«СЫРЫМ БӨГЕТІ» ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

МУЗЕЙ
2934

2014 жылдың ақпан айында, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында ғылыми-іздестіру жұмыстары кезінде 1930-ы жылдары Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданының №15 ауылында «Сырым бөгеті» бар деген дерек көзіме шалынды. Осы деректі әрі қарай зерттеу барысында №15 ауыл бүгінде Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты екені және Сырым бөгеті осы кезге дейін сақталғаны аңықталды.

Аумақтық бағынысы ауысып кету себебін зерттеп қарағанда, 1944 жылдың 11 мамырында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының «Гурьев облысының құрамында Қызылқоға ауданың құру туралы» Указы қабылданған. Онда: «Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық Советі атқару комитетінің Қызылқоға елді мекенің орталық етіп белгілеп, Қызылқоға ауданының құру жөніндегі ұсынысы қанағаттандырылсын. Мақат ауданының құрамынан Тайсоған, Қызылқоға, Былқылдақты, Ақшелек, Қоянды ауыл Советтері және Сыртқы сауда Халық Комиссариатының Қарақөл совхозы, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының құрамынан Миялы және №17 ауыл Советтері, Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының құрамынан №12, 13, 14, 15 ауыл Советтері алынып Қызылқоға ауданының құрамына енгізілсін» делінген [«Қызылқоға – құт мекен». Алматы: «Өлке» баспасы, 2005ж.]

Қызылқоға ауданының тумасы, көрнекті жазушы Ғабдол Слановтың «Дөң асқан» кітабында Сырым бөгеті туралы атадан ұрпаққа үзілмей жеткен ел аузындағы деректі жан-жақты да әсерлі баяндаған: «Қақпақты көлдің дәмін бертін келе, жортып жүріп татқан Сырым батыр артық бағаласа керек. Тайбөрі шарабының қадірін білген Сырым мұның нәрін молайта түсуді ойлаған екен. «Қақпақты көл» бара-бара суалып, ел баласына сусын керек ететін күндер болар, – депті-мыс Сырым, – Жатыққа суын берген, онысы өзімдей шөліркеген ел баласына бұйырмай, жат ауызға тосылған өзендер бар емес пе. Соның біреуін Тайбөріге бұрсам... Сырым марқұм осы мақсатын іске асырып кеткен екен: сонау Ойылдың бір қалтарысынан бөгет салып, Тайбөріге су арнасын жіберіпті. Қалың құмды қақ жара Қақпақты көлдің бетіндегі айдыны – Жарыпшыққан аға жөнеліпті. Әзірге қолымнан келгені осы. Олай-бұлай бола қалсам мен сияқты балаңды батасыз қалдырмағайсың! – деп Сырым батыр Хиуаға сапар шегіп жөнелген» екен дейді.

Иә, осылай біртуар жазушы Ғабдол Сланов жерлестері мен қалың ел жадында сақтасын дегендей, ел көсемі Сырымның жүзеге асырған ой-арманы мен аманат-өсиетін, тайға таңба басқандай жазып кеткен. «Аманатқа қиянат жоқ» деген қазақ қадиғаты қаншалықты рас екен? Ол да, бір жүк ел арқасындағы, ол да бір сын бізге, ол да бір ой салар ұрпаққа...

Сырым сол сапарынан қайтып Тайбөріні көре алмапты. Бірақ оның ағындай арманы Жарыпшыққанда қалыпты. «Ат аунаған жерде түк қалады». Арманда өткен Сырымның Тайбөріге қалдырған ескерткіші осы көрінеді. Тайбөрі де, Жарыпшыққан да оны ұмытар емес. Тайбөрі Сырымды аузынан тастайды деген не болар, одан қай мезетте сұрасаң да: «Сырымым!» дегендей, ауық-ауық дөңбекшіп, күрсінгендей болады. Ал, Жарыпшыққан күндіз-түні бірдей: «Сырым, Сырым» деп тоқтаусыз күй шертіп жатқандай. Оның ағысына тоқтау бар ма, Сырым сырын әлдеқайда қияға, шығанға әкетіп барады. Өн бойында жолыққан құрақ, ақ борық, тоғай, құстардың бәріне де сыбырлап: «Сырым, Сырым» деп құлақтарына құйып барады».

Көздіғара ауылдық округінің әкімі Болат Қабесов ел жадында сақталған Сырым бөгеті туралы деректерді нақты дәлелдер келтіріп, гидромелиорация мамандарының пікірімен өрнектеп берді, соған жол берсек:

«Қызылқоға ауданының Көздіғара ауылдық округінің орталығы Қоныстану селосының батыс бетінде 9-10 шақырымдай жерде. Ойыл өзенінің бір саласы ащы Ойыл құйылысына салынған. Бөгеттің негізгі патша үкіметінің қанаушылығына қарсы, Кіші жүз қазақтарын ұлт-азаттық көтеріліске бастаған қолбасшы Сырым Датұлы (1742-1802 жж.) 1797 жылдың көктемінде сарбаздарымен Хиуаға өтіп кету үшін, әрі тұщы Ойыл суының ащы Ойыл суымен араласып кетпеуі үшін салдырған. Сол мезгілде бөгетті тұрғыза алмай амалдары тауысылып қиналған сарбаздарына: – Ауылдың ойнап жатырған бір топ балаларын нұсқап, не айтып, қандай ойын ойнап жатырғандарын біліп келіңдер деген екен Сырым батыр. Көп кешікпей жіберген сарбазы: «Балалар да жаға бойындағы суды бөгей алмай, шым сал да – құм сал, құм сал да – құрым сал», деп даурығып ойнап жатыр депті. Жас сәбилердің айтқаны келеді. «Ақыл – жастан, асыл – тастан». Дереу солай жасау керек деп бұйрық берген». Елден шұғыл жинатқан құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарынан қоржын іспеттес тіктіріп, оны құммен толтырып, арнайы ойдырған шым салып бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бөгет ел аузында «Сырым бөгеті» аталып кеткен.

Бір ғасырдан астам уақыттан кейін, Ойылдың дәл осы сағасы Құройылды (Ащы Ойылды) бөгеу арқылы Тайсойған мен Қаракөл, Қарабай, Сарыкөл атырабын суландыруды көздеп, карта бойынша жоба сызып, жер суландыру бағдарын жүзеге асыруға келген Ресейдің тәжірибелі су мамандары И.Филимонов, С.Сидоров, М.Зинин қара халықтан шыққан Сырымның инженерлік тәжірибесін жоғары бағалаған екен. Осылайша дайын тұрған Сырым бөгеті қайта биіктетіліп, күрделі жөндеуден өткен. Кезінде аудан әкімі болған, марқұм Есенгелді Нұршаевтың қолдауымен «Хабар» телеарнасының «Жерұйық» бағдарламасына Асантемір Қаршығаұлының авторлығымен түсірілген «Сырым бөгеті» туралы видеоочеркі болатын.

Мұның барлығы «Ашық аспан астындағы жәдігер» – Сырым бөгеті бар екенін дәлелдейді. Бүгінде Сырым бөгетінің ұзындығы – 800, табаны – 10, бет жағының ені – 3 метрдей. Бір барғанымызда оның биіктігін аңықтайтын құрал болмағандықтан, ол анықталмай қалды. Соған қарамастан біз Сырым бабамыздың мұратының толық жүзеге асқанына куә болдық. Біріншіден, Сырым бөгеті Ойыл өзенінің бір саласын Ащы Ойыл құйылысынан, яғни, Құралысайдан (Ащысай) ажырата салынғандықтан, Ойыл өзенінің қалтарысындағы су борсып кетпейді. Екіншіден, Тасыған су бөгетке тірелген соң, өзен деңгейі күрт көтеріледі. Соны пайдаланып Сырым батыр бөгеттен шамамен 50 шақырымдай биік орналасқан ескі арна ізін жырып жібергенде, арнаны бітеп тастаған қалын құмды су жарып өтіп, аға жөнеледі. Қуанған ел оған «Жарыпшыққан» деген ат беріп, дөп басқан.

Осылай пайда болған Жарыпшыққан өзенінің ұзындығы – 180 шақырым. Ойыл өзенінің алабында. Миялы ауданынан төмен 7 км жерде Ойылдан тармақталып шығып Тайсойған құмын оңтүстікке қарай қақ жарып ағады. Тайсойғаннан төменірек Жаманаша, Үлкенаша, Қарабау тармақтарына бөлініп кететін өзен. 50-60 шақырымнан кейін Айғыркөл көліне қайта қосылады да, Үлкияк көліне құяды. Табиғат экологиясы бұзылмай тұрған заманда, су қоры мол көлдер пайда болып, Тайсойған шөлейтінде ірі-ірі оазистер пайда болған. Себебі, Сырым Датұлы тұрғызған бөгет – ол бөгет, дамба емес. Дамба су ағысын бұрса, бөгет су деңгейін көтеріп, судын мол қорын жинап, су жайлаған көлдер айналасы құтты мекен – оазиске айналады екен.

Тағы бір еркеше айтатын жәйіт, Жарыпшыққан өзеннің көне, төл атауы «Жыңғылды» екен. Оны 1903 жылы жарық көрген «Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Киргизский край» атты кітаптағы «К югу от коп. ДжаманКудука начинаются большие барханные пески Тайсуйгань. В южной части их, в разветлений р.Уила, носящем названиер. Джингильды (но местным населением называемых Джарпшекань), лежит поселение Джума-Базар, основан 1895 г.» деген жолдар айғақтайды.

Ойыл өзенінің суы азайып, деңгейі түскен кезде Жыңғылды өзенінің Ойыл өзенімен жалғап тұрған кіндік-арнасын құм басып, екі арасы қиылып қалады. Егер де, Сырым бастамаса, ұлы істі қолға алмаса өңір қандай өзгеріске шұрайытының болжау қиын. Осыны анықтаған «Сырым төбесінен Сырым бөгетіне дейін» атты экспедиция мүшелері Сырым Датұлының өңегелі ісінің құндылығы, өңірдің табиғаты қоржынындағы мүмкіндікті пайдаға асырып, елге мол байлық, шұрайлы шалғын, суы мол оазис сыйлап кеткеніне көзін жеткізді.

Сырым бөгеті туралы деректі ғылыми тұрғыдан дәлелдеудін алғашқы қадамы, міне, осындай.

Осында ел ұрандасқан, айқайласқан,

Бұл жерге жау аяғын байқай басқан.

Ерліктің етегінен ұстап тұрып

Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан! – деген ақын Қадыр Мырза Әлидің жыр шумағымен өрнектелген Сырым төбесінің тарихы тереңде.

Ал, бүгінде Жайық өзенің тел емген, өзегі бір көрші екі елдің рухын көтеретін игі іс жалғасын табары сөзсіз. Бөгет басына белгі қою арқылы өскелең ұрпаққа Сырым бабамыздың өсиетін Қазақ еліне таныту рәсімін өткізсек, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының халқына, бірінші кезекте жастарға берер рухани жемісі ұшан-теніз болмақ.

Ең бастысы – Сырым бөгеті туралы дерек Қазақстан Республикасының энциклопедиясының келесі жариялымына ену керек және «Мәдени мұра» тізіміне «Ашық аспан астындағы жәдігер» статусы берілген тарихи ескерткіш ретінде Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының тарихи орындар тізіміне енгізіліп, мемлекет қамқорлығына алынған «Сырым бөгеті» жалпыұлттық маңызы бар объектілер ретінде қайта жаңғыртылуы қажет.

Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында аталған «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша шығарылған «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабына «Сырым бөгеті» де, «Сырым төбесі» де енгізілуі тиіс.

Тағы бір ерекше атап өтетін жәйт, бұл маңызды тарихи ақиқатты енді ешкім жоққа шығара алмайды. Ерте ме, кеш пе, Сырым бабамыздын рухына тағзым етуге бағытталған «Сырым төбесінен Сырым бөгетіне дейін» атты саяхат маршруты пайда болатына кәміл сенемін.

Мемлекетті басқару жүйесінің ірі реформаторы Сырым бабамыздың артында қалған мұрасы, әлі күнге дейін жергілікті халық игілігіне қызмет етуде. Ашық аспан астындағы бұл жәдігер кезінде Сырым бабамыздың басшылығымен, оның қолымен тұрғызылған, ел аузында да, әдебиетте де, мұрағат деректерінде де, ғылыми мақалаларда да «Сырым бөгеті» деп аталады.


Нұржан ТӨЛЕПОВ, Жәңгір хан атындағы тарихи- этнографиялық музейінің меңгерушісі, өлкетанушы.

Батыс Қазақстан облысы.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...