Уақап Қыдырханұлы: БІЗДЕГІ БАР МАҚСАТ – ҰЛТТЫ САҚТАП ҚАЛУ

Жаңалықтар
3655

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қарапайым еңбек адамының бейнесін сомдауға үндейді. Сондай қарапайым еңбек адамының бірі – жазушы, журналист, дінтанушы Уақап Қыдырханұлы. Ол 1932 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зайсаң өлкесінде дүниеге келіп, ел толқыған кезеңде Қытай өлкесіндегі Шыңжаң өңіріне қоныс аударады. Алайда көп ұзамай, 1955 жылы туған өлкесіне қайта оралады. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған ол алғашқы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінен бастаған. Ұзақ жылдар «Шалқар» газетін басқарған,«Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай» атты әңгіме-повестер жинағының, «Сағыныш саздары» атты диаспоралық шежіре кітаптың, бірнеше деректі кітапшалардың авторы. Жалпы Өр Алтай қазақтарының тарих-тағлымдары арқылы тұтас ұлт тағдырын аңғартқан тарихи-деректік қос кітабы «Әттең, Алтай», «Марқакөл» деген атпен 2008 жылы жарық көрді.Құран Кәрімді қазақ тіліне тәржімалаған. Жазушы әрі қоғам қайраткері Уақап Қыдырханұлымен арадағы әңгімеміз қазақ көші, диаспоралогия және басқа да проблемалар жайында өрбіді.

Қазақстан шеттегі қазақпен 3 миллионға толықты


– Уақап аға, шетте жүрген қазақтың ішінен Атажұртына алғаш қоныс аударғандардың қатарынансыз. Жалпы, шеттегі қазақпен Қазақстанның байланысы қашан басталды. Қытайдағы қазақтың көші қалай басталды? Әңгімені осыдан бастасақ…

– Қазақстаннан тыс жүрген қазақтармен байланыс 1944-45 жылдардан бастау алады. Оған дейін сыртта отандасымыз бар, туған-туысымыз бар деген әңгіме айтылмады, айтқызбады. Сыртқа кеткендердің барлығы қашқын-сатқын, қылмыскер ретінде қаралып келді де, бірге туған ағайындарының өзін бір-бірінен бездіріп жіберді. Сол себепті болар, сырттағы қазақты іздеуге ешкімнің батылы бармады. Көсемінің де, шешенінің де сыртта қазақ бер деуге жүрегі дауаламады.

Дүниежүзілік ІІ қанды соғыс кезінде Шыңжаңда қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі белең алды. Бұл көтеріліспен Кеңес одағының тікелей байланысы болды және оған әрдайым бас-көз болып отырды десе де болады. Бұл оларға шығыстағы Жапония мен Қытай секілді алпауыттардан қорғану үшін қажет еді. Оспан батыр мен Дәлелхан Сүгірбайұлының әскерінің құрамында Кеңестер одағының сарбаздары жүрді. Мәселен, Құлжаны 1944 жылдың желтоқсан айында азат еткен де осы Кеңестер армиясы болатын. Бұдан кейін Шәуешек, Алтай тауларындағы соғысқа да қол ұшын созды. Ол уақытта Шыңжаңда– Үрімжіде, Құлжада, Сарсүмбеде және Шәуешекте Кеңес одағының консулдығы жұмыс істеді. Осы консулдықтар арқылы Кеңестер одағы өз саясатын жүргізе білді.

1945 жылы Кеңестер одағы фашистік Германияны жеңгеннен кейін, соғыс шарпыған Еуропаны капиталистік әлем көтеріп әкетті де, социализмге қол ұшын беруге ешкім құлықты бола қоймады. Сол кезде Кеңестер одағына соғыстың зардабын жоятын күш, қол керек болды. 1945 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің президиум төрағасы Михаил Калинин осы жылдың қараша айында болуы керек, ұмытпасам 12-сінде шығар, сыртта жүрген Кеңес эмиграциясын мүмкіндігінше қайтару жайында жарлық шығарады. Ол кезде Кеңестер одағына жаулығы жоқ, Сталинге өкпесі тараған негізгі жұмыс күші Шығыс Түркістанда болды. Ал «Шығыс Түркістан» деген уақытша өкіметтің шылбыр-тізгінін ұстап отырған – осы Кеңестер одағы болатын. Сондықтан 1946 жылдан бастап, ол жақтағы елге қайтуға ынталы жандардың барлығына Кеңестер одағының паспортын тарата бастады. Жас бала болсам да, Кеңестер консулдығы жанында осындай үгіт-насихаттарды жүргізіп мен де жүрдім. Өйткені біздің көкірегімізде елге қайту деген арман болған. Ол кезде мен 13-тердегі бала едім. Бірақ жасымды 18-де деп жазғызып, бір паспортқа ие болып, бірнеше отбасын алып өтуге қамдандым. Бұл көш 1950-ші жылдары басталуы керек еді. Алайда сол жылдары Қытайдың Коммунистік партиясының төңкерісі жеңіске жетіп, бұл үрдіс тыйылды да, Шығыс Түркістанның шаңырағы ортасына түсті. Тек 1954 жылы Қазақстандағы тың көтеру ұранымен бұл қайта қолға алынды. Сөйтіп, 1954 жылы Қазақстанға 5-6 отбасы қоныс аударған болуы керек, 1955 жылы жаппай қоныс аудару етек алды.

Мен сол жылдары Шыңжаң халық радиосында қазақ бөлімін құрып, әрі редактор, әрі диктор қызметін атқарып жүрген едім. Қайтуға мүмкіндік туысымен, Қазақстан қайдасың деп тартып отырдық. Ол кезде ата-анамды жер қойнына тапсырған, ешкімі жоқ бозбала едім. 1955 жылы 23 мамырда Майқапшағай деген шекара бекетінен астық.

– Ол кезде шекара ашық па еді?

– Жоқ, шекара жабық болды. Тек екі мемлекеттің рұқсатымен, қолында паспорты барларға шекарадан шығуға рұқсат етілді. Мен бір өзім паспортына 4 отбасын жаздырып алып, жалғыз қарындасымды да қалдырып, өттім. Ол кезде көші-қон өте қарқынды болды. Бірақ, тыңның сылтауымен қайтарған Кеңес өкіметі бірде-бір қазақты тыңға жіберген жоқ. Тыңға кетіп жатқан қаржының бірде-біреуі қазақтың маңдайына бұйырмады. Керісінше, Көкшетаудағы бір совхозды Қытайдан келгендерді жазалау зонасы ретінде ұстап отырды. Қазақтардың барлығын жердің шетіне, желдің өтіне айдады. Елдің көбінің ат басын тіреген аудандарының бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан ауданы. Ол жерге бізді туған жеріміз болған соң, қалдырған жоқ. Артта қалған ауданның шаруасын алға жүргізу мақсатында, біз жұмыс күші ретінде қалдық. Сол секілді Үржар, Мақаншы, Кеген, Нарынқол, тіпті Өзбекстанның мақтасын теруге, Тәжікстанның тауларының арасына, Түркіменнің түбіне де бізді жекті.

– Сол жылдары келген қазақтардың нақты санын айтып бере аласыз ба?

– Біздің демографтарымыздың айтуынша, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында 1954-1962 жылдары келген қазақтардың саны – миллионнан асты делінеді. Бірақ, нақты қанша адамның келгенін ешкім дөп басып айтып бере алмайды.

– Қабдеш Жұмаділовтің деректеріне сүйенсек, 1962 жылы шекараны мен бұзып өткенде 200 мың қазақ асты делінеді ғой….

– 1962 жылғы шекараның бұзылуы – көштің басталуы емес, тоқталуы еді. Мен сол кезде Шығыс Қазақстан облыстық газетінде бөлім меңгеруші болып қызмет атқарып жүрдім. Осы шекара бұзу оқиғасына мені жібермекші болды да, Қытайдан келгенім мәлім болып қалып, бара алмай қалдым. Сол кездегі деректерге сүйенсек, шекарадан өткендердің саны – 62 мың болған екен. Бұл Қытайдың да, Кеңес өкіметінің де құжаттарында бар дерек. Кеңестер одағының бір маңызды журналы болған еді, атын ұмытып отырмын, сол журналдың бір саны түгелдей осы көшке арналды. Сонда қанша адам өтті, қанша мал келді, олардың қаншасы шекарада өртелді, барлығы айдан-анық жазылған. Ол уақытта Тарбағатай ауданының өзінде 200 мың адам болған жоқ, жалпы 1955 жылғы Қытайдың санағы бойынша, Қытайда барлығы 760 мың қазақ болған екен. Қазақтар Шағантоғай, Буратола, Шәуешек және Дөрбілжің аудандарынан келді. Бұдан кейін көш тоқтады. Тек қана бірен-саран қолында Кеңес одағының паспорты барлар, айтысып-тартысып жүріп келіп жатты. Сол қазақты өсімімен 1 миллионға жетті дедік, 1990 жылдан кейін келгендерді тағы да миллионға жуық деп жүрміз, олардың өсімімен есептесек, Қазақстан шеттегі қазақтардың есебінен 2,5-3 миллионға жуық қазақпен толықты деген сөз. Бірақ, шетте әлі 5 миллион қазақ бар. Олардың көші бүгін баяулады, тіпті тоқтады десе де болғандай. Бұның астарында қандай саясат жатқанын түсіне алмай жүрмін. Шетте миллиондаған диаспорасы отырған – тек Қазақстан ғана емес. Көптеген мемлекеттер өз елінде азшылыққа айналғанда, шеттегі диаспорасын елге шақыру арқылы кемдігін толтыруды мақсат етеді, ал кейбір мемлекеттер – сырттағы диаспорасын сақтап, олар арқылы ықпалын жүргізуді жөн санайды. Алайда, Қазақстан осының екеуін де ысырып тастаған секілді. Қалай дегенмен де, біздің ұлттық генофондымыз және рухани қазынамыздың көбі сыртта жатыр. Оларды қайтарып алмай, Қазақстан – бәрібір жарымжан Қазақстан, жарты Қазақстан болып қалады.

«Отан» қоғамының құрылуы – ұлттық сананың өсуіне, ұлттық рухтың жаңғыруына септігін тигізді

– Диаспора деген ұғымды қазақ ғалымдары қашан пайдалана бастады?

– Ол бізге тәуелсіздікпен бірге келді. Оған дейін, шетте қазағымыз бар деген әңгімені айтуға тек өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан кейін ғана аузымыз барды ғой. Оған дейін оған ешкімнің батылы бармады. 1976 жылы қазақтың бір топ зиялысы шеттегі қазақтар жөнінде жоғары жаққа хат түсірді. Сол хат қазақ зиялыларының жалпы жиналысында мақұлданып, сол жылы Мәскеуде құрылған «Родина» қоғамының Қазақстандағы бөлімшесі ретінде «Отан» қоғамы құрылды. «Отан» қоғамының жанынан «Біздің отан» атты газет шығарыла бастады. Сырттағы қазақтарды іздеу сол кезден басталды. Алайда, «диаспора» ұғымы ол кезде қолданысқа енбеді. Әрі газетіміз сыртқа тарай қоймады. Өйткені ол жылдары Кеңес одағынан шығатын басылымдардың барлығына шет мемлекеттердің есігі жабық болатын. Сыртқа ақпаратты жеткізудің машақаты көп еді. Сырттағы қазақ Кеңес өкіметінен, Кеңес өкіметіндегілер сырттағы қазақтан суып кеткен заман еді ғой. Оларға «Кеңес одағының, коммунизмнің де сыртта жүрген бауырлары үшін мейірімі бар» дегенді жеткізе алмай қиналған кезіміз де болды. Әйтеуір сырттағы ағайынның бетін бері қаратып, олардың қарашаңырағы – Қазақстанның айбынын, абыройын арттыруға үлесін қосуына болатындығын сыбырлап болса да, жасырып болса да жеткізуге тырыстық. Біздің газеттердің ұлтарақтың астында барған кездері де болды. Қазір Кеңес одағы кезінде шеттегі қазақты іздеген пенде болды, олардың Атажұртпен ұштасып жатқан арман-мүддесін елмен қауыштыруға қызмет еткен мекеме болғандығы жайында ешкім ештеңе айтпайды. Шын мәнісінде, сол 1976-1990 жылдар аралығындағы шеттегі қазақты іздеудің жылылығы бүгінгіден әлдеқайда артық еді.

 – «Біздің Отан» кейін «Шалқар» газеті болып өзгертілді. Осы «Шалқар» газетін біраз жылдар басқардыңыз. «Отан» деген қасиетті атауды «Шалқар» деген абстракт ұғымға ауыстырудың қандай себебі болды?

– «Біздің Отан» газетінің атын «Шалқар» деп ауыстыруға себепті болған мен едім. Өйткені ол жылдары бүкіл Кеңес одағында шетелге «Правда» мен «Известиядан» өзге басылымдар шығарылмайтын. Ал, «Біздің Отан» газеті 28 мемлекетке тегін таратылып тұрды. Қытайға бір газет бармай қалса, Бейжіңнен телефон соғып, газетіміздің неге келмей қалғанын сұрайтын. Өйткені оларға біздің саясатымызды аңдып отыру қажет еді. Солар тарапынан бірнеше наразылық болды. Соның бірі – «Біздегі қазақтар өз отанында жасап жатыр, олардың отаны – Қытай, Жуңго. Сендер «Біздің Отан» деп оларды неге алаңдатасыңдар» деп бірнеше рет мәселе қойғаннан кейін, көлеңкесінен ештеңе таба алмайтын «Шалқар» атауына өзгерткен едім. Шалқар дегеніміз – кеңдік, ұлылық, биіктік, Отанның өзі осы ұғымға еніп тұр. Сол себепті, «Отан» қоғамын да өзгертуге тура келді. Сөйтіп 1990 жылы Орталық комитетке ұсыныс жасап, оның атын «Қазақстан» деп өзгерттік. Ол уақыттағы «Отан» қоғамы мен «Біздің Отан» («Шалқар») газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз. Бұл қоғамның құрылуы, оның арнайы газетінің жарыққа шығуы – сол кездегі қазақ зиялысының тәуекелі деуге болатын шығар. Бұл ұлттық сананың оянуына үлкен түрткі болды. Біз газет бетінде жер жүзінде қанша қазақ барын, олардың қайда қалай барғанын, қайда жүргенін тәптіштеп жаза бастадық. Тәуелсіздік есік қаққанда, біз дайын статистиканы жария етіп, шеттегі қазақты атажұртымен қауыштыруға тәуекел еткен және ұшан-теңіз еңбек сіңірген осы – қоғам мен газет еді.

1991 жылы Президенттің ел тәуелсіздігін жарияламай тұрып Түркияға және Иранға барған сапарында бірге болдым. Кейін осы сапарлардан алған әсерімді «Сағыныш саздары» деген кітабыма арқау еттім. Сол уақыттан бастап, Қазақстандағы зиялы қауым сырттағы қазақтың шерін-мұңын түсіне бастады. 1990 жылы жазушы Смағұл Елубайға «Ойлан, қазақ» деген мақала жаздырдым. Ол «Шалқар» газетінде бас мақала боп, жарық көрді. Содан бастап, Түркиядан, Ираннан, Австралиядан толассыз хаттар ағылды.

Президентіміз 1991 жылдың наурыз айындағы қазақ көшінің тиегін ағытты. Ол кезде Кеңестер одағының құрамында болсақ та, «Еңбек күші» дегенді желеу етіп, Моңғолиядағы қазақтардың елге ағылуына мүмкіндік туды. Сөйтіп, елге оралу, елді іздеу – 1991 жылы Моңғолиядағы қазақтардың көшінен басталды.

– Шекара ашылғанда, 1991-1993 жылдар аралығында Моңғолиядан 80 мыңға жуық адам оралған екен. Олардың көшуге дайын отыруына ықпал еткен бір фактор – мектептерде қазақ тілінде білім алуы, Қазақстанның оқу бағдарламасымен оқуы және қазақ ақпарат құралдарының түгелдей дерлік Моңғолияға барып тұруы болған сияқты. Өйткені оқулықтарда – «Менің отаным – Қазақстан, менің жалауым – Қазақстан жалауы» деп жазылатын. Біз соны жаттап өстік.

– 1945 жылғы Шыңжаңдағы қазақтардың да ұлт-азақттық қозғалысын да мен осымен байланыстырамын. 1947-1950 жылдары Шығыс Түркістанда «Білім жұрты» деген гимназияда білім алдым. Ол кезде олардың білімі – университеттен кем емес еді ғой. Бастауыш мектепті де Кеңестер одағының, Қазақстандық білім бағдарламасымен оқыдық. Өйткені Қазақстанда әліпби – 1928 жылға дейін төте араб жазуында болды да, 1928-1938 жылға дейін латын әліпбиіне көшті. Сол уақытта араб әліпбиімен басатын машинкалар, баспахана құралдары және оқулықтар қажетсіз боп қалды. Алтайдың сол кездегі көсемі Шәріпхан Көгедаев Кеңестер одағымен жақсы байланыста болды да, осы босап қалған техникаларды, оқулықтарды Алтайға алдырды. Сөйтіп Шыңжаңдағы алғашқы қазақ газеті Алтайда жарық көрді. «Шеттегі қазақ журналистикасы» деген тақырыпта қорғаған дипломымда мен бұл туралы айтқан едім. 1944 жылдың 28-желтоқсанында Алтайда «Шыңжаң газеті» деген газет шыққан болатын. Біздің сауатымыз осы Қазақстан оқулықтарымен, Қазақстанның оқу бағдарламасымен ашылды. Демек, шеттегі қазақтың Атажұртты аңсауына, оған оралуға дайын болуына екі ел арасындағы рухани байланыстың ықпалы ерекше болғаны сөзсіз. Кезінде толқумен Шыңжаңға барып қалып, кейін қайта алмай қалған қазақтың шерін, елге деген сағынышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің 1945 жылы Зайсаңға келіп, бір жаз тұрып қайтқан кезім де болды.

– Көш тоқтады деп отырмыз. Қазіргі шеттегі қазақтың да 1950, 1990 жылдардағыдай Атажұртқа аңсары ауып, емешегі үзіліп тұрмаған сияқты. Көштің тоқырауына олардың да кері ықпалы болды деп айта аламыз ба?

– Қазақстан соңғы жиырма жылда қарыштап дамыды. Өркениеттің тізгінін ұстап, алға кетіп барады. Мемлекеттік даму жағынан – Қазақстанның мақтанатын мәселелері өте көп. Алайда ұлттық мемлекет құру жағынан келгенде, күмілжіп қаламыз.

Шетелдегі қазақтардың тұрмыстық жағдайы – біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы. Соның ішінде, Моңғолия мен Қытайдағы қазақтардың жағдайы көп қазақпен салыстырғанда артық. Келуге ынталы қазақтардың көбі – ТМД елдеріндегі қазақтар шығар. Олардың әлеуметтік жағдайы да күн өткен сайын жақсара түсуде. Іргеміздегі Өзбекстанның өзінде азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында біраз игіліктерді жасап жатқан көрінеді. Бірақ, Елбасы айтқандай «Әлемдегі қазақтардың жалғыз отаны бар. Ол – Қазақстан». Басқа елдердегі қазақ, әсіресе, рухани тұрғыдан көктеп, көгереді деуге қисын жоқ. Олар алдағы он жылдың ішінде қазақтық бет-бейнесін сақтап қалады деудің өзі қиын. Олар болашақта қазақ болып қалғысы келсе, Қазақстанда бас қосқаны дұрыс. Екіншіден, Қазақстанның ұлттық державаға айналуы үшін де бұл аса маңызды. Біз шеттегі қазақтардың көші туралы әңгіме айтқанда, «Қазақстанға оралман керек пе, әлде оралманға Қазақстан керек пе?» деген тұрғыдан ой қозғап көрген жоқпыз. Негізінен шеттегі қазақтар тарихи отанына әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында келіп жатыр дегенге көбірек мән береміз. Ал шын мәнісінде бұған мемлекеттің қаншалықты мүдделі болып отырғанын сарапқа сала бермейміз. Бұл тұрғыдан, меніңше, екеуінің де салмағы басым.

Бірақ, «Адам санасын – тұрмыс билейді» делінеді ғой. Қазіргі жағдайда Қазақстанға ат арылтып көшіп келген қазақтарға Қазақстанның емешегі тым үзіліп тұрмағаннан кейін, олар ондағы оңтайлы тұрмысын мұндағы қиын тірлікке айырбастауға тәуекелдері жетпей қалды-ау деймін. Енді келетіндер тек өз күшіне сеніп келетіндер. Ондай байлардың саны шамалы. Дегенмен, шын халықтың, ұлттың қамын ойлайтын азаматтар түптің түбінде Қазақстанға оралуы тиіс. Дәл сондай ұлттық жігер – мемлекеттен де, жекелеген азаматтардан да табылуы тиіс.

Қазақстанның дамуы өте жедел және үздіксіз алға қарыштап дамып келе жатқаны шындық. Дегенмен, ұлттық проблемаларды естен шығармау керек. Қазақтың маңдайына біткен байлықтың шет-шегі жоқ. Соның арқасында, қазақтың асығы алшысынан түсіп тұр. Алайда, қазақтың шешілмеген бір мәселесі бар – ол Қазақ мәселесі. Қолда бар игілікті әуелі халыққа, оның рухани проблемасының шешілуіне жұмсаса дұрыс болар еді. Соның бірі – шеттегі қазақты көшіріп әкелу болатын. Ұлтты сақтау үшін әуелі тіл керек. Тілдің өзі жиырма жылда жиырма қадам алға жүрмеді. Жақында Үкімет басшысы Серік Ахметов барлық маңызды жиындарды мемлекеттік тілде жүргіземін деді. Бұл да көңілге қуаныш ұялатады. Тілдің өзі түлемегеннен кейін, ұлт түледі, ұлттың рухы көтерілді деп айтудың өзі артық.

– 2002 жылы Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Елбасы «Егер, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 70 пайыздан асса, елдегі тіл, діл проблемаларының бәрі өзінен-өзі шешілетін болады» деген еді. Ал үшінші Құрылтайда «Оралман Қазақстаннан не аламын деп емес, не беремін деп келуі керек» делінді. Жалпы, шеттен келген қазақтың интеллектуальдық күшін қалай пайдаланып отырмыз?


– Сырттан келген адам алуға да, беруге де келеді ғой енді. Бергізу үшін, алғызу керек. Әуелі оны ішке тарту керек, аяғынан тұруына көмектесу керек. Содан кейін, берерін сұраған жөн. Өзгесін айтпағанда, олардың қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесінің өзі қаншама.

– Жалпы, қазақ диспоралогиясы тарихының жазылу деңгейі көңіліңізден шыға ма? Жылдар бойы қазақтың шетке кеткен тарихы, оның ұлы Атамекеннен бөлініп қалу тарихы жазылғанымен, біздің зиялыларымыз, ірі жазушыларымыздың өзі «шеттегі қазақты «қашып кеткендердің ұрпағы», «солар малды айдап кетпегенде қазақ ашаршылыққа ұшырамас еді» деп сәуегейленіп жатады. Жақында Жаңаөзен оқиғасын да оралмандардан көрдік. Қазақ халқының шынайы тарихын ұрпақ зердесіне қалай зерделей аламыз?

– Бұндай көзқарас – Кеңес одағында тәлім-тәрбие алғандардың сана-сезімі өзгермей, ешқашан өзгермейді. Сол уақыттағы жаулық, сол уақыттағы бауырмен бауыр арасына салынған өшпенділік, сол уақыттағы жек көрінушіліктің табы әлі күнге дейін өшкен жоқ. Мен бұны нағыз ұлтсыздық, нағыз жансыздық деп бағалар едім. Жарайды Нарынқолдан өткен ауылдар бір жүз жылқы айдап өтсе өткен шығар, бірақ бұл бүкіл Қазақстанға аштықты әкелмеген шығар. Ондай сойқан көзқарасты кезінде біз де басымыздан кешірдік. Бізге де талай әңгімелер айтылды. Яғни бұл Кеңестік кезеңдегі кері насихаттың жемісі.


 «Чайнатаундар» бүкіл Американы дірілдетуде

– Шыңжаңдағы қазақтар соңғы бес жылда қазақтың төрт төл өнерін Гиннестер кітабына енгізді. «Қара жорғаны» 13 мың адам биледі, «Кеңес» күйін 10 мың адам орындады, қазы аударды және кесте тікті. Алайда сол қазақтың болашағы бізді алаңдатады. Қазір Қытайда қостілді оқуды желеу етіп, қазақ тілінде білім берудің тамырына балта шабылып келеді.

– Ондағы қазақтарды қытайландыру саясаты баяғыдан қолға алынған дүние. Қазір бұл соңғы сатысына жетіп отыр. Қазір ауылдық мектептерде қазақтың тілі жоқ. Осыдан он жыл бұрын барғанымда, ондағы қазақтар айтып еді: «Бұған біз кінәлі емеспіз, қытайлар баланың саны толмаса, мектептерің жабылады» дейді, сөйтіп біздің ондағы ағайындарымыз балаларын қазақ мектебіне беруден бас тартып, қазақ мектептерінің жабылуына өздері мұрындық болып отыр. Бұрын ауылдық жердегі мектепте оқитындар қытайша білмеуші еді, қазір олар да сайрап отыр, ал қалалық жердегілер қазақша әзер амандасатын күйге жетті. Тіл жоғалғаннан кейін, ұлт та жоғалады. Енді «қазақпын» деген бір елес қалуы мүмкін.

Мен сізге бір қызық оқиғаны айтып берейін, баяғыда Ресейдің Алтай өлкесіндегі Тұраты деген ауылдағы шоқынып кеткен қазақтарға барғаным бар. Аудан әкімі қазақ екен. Сол үйіне шақырды. Кәрі әке-шешесі бар екен. Өзара орысша сөйлеседі. Дастарқандағы доңыздың майын қолымен қалқалап алып жейді екен. «Неге?» деп сұрап едім. Баласы: «Шешем доңыздың етін жегенімді Құдай көрмесін деп қалқалап отыр» деп жауап берді. Сол секілді тілін жоғалтқан қазақтың бойында да сондай бір сезімдер қалуы мүмкін. Ал қазақтың төл өнерлерін Қытайдың Гиннестер кітабына енгізудің астарында тағы да бір саясат жатқан сияқты. Оны Гиннестер кітабына енгізгенде, Қытайдың бір провинциясында болған оқиға деп енгізеді де, қазақтың өнерін басқалар пайдалануы мүмкін.

Мысалы, біздің Шыңғыс ханмен айқасқан Күшлік қағандарымыз Қытайға сіңіп кеткен екен. Сол секілді олардың тарихында Найман ақын дегеннің жазбалары табылып жатыр. Қытай тарихы тым тереңде жатқан алып империя. Олар халықты өзіне сіңіріп, руханиятына өзінікі ретінде пайдаланып кете береді.

– Қытай сіңіріп кетеді деп отырсыз ғой. Қазір көптеген сарапшылар Қытайдың экспансиясы туралы жиі әңгіме айта бастады. Қазірдің өзінде Қазақстан мұнайының 30 пайызын Қытай бақылайды екен. Бұндай қауіпке негіз бар деп ойлайсыз ба?

– Тарихтың тағылымы ретінде айтсақ, Қытай саясатын ешуақытта бес немесе онжылдыққа құрмайды. Ғасырларға, мың жылдықтарға саясатын негіздейді. Олардың әулиесі Конфуцийдің айтқан бағытынан айныған кезі болған емес. Ол – шетке агрессия жасамау, тек жымсып отырып ішке ену. Қытайлардың бір кездері түркілерден қорғанған қорғаны қайда қалды, Қытай қайда кетіп барады. Қазақ ата-бабамыз «Заманақыр болғанда қара қытай қаптайды» деп баяғыда ескертіп қойған. Қазір олар миллиардтан асты. Миллиардтан асқан халық деген толқып тұр ғой. Соның бір тамшысы ғана Қазақстанды басып алуға жетеді. Демек Қытайдың экспансиясы қашан да бар және одан сақтану қажет. «Чайнатаун» дейтін Алматыда да, Астанада да жұмыс істейді. Сол «Чайнатаундар» Американы да дірілдетіп отыр. Осыдан екі жүз жыл бұрын Америка Қытайдан вундеркиндтерді сатып алып жүруші еді. Солар екі-үш жүз жылдан кейін Американың ғылымын, білімін бойларына тоқып алып, қытай болып еліне қайтып жатыр. Сол себепті де, Қазақстанның болашағын ойлаған адам баяғыдағы Абылайханның саясатын жүргізе білгені абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!

Есенгүл Кәпқызы.

“Түркістан” газетінен

author

Есенгүл Кәпқызы

Жаңалықтар

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың шағымына қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды m...

Жаңалықтар

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madenipo...