Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс! Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық...
Жастар театры «Құдалар» комедиясының премьерасын ұсынды
Жастар театры – өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Өзінің небәрі 12 жылдық тарихында Халықаралық, Республикалық деңгейдегі байқаулардан 12 бірдей Гран-При жүлдесін иемденуі – жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өресіне өлшем. Қазіргі таңда театр репертуарында 40-қа жуық спектакль бар. Көпшіліктің қошеметіне ие болған өнер туындысының қай-қайсысы да айрықша атап өтуге тұрарлық, қызықты қойылымдар.
Бүгін жасампаз театрдың репертуарына тағы бір ерекше қойылым енді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» 28 мамыр күні ақын, драматург, аудармашы Е.Уахитовтың қаламынан туындаған «Құдалар» комедиясының премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Күтпеген олжаға кенелген екі көрші құдаласамыз деген сертінен безіп сергелдең күйге түседі. Бәріне себеп үй арасын бөліп тұрған дуалдың астынан ат басындай алтынның табылуы. Әурелік пен сарсаңға толы комедия көрермен қауымды бірден үйіріп, баурап әкетті. Көпшілікке күлкі сыйлап қана қоймай астарлы ақиқаты, шымшыма шындығы арқылы парасат биігіне жетелеген спектакльдің көрермен жүрегінен терең орын алғаны сөзсіз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер – Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауындағы бұл қойылым өзіндік реңі, ерекше қолтаңбасы, жаңаша көзқарасы арқылы шешім тапты.
Жастар жылында жастар театрының репертуар қоржыны халық іздеп көретін, аңсап келетін жаңа комедиямен толысты деп білеміз.
madeniportal.kz