Сәуле Досжан. Анасын іздеген ұл (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
13106

- Менің анамды көрдіңіз бе? Ол қорғансыз болатын. Одан әкем мені тартып алып, қаңғытып жіберіпті, Қазақстанда деп естіп іздеп келемін,- деді бозбала.

Олар Түркиядан ұшып келе жатты. Жанындағы әкесі бір кездегі қатігездігінен Құдайдың қаһарына ұшыраған ба, арбаға таңылыпты. Мүгедек демесең – тап-таза киінген, келбетті, сырбаздығы сыртына теуіп сызданады.

Қос дөңгелекті арба, ұшақтың бизнес-класс бөлімінің кең алаңқайында тұрды. Еркектің белінен төменгі жағы қара барқыт матамен оралған. Баласы жанындағы орындықта. Әкесіне анда-санда бірдеңе деп тіл қатып, әлденені түсіндірген болады. Ал, ол ұзақ жолда өздігінен бір тіл қатпады-ау, сабазың. Кейін білдім, тілі жоқ екен. Құлағы естиді. Газет қарап, кітап оқып келді.

Мен баланың оң жағында отырдым. Ұшақтағы бес сағаттық аспан жолында бұрыннан таныс адамдардай тіл табысып кеттік. Алдымен жөн сұрастық. Одан Қазақстан мен Түркия жайында пікір алмастық. Бозбаланың тілі қазақшаға жатық. Өзі кісі жатырқамайтын ашық, аңқылдаған ақкөңіл екен. Парижде Сорбонна университетінде оқиды. Француз, ағылшын, неміс, түрік, орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Ана тілімді сүйемін! деді. Есіме өз туған топырағында тұрып ана тілінде сөйлей алмайтындар түсті. Мына оғланға деген құрметім шексіз болды. Киім киісі еуропаша болғанымен, кескін-келбеті қазақ жігітінің сұлтаны екендігін көрсетеді. Ана отырған әкесінің жас кезіндегі көшірмесі. Сөйлегенде тілі майда, білімі терең. Менің ұлым болса ғой, шіркін!- деп әр қазақтың әйелі армандайтындай ұл. Айтуынша, анасынан туа сала тірідей айырылып, есі кіргенде өзі іздеп келеді. Алланың сорлы әйелге осындай саналы ұл бергеніне шүкір! Қазақстанның қай түпкірінде екен, алыста қалған ұлын аңсап жүрегі қарс айрылып жүр ме екен, өзі тірі ме екен,- деп ойлап қойдым.

- Апай, маған анамды табуға көмектесесіз бе?! Менің анам сізге ұқсайтын сияқты. Ес біліп, анамды іздей бастағаннан қазақтың әйелі дегендерге сағынышпен қараймын, анама бір ұқсастық іздеймін. Әлі күнге ешқайсысы дәл сіздей жақын әрі жылы көрінбеді. Сізді әуежайдағы шетелдік төлқұжат тексерген жерде байқадым. Көрдім де қалт тұрып қалдым. Жүрегім осы сенің анаң дегендей қатты-қатты соқты. Сіздің балаларыңызға қазақша сөйлеген дауысыңызды естіп жүрегім елжіреді. Мендегі анаға деген сағыныш, аңсау алқымыма тығылып, тас түйін болып қалды. Жанарыма ыстық жас келді...

Әкеме менің анама ұқсайма, жаныма жақын көрініп тұр дедім. «Иә, сенің анаң осы кісі қатарлы шығар. Мен көрмегелі де ширек ғасыр болды ғой. Аман болса, осындай қартаяр еді»,-дегендей сізге қарап таңырқап қалды. Айтуға тіл жоқ, жанарымен ұқтырды.

- Екеуміз ұзақ жылдар сақтап келе жатқан анамның жас кезіндегі жалғыз суретін алып қарадық,- деп маған төс қалтасынан өте бір қымбат затты ұсынғандай қара-ақ түсті ескіріп қалған кәртішкені шығарып ұсынды. Жапон әншісі Мирэй Матьеден басталған sessun шаш қою үлгісіндегі менің заманымның бойжеткені маған қарап тұрды. Ақ жағасының шеті шілтерленген. Киім үлгісі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғынан хабар береді. Аялы қоңыр көздері жуас, жаратылысы момын адам екендігін танытады. Тәмпіш мұрны да мінезінің тік, бірбеткей емес – жұмсақ жаратылыс иесі екендігін сездіреді. «Мынау бір момын байқұс қой, сонысынан ұлынан айырылып жүрген шығар. Мына кінәзсымақтың отырысы жаман, тартып алған шығар»,- деген ой келіп, мүгедек болса да жақтырмай қарадым.

«Ол қорғансыз болатын. Әкемнің туыстары қаңғытып жіберіпті. Қазақстанда деп естіп іздеп келемін. Құдайдың кездестіргені шығар, сізді бірден анама ұқсаттым. Біз жолға жиналғалы үш жыл болды. Бірақ сәті биыл, әрі осы жолы түсті. Әрі сіз де бірден анам сияқты көрініп кеттіңіз!»,- деп жан-дүниесімен ақтарылған жігітке менің шынымен көмектескім келді. «Құдай бізді тегін кездестірмеген шығар. Мына баланы анасымен табыстырып сауабын алайын. Байқұс әйелге ұлын таптырып алып қаңғытып жіберген ана мақұлықтың абыройын төгейік»,- деп бар ықыласыммен әйелді іздеуге араласайын деп шештім.

Ұшақтан түсе олар мейманханаға тартты. Телефон алмасып, мен күтіп алған балаларыммен үйге тарттым. Отбасыммен табысып, сағынышымызды бөліскен соң күйеуіме естігенімді айтып едім, ол «сен-ақ осындай бір оқиғаларға ұшырап жүреді екенсің»,- деп мазақтап сенбеді.

Ертесіне жұмысқа келіп әріптестеріме айттым анасын іздеп жүрген ұлдың мақсатын. Олар сенді. Енді әйелді қалай іздеп табудың жолын бәріміз болып ойластырдық. Естияр бір ағамыз: «сен алдымен барлық болған оқиғаны нақтылап сұрап ал. Шамамен қай қалада не облыста тұрғанын болжа. Түркияға барған ба, не осында туғызып баланы алып кеткен бе, анықта. Содан соң «Хабар» арнасына барып «Қайдасың бауырымды жүргізетін Қымбат Досжанды тауып ал да іздестірушілерімен кездес»,- деп жөн көрсетті. Сол бағытпен із кесе жөнелдім. Алдымен әкелі-балалылар тоқтаған мейманханаға келдім.

Мені Ертуар – анасын іздеген ұл қуана қарсы алды. Тоқтағандары үлкен аппартамент екен. Әкесі де арбасын жылдамдата бастырып ұзын дәліздің бойымен жаныма жетіп келді. Маған күле қарап, қолын ұсынды. Қазақтың бір қызын қаңғытып, бауыр еті баласын тартып алған жексұрынның қолын ұстағым келмеді. Бірақ ата салттан аса алмай, ұсынған қолды қақпадым. Қолы мақтадай жұмсақ, ақсаусақ екен. Киген киімдері мен мына тұрған жайларына қарап, Түркиядағы ауқатты қазақтар екендігін бағамдадым. «Жағдайы жақсы болған соң оқу іздеп не жұмыс іздеп барған менің отандасыма бала таптырып алып қуып жіберген ғой!»,- деп өкпем әлі қара қазандай. Ертуар бөлмесіне мейрамхананы көшіріп алып келгендей етіп дастархан жасатты даяшыларға.

Тамақтана отырып әңгімелестік, мен алған бағытымды түсіндірдім. Ертуардың куанғаннан есі шығып отыр, әкесі де сөз тыңдап, бәрін түсініп, жанары нұрланып, менің әр сөзіме басын изей береді. Бір кезде ұлына иегімен ішкі бөлмені нұсқап былғары сөмке алдыртты. Оның жез ілгектері мен құпия құлпын ашып, ішінен әдемі блокнот шығарды. Мен оның бипазданған әрбір қимылын бақылаудамын. Еркек әлгі блакнотын маған ұсынды да ұлына ыммен бірдеңе білдірді.

- Әкем мынада бәрін жазғанмын, егер латын қарпін таныса оқып шықсын. Бәрін түсінеді,- деді, деп маған аударып берді.

Блокноттың өте әспетті екенін сыртындағы алтын жалата жазылған Түркия деген жазуы мен ағаш пен теңіз бейнеленгенінен байқадым. Мұқабасы – қызғылт көң, қағазы – сарғыштау қымбат қағаз екен. Ұсынып тұрған соң, алдым.

-Латын жазуын ежіктеп оқи аламын,- дедім. Еркек қуанып кетті, оны жанарының отынан байқадым.

Ертуар мені сыртқа дейін шығарып салып, таксиге мінгізіп жіберді. Мен блакноттағы сырды оқығанша үйге асықтым. Табалдырықтан аттағаннан киімімді жүре шешіп, блакнотты қолға алдым. Бас алмай оқып шықтым. Сонымен....

***
Мен ата-бабамның топырағын Қазақстан Тәуелсіздігін алған соң іздеп келіп, бастым. Бұл – Алтай асып қаңғырып, Памир басып қырылып, Анадолы жеріне жұрнағы жеткен бабаларымның асыл мұраты, аналарымның асыл арманы еді. «Азаттықтың таңы атқанын, қазақ туының желбірегенін біз көретін болдық, ата-баба топырағын біз басатын болдық»,-деп қуанған әкем мені ертіп Алматыға тартты. Әкем – Түркиядағы тері өңдеп, жүн иірумен айналысатын ауқатты қазақ еді. Қазақстандағы бауырларымыз ол кісіні сыртынан естіп, мақтаныш етіп жүреді екен. Келгенімізді естіп, құшақ жая қарсы алды. Жалғыз тұяғына баба топырағын бастырған әкемнің шаттығында шек жоқ. Игі жақсы қазақтар әкемді күнде үйіне шақырып, тұрмыс-тіршіліктерін көрсетті. Алдағы жоспар, арман-тілектерімен бөлісіп, арқа да жарқамыз.

Мен де ағайындардың өзім қатарлы бозбала, бойжеткендерімен танысып, достасып бауырларыммен тез тіл табысып кеттім. Күндіз Алатаудың бауырындағы әсем қаланы тамашалап, кешке қарай жастардың басқосуларына барамыз. Сөйтіп сайрандап жүргенде таныстым ғой Толғанаймен. Алып бара жатқан сұлулығы жоқ. Монтиған ғана, ақкөңіл қыз еді. Мұғалімдік институтта оқитын. Айтуынша, ата-анасы қарттар, өте алыс ауылда тұрады екен. Болашақ тағдырым ба, баламның көрер жарығы ма, әкемнің ортасы әйгілі қазақтардың қыздарымен таныстырса да табысып кете алмадым. Не тапқанымды, не тартқанын қайдам албырт көңілді асау сезім арбап Толғанайдан басқа ешкім көзіме көрінбей қойды.

Әкем бір ай туған жердің топырағын басып, елді аралап, сағынышын басып қайтып кеткен Түркияға. Мен Кельндегі оқуым басталғанша тағы бір айға қала тұрдым жастардың ортасында. Әкем «Қазақстан» мейманханасынан бөлме жалдаған еді, сонда қалдым. Үлкен кісі кеткен соң сонда Толғанайды алып келдім. Ол маған ессіз ғашық па, білмеймін, не істесем де көне береді. Менің айтқаным – оған заң. Ол кезде екеуміз де жиырманың маңайындамыз, жастық-мастық дегендей, алды-артымызды ойламаймыз. Қыз болып ол да бәлсінбейді, ертеңгі күнім не болады, абыройым не болады демейді. Күндіз де, түнде де менің қойнымда...

Оған үйленем, еліме алып кетем деп жүрген мен жоқ. Ала жаздай бірге тұрдық та, мен оқуыма кеттім. Телефонмен хабарласып тұрдық. Қысқы демалыста іздеп келдім. Біртүрлі сағынып кеттім. Сірә, да сезімім болған шығар, әйтпесе, сол кеткеннен кете берсем мені іздегенмен Толғанай таппайды ғой. Телефонмен сөйлесіп жүргенде ештеңе айтпаған еді, қарсы алғанда бірақ білдім, екіқабат екен. Іші білініп қалыпты. Мені көріп қатты қуанды. «Енді қайтесің?»,- десем, «Білмеймін!»,- деп мұңаяды. «Сенің балаң ғой, аласың!»,- деп те айтпайды. Енді мен уайымға түстім.

Қанша айтқанмен еуропада оқып, біраз нәрсені біліп қалғанмын ғой, әрі қыздан үш-төрт жас үлкендігім де бар. Ол ауылдың аңқау қызы, тастап, кері қашып кетуге арым бармады. «Түсік жасатайық»,- деп едім, «Болмайды, ол қимылдайды ғой»,- дегені. «Қимылдайды!»,- дегеніне жүрегім елжіреп кетті. Мен анадан жалғызбын. Шешем: «Сенен кейінгі бала түсіп қалды да, басқа көтермей қалдым ғой»,- деп жылайтын. Әкемнің екінші әйелінен алты қарындасым бар. Анамның көз жасы есіме түсіп, «Сен оқуымды Түркиядан аяқтайтын болдым де ата-анаңа. Алып кетейін, сонда босанасың»,- дедім бар тапқан ақылым. Сонда да байқұс қыз «маған үйленесің бе?!»,- деп сұрамайды ғой. Бәріне – мақұл....

Жалғыз кетіп, іштегімен үшеу болып оралдым. Мені әке-шешем әрине, ренжіп қарсы алды. Сонда айттырып қойған қыз бар еді. Әкесі беделді болған соң, әкем оның қызын алуды маған бұйырған. Басым дал болды. Маған Толғанайды қоспасы анық. «Енді қайтеміз?»,- дей берем анама. Ол еркекке қарсы келе алмайтын, жылай береді.

Толғанайды бәйбішесімен – менің анаммен тұруға үкім шығарды да, мен әкем Келньге өзі әкеліп салды.

- Босанған соң баланы алып қалып, қызды қаржымен еліне қайтарамын, сен оған дейін оралушы болма!,- деп әмір берді. Қабақ қатулы, баласының шала ісі жанын жеген әке қош деместен мен сабақта жүргенде кетіп қалыпты...

Толғанай мамырдың ортасында босанды. Менен кейін шаңырақта болмаған жақсылықты шақырып – ұл босанды. Әкем өзі хабарлады, даусынан қуанып тұрғанын байқадым. Алты қыздан кейінгі әулете тулыған еркек кіндік. Сол қуаныш үшін Толғанайды қайтармас деп ойладым. Оны ішім де қимайды. Қалай болғанда да әкем алдымен айттырған қызды алдыртаны белгілі. Өлмей, аяғымен келген немені менің төсегіме жолатпасы, бәйбішелікке алдырмасы анық.

Толғанайды көрсе көңілі бұзылады деді ме, мені оқуыңды жалғастыр деп, мұхит асырып Америкаға жіберді. Менің бейшаралығым – айтқанынан шыға алмай, кете бардым. Анаммен хабарласып, жағдай сұрасам, баланы үш күн еміздіріпті де бауыр басып, иіп кетеді деп Толғанайды Қазақстанға қайтарыпты.

Қолдан келер қайран жоқ, іш қазандай қайнайды. Тек әкеме телефонмен:

-Анасына обал емес пе?! Балаға да қиын..,- деп міңгірлеп едім:

- Басың жас, әлі талай қатын аласың. Ана бейшара шешеңе Құдайдың бергені шығар, алданыш етсін, сен алыста жүргенде. Атын –Ертуар қойдым. Бұл- менің кенжем енді,- деп шорт қайырды.

Тағы бірдеңе деуге менде қайбір күш бар, Тістеніп қала бердім...

Сол кеткеннен АҚШ-тан бір жылдан соң бірақ оралдым. Құрылыстың дәурені жүріп тұрған заман еді. Сол саланы терең меңгеріп алу үшін бар күш-жігерімді салып оқып оралдым. Әкемнің мерейі өсіп, мәртебеленіп қалды. Мені дереу досының қызына үйлендірді. Менің тұғңышым, әкемнің кенжесі – Ертуар ханзада, қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүр. Анамның жаны соның үстінде.

Мен ес білгелі жанары тұнжырып, үйдің күйбің тірлігінен босамайтын бейшара анамның өміріне мына сәби өз сәулесін төккенін байқадым. Оған қараған сайын Толғанай есіме түседі. Аяп, елжіреп, есіме алып, қайда жүр екен деп ойланып кетемін. Арым іштей жанымды жейді.

Біздің шаңырақтың бар қызығы, қуанышы – Ертуар. Әттең сол қызыққа оны жарық дүниеге әкелген ананың ортақ болмайтыны жүрегімді ауыртты. Алланың оған берген бақытын, біз-адамдар тартып алдық.

Әкем алып берген келіншегім де момын болып шықты. Үндемей, үй тірлігімен айналыса береді. Күні бойы маңыма жоламайды, тек түнде төсегіме келеді. Сөйтіп жүргенде екі қызға әке болып та қалдым.

Бұл кездері әкемнің дәулеті дөңгеленіп, еселене түсті. Сәті түсіп Қазақстаннан мейманхана ғимаратын салатын тендер ұтып алдық. Мен басшы ретінде ата жұртқа жиі барып тұрдым. Іштей, үнсіз Толғанайды іздеймін. Оны танитын бір адамды білмеймін сұрастыратындай. Баяғыда қайда оқитынын анықтап сұрамаппын да. Ортақ бір танысым жоқ екен. Содан көшедегі әйел атаулыдан Толғанайға ұқсастық іздей беремін. «Ол –жас, жуас еді ғой. Жүнжіп ауылына кетіп қалған шығар. Мынау мегополисте бір жанашыры жоқ болатын»,- деп ойласам көкірегім қарс айырылады. Толғанай ішімдегі бітеу жараға айналды.

Мейманхана құрылысын аяқтап, абыроймен тапсырған соң Қазақстанға келуді қойдым. Стамбулдағы тірлігім жақсы жүріп, соған алданып кеттім. Бірақ өтіп жатқан өміріме көңілім толмайтын, бір жоғым бар сияқты болатын да тұратын. Достарыммен қыдырысым көбейіп, саяхаттардан, жолсапарлардан басым босамай жүретінмін. Сол шабылыстардың бірінде жол апатына түстім...

Көп асқанға – бір тосқан болды ма, әлде Толғанайдың көз жасы ұрды ма екі аяғым белден төмен істемей – сал болдым. Көз көреді, құлақ естиді, бірақ тілден айырылдым. Әкем Еуропа топырағында апармаған клиникасы, қаратпаған дәрігері қалмады. Анам байқұс та жылап-еңіреп жүріп емші-балгерге де сүйреді. Ешбір дауа болмады. Әкем менің дертімнен шөгіп қалды. Екеуміздің де ендігі бар үмітіміз – Ертуар болды. Жақсы жігіт болып өсіп келе жатқаны көңілімізге қуаныш. Париждегі Сорбонна Университетінде білім алып жатты.

Ертуар кішкентайында апамнан тудым деп жүргенімен мүшелге шыға анасын іздей бастады. Қатындар жүрген жерде сөз жата ма, «анаңды атаң, әжең, әкең бірігіп сені туғызып алып Қазақстанға қуып жіберген»,- деп құлақтандырып қойса керек. Апасының жанын жеп сұрай берген соң анам:

- Ол сені тастап Қазақстанына қашып кетті. Әкең ол кезде

АҚШ-та оқып жүрген,- деп мені қорғаштап бірдеңе айтыпты.Сонда битімдей бала:

- Басына күн тумаса, ешбір Ана баласын біреуге беріп қашып кетпейді. Бұл соғыс заманы емес, яғни оның басына күн туған, мен оны тауып алып анығын білемін,- депті ғой, түйсігін қарасаңызшы. Анам есі шығып, біраз күн маған айта алмай жылапты. Содан болған жайды әупірімдеп жүріп Әкеме жеткіздік. Ол күші де, қаһары да қайтып, аурудан әруақтай болып қалған еді.

- Әйтеуір сол баладан айырылып қалмаңдар, сорымыз қайнап қалмасын. Шындығын айтып, табылса шешесін тауып беріңдер, соның көз жасы шығар, мына халіміз»,- деді бір кезде айға атылардай арыстандай болған қайран әкем дауысы дірілдеп. Міне, содан бері біз оның анасы – Толғанайды іздеумен келеміз...,- деп аяқталыпты жазба.

Ежіктесем де соңына шыққанша үзіліс жасамай түгіл оқып шықтым. Бұл кісі маған беру үшін түнімен жазып шықпаған шығар, баяғыдан ақ қағазға жан дүниесіндегі арпалысты ақтарып жүрген ғой шамасы.

Сәресімді іше салып, Тәуелсіздің даңғылындағы «Хабар» арнасының бас ғимаратына тарттым. Сұрастырып жүріп Қымбат сіңлімді тауып алып, танысып, барлық сырды ақтардым. Еркектің қолжазбасын көрсеттім. Қымбат Толғанайдың суретін алып келіңіз, ұлы келіп іздеуге өтініш жазсын,- деді.

Мені Ертуар мен әкесі тіпті даладан қарсы алды. Екеуі мейманхананың маңындағы саябақта қыдырыстап жүрпті. Жазбасын оқып, жағдайын түсінді деді ме, еркек бұрынғыдай төменшіктемей, жанарын жанарыма қадап, қолымды екі алақанының ортасына салып, қысып амандасты. Ертуар анасын түбінде мен тауып береді деген сенімде жүр.
Түс әлетінде Толғанайдың суретін алып бала екеуміз телеарнаға бет алдық.

-Апай, суретті көшіртіп берейікші, әйтпесе анамнан қалған жалғыз көз ғой,- дейді көңілі қобалжыған ұл. Өзі бір көрмеген, тастап кетті дегендердің сөзіне сенбей, анасын шырылдап іздеп жүрген баланың адамгершілігіне разы болдым. Әйтпесе, ішкені алдында, ішпегені артында молшылықта өскен, әлем мойындаған алты тілдің төртеуінде таза сөйлеп, Еуропа мен АҚШ-тың ең беделді оқу орындарынан білім алған жігіттің бойынан қазақылық есіп тұрды. Басқа бір санасыз, көкірегінің сәулесі, жүрегінің мейірі жоқ біреу болса барына настанып, ішіп-жеген, көргеніне мәз болар ма еді. «Е, мені тастап кетіпті ғой, несіне іздеймін!»,- деп елдің сөзіне сенер еді де, қайта шешесіне өшпенділігі өсе түсер ма еді. Әл-Фарабидің тәрбиесіз берген білім қауіпті,- деген сөзі бар .Ертуарға жақсы білім мен бірге жақсы тәрбие берген атасы мен әкесінен, жылы жүрек, салқын ақыл сыйлаған Алладан айналдым.

Қымбат та бізді көргеннен қуана қарсы алып, қолжазбаны оқып шыққанын айтты. Суреттің көшірмесін беріп, өтініш толтырып, іздеуші ұлы мен әкесі, ата-әжесінің суреттерін қоса тапсырып, қайттық. Есіме «Айқын» газетінің басшысы – Нұртөре Жүсіп мырзаға айтсам қайтеді, суретті жарияласа қолжазбамен, біреу болмаса, біреу танып қалар»,- деген ой түсті. Жазған құлда жазық жоқ, Ертуарды жетектеп алып «Айқын» газетінің редакциясына келдім. Бас редактор Нұртөре Жүсіп қайным еді. Мен келеді дегеннен газеттің қым-қуыт шаруасын қия салып, қарсы алды айналайын. Ертуарды таныстырдым. Қолжазбаны бердім. Суреттің көшірмесін қоса тапсырдым. Ұлтжанды, адамгершілігі зор көсемсөзші емес пе, жағдайды бірден түсініп, орнына қайта тұрып, Ертуарды бауырына басып, маңдайынан сүйіп амандасты.

«Жеңеше, бүгінгі газетті алдыңыздар ма?!»,- деп таң азаннан жарқылдап телефон соғып тұр ғой.

Ертеңіне «Анасын іздеген азамат»,- деген тақыбы айқайлаған мақала газетте жарқ етті. Толғанай мен Ертуардың бейнелері ортасына басылды. Ішінде қолжазбаның жан толғантар тұсынан үзінділер де бар. Нұртөре Жүсіптің жылдамдығына, сөз толғауының шеберлігіне таң болдым.Түс ауа барған біздің сырымыз таң атқанша тасқа басылды да, таң ата оқырман қолына тиді ғой. Міне, журналистік жылдамдық, ой ұшқырлығы дегеніңіз, техника заманымен үндесіп жатыр.

Ғимараттың төменгі қабатындағы дүңгіршектен газеттің бес данасын сатып алып Ертуарға құстай ұштым қуаныштан.

- Алла ісімізді оңдайтын шығар!,- деп Ертуар құшақтап сүйіп, әкесі қолымды маңдайына тигізіп, газетті кеудесіне басып мәре-сәре болды. Сенбінің кешінде «Қайдасың бауырымнан» аналы-балалы екеуінің суретін көрсетіп, тарихтарынан көрерменді құлағдар етті.

Содан көңіліміз күпті. Бір сүйінші хабар күтудеміз. Өзім жоғалған ұлымды тауып алатындай толғатып жүрмін. Жер түбінен жеткен ұлдың үміті, менің бар шаруамды тастап шапқылаған еңбегім ақталса екен. Күйеуім, балаларым бәрі тілектес болып жүр. Қазақтың салтымен Ертуарды әкесімен меймандыққа шақырып, төр көрсеттік. Ертуар күйеуіме қатты ұнады. Мынау бір ел билейтін бала болғалы тұр екен. Әттең, осы білімін Қазақстанға келіп, ел пайдасына жаратса ғой!,- деп қояды.

Сенесіз бе, сенбейсіз бе, ертесіне бір әйел хабарласты телефоныма. «Мен Толғанай Берсінбаеваны бірден таныдым. ЖЕНПИ-де тарих факультетінде бірге оқығанбыз. Екінші курста оқудан шығып қалған»,- деп тұр. «Арғы тарихын білмеймін, өзін суреттен таныдым»,- деді. «Білесіз бе, қайсы облыстан еді?,- деп мен де қоймаймын тақымдап, ең болмаса туған жерін білейін деп. «Осы Алматының маңайынан, Нарынқол жағынан болар. Қытаймен шегараласпыз, -дегенін естігенім бар. Өзі көп сөйлемейтін, тұйық қыз болатын.,- деді бар білгенін ақтарып хабаршым. Теледидар да іздеп жатты ғой, бірақ «Айқынға» бергеніміз жақсы болыпты. «Газет халықтың көзі һәм құлағы»,- деген рас екен, халық көзбен көріп, құлақпен тарата бастады. Енді «Толғанай Берсінбаева»,- деп іздеуге көштік. Алматы облысы бойынша мұрағаттардың анықтама бөлімдеріне сұрау жіберттік. «Хабардан» аты-жөнін толықтырып айтып тағы хабарланды.

Газеттің қолдан-қолға, құлақтан құлаққа жылдам жетітініне тағы куә болдым. Ертеңіне тағы бір әйел телефон шалды. Ол тіпті Толғанайдың курстас досы болып шықты. Солай да солай... Баласын тартып алып, Толғанайды қаңғытып жіберген ана оңбаған бай түріктер туралы да маған айтқан. Түркияда келген соң оқуын қайта жалғастыра алмады. АХБК-ге жұмысқа тұрып, жатақханасында жатты. Содан келер жылы өзінің еліндегі бір танысына күйеуге шықты. Ол әйелі өлген, үш баласы бар, қойшы болатын. Байғұс Толғанай сонымен қой бағып, тау асып кетті. Хан Тәңірінің етегінде жайлауымыз бар дейтін. Одан кейін хабарым жоқ!,- деді.

Естігенімді әкелі-балалы екеуіне жеткізгенімде Ертуар:

-Сорлы Анам!,- деп жылап жіберді. Кінәлі әке ұлының бетіне қарай алмай, жер шұқыды. Шыдай алмай арбасын жылдам-жылдам дөңгелетіп жатын бөлмесіне тартты. Мүмкін ол да оңашада жылап жатқан болар...

Бір жетіден соң Қымбат хабарласты:

- Таптық!,- деп бірден сүйінші сұрады. Қуанып тұр.

Менің де жүрегім ауызыма тығылды. Екеуміз кездесіп мән-жайды талқыладық. Шынымен сол ма, нақтылау керек еді.

Алла да Толғанайға қарасты ма, байғұс қыз кезіндегі тегін ауыстырмапты. Сол арқылы оңай тауып алуға жол ашылды. Алматы облысының қытаймен шегаралас «Қ» деген елді мекенінде өмір сүріп жатыпты. Жолдасы – қойшы. Алты баланың анасы болыпты. Суретті факспен жіберіп аудандық ішкі істер басқармасы арқылы тағы анықтап алдық. Дәл өзі деген жауап келді.

- Ал енді, ол – алты баласын, бағып отырған малын тастап бізге келе алмайды.Біз баруымыз керек,- деді жас болса да көпті көріп, талайды табыстырып жүрген Қымбат.

- Біз болғанда кімдер? Жарымжан еркекті несін әурелейміз, ұлды алып кешікпей жолға шығайық,- дедім мен өз жағымды түгендеп.

- Толғанайдың жайлауы Шәлкөде деген жерде көрінеді.

Ол Тян-Шань тауларының қойнындағы қырат. Оған анау-мынау көлік көтеріле алмайды. Белі мықты машина керек.,- деді Хабардағылар.

-Не проблема?,- деді әңгімені тыңдап отырған Ертуар. Жағдайды түсінген соң:

- Тікұшақпен неге бармаймыз?,- дейді.

-Біздің елде тікұшақпен жәй адамдар ұшпайды. Оны төтенше жағдайда не медициналық көмекке пайдаланады. Тау-тасқа еркін шығатын джип деген мықты көлік бар, соны тапсақ жарар еді ,- дейміз біз.

- Тікұшақты жалдауға болмай ма?!,- дейді ғой байдың баласы. Біз көзіміз бақырайып бір-бірімізге қараймыз. Ұшақ жалдапты дегенді кім естіген дейсің. Есіме әжем айтатын аштықтан ойнауға шамасы жоқ кедей баласына байдың баласы Сыр күрішке тойып алып ойнай бермейсің ба?,- депті дегені түсті. Жанымдағыларға сол аңызды айтып беріп бір күліп алдық.
Журналистерді араластырып жүріп Ертуардың қыруар ақшасына жалданатын тікұшақ таптық. Анасын аңсаған ұлда ес жоқ, қуанып жүр, не десе де көнеді. Әйтеуір анасын көргенше асық....

Сонымен, «Хабардың» продюссері, журналист пен операторы бар, Ертуар екеуміз болып, ұшқышпен алты адам көкке көтерілдік.

Алматыдан шықса бір тәулік уақыт кететін Шәлкөденің жайлауына бір сағаттан аса жетіп келдік. Жасыл жайлаудың жазығына қонған тікұшақты шопандар қоршап алды.

-Келеді деген хабарларыңызды естігенмен, дәл осындай аспаннан түсе қалады деп ойламап едік,- деп Толғанай қарсы алғанда жүрегі жарыла қуанды. Анасына аспаннан баласын түсіріп бергендей болдық қой.

Толғанайдың күйеуі нағыз ертегінің батыры дерсің. Сүйекті, ақ көңіл, нағыз аузын ашса жүрегі көрінетін жан болып шықты. Жағдайдың білген соң, балам келді деп қуанып бір тайды алып ұрды да, бата алып бауыздап жіберді. Біз хикаямызды айтып шыққанша ана мен бала бір-біріне жолай алмай тұрды. Бірі – анасы, екіншісі – баласы екендігін білгендегі табысқандарын көрудің өзі бізге оңай болмады. Хан Тәңірінің бауырындағы хан жайлауында отыз жыл екеуі екі мемлекетте жүрген ана мен бала жылай құшақтасқанда – тау тебіреніп, жер қозғалғандай. Көрген жан тебіреніп, сол маңда Күн тұтылды деуге де болатын еді. Толғанайдың ержетіп қалған төрт ұлы әкелерімен бірге қолды-аяққа тұрмай қызмет жасап жүрді, біреуі ет жайғап, екіншісі дастарханға бас-көз болып, үшіншісі қонақтарды күтіп шапқылайды. Көздерінен от жанады. «Таудың жігіттері осындай болады!»,- деп ұшқышымыз оларға қызыға қарайды. Операторлар әр сәтті қалт жібермей түсіріп жатыр. Журналист маңайындағы әрбір адамды сұхбатқа тартып өз ісін атқаруда. Келесі сенбідегі «Бармысың бауырымның» негізі салынып жатты.

Бесін ауа Шалкөдедегі ат тұяғы жетер, құлақ естір жердегі малшылар құлақтанып Дәутәлі жайлаған төбеге жиналып жатты.

Толғанай ақ орамалы желбіреп, көк көйлегі көлбеңдеп, қуаныштан жүрегі алып-ұшып, барын дастарханына төгіп, бабына келген бал қымызын сапырып-сапырып ұсынуда қонақтарына.
Жат жерде күдері үзіліп қалған ұлы ат жалын тартып мініп өзі іздеп келгенінен байғұс ананың бақыттан жүзі бал-бұл жанып, баласына көзі тоймай қарай береді. Ертуар да менің ұлым осылай болса дейтіндей-ақ оғлан ғой, қалай қарамасын.

Жиналған қауым әуелете ән салып, күмбірлете күй төгіп, небір әңгімелерді айтып тамсанып, түнді таңға ұластырып той тойлап, ана мен баланы табыстырып тарқастық.
Малды өріске шығарар алдында тойшы қауым анасын іздеп Анадолыдан келген ұлмен қимай қоштасып, тікұшаққа аттың үстінде отырып қол бұлғап тұрды...

Сәуле ДОСЖАН:

author

Сәуле Досжанова

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...