Шілде айының соңын ала Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірліестіктері тағы б...
Ұйғыр қызының ұйымшылдығы
Тағдыр тәлкегіне ұшырап, әрқилы жағдайлардың әсерінен үйсіз-күйсіз жүрген көп балалы отбасылар арамызда аз емес. Осы орайда Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жанындағы «Нураний анилар» ҚҚ төрайымы Муратова Жахангердің бастауымен жасалған - Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы жақсы жаңалықтың куәсі болдық. Бұнда сол көп балалы аналарға арналып салынған үйдің кілті иелеріне тапсырылды. Осының алдында ғана үш ай бұрын бос жатқан иен жерге жаңа қоныс иелерінің шаңырағы бой көтерді. Құрылыс жұмыстарына қарқын беру үшін - жастардан құралған еріктілер тобы білек сыбана кірісті.
Осынау игі бастамаға мұрындық болған - Жахангер Мұратқызының өзі де он баланың ортасында өскен көпшіл адам. Ол кісінің басынан да өмірдің талай тәлейі өткен. Мүмкін содан да шығар, көп балалы отбасын көрсе, олардың мойнындағы қиыншылықтары көз алдына келетін-ді. Сондай мұқтаж жандарға қалай қол ұшымды берсем деп жүреді екен. Тек іштей ойлап қана қоймай, киім-кешек, азық-түлікпен көмектесіп, ақыры міне үй салуды қолға алыпты.
Жахангер апа былай дейді:
- Ел болған соң бір-біріне қол ұшын беріп, араларындағы жетім-жесір, жетіспейтіндерге бай-бақуаттылары демеушілік жасап жатса – қарны ашып жылаған бала, жоқшылықтан қабырғасы қайысқан ана болмас еді!
Сонымен төрт ананың көзінен мұңның емес, қуаныштан төгілген жасты көрдік. Он сегіз бала қайда жатам, қашан тұрам деп алаңдамайтын жағдайға жетті. Мектептері де таяу маңда. Осы ретте баспанаға ие болған бес баланың анасы Чурукова Зарина:
- Бұндай қуанышты жағдай өмірімде бірінші рет болды. Үй беретіні жайлы естігеннен бері ұйқы жоқ. Қуаныштан бір күліп, бір жылап жүрмін! – дейді.
Ал күйеуінен ажырасып, бес баланы бауырына басып қалған Татьяна Хульхачинова болса, өзінің жеке шаңырағы бар екеніне сене алмайтынын айтады.
- Енді әр пәтерде бір жүріп, ай сайынғы ақысын қайдан табам деп бас қатырмайтынымды ойласам толқып кетемін. Барлық атсалысқан жандарға көп рахмет! - деп Татьяна алығысын жаудырды.
Осы айтылып жатқан ризашылық жаны жайсаң, жүзінде иманы бар Жахангер Мұратқызына арналса, сондай-ақ халық арасында қайырым деген қасиеттің ешқашан жоғалмайтынына шүбәсіз нанасыз.
Заман Төлеуов