Жолтай Әлмашұлы. ӘДЕБИЕТ ӘЛСІРЕГЕН ЖОҚ, ТЕК КӨЗҚАРАС (қаламдас қос інімнің мерейтойына орай)

ӘДЕБИЕТ
2395

Бұл жазбаны жазар ма ем, жазбас па ем – бір қаламгер інімнің осы ФБ-дағы шағын толғанысы себеп болып, шабытымды қамшылап жібергені! Оның авторы – Дидар Амантай! Дидар інім өз сөзін қатарлас досы Маралтай ақынға арнап жазыпты – құптарлық іс әрине! (Қатарластардың бір-бірін құрметтей алуы да -үлкен мәдениет). Кәдімгі Маралтай Райымбекұлына! Әңгіме желісінің түп төркіні – бүгінгі көркем әдебиеттің мүшкілдеу машахаты, замананың әдебиетке бетімен емес, арқасымен қарағаны, есіл еңбектің еленбеуі, тағысын тағылар. 

Екі інім де бір-бірімен жарыса елу деген жап-жасыл, жалаулы, тылсымды жастың биігіне бас киім іліп үлгерген шақта тұр екен! Қош-ш! Мұндай жойқын жас туралы еш тоқтаусыз, мүдіріссіз, өте-мөте көп ойды толқындана толғап өтуге де болар-ды, алайда әңгімені тоқ етеріне ауысалық! Алдымен қадап айтарым – екеуің де бұл жасқа жайдақ ат мінгендей, асыр-тасыр шауып, құйындатып құр қол келген жоқсыңдар, 

Аллаға шүкір, әдебиетке азды-көпті (бәлкім, мен де төменгі нотамен сөйлеп отырған шығармын) еңбек сіңірдіңдер! Бірің – поэзияда, екіншің – прозада! Шығармаларың, жасыратыны жоқ, бірде еленіп, бірде елеусіз болып та жатқан шығар – ол да құпия емес, замана шындығы! Сендердің қатар шапқан буынға риза болатыным – қандай қиын кезге тап келсеңдер де, жасыған жоқсыңдар, қайта қайрала түстіңдер! Тап мұны мен, қанша ауыр естілсе де, біздің буын туралы айта алмас ем. (Қатар келе жатқан, едәуір дүние жаза алған қаламгер құрдас-достарым бұған ренжімесін). Сендердің араларыңда жақсы ақын да, жақсы жазушы да, тіпті тәп-тәуір драматургтер де бар деп есептеймін- кімдердің тіл ұшында тұрғанын және еске салғым кеп ұмтылып отырғанымды, сірә, екеуің де іштей біліп отырсыңдар! Мұны қазіргі қиындау кезеңдегі үлкен шығармашылық ерлік және қажырлылық деп есептесек, еш артық айтқандық бола қоймас. 

Сосынғы айтпақ болғаным – бұған дейін де сездіріп байқағам, қазір де шегелеймін, ұлттың көркем ойы мен көркем әдебиеті ешбір жағдайда жолынан жығылып, әлсіреген жоқ, керісінше оған деген шынайы көзқарас әлсін-әлсін әлсіреді. Тіпті, ащылап айтар болсам – көп жағдайда өлімсіреді! Қазір, келісерсіңдер, шөп те өлең, шөңге де өлең! Қазір, ойлаңдаршы, естелік те роман, күнделік те роман! Бұның ара – жігін ажыратып, ақ-қарасын бағамдап, анық бағасын беріп жатқан ешкім де көрінбейді – бір нәрсенің басы ашық, кішкене сын айтыла бастаса, екінің бірі өре түрегеледі, ата жауыңа айналады! Бұл қайдан келген, кімнен жұққан кесел? Қазақ сондай ма еді?.. 

Соңғы айтпағым – елге барып, қалың жұртшылықпен кездесіп, оқырман ортасында болып, көңілге алтын ой түйіп қайтқандарың өте көшелі іс! «Бидайдың бара жері –диірмен болар» демекші, қайсыбір қаламгердің де ең үлкен сыншысы әрі әділ бағалаушысы – мырза көңіл оқырманы! Міне, сондай алдияр оқырмандарың өздеріңді іздеген екен, кездесіп-жүздесуге асыққан екен - одан артық қандай бақыт керек? Шабыттарың сарқылмасын! Қазақ деген қасиетті елдің кәтепті қара нардай айтулы қаламгеріне айналып, бұдан былай да тың туындылар бере алатындарыңа бек сенімдімін!!! 

Ағалық екі ауыз сөзім осымен тәмам!!!

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...