Ең басты инвестиция – қандастарымыз

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3191

Профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасарылығы қызметін өткізіп, өзінің сүйікті ісі - ұстаздықпен қайта айналысқанына бір-екі жылдың жүзі ғана болды. Қазіргі таңда Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс береді. Дейтұрсақта, қазақ жұртының қамын жеп, жиырма бес жылдан астам уақытын ұлт мүддесіне жұмсаған азаматты қоғам тынысынан сырт қалды деп айта алмайсың. Осы орайда ол кісімен арнайы жолығып, көкейтесті деген мәселелер хақында сауалдар қойып, тұщымды жауап алған едік.

-        Құрметті, Сұлтанәлі аға, ел өміріне тың өзгерістер еніп, көп нәрсеге жаңа көзқарастар туындап жатқан секілді. Соның бірі халық сайлауынан таңдау алған Қ. Тоқаевтың ант беру рәсімі кезіндегі он бастама туралы ойыңыз қандай?

- Он бастаманың барлығы да бүгінгі таңға өте өзекті және арнайы іріктеліп алынған бастамалар деп ойлаймын. Оның барлығына тоқталмай-ақ қояйын: ең алдында тұрған халқымыздың жағдайын көтеру мен жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жариялауы менің көңілімнен шықты. Мемлекетімізді тұралатып, халықтың сенім, үмітіне селкеу түсіретін осы көлеңкелі жат құбылысты түп тамырымен жұлып тастамай өркендеуімізге дүдәмалдық тудырады. 

- Сіз жиырма бес жылдан астам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасарылығы қызметін атқарып келдіңіз. Алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыз туралы не айтасыз?

- Иә. Ширек ғасыр сол салада еңбек еттім. Жұмыр жердің талай түкпіріне табаным тиді. Тарыдай шашырап кеткен баурластарымды іздеп барып, олардың тыныс-тірлігімен таныстым. Олардың бәрінің көкейінде атақоныс, атажұртқа деген ыстық махаббат бар екенін аңғардым. Солардың көбісі қазақтың ата салтын әлі күнге дейін сақтап келе жатқандарына таң қалмасқа болмады. Мысалы Моңғалияның Баян-Өлке ауданында қаймағы бұзылмаған қазақылық әлі күнге тұнып тұр. Әрине ірі мегаполистерге жуық маңдағы қазақтарға қала әсері тиіп жатқан тәрізді. Дейтұрғанмен дәл біздікіндей не орыс, не қазақ емес дүбаралық сирек кездеседі. Сондай-ақ, Қытайдың қазақ аудандарында да сондай ұлттық нышаны өң бермеген жағымды көрініс байқалады. 

- «Ұлы көш» соңғы кезде тежеліп қалған сияқты ма?

- Солай көрінуі мүмкін де... Бірақ кезінде Елбасы бастаған бұл ізгі қадам әлі де жалғасын таба беретініне кәміл сенімдімін. Себебі, жоғарыдағы айтқан қаймағы бұзылмаған қазақ диаспораларын туған жерге тарту ең маңызды инвестиция деп санаймын. Олардың арасындағы білімді жастар экономика мен ғылымға көп септігін тигізсе, қалталы азаматтары қаржылық құйылым жасайды. Сонан кейінгі тәуелсіз Қазақстан үшін аса қажет нәрсе – атадан балаға мирас етіп, сабақтастығын үзбей келген салт-дәстүр мен өнер және қазақтың дәмі бұзылмаған жалпақ тілі келер еді. Менің ойымша, жаңағы атап өткен инвестицияның ішіндегі ең қажеттісі осы ма деймін. 

- Еліміздің тізгінін жаңа президент қолына алды. Осы орайда Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын ұйытып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қандай болмақ? 


- Президет Қ. Тоқаевтың он бастамасына орай еліміздің әр саласында жаңа көзқарастар туындауы тиіс. ҚХА-да осы талаптарға сай өзіндік стратегиясын анықтауы керек шығар. Уақыт бір орнында тұрмайды. Күнделікті талап пен міндеттер өзгеріске, қайта қарауға ұшырап отырады. Динамика болмаса қоғам шөгеді. Кезінде Тұңғыш президетіміз іргесін қалаған бұл ұйым әлі күнге өміршеңдігін көрсетіп келеді. Мемлекеттің саясатын іске асыру арқылы - түрлі этностар бір атаның баласындай мекен еткен қазақ жерін ардақтап, титулдық ұлттың бауырмалдығын бағалауынан барып, ортақ түсіністік туындайды. Осы орайда ҚХА ауқымды жұмыстар жасап жатыр деп толық сеніммен айтуға болады.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

З. Самалбекұлы

Фотосурет интернеттен алынды

author

Сұлтанәлі Балғабаев

Жаңалықтар

Биыл Тәуелсіздік күніне орай қатарынан үш күн демалыс беріледі, деп хабарлайды madeniportal.kz....

Жаңалықтар

2024 жылғы 23-34 қараша күндері Астана қаласынан Қазақстан Қарулы күштері авиациясының жоспарлы ұшул...