ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. САЯСИ ӘҢГІМЕ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
410

Әкімшіліктен қазір қайыр жоғын бәрі біледі... Жалпы, әкімшіліктің - бізде, біздің - әкімшілікте шаруамыз болып көрген емес. Бір-бірімізге еш тәуелділігіміз де, міндеткерлігіміз де жоқ...

Қызық... Бүгінде екі ауыз әу дерлігі барлардың баяғы "біз өнер адамымыз ғой" деп, бұлданатын заманы өтіп, енді "мен қазір саясатта жүрмін ғой" деп, күпситін кейбір достарымның сөзі жұртқа әсерлірек естілетін сияқты... Жаппай саясатшыл болып алған әлеуметтің ыңғайына бағып, осы күні мен де өзімді кіші-гірім саясаткер сезінуге бейіммін. Бірақ, меніңше, саясатпен айналысу үшін, депутат болу, үкімет басқару шарт емес. Біздің ауылда тұрсаңыз, жеткілікті...

Жақында мен ресми-достық сапармен іргелес көршімнің үйіне барып қайттым. Кездесу туралы ұсынысты көршінің өзі жасағанын атап айтуым керек. Өйткені, осы уақытқа дейін ешқандай келісімге келмей, қиқайып жүрген де - өзі болатын. Қырғиқабақ соғыс жағдайына жете қоймағанмен, қабағымыз келіспей, тоң-теріс жүруіміздің қысқаша мән-жайы былай: былтыр менің жеріммен жапсарлас, бос жатқан участокты сатып алып, осы көршім үй салуға қызу кірісіп кеткен. Иесіз жер бос жатушы ма еді - көршім келіп, үй салғанша, қақ ортасынан аймандай болып жол түскен. Астында көлігі бардың бәрі құдайдың мына кең көшесімен жүрсе, шаршап қалатындай, осы өздері салып алған төте жолмен қиғаштап, ерсілі-қарсылы сабылады да жатады... Бұл жол біздің үйге тақау өтетіндіктен, күн ашықта бұрқыраған қою шаңнан көз ашпайсың, жаңбыр жауса, май батпаққа белшесінен батып, ышқынған машиналардың ажыл-гүжілінен күндіз-түні маза жоқ... Ол жолға көлденең арқан да тартып көрдім, қазандай-қазандай тастармен де бітедім - бәрі бекер... "Сенің жекеменшік жерің емес қой, қандай xақың бар!" дегенді ести берген соң, шаршап, қойғам... Ол күнім де ештеңе емес екен, енді оған мына көршінің құрылысы қосылғанда, айнала жын қаққандай болды...Тас, құм, темір тасып жатқан, тақтай, бетон, кірпіш...тасып жатқан машиналар, машиналар... Арасында дарылдаған экскаватор, бульдозерлер... Көршіме: "Теxниканың бәрін үйіңнің ар жағынан келтірші!" деп, жалынам. Ол: "Маған осылай ыңғайлы" деп, жолатпайды. Олай-бұлай айналдырып көріп едім: "Ей, ағайын, жер өзімдікі ғой, не істесем де, өзім білем!" деп, қолын бір-ақ сілтеді.

Онысы рас - жер өзінікі... Хақысы бар. Тек...жаны ашымағанның қасында басыңның ауырғаны-ақ жаман...

Енді, міне, үй салынып бітіп, ішіне кіріп алған соң, көршімнің де дүниеге көзқарасында біраз өзгерістер пайда болған сияқты. Ресми-достық пиғылмен келе жатқан мені есігінің алдына әйел, бала-шағасын ерте шығып, құрметпен өзі қарсы алды. Осы жақында Ұлыбританияның Қытай басшысын күтіп алғанындай бір ерекше ықылас байқалды... Жылы шырайлы, шай үстіндегі әңгімеден ұққаным - көршім өз үйінің төңірегіне қатысты кейбір өзекті мәселелерді менімен бірлесе отырып талқылап, шешпекші екен. Ең алғашқы кезектегі шаруа - үйінің айналасын дуалмен қоршау болып шықты. Өйткені, енді екеуміздің үйіміздің арасында бейберекет ағылған көліктерден бұлар да запы болған... Бірақ көршім үйін жаңа салып бітірді - былтырғы, ақшасы көп кездегі фанфарлары саябырсып, қаражат-финанстары күйзелісті үнмен аянышты романстар соза бастаған кез... Биылша, тым болмаса, дуалының менің дуалыма келіп тірелетін бір жақ қабырғасын тұрғызбақшы. Сонда көлденең түскен жалғыз қабырға - жолды да жауып қалмақшы екен... Көршім осы ойына менің қалай қарайтынымды білгісі келеді...

- Табылған ақыл! - дедім. - Тамаша идея... Жалғыз қабырғамен ең күрделі мәселені шешіп тастайсыз... Қалған қабырғаларын асықпай, ендігі жылы, арғы жылы... Керемет!..

Көршім әлденеге ыңғайсызданғандай, қозғалақтап қойып, желкесін қасып, біраз отырды. Сосын маған жасқаншақтай қарап:

- Тамашасы...тамаша-ау, - деді күмілжіген үнмен. - Бірақ соған...жетпей тұрғаны... Қазір құрылыс материалдарының құны шарықтап кетті ғой, өзіңіз білесіз...

Түсінбедім... Бұл көршім сонда не айтқысы келеді? Тұрғызбағы - дуалдың жалғыз қабырғасы екен... Оның өзін маған тұрғызып бер демекші ме?.. Әлде қарыз сұрағысы келіп отыр ма?..

- Қабырғаны...қарсы болмасаңыз...бірігіп тұрғызсақ...- деді көршім, ақыры, бетін ашып. - Сіз де мына жолдан құтыла алмай отырсыз... Солай емес пе?.. Ал менің жағдайым жақын арада оңала қоймайтын сияқты. Өзіңіз білесіз, дағдарыс... Теңге түсіп кетті... Әйтпесе...- деді, қиналған сыңай танытып.

Түсінікті... Көршім ақымақ емес... Басында тіксініп қалсам да, сабыр шақырып, ақылға жүгіндім. Рас, менің дуалымның төрт қабырғасы - түгел. Үй салып, шашылып отырғам жоқ, менде біраз ақша да бар... Дуал көршімдікі болғанмен, мүддеміз тоқайласып тұрған жоқ па - екеуміз де үй арасынан машина өткізгіміз келмейді. Байқаймын, көршімнің қазіргі әл-ауқаты әлсіз болғанмен, саясаты - мығым... Несі бар, адамдар тұрмақ, мемлекеттер де бейбіт қатар өмір сүруді ойлап, және... басқа да бір есептермен бір-біріне көмектесіп жатады ғой... Мен де кәнігі саясатшылардай алысты көздей отырып, мәселені экономикасы мығым, ақшасы көп қытайларша шештім - дуалдың жарты шығынын көтеріп алуға бел байладым!.. Көршім қатты риза болып, шайдан кейінгі тамаққа мені күштеп қалдырды... Тамақтан кейінгі шай үстінде өз үй-жайымыздың төңірегінен асып, ауылымыздың ойқы-шойқы көшесін түзету, оған тас төсету жөнін кеңестік. Көршілерге үндеу тастап, бірігіп, қаржы жиыстырып, өзара тиімді шарттар жасасу жайын ақылдастық. Әкімшіліктен қазір қайыр жоғын бәрі біледі... Жалпы, әкімшіліктің - бізде, біздің - әкімшілікте шаруамыз болып көрген емес. Бір- бірімізге еш тәуелділігіміз де, міндеткерлігіміз де жоқ... Ендеше, қашпаған қашардың уызынан дәметпей, өз күнімізді өзіміз көрейік... Жылы шырайлы достық жағдайында өткен әңгімеміз осыған сарқып, көрші екеуміз риза-xош көңілмен тарастық... Саясат па? Саясат!..

Күндердің күні менің дуалыма жақынырақ, көшенің бергі бетіне, тура үйімнің тұсына қоқыс төгіле бастады... Ол күн өткен сайын жиналып, әжептәуір қомақты үйіндіге айналды. Бір шара қолданбаса, болмайды!.. Неден бастасам екен?.. Алдымен, бұл қоқысты кімнің төгіп жүргенін анықтау керек...Тұмауратып, жұмысқа бармай қалған күні менің үйімнің арт жағында тұратын көрші қария немере, келіндеріне ерінбей, өзі нұсқап, тура дуалымның түбіне қоқыс төктіріп жүргенін терезеден көріп қалдым... Өзім сенген қазаннан шошқаның басы шықты деген - осы!.. Қайтпек керек? Бірден қатты кетуге болмайды. Шекаралас мемлекеттер сияқты біздің көршілігіміз де...ұзағынан болғалы тұр. Құда мың жылдық болса, көрші де - мәңгілік... Дипломатия керек, дипломатия... Сыртқы саясат сақтықты, көрегендікті, икемділікті қажет ететін үлкен өнер!.. Қария пенсиядағы адам - іші пысады. Мен жұмысқа бармайтын сенбі, жексенбі күндері, сәске кезінде ұдайы есігінің алдына шығып, мені аңдып тұрады. Менің төбем қылт еткенде, жеделдей басып, алдымды орайды. Ауылдың бомба түскендей тас-талқан көшелерін бойлай, арлы-берлі жүріп, аяқ жазған боламыз. Қазіргі саясатты талқылаймыз, жемқор шенеуніктерді боқтаймыз... Сондай бір қыдырыста, түнде құрған жоспарым бойынша, шалды әңгімеге айналдыра жүріп, тура сол үйінді қоқыстың тұсынан шығардым. Өтіп бара жатып:

- Апырмай, мына қоқысты, жер таппағандай, тура менің үйімнің жанына төккені несі екен, а?.. Әй, сол, құрғыр, көргенсіз балалардың ісі шығар... Үлкендер істемейді ғой мынадай бейбастықты!.. Сіз де, қария, көріп қалсаңыз, айта жүріңізші - төкпесін... Балаларға өзіміз, үлкендер ескертіп қоймасақ, қайдан білсін олар жақсы мен жаманды...- деп, кінәны жазығы жоқ балаларға аударып, кейісті үнмен келелі әңгіменің шетін шығарып қойдым.

Болды... Сол күннен бастап, менің үйімнің тұсына қоқыс төгу сап тыйылды!.. Ұрыспай, керіспей, дымын шығармай шештім мәселені... Саясат па? Саясат!.. Әрине, осынша дипломатиялық шеберлігіме қарамастан, оның қазірге дейін төгіп үлгерген әлгі бір төбе қоқысын өзім тазалағаным - айтпаса да, түсінікті...

Менде көрші көп. Олар - әр түрлі. Айта берсем, алуан-алуан xикая, қилы-қилы саясат бар... Оны кезі келгенде, асықпай әңгімелеп берермін. Әзірше менің үйіммен тұспа-тұс, көшенің қарсы бетіндегі көршім туралы бір-екі ауыз сөзбен жазбамды аяқтайын... Бұл көршімнің өмірі тамаққа тоймайтын, аюдай алабай иті бар... Бейшараға бала-шағасынан гөрі, сол жалмауыз итін асыраған қиын тиіп жүр. Бірер мәрте жуынды, сүйек-саяқ, тамақ қалдығын сұрап келді. Бізден ғана емес, әркімнен сұрайды. Қазір менің балаларым, күн сайын, сұратпай, өздері апарып беріп жүр. Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста демей ме... Осы ит бізді жақындастырды... Саясатта ондай бола береді... Ең бастысы - икемділік, жағдайға қарай әрекет ете білу. Ең бастысы - бүгінгі пайда, азғантай ұтысыңды күйттеп, ертеңгі жарастығың мен тыныштығыңнан айырылып қалмау. Ең бастысы, сосын - ниет. Бейбіт, тату тұруға деген ерік-жігер. Қиын ештеңесі де жоқ... Өзімшілдігіңді тежеп, көршіңе әрқашан, бір мысқал болса да, ұтыс беруге дайын болсаң, дүние - орнында, сыйластық - қалпында. Тек осыны кейбір көршілер мен мемлекеттер түсіне бермейтіні болмаса...

author

Тұрсынжан Шапай

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...