Ермерей ОТАРБАЕВ: РАХЫМЖАННЫҢ ҰЛЫ БОЛУ – МАҢДАЙҒА БІТКЕН БАҚЫТ…

ӘДЕБИЕТ
4429

19 қазан – қазақтың қайсар қаламгері, көрнекті жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың туған күні. Орта толтырып жанымызда жүрсе күні ертең 62 жасқа толар еді. Қалың оқырманы қапыда көз жазып қалғанына да жылға жақындап қалыпты. Өзінің қаламгерлігіне соншалықты жауапкершілікпен қараған еңбекқор жазушы Рахымжан Отарбаев туралы әлі талай естеліктер айтылар. Бірақ оның отба­сын­дағы азаматтық болмысы мен әкелік бейнесі туралы әке мейірі­мін молынан сезінген ұлы Ермереймен кездесіп сұраған едік. Ұлы да әкесі секілді салмақты, сөзін саралап сөйлейтін тектінің тұяғы екен.
«Ана тілі» газеті осы нөмірден бастап «Әкесі жақсы қандай-ды…» атты жаңа айдар ашып отыр. Алдағы кезеңдерде елімізге мәлім тұлғалардың ұл-қыздарының әсерлі сұхбаттарымен таныс боласыздар. Бүгінгі сөз Ермерей Рахымжанұлы ОТАРБАЕВТА.

ӨМІРБАЯН

Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев Атырау облысы Құрманғазы ауданында 1956 жылғы 19 қазан күні туған. 1977 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жалын» журналында бөлім меңгеруші, кейінгі жылдары Қазақстанның Қырғызстан Республикасындағы елшілігінде атташе, Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында төраға, Атырау облыстық қазақ драма театрында директор, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі боып еңбек етті. 2009-2010 жылдар аралығында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Бас директоры қызметін атқарды.

«Ақ Жайық kz» журналының Бас редакторы болды.

Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Злато зарытого клада», «Отверженный мир» және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген.

Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілдерінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде 1 томдығы және араб, қырғыз тілдерінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын, француз, итальян, болгар, тілдерінде басылған.

Драматургия саласында да өнімді еңбек етті. Оның «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы ­новелла», «Нұржауған – ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай», «Нарком Жүргенов», «Ғабит», «Мен сізді сатқан жоқпын», «Әміре» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.

Рахымжан Отарбаев Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының және қазақ Пен-клубының мүшесі.

Республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. Президент стипендиясының иегері.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің, Батыс-Қазақстан облысының М. Өтемісов атындағы құрметті профессоры, Атырау қаласы, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы.

Сорбонна университетінде Рахымжан Отарбаевтың творчествосы туралы арнайы лекция оқылған.

Жұбайы Сәуле екеуі Ермерей есімді ұл мен Қаракөз, Жансая, Айжамал атты үш қыз тәрбиелеп өсірген.

– Әкемнің дүниеден озғанына аз ғана уақыт өтсе де қатты сағынып жүрмін. Әкем сырттай қатал көрінген­мен мінезі өте жұмсақ еді. Өте балажан еді. Мені «жалғызым» деп жиі ерке­лететін. Үш қарындасымды «үш көкем» дейтін. Үлкен қызы – Қаракөзді «Көгөз», кенже қыздары – Жансая мен Айжамалды «Жашөн», «Кенжебике» деп еркелететін. Сұраған затымызды алып беріп өсірді. Бетімізден қаққан жоқ. Бала кезімізде анам көбіне үй шаруасымен, әкеміздің жағдайын жасаумен, ұл-қыздарының тәрбиесімен айналысты. Әкем демалыс күндері Қаракөз екеумізді міндетті түрде паркке апарып қыдыртып, бізге көңілін бөлетін, бұл әдеті және бұлжымайтын. «Анаңды тыңда» деп сол кездің өзінде құлағымызға құйып отыратын.Есейген соң да әкем екеуміз әртүрлі тақырыпта ұзақ әңгімелесетін едік.Кейде пікіріміз келіспей қалатын сәттер де болатын. Сондай кезде «дұрыс, екеуміздің өмірге, қоғамға деген көзқарасымыз бір нүктеде үйлесуі міндетті емес, өзіңнің пайым-байламың болу керек» деп қоятын. Тіпті менің балаң ойларыма күліп те алатын. Мүмкін, ішінен: «Әй,балам-ай…» дейтін болар. Қазір оңаша қалғанда сол сәттерді аса зор сағынышпен еске алып жүрмін…

«Анам екеуі керемет  гармонияда өмір сүрді»

Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаев

– Үйде анам мен әкем екеуі ұзақ шай ішіп, көп әңгімелесетін. Кейде әкем темекі шегуге шығып келеді. Сосын екеуі қайтадан ас үйде ұзақ отырушы еді. Жалпы әкем шайды өте жақсы көретін және баптап ішетін. Бәлкім, анам екеуі арасындағы жас айырмашылықтың әсері ме, әкем ол кісіні қатты еркелететін. Ұлы ретінде мен оны сезініп өстім. Екеуі өте бір ғажап гармонияда өмір сүрді деп айтсам болады. Анам Сәуле ер адамды сыйлап, жоғары қоятын жанұя­да өскен, сол себепті де болу керек, қандай жағдайда болмасын, әкем­нің қас-қабағына қараумен болды. Анам әкем демалып жатса, үй-ішінде тыныш­тық­тың болуын, мазасын алмауын қатаң қада­ғалайтын. Ешқашан бір-бірі­нің атын айтқан емес. Керісінше, «мамасы», «папасы» деп қатты сыйлайтын, бірін-бірі өте жақсы көретін. Әкем алыс-жақын сапарлардан «шіркін, үйге жет­сем деп келе жаттым» деп сағынып оралатын.

Пенде болған соң, оның үстіне шығармашылық адамы болған соң түрлі көңіл-күйде болатын шығар, алайда әкемнің отбасында ашуланған сәтін көрмеппін. Кейде үйге ренжіп келетінін немесе телефонмен біреулермен қатты сөйлесіп жатқанын көреміз. Бірақ ол көңіл-күйді отбасына, тіпті де қа­тыстырған емес. Көңілді кезінде еркіне бағына бермейтін шашын сұқ сау­сағымен орап-орап жіберіп, басын өзіне ғана тән қимылмен қозғап қойып өте әсерлі әңгімелер айтатын. Кейде жазудан шаршап, миын тынықтырғысы келсе жезделерімді шақырып алып карта ойнайтын, құмар ойын емес, әдеттегі ойын. Одан қалса «кеттік балам, киін» дейді, сосын екеуміз ғана бильярд ойнауға кетіп қалатын кездеріміз де болатын.

«Анам әлі сене  алмай жүр…»

– Әкем мені кішкентей кезімнен қасын­да ертіп жүрді. Сапарларда жағдай таңдамайтын, адамдарға салмақ салмауға тырысатын. Жолдастары көп болды деп айта алмаймын. Маған жігіт боп, айна алдында тұрып шашымды қайыра бастаған кезімде: «Балам, жолдас көп болар. Ол жолда кездесіп жолда қалады. Достыққа сақ бол. Әкеңде дос аз. Сол есіңде болсын» деп айтатын.Рас екен… Әкем өмірден өткелі сол сөзді жиі есіме аламын…
Әкемнің Райса деген қарындасы, Бекежан деген інісі әжем Шамсия өмірден өткен соң шетінеп кеткен. Ал өзі жалғыз бала болып өскен. Ет жақын туыстары жоқ. Немере апа жезделері, ағалары болды. Солармен араластық. Сол кісілерді білемін. Атырауда той көп.Бәрі келгенін қалайды. Әкем тойға барғанымен, соңына дейін отырмайтын. Аз уақыттан соң үйге кеп шай ішіп, жазуға оты­ратын.«Даңғазамен босқа уақыт өлтіргенше, бір бет болса да жазу жазғаным жақсы» дейтін еді.
Әкемнің шығарма жаз­ғандағы сәтін анам жақсы біледі. Ол туралы менен гөрі ол кісі көп нәрсе айтады.
Анам әкемнің кетке­ніне әлі күнге дейін сене алмай жүр… Жалпы әкем жазуға кіріспес бұрын ойша ұзақ дайындалатын. Дерек-дәйегін, шығарманың формасын, идеясын ұзақ әзірлейтін, сосын жазылу сәтін күтетін. Сосын ойға жиған идеясын, қағазға тез түсіретін. Шығармасын жазып бітіргенде балаша қуанатын, кейде бізге дауыс­тап оқып та беретін. Әкемнің сөйлеу тілі қандай бай болса, жазу тілі одан да көркем, тапқыр және оқырманның сезіміне қатты әсер ететінін сеземін. Анам журналист қой. Жазып біткен шығармасын оған оқуға беретін. Кейде анам аздап сынап та қоятын. Сол кезде әкем «осындай ақылды әйел алған өзіме де обал жоқ» деп әзілдеп те қоятын еді.
Кешегі кеңес кезінде кітаптары сан мыңдаған таралыммен тараған жазушылар қауымы Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінде қатты дағдарып қалды ғой, көптеген қаламгерлер қиын жағдайларға тап келді. Сондай кезде әкем мемлекеттік қызметімен қоса, шығармашылық кәсібін бір сәт те ақсатқан жоқ. Соңғы жылдары шығармашылық насихаты үшін барлық шаруасын жиып-теріп қойып кірісті. Шетел тілдеріне аударылуына мықтап күш салды. Алыс және жақын шетелдердегі әріптестерімен керемет достық және әріптестік байланыс орнатып, соның нәтижесінде әкемнің шығармалары қаншама тілдерге аударылды. Үкіметке қарап, алақан жайып қалған жоқ, өзі бел шешіп кірісті. Мәскеуден әдеби агент ұстады. Кейде өзіне өзі әдеби агент болды деуге де болады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары драматургияда өте жемісті еңбек етті. Алматы мен Астанадағы ірі-ірі театрларда, барлық облыстық театрларда спектакльдері қойылды. Қаншама тарихи тұлғаларға арнап деректі өлмес пьесалар жазды. Мұның барлығы әкемнің еңбекқорлығын, шығармашылыққа деген жауапкершілігін, күрескерлігін білдіреді. Алпыс жасқа толған мерейтойы қарсаңында Атырау қаласында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев­тың тікелей қолдауымен «Рахымжан Отарбаев­тың Екінші халықаралық театр фестивалі» өткендігін бүкіл ел-жұрт біледі. Жалпы Атырау дүркін-дүр­кін өткізді ғой фестивальді. Өз еліміздің даңқты тұлғаларын былай қойғанда, шетел­ден қаншама көрнекті тұлғалар қонақ болып келді. Бүкіл республиканың же­текші театрлары бұрын-соңды Атырау топырағында дәл осылай бас қосқан емес. Апта бойы Атырау халқы театр әлемімен, әкемнің сахналық қойылымдарымен алаңсыз табысып сусындады. Әкемнің соңғы сәт-сағаты соғып уақыты келгенде де өңір басшысы өзі бастап қайғылы қазаның бүкіл ауыр-жеңіл жұмысын өз иығымен көтерді. Бүкіл елдің ағалары жұмылды, сол үшін мен ол кісілерге қарыздармын! Ал, Рахымжан ­Отарбаев секілді қазақ қаламгерінің баласы болу – мен үшін үлкен бақыт және сансыз жауапкершілік.

«Өмірден кетерін  сезген сияқты…»

– Әкемнің қоғамдағы болып жатқан түрлі жағдайларға, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасына, әдебиетке деген жеңіл көзқарастарға жалпы көп нәрсеге жүрегі, жаны ауырды. «Қазақстан-Атырау» арнасына берген сұхбатында айтқандай, тіл мәселесі, жастардың жағдайы, дін тақырыбын көп уайымдайтын. Тарихты керемет білді. Экология, жер мәселесі қатты толғандырды. Экология демекші, ол О.Сүлейменов айтқандай алғашқы эколог журналист қой. Талантты жастарға қатты қуанатын. Бір жақсы шығарма не мақала оқыса авторының телефонын тауып алып құттықтайтын. Және үлкен-кіші демей өзі шығарған «Ақ Жайық» журналына шығармаларын жариялап, сол авторға өте жоғары деңгейде қаламақы беріп, қолынан келген көмегін аямайтын. Мен мұны айқын сезіндім.
Өмірден өтерінен аз бұрын жел­тоқ­сан, қаңтар айларында еңбек демалысын алып үйде болды. Анаммен ұзақ сырласыпты. Көп нәрсе айтқан екен. Олар бір-біріне өмір бойы жақын болған соң мән бермеппін. Әкем өмірден өткеннен кейін ғана «бәрін білген, сезген екен ғой» деп ойлаймын. Кейде әкем өз энергиясына өзі өртеніп кеткендей сезіледі…
Әкемнің аяқталмай қалған романы жазу үстелінде қалды.Шығармашылық жоспарын тап-тұйнақтай етіп жасап, тек жазуы қалған романы қалды. «Босқындар» деп атын қойған екен. Жария­­ланбаған дүниелерін біз, жанұясы, бо­ла­шақта оқырманға ұсынамыз, әрине. Қазірде баспагерлермен, зерт­теуші әдебиетшілермен сөйлесіп жатырмыз. Одан бөлек әбден иінін қанды­рып ­дайындап, материалдарын жинаған екі-үш роман, пьесасы қалды. Әттең, әлемдік әдебиетке үлес болып қосылар шығармаларымен әкеммен бірге айырылып қалғанымыз бізге өте ауыр. Қарындасым Қаракөз журналист қой. Әкем қаламымды ұстап қалар деп сенген. Мүмкін… Әке аманаты секілді маған.
Әкеммен есімде қалған ерекше сәт көп, өте көп. Сол санамда сақталып қалған ғажап естеліктердің өзіне іштей шүкір етемін. Өмірден өтерінен тура бір жыл бұрын мен ұлды болдым. Телефонмен «папа, кешір!» десем, «не болды, балам?» деп шошып кетті. «Мен сізді ата атандырдым» деп едім, қасындағы адамдардан сол бойда сүйінші сұрап, қатты қуанды. Сол күні Астана театрында «Әміресінің» премьерасы болып жатқан. Ертеңіне ұшып келді. Өзі Жаһангир деп атын қойды. Фамилиясы – Рахымжан. Содан күнде таңертең Жаһангирінің оянғанын күтіп отырып, бір иіскеп жұмысына кететін.Кейде кешігетін болса, анама хабарласып, «ұйықтап қалмасыншы» деп ескертетін. Міндетті түрде иіскеп, сөйлесіп «енді ұйықтатыңдар» деп бізге беретін. Өзі қарын шашын, тырнағын алып,тура мені баптағандай баптайтын еді.

P.S.

«Әдемі қаламсаптар бар. Көргенде – көзің, ұстағанда қолың қуанады. Бірақ жазбайды. Сиясы сапасыз, иә таусылған…». Иә, көрнекті қаламгердің өзі айтқандай оның әдемі қаламсабы кенеттен жазбай қалды. Сол қаламсаптан түрлі жанрдағы сапалы шығармалар үздіксіз ағылып-төгіліп, арнасынан асып жазылып жатыр еді, кенет тоқтады. Қалам сиясы таусылған жоқ, үлкен жүрек соғысын тоқтатты. Сиясының сапасыздығынан емес, иесінің дәм-тұзы таусылғандықтан…Оның бұл өмірдегі миссиясы біткенмен, қаламгердің екінші ғұмыры басталды. Ендігі жерде кітаптан алыстап бара жатқан менің замандастарым, жаңа буын қазақ қаламгерлерінің, соның ішінде Рахымжан Отарбаевтың отты шығармаларымен келешек дәуірлерге қадам басса екен деген тілектеміз

Жазып алған
Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...