ІАласапыран жылдарды, басыңнан талай кешiрдiң,Қаншама шаңды жорықты, санадан сызып өшiрдiң.Түркiстан...
Саңлақ сыншы
Өнер адамының өмірбаянын оқи отырып оның тағдыр жолының талай қыр-сырына қанығасың. Есімі елге танылған адамның сол абырой биігіне қалай жеткендігін білу әрi қызық, әрi тәлiм. Мен де осы мақаланы жазар алдында Құлбектің кітаптарын қайталай оқып шықтым. Сөйтіп, шығармашылығына қоса, өмір жолына ой жүгірттім. Ол әкеден ерте айырылып, жесір шешесінің тұрмыс тауқыметін тарта жүріп өсірген үбірлі-шүбірлі балаларының үлкені екен. Онжылдықты бітіре сала арман жетелеп Алматыға аттаныпты. Міне, содан кейін-ақ жетім баланың бағы жанып, жолы ашылыпты.
Өзі студент болса да белгілі қаламгерлермен араласа жүретін немере ағасы Көпен Әмірбек оны көрнекті балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбаевтың үйіне түсіріпті. Өзі де жетім өскен Ән-ағаңның тікелей көмегімен Құлбек ҚазҰУ-дің студенті атанған. Бірінші курсті бітірмей жатып атақты ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың қамқорлығын көреді. Құлбектің тұңғыш мақаласын жариялатып, жанына жақын тартып, ақыл-кеңесін беріп, ғылым жолына түсуіне жол ашқан да осы Бейсекең. Бәрі де ғалымның өз қалауы. Құлбектің ойына да кіріп-шықпаған шаруа. Жолы болғыш жігіттің өзі ағынан ақтарыла жазған сырының бір ұштығы бұл...
Бүгінде аға жасы – алпысқа толып, соған орай тындырған ісі таразыланып елеулі еңбегін елі бағалап, (Құлбектің өңіріне таяуда «Парасат» ордені қадалды) жатқан саңлақ сыншы, әйгілі әдебиетттанушы, талантты ғалым, профессор Құлбек Ергөбектің шығармашылық жолы туралы оқырмандармен сырласудың сәті түсіп отыр. Осынау мерейтойына дейін отызға тарта кітап жазып, жариялаған ғалым сыншының қыруар еңбегін тұтас қамтып, түгел тоқталып ой сабақтау әрине мүмкін емес. Ол арнайы жазылуға тиіс ғылыми-монографиялық зерттеу кітаптарының еншісі. Біз шорт кесіп, шала баяндау арқылы ғана сыншы-ғалымның қазақ көркем әдебиетіне сіңірген еңбегі турасында азды-кем әңгіме өрбітумен шектелмекпіз.
Өткен өмірдің бағасын беретін уақыт. Ал азамат, оның ішінде, ғалым-сыншының ғұмыры мансабымен емес, ел-жұртына сіңірген мақсатты еңбегімен өлшенетіні белгілі. Құлбектің ғылымдағы ғибратты жолы – қазақ әдебиетінің тарихын таразылап, көркемдігін көрсетіп, дәлелді де, дәйекті ой-толғамдарымен бөліскен еңбектері рухани қазынамыздың орны бөлек олжасы. Оның әдебиет жанрының төрт құбыласын түгел қамтып жазған мақалалары, зерттеулерін зейін қойып оқысаңыз, сөзінің салмақты, ойының оймауыт, пікірі парасатты сыншы екендігіне риясыз сенесіз. Толымды да толғақты ойларымен бөліскен әдеби еңбектерінің маңызды мазмұнына, көркем тіліне тәнті боласың. Толғауы тоқсан, талдауы танымды, кісі қызығып оқитын деңгейдегі дүниелер. Сыншы-ғалымның талдауы терең, талғамы тебіреністі сезімге бөлейтін мақалаларының сыршылдығы мен шыншылдығы оқырманға ой салып, өресін өсіріп, білімін байытатындығы ақиқат. Әдеби сынның міндеті – әдеп сақтап, әділ айту, ақиқаттың ақ жолынан айнымау. Құлбек болса осы қағиданы берік ұстайтын, ұлағатты, сарабдал сыншы. Ол әрдайым алғаусыз адал ойдың, шынайы шындықтың көсегесін көгертуге ұмтылып жүр. Талдау мәдениеті де осы биік талапқа сай сыншы.
Құлбектің сыншылық танымы терең. Оның ортаға салған ой-толғамдарына, таным-талғамына айызың қанып, ақыл-парасатына тәнті боласың. Бір сәт Құлбектің сыншылық өресін таныту үшін кейбір әдеби еңбектеріне тоқтала кеткеніміз жөн болар. Айталық, тақырыбы да, жанры да сан қырлы Әбділда Тәжібаев шығармашылығы туралы сыншы толғаныстары алты мақалаға арқау болыпты. Олар бірін-бірі толықтырып, ақынның алуан қырлы талантын жан-жақты ашып көрсетуге арналған арналы мақалалар. Дауылпаз дарынды ақынның шығармашылық жолын зерделей зерттеп, әдеби әлемінің қыр-сырын толық, анық ашып сыр ақтару арқылы сыншы Әбділданың өнердегі өлмес мұрасын көкке көтеріп, әділ бағасын бере білген. Қазақ поэзиясына құбылыс әкелген «Аралдар» жыр жинағын талдауы, өлең өрнектеудегі жаңалығын сындарлы ойларына орап, әдеби әдіспен әдіптеп, жүрек жылуына бөлеп, тебірене толғап жазуы қандай керемет.
Әбділда ақынның саф алтындай сыңғырлаған, жақұттай жалтылдаған жырларын тамыршыдай тап басып талдауы, өлеңдерінің өресі мен өрісін, нәзік лирикаларының майда лепті жолдарындағы жаңалықты, оның қазақ поэзиясының әлемдік деңгейге көтерілуіне тигізген ықпал-өнегесін дәлелдеуі сыншының білім-білігінің, таным-түйсігінің нақты әрі жарқын көрінісі. Әлемдік көркем ойға олжа салған Әбділданың шығармашылығын әңгімелей отырып, сыншы Құлбектің қазақтың классик ақынын оқырман қауымға қайта таныстырып, қыр-сырын кеңінен қамти, бүгінгі көзқарас талабына сабақтастыра, ұштастыра баяндап беруі мүлде мінсіз. Сөйтіп, әдебиет жанрының бар саласында айтулы еңбек қалдырған Әбділда ақынның мерейін өсіріп, мәртебесін көтерген мақалалар Құлбектің сыншылық қарымын, дара дарынын – асқақ тұлғасын айрықша айғақтап тұр.
Мен өзім танып-білген Құлбектің әдеби мақалалары әдеттегідей таптаурын тәсілмен жазылмайтындығы. Сыншының жазу мәнері мүлде басқаша – жаңаша. Оның мақалаларын оқи бастасаң болды, қашан бітіргенше бас алмайсың. Себебі, ол қатып қалған қалыпты қаламайды. Әдепкі әдебиеттану терминдері мен теорияларынан дерек келтіріп, соған сүйеніп, ой сабақтаудан ауылын аулақ қондырғанды хош көреді. Кәдімгі бетпе-бет отырып сұхбаттасқан кісілерше әсерде боласың. Оның қызықтыру, ойландыру, сендіру себептерінің бар сиқыры осында жатса керек.
Тағы бір мысал. Кітапта Құлбектің «Қазақ поэзиясының сәулеткері» деген мақаласы бар. Оны оқи отырып ақиық ақын Қуандық Шаңғытбаевтың өмірімен де, өлеңімен де танысып, құмарыңнан шығасың. Себебі, ол әрі әдеби мақала, әрі естелік-әңгіме ретінде жазылған. Қуандық ақынның үйіне қонаққа келгені, кейін көшеде кездейсоқ жолығып, Бейсенбай ағаның үйіне ерте баруын, сол сәттердегі өткен-кеткен күндерді еске ала отырып-ақ Құлбек ақын аға өлеңдерінің қайталанбас қадыр-қасиетін өмірбаянына сабақтастыра сыр шерткен. Ақынның шығармашылық жолын, ұлт әдебиетіндегі орнын анықтап, бағасын берудің бұл да бір табылған тәсілі демеске не шара?!
Осы мақалада Қуандықтың тұңғыш кітабын жарыққа шығарып, ақындық сапарына сәт тілеген Бейсекеңнің тағы да тебіреністі күйде отырып бата бергенін Құлбектің сөзімен келтіре кеткеніміздің сөкеттігі болмас. «...Қуандық сенің өлеңдерің сұлу, сенің тілің мәйекті. Шығыс әдебиетінің тіл өрнегін табиғиландырып тәуір қолданасың. Сен аз өлеңдерің арқылы қазақ тілін байытып жүрген ақынсың» депті. Міне, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы Бейсекең сынды арлы ақсақалдың дуалы аузынан шыққан лебіз арқылы сыншы Құлбек ақын поэзиясының бағасын беріп, өз пікірін түйіндеп отыр. Бұл тапқырлығына қалай сүйсінбессің! Білікті де білімпаз сыншы Қуандық ақынның «сұлу поэзиясының астарын ашып, ажарын айқындап айтпақ мәндетін» осылай жүзеге асырыпты.
Жалпы, Құлбек өзі жазбаса да өлеңге өлердей ғашық. Ақындардың шығармаларын оқып, ой толғауға айрықша құмарлығы осы пікірімізге дәлел. Сыншының қазақ ақындарының өлеңдерін егілте, төгілте талдап жазған сын мақалаларын оқу да бір ғанибет. Ойыңа ой қосып, түсінігіңді тереңдетіп, жаныңды байытып, рахат сезіміне шомылдыртып, ләззат есігіне бөлейтін көркем тілмен өрнектей жазылған мақалаларын сүйсініп те түйсініп оқып, көңіліңе тоқисың. Ал сыншы назарының негізінен қазақ поэзиясына қайталанбас олжа салған сарабдал ақындардың шығармашылықтарын саралауға арналуы бекер емес. Ол осы арқылы ұлт поэзиясының өсіп-өркендеуіне жол көрсетуді мақсат еткені айтпай-ақ айқын.
Сыншының өздері өмірден көшсе де өнерде өлмес із қалдырған қаламгерлердің жоқшысы екендігі де елге мәлім. Оның бүгінде есімдері еміс-еміс естілсе де, шығармалары ұмытыла бастаған Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова, Қосжан Мүсірепов, Баймағамбет Ізтөлин, Сәбит Дөнентаев, Саттар Ерубаев, Жүсіп Қадыров, Қуандық Шаңғытбаев, Омар Шипин, Мәриям Хакімжанова, Бекен Әбдіразақов, Қалжан Нұрмаханов, Сабырхан Асанов, Тоқаш Бердияров, т.б. сынды ақын-жазушылар туралы тебіреніске толы толғаныстары мен сағыныштарын оқыған сәтте сыншының таланттыларға деген тағзымына дән риза боласың. Айтылған аяулы қаламгерлер туралы Құлбек жазған әдеби портреттер сол бір ұлт әдебиетінің арыстарын тірілтіп жібергендей әсерге бөлейді.
Әлбетте, Құлбектің әдеби көркем сын мақалаларын өзге әріптестерінен ерекшелеп тұратын сан қырлы сипаты бар. Ол ақын-жазушылардың шығармаларын талдай отырып, өз көзқарасын аталмыш қаламгер туралы өзге сыншылар жазған пікірлермен де түйіндей түсудің хас шебері. Сондай-ақ, сол ақын-жазушылардың шығармашылық өмірінің өзі білетін кейбір қалтарыс-бұлтарыстарын қоса әңгімелеп, ойын екшелей түсуі де Құлбектің өзі тауып, өзі қолданып жүрген әдеби әдіс-тәсілі. Тағы бір тапқырлығы – мақалаға арқау болып отырған қаламгердің көркем әдебиет жөніндегі төл тұжырымдарын да қисынын келтіріп, өз пікіріне тұздық ретінде пайдалануы дер едік. Ал бұл болса сын мақалалардың мазмұнын байытып, идеясын ашып, оқырмандардың қызыға оқуына дәнекер. Әңгіме арасында сыншының ақын-жазушының өзіне сөз беріп, пікір пайымдауы да табылған тәсіл емес пе?! Сыншының қайсыбір мақалаларының ішінен күнделік, естелік үзінділерін оқисың. Олары жөн-жосықсыз емес, жазып отырған мәселенің мәнін ашып, тұжырымын түйіндей түсуге арналған. Құлбек ақын Әбділда, ғалым Бейсенбай туралы мақала, сұхбаттары мен естеліктерінде әңгімеге арқау болған тақырыптарға орайластыра өзінің көкейінде жүрген көкейкесті ойларымен оқырмандармен бөліскен.
Осы жасқа жеткенше Құлбек талай-талай айтулы азаматтармен, тарлан таланттармен кездескен, танысқан, сөйлесіп-сырласқан. Соның бәрін күнделік беттеріне, жадына жаза беріпті. Оны да кітап беттеріне көшіріпті. Сол естелік-эсселерінде бірсыпыра тұлғалы қаламгерлердің өмір-тағдырын – бекзат бейнелерін сөзбен сомдаған. Өзіміз көрмеген кісілеріміз болса да көзімізге елестетеміз, таныс-біліс болсақ, қайта жолығып, жаңа қырынан танимыз. Жазушы-сыншының өлгендерді тірілтіп, арамызда жүргендерін туыстырып жіберуінің сыры – Құлбектің сол әдеби кейіпкерлеріне деген риясыз құрметі мен сағынышы. Олардың адами мінез-құлықтары, іс-әрекеттері, ақыл-парасаттары, дүниеге көзқарастары арқылы кісілік келбеттерін жазбай танимыз. Ақын-жазушылардың азаматтық тұлғасы, шығармашылық шеберлігі ұштастырыла өрілген өнегелік бұл естелік-эсселер сол қаламгерлердің кісілік келбетін елге таныстырудың табылған жолы. Сыншы пікірлері оқырманның сезім пернелерін басып, ой тұңғиығына батырып, қаламгерлер кешкен қилы тағдырдың сырын шертеді. Бейне көркем шығарма оқып отырғандай әсерге бөленесің.
Меніңше, Құлбек шығармашылығының тағы бір басты ерекшелігі – оның қазақ әдебиеті туралы ой-толғамдарында өзге елдердің шоқтықты әдеби шығармаларының озық үлгілерін мысалға ала отырып сырласуы.
Арнайы тоқталып, ашық айтуға тиіс бір мәселе бар. Ол Құлбектің адами қасиетінің – адамдығы мен адалдығының шығармашылығында да бірден байқалатыны. Ол жүрегі шуақты, жаны нәзік, сезімі сергек, көңілі көлдей шалқар сыншы. Оның әдеби кейіпкерлеріне айналған ақын-жазушыларға деген ыстық ықыласы, сағынышы самал желдей бірден баурап алатын қасиетімен қымбат. Сөзімізді тірілте кетелік. Бозбала кезінде Әнуарбек ақынның үйінде тұңғыш танысқан Сағи Жиенбаевтың ақындық әлеміне арналған мақаласынан мысқалдай мысал: «Сағи ақын жырлары бейне мөлдір бастау. Шөліркеп келіп бас қойсаң сусының қанады, мұңданып жүрсең өзіңмен сырласып, шеріңді тарқатады. Бейне бір сырыңды сыртқа шашпас жан досыңмен сырласып отырғандай боласың», деген пікірі қандай парасатты ой өрбітіп отыр?! Салған жерден Сағи жырларына ғашық ететін әсерлілігі қандай ғажап!.. Біз өндіртіп те сендіріп жазып, қызықтыра да құмартып оқытатын сыншының сәруар сезімді сөздерін, оймауыт ойларын көңілімізге тоқып, әрқилы әсерге бөленеміз, жанымыз жасанып, рухтана түсеміз.
Меніңше, сыншының соншама сүйсіндіретін енді бір ерекше қасиеті – мақалаларындағы тілінің көркемдігі, ойының мөлдірлігі, идеясының имандылығы, мазмұнының маңыздылығы, таңдаған тақырыбының көкейкестілігі. Құлбектің қай мақаласын оқысаң да, шұғыла шашқан сөздеріне, төгіліп түскен сәулелі сезімдеріне, тауып айтқан айшықты да орамды ойларына, риясыз сендірген әділдігіне, шешіле сыр шерткен сәттегі шешендігіне, ағынан жарылар адалдығына тәнті боласың. Сыншының айрықша атап өтер, өнеге тұтар адамшылық қасиеті шығарманы бағалауға келгенде тек турасын айтып, шындыққа жүгінетіндігі, жалпақшешейліктен, көңілжықпастықтан іргесін аулақ салуы.
Сөз соңында Құлбектің сан салалы әдеби еңбектерінің бір қырына ғана тоқталғанымды ескерте кетемін. Сыншының жайсаң жазушы Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған кесек туындылары туралы жаңа қоғамдағы жаңаша көзқарас негізінде жазылған «Жүрек жылуы» монографиясы мен бірнеше мақалалары бар. Ал өзі он жыл қасында болып, бағып-қаққан, бақилыққа барша құрметімен шығарып салған, әзіз әкесіндей болған ғаламат ғалым, ұлт әдебиеті тарихының тарлан көшбасшысы Бейсенбай Кенжебайұлының көзі тірісінде де, бертінде де 4-5 кітабын жарыққа шығарған еңбегі ше. Оның сыртында ғұлама ғалымның қазақ әдебиетіне сіңірген көл-көсір еңбегін саралай талдап, толымды пікірлер айтқан сыни мақалалар топтамасы ше?! Сондай-ақ, біз азды-кем тоқталғанымыз болмаса, Құлбектің қазақ ақын-жазушыларының өткендегі тұлғалы өкілдері мен бүгінгі буынның шығармашылықтарына арналған әдеби сын мақалалары да биқисап. Ендеше, сыншы, ғалым, жазушы Құлбектің төл әдебиетімізге төрелік айтып, оның өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысқан ерел еңбегінің өзі арнайы, арналы ғылыми зерттеулердің күтіп тұрғаны, Алла жазса, ол ойымның да орындалатынына бек сенімдімін.
Қуанышбай Құрманғали