Уақыттың ерекшелігі – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің бір-бірімен тығыз байланыста екен...
«Мауглидің» адасуы
1936 жылдың қаңтарында ағылшындар өз ұлтының біртуар ақыны әрі көрнекті қаламгері, Англияның атынан бірінші болып Нобель сыйлығын еншілеген лауреаты Редьярд Киплингті соңғы сапарға шығарып салды. Қилы кезеңде туып, шытырман өмір кешкен суреткер «Жүз қайғының қақпасы» атты тырнақалды туындысымен-ақ әдеби ортаны таңғалдырып, аузын ашқызып, көзін жұмғызған еді. Оқырманды толғандырып, ой-өрісін кеңітіп, көңілін байытқан, мұхиттың тұңғиық түбіндей мағынасы терең әңгімені жасы әлі он тоғызға да толмаған газет тілшісінің жазғанына жұрт сенерін де, сенбесін де білмей алғашқыда абдырап қалған. Таланттың жас талғамайтыны рас екен, белін бекем буып, проза жанрында бағын сынап көрмекке тәуекел еткен жігіт шыншылдыққа, шымырлыққа, астарлыққа құрылған алғашқы шығармасымен-ақ әдебиеттің киелі табалдырығын құбылыс болып аттап, жұртты өзіне жалт қаратты. Жанартаулар атылғанда ғасырлар бойы жер қойнауында тығылып жатқан асыл қазыналар жер бетіне шығады екен ғой. Киплингтің «Жүз қайғының қақпасын» да дәл осындай ағыл-тегіл болып ақтарылған нөсер шабыттың жемісіне теңесек, шындықтың ауылынан алыстай қоймайтын шығармыз.
Содан бергі уақытта Киплингтің құдіретті қаламынан қоғамдық болмысты шынайы кескіндеген, әлеуметтік орта өкілінің күрделі психологиясын асқан шеберлікпен ашқан жүздеген шығармалар туып, бәрі де оны өз заманының ұлы ақыны әрі көрнекті жазушысы ретінде мойындады. Сондықтан да оқиғалары қызық, мазмұны бай, кестелі тілді көркем новеллаларымен елді еліктіріп әкетіп талантына табындырған суреткерге, дәмді әңгімелерімен балдырғандарды сүттей ұйытқан ертегішіге, лапылдаған сезімге толы сұрапыл өлеңдерімен жүрек отын жандырған шайырға көрсетілген зор құрмет пен қошеметтің белгісі ретінде оның сүйегі Вестминстерс абаттығында жерленді. Бірақ әлем мойындаған ағылшындардың ұлы ақынын жерлеу рәсімі елеусіз өтті, бірде-бір өнер адамы ондаған жылдар бойы оқырмандарының сезімін жібектей нәзік жырларымен тебірентіп, шығармаларына тәнті еткен перзентін жерлеу рәсіміне қатысқан жоқ. Қатардағы қарапайым қаламгерлерді тілге тиек етпегенде, азаматтық ұстанымының жоқтығы мен саяси көзқарасына бола одан Герберт Уэллс пен Грэм Грин сияқты танымал тұлғалардың өздері де түңіліп кеткен болатын. Дегенмен, алға озып кетпей, хикаямыздың мән-жайы оқырманға түсінікті болу үшін әңгімемізді рет-ретімен, басынан баяндайық.
«Адамның басы – Алланың добы». Дүниеге жылап келіп, кейіп кететін екі аяқты саналық тіршілік иесінің өлшеулі ғұмырының қай күні аяқталып, өмір сағатының қай күні соғуын тоқтататыны ұлы Жаратушының жұмса жұдырығында, ашса алақанында екені әлімсақтан анық ақиқат. Екі аяқты пенденің пешенесіне жазылған тағдырынан қашып құтыла алғанын қашан көріп едіңіз. Халқымыздың дүлдүл ақыны Нұрхан Ахметбековтің:
Біреуге ажал – судан, біреуге – оттан,
Кейбіреу майып болған бір апаттан,
Дүние кейбіреуге кең жай беріп,
Кейісін тар қапаста зар жылатқан, – деген өлең жолдары осындайда еріксізден есіңе түсіп, ойға шомдыратыны бар. Әйткенмен, таланты ә дегеннен мойындалып, әлемге әйгілі болған Киплингтің мына жалғаннан түңіліп Тәңіріне де, тағдырына да өкпелей алмасы айдан анық. Ең құрығанда Еуропа елдерінің бірінде де емес, Отанынан жырақта – сонау алыстағы Үндістанда дүниеге келіп, кіндігі кесілген сәбиді күндердің күндерінде даңқты қаламгерге айналып, өркениет көшінің алдында оза шауып келе жатқан Англия мемлекетінің атынан әдебиет саласындағы ең атақты марапатты бірінші болып иеленеді деп кезінде кім ойлаған?
Белінен туған перзентінің жазушылық жолды таңдауын жүрегі қаламаған әкесі де байлығы тасыған дәулетті адам болған жоқ. Бірақ сіңірі шыққан кедей де емес отағасының бала-шағасын асырауға мүмкіндігі жетерлік табысы бар-тын. Тағдырдың дауылы айдап Үндістанға келіп қалған Кенсингтон көркем училищесінің түлегі, мүсінші әрі сәндеуші Джон Локвуд Киплинг жергілікті мектептердің бірінде сабақ беріп, нәпақасын тауып жүрді. Қолданбалы өнер мектебінің директоры және Лахордағы Үнді өнер музейінің кураторы қызметін атқарған әкесінің жазушылық кәсіпке де бейімі бар еді. 1891 жылы оның «Үндістанның адамдары мен аңдары» деп аталатын түрлі-түсті суреттермен және ұлының өлеңдерімен безендірілген кітабы жарық көрді. Ақсүйектер элитасының тобына жатқан Киплингтер отбасының қоғамдық ортада ауыз толтырып мақтанарлықтай беделі болды.
Замандастары өмірінің соңында оны сыртынан «империалист» деп те мазақтады. 1927 жылы орыстың талантты ақыны Осип Мандельштам «Империалистік Англияның жазушысы Киплингтің жануарлар туралы әңгімелерінен де билеуші таптың үні байқалады» деп жазуға дейін барды.
Үнді елінің тамылжыған табиғаты, халқының салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқы болашақ жазушының дүниетанымына қатты әсер етіп, көңілінде өшпестей ізін қалдырды. Естері кіре бастағанда Редьярд пен оның қарындасы Триксті ата-аналары білім алу үшін Англияға оқуға жіберді. Әке-шешесі оқуға жіберген жекеменшік пансион балаларды қатал жазалауымен аты шыққан білім мекемесі-тұғын. Ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай еркіндікте өсіп, біреуге бағынышты болудың не екенін білмеген бес жасар балаға амалсыздан оқу ордасының темірдей тәртібіне төзуге тура келді. Жекеменшік пансионның қожайыны Роза ханым жасап қойған тәртіпсіздіктері үшін балаларды аяусыз жазалайтын. Оқу орнындағы көрген зорлық-зомбылықтардан көңілі құлазып, жаны күйзелген Редьярдтың жүйкесі тозып, түнде ұйықтай алмай қалатын дертке шалдығып, өмір бойы одан сауыға алмады.
Бетіне жел тигізбей, мәпелеп өсірген ұлының кенеттен сырқаттанып қалғаны туралы жағымсыз хабарды құлағы шалып қалған анасы Англияға құстай ұшып жетіп, білім мекемесіндегі балалардың қандай ауыр жағдайда тәрбиеленіп жатқанын көзімен көріп, оны ойланбастан мектептен шығарып алып кетті. Сөйтіп бұғанасы бекіп, қабырғасы әлі қата қоймаған, жасы он екіге енді ғана толған Редьярдты ойлана келіп әке-шешесі Вествард-Ходағы «Қарулы күштер колледжіне» оқуға берді. Онда қатар-қатар болып қаздай тізілген шағын үйлерде екі жүзге жуық жеткіншек білім алатын. (Киплингтің бір кітабында ол білім мекемесіндегі болған оқиғалар жан-жақты баяндалады. Сыныптағы тәлімгері мен әулие әкейден басқа колледжде жұмыс істеген мұғалімдердің бәрі де онда жабайы, дөрекі, надан адамдар болып суреттелген).
Ата-анасы әскери-отаршылдық қызметті таңдағаннан кейін ұлдарының Үндістанға қайтып оралатынына кәміл сеніп, үміттерін үкілеп, оны асыға күтті. Бірақ амал нешік. Жалғыз ұлы олардың елгезек көңілдерін елеңдеткен үмітін ақтамады. Көзі дұрыс көрмейтін жаны нәзік жігіт денсаулығына байланысты әскери мансабымен біржола қоштасты.
Әскери оқу орнының қабырғасында жүргенде Редьярд қарап жүрмей білім мекемесінің бастығы, әкесінің досы Кормелл Прайспен жақынырақ танысып алып, ол сөз өнеріне жан-тәнімен құштар баланың бойынан таланттың ұшқынын байқап қалып, оны әдебиетке баулып, осы бағытта іздене түсуіне көмектесті. Тіпті, оқу орнында арнайы ақындық байқау ұйымдастырып, Киплинг оп-оңай оның жеңімпазы атанды. Мұның сыртында елгезек бала зеректігінің арқасында француз тілін де тез үйреніп алды.
1882 жылы Үндістанға оралып, журналистік қызметпен айналысты. Уақыт өте келе Аллахабедта шығып тұрған «Pioner» газетінен оған шетелдерге жасаған саяхаты туралы очерктер сериясын жазып беруін өтінген ұсыныс түсті. Көктен іздегені жерден табылғандай болып, бақыттан басы айналған ол бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, Азия мен Америка халықтарының тұрмысын зерттеуге жан-тәнін салып құлшына кірісті. Жер бетіндегі көптеген халықтардың мәдениеттерімен етене танысқаннан кейін есте қалған ұмытылмас әсерлерін қағазға түсіріп, олардың бәрі 1888-1889 жылдары шыққан кітаптарында көрініс тапты. Жалпақ жұртқа жан сырын жайып салған шығармаларды ел сүйсіне оқып, сыншылар Киплингтің ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасы мен жазу мәнерінің ерекшелігін жілігін шағып талдап, баспасөзде жарияланып жатқан әңгімелерінің аяғын жерге тигізбей көкке көтере мақтай жөнелді.
Ал атағы шыға бастаған Киплинг болса, 1889 жылы әуелі Қытайға бет алып, одан кейін Бирма мен Жапонияға сапар шегіп, сосын Солтүстік Америкаға саяхат жасап келген соң Лондонына қайтып оралып, тұла бойын шабыт кернеп, тың туындыларын жазуға біржола ден қойды. Алайда, алған әсерлерінің буымен жазылып қалып 1890 жылы жарық көрген «Сәуле сөнді» романының қиюын келістіре алмай, сәтсіз шыққан туынды жұрттың сынына ұшырады. «Наулакха» атты екінші романын бастауға кіріскен жылы Америкадан келген баспагер Уолкет Бейлстирмен танысты. Кейін екеуі бірігіп шығармалар да жазды. Досы сүзектен қайтыс болғаннан кейін қарындасына үйленіп, Вермонтқа қоныс аударды. 1894 жылы «Джунгли кітабы», 1895 жылы «Екінші джунгли кітабы» атты өрнегі өзгеше тоқылған әлем оқырмандарын тамсандырып, таңдайын қақтырған оқиғалары қызық шығармалар жинағы бірінен кейін бірі жарық көріп, атағы күннен-күнге аспандай берді. Балаларға арналған туындылары оны әлемге танымал жазушы етіп, даңқын бұрынғыдан да бетер дүрілдетіп жіберді. Сондай-ақ сол жылдары жарық көрген Киплингтің бірнеше өлеңдер жинағы да жырсүйер қауымның жүрегінің төрінен өзіне лайық орнын тауып, ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігіне бөленді. 1897 жылы әдебиет үшін үлкен жаңалық болған «Ержүрек теңізшілер» романы оқырман қолына тиді.
1899 жылы Киплингтер отбасы қайғылы жағдайға ұшырап, өкпе қабынуынан сырқаттанып қалған қызы Джозефина кенеттен дүние салды. Англо-бурск соғысының басталуы оны Оңтүстік Африкаға көшуге мәжбүр қылып, сол жерде ол әскери газетті шығаруға ден қойды.
Елдің бәрі де «Маугли» ертегісінің авторынан қоғамдағы әлеуметтік шындықтарды жан-жақты суреттеген, зұлымдыққа қарсы шығып, гуманизмнің әділеттілік идеалдарын дәріптейтін, мазмұны бай, мағынасы терең шығармаларды асыға күтті. Бірақ бәрі керісінше болып, тырнақалды туындысымен-ақ айдай әлемді өзіне жалт қаратқан сыршыл суреткер өнер жолынан адасып, өз елінің империялық саясатын қолдап кетті. Әдебиеттегі гуманистік принциптерді аяқасты етіп, отаршыл империяның шашбауын көтеріп, Англияны басқа елдердің бәрінен жоғары қойып, жалған отаншылдықтың дертіне шалдықты. Аяусыз әшкерелеудің орнына, солдаттар мен офицерлердің жауыздығына қолдау танытып, қатыгездік пен жалған ұлтшылдықтың жалауын желбіретіп, зұлым саясаттың жыршысына айналды. Отарлаушы Англияның бөтен елдің жерін опасыздықпен басып алып, рухани және материалдық байлығын иеленіп, миллиондаған адамдарды құлақкесті құлдарына айналдырып жатқан саясатын жақтай жөнелді. Зымиян билік те атағы шыққан қаламгердің еңбегін елеусіз қалдырмай, империалистер оның кеңесіне құлақ түріп, әр сөзі үшін қомақты қаламақы төлеп тұрды. «Киплингтің өмірі кез келген генийдің өзін өзі қалай құртып жібере алатындығының жарқын мысалы болады» деген екен орыс жазушысы Паустовский.
Атақты қаламгердің отаршылдық саясатқа берілгені соншалық, тіпті, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде алып қалудың орнына, керісінше бар беделін салып, денсаулығы жоқ жалғыз ұлын қан майданға жіберді. Өте әлжуаз, көзі де нашар көретін жігіт соғыста қаза тапты. Бұл оқиға баласын өлімнен арашалап, оны майданға жіберуден алып қалуға тырысқан әйелі екеуінің арасына салқындық түсіріп, сезімдерін суытып жіберді. Жылап жүріп Құдайдан сұрап алған перзентінен айырылған ана соғысқа лағнет айтып, күйеуін қарғап, оны өлгенше кешірген жоқ.
Дәм-тұзының таусыларын сезген өмірінің соңғы жылдарында ғана Киплинг сүйікті ұлын ағылшын отаршылдарының жалған саясатына бола өлімге байлап бергенін түсініп, жалғыздықтан жаны күйзеліп, ауырып қалды. Қайғыдан ойы ормандай теңселіп, көңілі құлазыған әйелі ұлының өлімінен кейін күйеуін жек көріп, тіпті ол басын көтере алмай қиналып, төсек тартып жатып қалғанда жанына бармай қойды. Англиядағы Джон Мильтоннан кейінгі романтизм әдебиетінің ең соңғы ұлы ақыны саналатын Киплингтің ұлына арнаған «Өсиет» деген ғажайып өлеңі бар.
Владей собой среди толпы смятенной,
Тебя клянущей за смятенье всех,
Верь сам в себя, наперекор вселенной,
И маловерным отпусти их грех;
Пусть час не пробил, жди, не уставая,
Пусть лгут лжецы, не снисходи до них;
Умей прощать и не кажись, прощая,
Великодушней и мудрей других...
Ағылшын ақынының тағдырлы туындысының алғашқы жолдары осылай басталады. Бірақ амал нешік? Ұлына арнаған өлеңі арқылы барша адамзатқа ұлы өсиет қалдырған шайырдың өзі даралық қасиетін сақтап қала алмай, надан тобырдың соңынан еріп кетті. Кейде өнердің биік аспанында жарқыраған таланттарымыздың сөзі мен ісі бір жерден шықпағандықтан жұлдыздары ерте сөніп жататынын өкінішпен еске алуға тура келетін жағдайлар бар. Әйтпесе, жалынды жырларымен жәбірленгендер мен жапа шеккендердің мүддесін қорғаған ұлы Байрондай адамзаттың ақынына айнала алатын Киплингтің де бойында үлкен талант болды ғой. Құдайым-ау, болды ғой, болды.
Лордтар палатасындағы ағылшын үкіметінің отарлық саясатын әшкерелеп сөйлеген Байрон халықтың махаббатына бөленсе, Киплинг керісінше алып империяның сойылын соғып халқының қарғысына ұшырады. Романтизм әдебиетінің негізін салған Байрон поэзияға азаттықтың самалын алып келсе, Киплинг құлдық мінезімен оның рухын құлазытып жіберді.
Сөз жоқ, Киплинг әдебиет әлеміндегі ірі суреткер, бірақ ол ұлы Байрондай терең ойшыл бола алған жоқ. Сондықтан да ол өзінің үлкен талантын адамзаттық ұлы мұраттар жолындағы күреске арнаудың орнына, империяның идеясына бағындырып, бірте-бірте шығармашылығын өлтірді. Бар-жоғы қырық екі жасында Нобель сыйлығын алған суреткер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде де, одан кейін де жазуын тоқтатқан жоқ. Бірақ маңызды ештеңе де туғыза алмады.
Кез келген ұлы суреткерлердей ол өз дәуірінің қайшылықты тұлғасы болды. Замандастары өмірінің соңында оны сыртынан «империалист» деп те мазақтады. 1927 жылы орыстың талантты ақыны Осип Мандельштам «Империалистік Англияның жазушысы Киплингтің жануарлар туралы әңгімелерінен де билеуші таптың үні байқалады» деп жазуға дейін барды.
Британ отарының иелігіндегі Бомбейде дүниеге келген ол атақты Голсуорсидей реалист те, Томас Элиоттай модернист те емес, шығармашылық қадамын өте сәтті бастап, қайғылы аяқтаған ең соңғы ұлы ағылшын романтигі болды. Ақын дүние салғаннан кейін біраз уақыт ол туралы сыншылар да, ақындар да, жазушылар да жұмған ауыздарын ашпады.
Бірнеше жылға созылған үнсіздікті Америкадан келген Томас Элиот есімді ақын бұзды. Ол бар күш-қайратын салып Киплингтің ұмытыла бастаған шығармашылық талантын еске түсіріп, әдебиеттегі лайықты бағасын беруге қатты ден қойды. Бір қызығы, басқа емес, тап осы Элиот қырық екі жасында Нобель сыйлығын алып айдай әлемді таңғалдырған қаламгерді сыртынан мазақтап, «гүлтәжі жоқ лауреат» деп талай мәрте оны келемеждеген болатын. Ақын өлгеннен кейін алты жылдан соң ол өз талғамына сүйеніп, Киплингтің таңдамалы өлеңдер жинағын құрастырып, саяси көзқарасына кешіріммен қарап, талантына зор құрмет көрсетіп мақала жазды.
Өзге елдің топырағында туған ақын-жазушылардың әлемдік әдебиетке ықпал еткені туралы мысалдар тарихта аз емес. Киплингті де біз дәл осындай ірі суреткерлердің қатарына қоса аламыз. Әйткенмен, отаршыл елдің арам пиғылын қолдағаны үшін Кеңес Одағында оның ертегілерінен басқа дүниелері туралы жарытып ештеңе айтылмады. Пролетариат жазушысы Максим Горький бір сөзінде Киплинг талантты жазушы болғанымен, оның империалистік ойларының зиянды екенін атап өтті. Дегенмен, кеңестік идеологияның үгіт-насихатын ысырып тастап, бұл мәселеге тереңірек үңіліп, кеңірек қарасақ Киплингтің әлем әдебиетіндегі ең үздік әңгімешілердің ондығына кіретін суреткер екеніне көзіміз анық жете түседі. Талғамы биік жазушы Соммерсет Моэм бір мақаласында оның творчествосын Моппасан мен Чеховтармен бір қатарға қойып, әңгіме жазудың ұлы шебері ретінде жоғары бағалайды. Ол тек ұлы новеллист қана емес, сонымен бірге ұлы ақын да болды. Киплингтің мықты романист екенін де мойындаған ләзім.
Басқа ештеңе жазбаған күнде де әлем мойындаған балалар әдебиетінің классигі ретінде оның есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалар еді. Кейде бала күнімде қызыға тамашалаған «Маугли» мультфильмін теледидардан көрсеткенде, жыртқыш ортаға түсіп қалып адамдық жолдан адасқан ұлы жазушы Киплингтің аянышты тағдыры көз алдыма елестей беретінін несіне жасырайын. Дегенмен, ұлы мәртебелі уақыттан асқан сыншы жоқ. Әлемге үстемдігін жүргізуге ұмтылған Британ империясы құлады, ал Киплингтің өнер жолынан адаспай тұрған кездегі жазған шығармалары әлі күнге дейін оқырманмен бірге өмір сүріп келеді.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ