ЕКІ МЫҢ ТЕҢГЕ ("Ақ самаурын" кітабынан)

ӘДЕБИЕТ
2528

Қайбір күні екі-үш ауданды аралап, Таразға кештетіп жеттім. Көлігімді жуатын орынға қойдым да, кілтті көлік жуушы жігітке ұстатып, асығып мешітке қарай жүгірдім. Мешіттен шыққаннан кейін ауладағы діни кітаптар сататын шағын дүңгіршектің қасынан өтіп бара жатып, бір кітапқа көзім түсті. Қайрат Жолдыбайұлының кітабы. Негізі осы жігіттің жазғандары, ойлары, пайымдары ұнайды. Содан ішке кіріп бағасын сұрадым. 1400 теңге тұрады екен. Тағы мұсылманша күнтізбе алдым. Одан сатушы жігіттің майдасы болмай, тағы бір заттарды қосып, тура екі мың теңгеге сауда жасадым. 

Пендеміз ғой... Үй тола кітап. Оқып жатқаным да шамалы... «Екі мың теңгеге одан да көлігіме бензин құйған да болар ма еді, әлде үйдегі бала-шағаға бірнәрсе алған да болар ма еді?» деген де ой келді. Сол заматта-ақ «Бұл кітаптарды кейін аламын» деп, сатушыдан ақшамды қайтарып алғым да келді ме?!. Әйтеуір әрі-сәрі боп тұрып қалғаным рас. Бірақ ұялдым. 

Сонымен кітаптарды құшақтап, көлігіме келсем, жігіттер айнадай жарқыратып аулаға шығарып қойыпты. Кілтті алып жатсам, көлік жуған жігіт «Аға, салоннан мынаны тауып алдым» деп, қолыма екі мың теңге ұстатады. 

- Тауып алғаны қалай?

- Орындығыңыздың жанында қыстырулы тұр екен.

Сол кезде есіме түсті. Алыс ауданнан келе жатып, жол-жөнекей қол көтерген үш жігітті ала кеткен болатынмын. Танысып, жап-жақсы әңгімелесіп келдік. Қалаға келген соң олар осы теңгені ұстатқан. 

- Жігіттер, жол қысқарып, жақсы әңгімелесіп келдік. Осының өзі де үлкен олжа. Ақшаларыңа рахмет, - деп, қолдарын қайтарғанмын. Сөйтсем жүк салғыштан сөмкелерін алып беріп жатқанда ол жігіттер ақшаны орындықтың жанына қыстырып кеткен екен ғой. 

«Ой, Алла-ай!» деп, әлгіндегі пендешілік қылығыма жаман қатты қысылдым. Шынымды айтсам, қатты әсер етті. Мешітте екі мың теңге жұмсадым, Алла екі мың теңгемді қайтарып берді.

Аллаһу Акбар! Алла Ұлық!


Оралхан Дәуіт

Жаңалықтар

Қырғызстанның Жалал-Абад облысының Созақ ауданында 2 мамыр күні сағат 13:30 шамасында балмұздақ ти...

Жаңалықтар

Сенат депутаттары кейбір заңнамалық актілерге байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту...