Туысқан жұртқа саяхат

АССАМБЛЕЯ
3828

Жалпы алып қарағанда жұмыр жер - күллі тіршілік иесіне ортақ мекен. Бірақ табиғат алуантүрлілігі іспетті – адамзатты да нәсіл, ұлт пен ұлыстарға бөліп жаратқаны Жаратушының ешнәрсе тең келмес құдіреті болар. Сонымен қатар сол адамзатқа берілген сана туралы айтар болсақ: мына тылсым дүниенің құпиясындай - парасат шексіздігіне ие болды.

 Бұл тақырыпты қозғау себебіміз: туған ортасынан әлдебір себептермен жырақтап, ділі мен тілі және діні де қабыса бермейтін елден о баста пана тауып, келе-келе сол елдің ажырамас азаматына айналған кейбір халықтардың тағдыры туралы айтсақ деген ниет туындады.. Бұл жолғы сыр – мызғымас отандасымызға айналған өзбек ұлты өкілдері хақында болмақ.  

Қазақстанды мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің тағдыры мемлекет үшін жер иесі қазақ ұлтынан кем бағаланбайды. Осы орайда  1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) дүниежүзілік деңгейде, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым тарапынан өзінің жоғары бағасын алған болатын-ды. Расында ҚХА ерекше құбылыс ретінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына жағымды әсерін тигізді. Оның халықаралық беделінің өсуіне зор ықпал етті. 

Сонымен қатар елімізде орын тепкен этностар менталитетіне орай мемлекеттік саясат қалыптасып, ортақ шаңырақ астында дау-дамайсыз, өзіндік мәдениеті әспеттелген уникалды орта құрылды. Соның арқасында мәдени-тілдік әртүрлілік қоғамды жік-жікке бөліп ыдыратпай, керісінше рухани байытып, бір ту астына жинады.  

Жуырда Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен құрылған 25 делегат, Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай туристік сапар шегіп қайтты. 

Делегаттар көшін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Пулатов Шерзод Аббозовұлы, Алматы қаласы ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Балғымбаев Назар Албанұлы, Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Тәжімұратов Шоқан Ерболатұлы бастап барған болатын. Осы орайда аталмыш сапарды ұйымдастырып, оған қаржылай демеушілік жасаған Алматыдағы Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Исматулаев Абдулла Жаппарұлының мәрттігін ерекше атап өткен жөн. 

Бұл сапардың кестесіндегі негізгі мақсат: екі мың жылдан астам көне тарихы бар Ташкент, Самарқанд, Бұхара сынды қалаларды аралап, ондағы қазақ пен өзбек халқына түп-төркіні ортақ тарихи құндылықтармен танысу еді. осындай ізгі ниетті іске асыру барысында Өзбекстандағы қазақ диаспорасының мүшелері мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері құрметті меймандарды шекара аймағында құшақ жая, шынайы туысқандық нышанда, сән-салтанатпен қарсы алды.

«ӨЗБЕК ӨЗ АҒАМ»

Өзбектер (O’zbek, O’zbeklar) – Өзбекстан Республикасының мемлекет құраушы ұлты болып саналады. Соңғы санақ бойынша саны 32,6 миллионға жетіпті. Олар Өзбекстан ғана емес, ТМД және алыс-жақын шет елдерде де жер тепкен. Антропологиялық жағынан олар ферғана-памир нәсіліне жатып, арасында моңғол өңдестері де кездеседі. Тайпалар шежіре деректерінде «92 баулы өзбек» деген атау бар. Яғни, бұл - осы Орта Азияны мекендеген барлық ежелгі тайпалардың өзбек этногенезіне қосқан үлесінің зор екенін айғақтайтын уәж. 

«Ғасырлар бойы бірге жасасып, бірге ғұмыр кешкен түбі бір қазақ пен өзбекте сонау Қоқанның өзін қыпшақ Әлімқұл, Құдияр, Мұстафа Шоқай, қоңырат Нәзір Төреқұлов, Мұхаметжан Тынышбаев басқарып, Ташкентті билеген шанышқылы Тұрсын хан, сарыүйсін Сыбанқұл, дулат Төле би секілді жарқын перзенттер аз емес. Екі халық арасында пәлендей бөлініп-жарылу, шекара деген бола қойған жоқ. Қазақтар Шаш деп атаған Ташкент шаһары екі халыққа ортақ»

Делегеттар Ташкент қаласына ат басын тіреп, жайлы жайға орналасқан соң, сондағы Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сатыбалды Дархан Амангелдіұлының қабылдауында болды. Бұл жүздесу аясында: екі бауырлас елдің арасындағы түп-тамыры тереңге кететін татулық пен достық жайында келелі әңгіме қозғалды. Сондай-ақ Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай өтіп жатқан іс-шаралардың мән-маңызы мен барысы туралы ойлар ортаға салынды. 

Елшіліктің жылы қабылдауынан жағымды әсерге бөленген делегаттар - Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы, ұлтаралық және достық қатынастар бойынша шетелдермен байланыс комитетіне ат басын бұрды.  Бұл жерде екі жақтың басын қосқан дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел отырысындағы модераторлық қызметке Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Үсенов Серікбай Назарұлы мұрындық болды. Қос мемлекеттің мүддесін күйттеген бас қосу барысында: сандаған ұлттардың өкілдері бір-бірімен етене танысып, соларға жетекшілік еткен әр бірлестіктің төрағалары өз пікірлерімен бөлісті. Қазақстан тарапынан барған делегаттардан «Ахыска» Түрік этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Касимов Қазақбай Тәштемірұлы, Орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Лукашев Всеволод Анатольевич, Беларусь этномәдени бірлестігінің төрағасы Войцеховский Александр Никалаевич Алматыдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметі туралы сөз қозғады. Ұлтаралық татулық пен бірлік Қазақстан мемлекеті үшін қашанда басты назарда екені аталып, сол тұтастықты нығайту жолында жасалып жатқан іс-шараларға тоқталды. 

Сонымен қатар осы дөңгелек үстел басына жиналған өзге қатысушылар да этностар мен конфессияаралық қарым-қатынастарды онан ары жетілдіріп, осы тұрғыда еңбектеніп жүрген қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын нығайту жолдарын атап өтті. Бұл қорыта келгенде - мемлекет аясындағы қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің басты кепілі болмақ. 

Кездесу соңында Қазақстан жақтан естелік сыйлықтар мен құнды кітаптар тарту етілсе, Өзбекстандықтар да меймандарға өздерінің мың жылдық тарихы туралы сыр шертетін аса бағалы кітаптарды сыйға тартты. 

Ресми бас қосудан соң, делегаттар қазақтың қоғам қайраткері, шешен, ұлы жүздің бас биі, Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) жерленген кесене басына барып, құран бағыштады. 

ТӨЛЕ БИ ЕКІ ЕЛГЕ ОРТАҚ ПА?

Төле би - Қазыбек, Айтеке бидің қолдауымен үш жүзге төбе би болып сайланған. Соңында "бүтін билікке Төле би жеткен" деген қанатты сөз қалған тарихи тұлға. "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі болып табылады.

Сондай-ақ, Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірлесе Тәукені хан етіп көтеріп, үш жүздің ұлыстарын бір жұдырыққа жұмылдырып, сол арқылы біртұтас қазақ хандығын құрып, бір орталықтан басқару жүйесін енгізуды қолға алды. Осылай нығайған қазақ хандығы  жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресін бастады. Сонымен қатар қазақ жұртымен бауырлас  қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруда да айтарлықтай еңбек сіңірді.  

Ташкент қаласының орталық шамасындағы Шайхонтохур мемориалдық кешенінде Төле би сүйегі аруланған. Мавзолейіне кіре беріс маңдайшада "Қалдирғоч би" деген нұсқаулық жазба жазылған. Ал ғимарат ішіндегі құлпытасында "Төле би" деген аты қазақша өрнектеліпті. Бұның жөнін сол арадағы мавзолей шырақшысы былай деп түсіндіреді:

«О заманда осы маңдағы халық: қазақ яки өзбек ұлты болып толық қалыптаса қоймаған кез көрінеді. Сондықтан Төле би екі ел үшін де ортақ тұлға болуы тиіс. Себебі өмірінің мол кезеңі осы Ташкент қаласында өткен. Және ел арасында ол атамыз - "Қалдирғоч би" деген атпен белгілі болған». 

Сапар жалғасы Самарқанд қаласын тамашалаумен жалғасты.

Самарқанд – қараған кісінің көзі тоймайтын аса көрікті, сұлу қала. «Әлемнің Айнасы», «Көңілдің бағы», «Шығыстың жауһары», «Жер Дидары» деген небір түрлі теңеулерді әлемге әйгілі философтар мен ақындар:арнап, ән мен трактаттар жазғанымен қаланың әдемілігін айшықтауға сөз құдіреті жетпеді.

Самарқанд гүлдеу мен құлдырау кезеңдерінің талайын басынан өткізді. Александр Македонский, Шыңғыс хан, Әмір Темірлер Самарқандты өз мемлекетінің астанасы етіп, қала тарихына аттарын мәңгі өшпестей қашап жазды. Ал Темірдің немересі Ұлықбектің тұсында бұл қала Шығыстың ғылым мен мәдениетінің от лаулаған ошағына айналды.


Тарихи орындарға бай қаланың әр тасы тұнып тұрған шежіре дерсің. Егер тілі болса, сонау тұңғиықтан тарта, саз сырнайша сайрап қоя бере ме еді...

Қыдырыс барысы жарты әлемді бағындырып, Темір әулеті империясының негізін құрып, отыз бес жыл билік ұстаған және жиырма жеті мемлекетті қол астына бүктеп, бағындырған «әлем жаулаушысы» Әмір Темір кесенесіне бет алды. Сондай-ақ, Регистан алаңына соғып, оның немересі Ұлықбек әмірдің, Бибіханымның кесенелерін де аралап, аруақтарға құран оқылды.

Қазақстан мен Өзбекстан кешегі посткеңестік Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көш бастап келе жатқан алдыңғы қатардағы мемлекеттер болып саналады. Содан да өңірлік геосаяси ахуал осы екі мемлекеттің ұстанымына көбірек байланысты болып келеді. Яғни өзекті мәселелердің талайы дәйекті шешімін тауып, солардың араласуымен жүзеге асырылып та жатыр. Тереңнен тартып, зерделей қарасақ, осы екі елді мекендеген халықтың түп-тамыры бір, туыс жұрт екенін аңдаймыз. Сондықтан қазақ пен өзбек арасында - тек татулық деген өзара сыйласым ғана елші болып жүруі тиістей. Ал бұның нәтижесі - Орта Азия аспанының ашық болуының кепілі. 

Делегаттар Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Абдуганиұлы Каримовтың ескерткіші тұсына естелік суретке түсіп, соңынан оның мәңгі тыныштық тапқан жеріне барып, құран бағыштады.

Алматыдан ат арытып келген қонақтардың үшінші және төртінші күндері Бұхара қаласына тап келді.

Қазіргі Бұхара — ірі өнеркәсіп және мәдениет орталығы. Қаракөл өңдеу, мақта тазалау, май зауыттары, жібек, трикотаж фабрикалары бар; ет, сүт, шарап, тағы сол сияқты кәсіпорындар жұмыс жасайды. Архитектуралық ескерткіштерінің саны 140-қа жуық. Сәулет өнерінің керемет үлгісімен тұрғызылған Исмаил Самани кесенесі (9 ғасырдың соңы мен 10 ғасырдың бастауы), Калән мұнарасы (1127ж.), Мір-Араб медресесі (1536 жыл.), Сайфеддин Бохарзи кесенесі (13 ғасырда), Ұлықбек (1417 ж.), Көгілташ (1568 жыл.), Надир Диуан бегі (1612 жыл.) және Абд-ул-Әзиз хан (1652 ж.) медреселері нақышты өрнегімен көз жауын алады. Қала сыртындағы құрылыстардың арасынан Бехауддиннің ханакасы (1544 — 45 жж.), Чар-Бакр ғимараты (1560 — 63 жж.), Файзабад ханакасы (1598 — 99 жж.), Чар — Минар медресесі (1807 ж. ерекше назар тартады. Бұхарада әлемдік ғылым мен мәдениетке теңдессіз үлес қосқан Әбу Әли Ибн Сина, Бұхари, Рудаки, тағы басқа да ғұламалар мен ақындар өмір сүрген.

Көне қаланың тарихи мекендерінен рухани қуат алған меймандар жергілікті шеберлердің жібектен кілем тоқу зауытына, қолөнер шеберханаларына соғып, көне заттар мен ұлттық қолөнер дүниелерін сататын базарларын қызықтады. 

Бір айта кетерлік жайт, осы сапар барысында қонақтарға тек қана өзбектің  ұлттық тағамдары тартылып, олардың аспаздық шеберліктері тәнті етті. Сонымен бауырлас шығыс халқының ауасымен тыныстап, тыныс-тіршілімен танысып, көненің көзіндей ғажап ескерткіштерді тамашалаған қазақстандық делегаттар рухани байлыққа кенеліп оралды.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Қостанайда полиция көлігі жол апатына түсті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жол апаты 20 қарашада...

Жаңалықтар

ҚР Халық әртісі Димаш Құдайберген автограф сұраған жанкүйерінің өтінішін орындаудан бас тартты, деп...