын,
Құшағымда балқиды «қар қыздары».

( I I )

Есімнен бір кетпей қойды неге осы,
Қарт Алтайдың мұз құрсанған елесі.
Мұздай қару,
мұздай тақым астында,
Сықырлаған мұз жылқының денесі.

Ақкөз түнде жалғыз рет жолығар,
Жортуылдың жан білмейтін мәні бар.
Шытынатып аяз қысқан аспанды,
Шұрқырайды астыңдағы жануар.

Қаһарына мінгенде Алтай қағынып,
Үрген иттің тілі аязға қарылып,
Ақ бураның қызыл жалын – шыбығы,
Cынып түскен тұрған бойда шабынып.

Ғайып болып басыңдағы тұрған бақ,
Бәрін осы кететіндей түн жалмап.
Қотаныңды тінтеді аяз
бөрінің,
Мұздай суық тұмсығындай сумаңдап.

Бел астынан бір тіршілік білсем деп,
Мен де жортып, тау қолтығын тінтем кеп.
Ай – мүйізін шайқап қашқан арқардай,
Бұлт қалқасын паналап жүр бүрсеңдеп.

Жолға бағыт бере алмайды бұл біздің,
Жүзін әбден суық сорған жұлдыздың.
Бейнесі де есімде жоқ дәл қазір,
Ұмыт болған жамалындай бір қыздың.


Жал-құйрығы сүңгі мұзға малынып,
Омыраулап тартады алға сәуірік.
Шоқылардан бөрі ұлиды аулақта,
Бөрі ұлиды тұмсығы айға шағылып.

Адастырмай әкеледі-ау түнгі өкпек,
Дәл сондағы күйге қалай тіл жетпек.
Балғын қыздың мені күткен деміндей,
Қар бетінде жүрген түтін дірдектеп.

СУРЕТ

Жалғыз үй таудың ішінде,
Алтайды ақ кебін жабатын.
Тек анам жаққан түтінге,
Жалғанып тірлік жататын.

Меңіреу еді әлгі күй,
Білмейді ешкім мендей көп.
Жапанда сол бір жалғыз үй,
Жататын жалғыз меңдей боп.

Ер жетіп қара сирағы,
Бесікпен ақпанда өңгерген.
Арманға беріп бұйданы,
Алыстап кеттім ол жерден.

Жыл бойы жілік сақталып,
Анам да мүмкін жүдеген.
Мақтана сөйлеп, хат жазып,
Суреттер салып жіберем.

Құдіреті-ай ана жүректің,
(Елеген оны анық кім)
Достармен түскен суреттің,
Шетінде тұрып қалыппын.

Қабағын ашпай түнерген,
Көңіліне алаң, секем кеп.
Мұңайыпты анам,
Біреулер
«Шеттетіп жүр ме екен»,-деп.

Көңілінен кетпей сол бейнем,
Түсіне дағы кіріпті.
Жөңкіп жұрт,
Жыртық жейдеммен,
Шетінде тағы жүріппін.

Бақыттың бізде несі кем,
Айналдым ана сенен мың.
Ортада жүрмін отымен,
Сүтіңмен сіңген өлеңнің.

Құдайға ғана жалбарын,
Құдайсыз қулар оңбаған.
Көремін өзім қалғанын,
Талассыз тірлік болмаған.

Ол жағындағы ұмытпан,
Шетінен түгел айдаһар.
Түйреуге әбден құныққан,
Қызыл да қырғын найзалар.

Ортаға алып құрметте,
Итерсең итер орға әлі.
Анама салған суретте,
Ортада тұрсам болғаны.

2006.ж

ЖЫЛҚЫЛАР

Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,
Алауымен мені өзі-ақ жебердей,
Мың жанардың бірі сынды,
Еленбей,
Неге қалғып бара жатсың дегендей:
Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,
Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.
Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,
Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп
Тартып берер,
Тұяғында жанады от:
«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.
Сусылдаған жалындай бір құлпырып,
Мен тірілем,
Қанатым дүр сілкініп!
Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,
Еркін аққан ендігі жыр – 
Күреңім.
Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,
Жылқылардың біле тұра мінезін...
Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,
Теңіз деген – 
Түн шайқалтқан жылқылар.
Емшек сүтін дірдектетіп 
Соқада,
Бір ақынға иігені шын шығар.
Емген шығар,
«Сан ғасырлық сырды айтып,
Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтып?».

Тұлпарларға
О, далалық ғашықтық.
Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.
Қалаларды таптап өтіп,
Төрінен,
Бірақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!
Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.
Зар желісті пырағымдай еңіре.
Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер
Тақымына түспей кеткен әрине ол
Саңлақ қой,
Сағым сынды саңлақ!
Өрт-жалынан жан-дүнием жамырап
Тигенде әттең, шаңға оранып артымда,
О, қу жалған қалар еді-ау аңырап...
ТӨРКІН

Аудандық өнер үйінде жыр оқып зерлі,
Сыпырып тастап отырғам маңдайдан терді.
«Қарындасыңмын, аға» деп жырылып топтан,
Жарқылдап жап-жас келіншек жаныма келді,

Жақынын тауып алғандай жайраң күй кешіп,
«Жүріңіз үйге!», - деп қоймай алдымды тосып. 
Ағалап тұрған келіншек, алдыңғы жылы,
Арқаға келіп қоныпты Алтайдан көшіп.

«Ата-анам сонау Алтайдың қырында қалды,
Биебау қалды, желіде құлын да қалды...».
Сағыныпты әбден төркінін,
көзінің жасын
Көрпесін сала жүріп-ақ сығымдап алды.

Күйеуі тойған қозыдай момақан жігіт,
Ісі көп, сөзі аз ер сынды, мінезі сынық.
Ауылымыз жайлы айтылған әңгімелерді,
Біресе тұнып тыңдайды, біресе күліп.

Сағыныш шіркін болмаса жүбіне жеткен,
Қояды мақтап шүкір деп бүгінін еппен.
Ағасы келмей қойыпты қызметін қимай,
Ата-ана – ауру, іні – жоқ, сіңілі – кеткен.

Ем-домға тиын ептеген табылып мүмкін,
Армандап қояд көрейіп барсам деп бір күн.
«Шиден ары» деп шығарып салғанымызбен,
Төркіннің қамын жеп өтер қыз деген шіркін!..

Қолынан піскен таба нан, құрт пенен майын,
Алдыға жайып, баппенен қайырды шайын.
Сақталған сүрі, қатығы, кәделі жілік,
Анамдай ұстайды екен-ау дастархан жайын.

Білмеймін, неге?
Жанымның сұрауы ма екен,
Сағынып мен де жүрген соң ұнады ма екен?
Қолы да – дәмді, ісі – епті, уайымы – адал,
Білікті болса бір қыз да бір ауыл екен.

Аңсаса ауылын, 
(Түсінем заңдылық жайды.)
Мәжнүн де емес кешетін мәңгіріп қайғы.
Қазақстан ба?
Сүйеді Қазақстанды,
Орысшасынан басқаға шаң жуытпайды.

Көкшетау деген қаланың маңындағы ауыл,
Алыста қалған ауылын сағынған ауыл.
Жайланып тірлік кешірер жер екен шіркін,
Жаныңда ағаң болса егер, жаныңда бауыр.

Толқындай нәзік сезімге ағыстар көмген,
Бой ұрып кейде басылар арыстан кеудең.
Сағынып жүрген төркінін қарындас көрсем,
Ағасы болғым кеп тұрад алыстан келген.

КЕРАҒЫС

...Онда солай болатын,
Ай толықсып маңдайымнан туатын.
Күн жарқырап маңдайымнан шығатын...
Көкжиекке құлағанда
шапағы,
Белбеуімді безендіріп тұратын.

Жаным жалғыз нұрдан медет тілейтін,
Табиғатпен бірге күліп, жүдейтін.
Төр ғана бар, есігі жоқ қосымда,
Есімі жоқ пайғамбарлар түнейтін.

Жылдар өткен шудасынан шұбырып,
Менде тұғын нар бойындағы ірілік.
Айдаһарға жебе тартып құлатқам,
Домбырамның шанағынан суырып.

Жұлдыздардың санын білем,
(жан-жаққа
Аққандарын арулаймын ардақтап).
Сан шапағат шашулы еді жолымда,
Сан несібе жамырайтын таңда аппақ.

Е-е-е, ертегі еркіндігім бұл менің,
Өңім шығар, түсім шығар.
Білмедім.
Ұсынды да ол жұпар дала гүлдерін,
Есігінен енбей кетті түрменің.

2007 ж.
ҮНСІЗДІКТІҢ ДАУЫСЫ  

Иә, бұдан ілгері ілкі дәуір,
Кісіліктің көтеріп құлпын ауыр,
Тау білсе де, жау білмес сырын, мұңын,
Көшіп-қонып жүретін тылсым ауыл.

Түсінікті қыз үшін, ұл үшін де,
Ол ауылдың болатын үні – ішінде.
Өнегелі сөз қалды өлгенінен,
Тіс жармаған секілді ед, тірісінде.

Өзі шығып, күн сынды бататұғын,
Өзі істеліп бар тірлік жататұғын.
Мақтау естіп көрмеген ешкім онда,
Басбармақтың басынан асатұғын.

Қисығыңды түзеуге құрған тезді,
Қария деп білгейсің қыран көзді.
Мойнына қоятын,
Тентегінің
етігінің басында тұрған сөзді.

Үнсіз ұғып қадірін адал жардың,
Үнсіз алып қақпасын қамалдардың.
Тап-тұйнақтай тірлігі дөңгелейтін,
Ауызынан қолы озған адамдардың.

Ғашық жігіт үдетіп күнде аңсарын,
Жүрегінде бұлқынтар жыр каусарын.
Жүрек сөзі кестелі орамалда,
Үнсіз қалған ауылында қыз қалқаның.

Үнсіз түннің сезбесе мысын әлі,
Бұлғақ үкі бойжеткен ұшынады.
Алжыған ит аулақта албаты үрсе,
Қыз жеңгесі қырынан қысылады.

Бізге сыры болмайды-ау оңай мәлім,
Жанмен ұғып сезесің солай бәрін.
Жолға сіңіп жоқ болды сол бір ауыл,
Тауға сыйлап кетті де сол айбарын.

Құрметің бар түгенге, пәленге де,
Бірақ оны айтпа да, дәлелдеме.
Сағынышы – мысалы, үнсіз, тілсіз,
Әлде қайдан жеткен бір сәлемдеме.

Жоғалғалы сол ауыл тіл ұзарып,
Сөйлейді әркім мінбеден құзыр алып.
Содан бері сол жерден не бір мықтым,
Естімесе мақтау сөз күні ғарып.

Сондай өмір өтуде, сондай да өмір,
Құрғап біткен құр сөзден таңдай не бір.
Жүздескенде айтылған мадағыңды,
Топ ортаға салмасаң толмай көңіл...

Аспанында бұлты жоқ теңгедей де,
Нөсерлеткен қарайсың желбегейге.
Жөткірініп сөз алам жұрт алдында,
Тауға қарап қоям да мен де кейде...

Сол ауылдың қадірін жете білсе,
Үнсіз ұғып бір-бірін кеше білсе.
Түсер едік мінбеден,
Жоғалған жұрт
таудай биік тағына көтерілсе...

Ақын Мақпал Жұмабайдың 7 өлеңі

Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың 7 өлеңі


author

Ұларбек Нұрғалымұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

7 қарашада Тараз орталығындағы пәтерлердің бірінен екі әйелдің денесі табылған, деп хабарлайды maden...

Жаңалықтар

Ресейде жас қыз пойыз астына түсіп, аман қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz ақпарат по...