М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 2020 жылдың қыркүйегінде жариялаған «Монодрама&r...
Дархан Өмірбек: Колумбия университеті «қайта қалыптасуыма» көмектесті
Назарларыңызға АҚШ-тағы ЖОО-лар арасында үздік бестікке кіретін Колумбия университетінен журналистика мамандығы бойынша білім алған Дархан Өмірбектің The Steppe сайтына берген сұхбатының бірінші бөлімін ұсынамыз. Онда Дархан Қазақстандағы естеліктерімен, журналистиканы таңдау себептерімен, «Болашақ» бағдарламасы және оқу жайындағы ойларымен бөліскен екен.
— Дархан, оқуыңды аяқтауыңмен құттықтаймын. Колумбия университетінің Журналистика мектебін бір ауыз сөзбен қалай сипаттар едің?
Колумбия журналистикасы бұл – Пулицер премиясы, бұл — Нью Йорк Таймс пен Уолл Стрит Джоурнал секілді белді басылым мамандарынан тәлім алу; бұл — әлемнің микро моделі саналатын Нью-Йорктің мәдениетімен жақын танысу; бұл — 300-ден астам медиа компания қатысатын Мансап ЭКСПО-сы дейтін жұмыс жәрмеңкесі.
— Журналистика мектебіне түскен қазақтар көп пе әлде сен біріншісің бе?
Қазақтар Колумбия университетінің журналистика мектебіне түсуге әуес емес. Журналистикаға қызығушылық жоқ па, әлде талабы ауыр ма білмедім. Бірақ мен бірінші емеспін. Менен дәл бір жыл бұрын Мадис Кабаш есімді қыз оқыған екен. Мен екіншімін, бірақ соңғы емеспін. Биыл тағы бір қазақ Колумбия журналистика мектебінде білім алмақ. Әлия Өтеуова есімді еңбекқор қарындасымыз «Дата журналистика» бағдарламасына түсті. Бірақ Мадис те, Әлия да өз күшімен түскендер. Мен секілді «Болашақ» бағдарламасының сүйемелдеуін қажет етпеген.
— Түсінікті, оқу ерекшелігіне тереңдемес бұрын, өзің жайлы айтып кетсең?
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Ынтымақ ауылында туып өстім. Кішкентайымнан математикаға жүйрік болсам да дискуссияға құруға, өз ойымды айтуға әуес болатынмын. Мектеп бітіруге таяғанда соңғысы басым түсіп, 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі «саясаттану» мамандығына оқуға түстім. Мектепте үздіктер қатарында болғаныммен жаңа ортада өзімді қалалық құрдастарымнан үйренерім көп екенін байқадым. Қатарға қосылу үшін сабақтан тыс көп ізденуге тура келді. Соның бірі тіл мәселесі. Ауылдан шыққан соң қазақ тілінен өзгені білмедім. Ал Алматыда білім алу үшін орыс тілі мен ағылшын тілі ауадай қажет еді. Қуанышқай орай, жатақхана бөлмесінде орыс тілді жігіттермен тұру бұйырып, орыс тілін солармен тілдесе жаттықтырдым. Жаз айларында ағылшын тілі курсына барып жүрдім.
— Университет қабырғасындағы естеліктермен бөліссең?
Студенттік шақ Алматыда пікірсайыс қозғалысының жанданып тұрған кезеңіне дәл келді де, университеттік «Алтын сапа» және қалалалық «Азамат» пікірсайыс клубтарына мүшелікке өтіп, жарыстарға қатысып жүрдім. Курстас досым Нұрсұлтан Құрман екеуміз «Парламент » фракциясын құрып, бірқатар жарысты жеңіп шықтық. Бір қызығы дәл сол «Парламент» деген атаумен Нұрсұлтан екеуміз факультет-аралық КВН жарыстарына қатысып тұратынбыз. Үш жылдың ішінде үш кубок алдық. Екі рет қазақ лигасында жеңіске жеткен соң, орысша ойнап көрейік деп ол жерде де жеңіске жеткенбіз.
«Азамат» клубы студенттер арасында танымал еді, себебі клуб негізінде «Хабардың» серігі «Еларнадан» пікірсайыстың телевизиялық нұсқасы көрсетілетін. Орыстілді «Город будущего» бағдарламасының баламасы еді. Ауылда туғаннан ба, экраннан көріну қызық болатын. Ондаған пікірсайысшының ішінен іріктеліп, эфирге шығу жетістік саналатын. Жалт етіп көрінсек те, туған-туыстар хабарласатын, оны естіп біз қуанатынбыз.
Аптасына бір рет эфирге шығатын бағдарламаға пікірсайысшы ретінде қатысу үшін клуб ішінде қызу іріктеу болатын. Тақырыптар көбіне «иә/жоқ» форматында болып, жақтаушы және даттаушы тараптарына екі-екі адамнан іріктелетін. Мектепте әдебиетке әуесім болмағаннан ба, тіл байлығым төмен еді. Оның үстіне дикциям да нашартұғын. Сөйтіп ылғи эфирге өтпей қалатынмын. Бір кездері телебағдарламаға қатысу сәттіліктің өлшемі іспеттес көрінді. Қатардан қалмау және экраннан көрінуге деген балалық қызығушылық бір қулыққа әкелді. «Дарвин ілімін мектеп бағдарламасына алып тастау керек пе?» «Желілік маркетинг дұрыс па?» дейтін сарындағы тақырыптарда бір тараптың позициясы күштірек көрініп, пікірсайысшылардың көбі сол жаққа таласатын. Қарсы тарапқа шығуға ынта білдірушілер ылғи да аз еді. Ол кездері ауылдан келген қазақтілді студент-жастар жаппай дінге бет бұрып жатты. Сол себепті «Азамат» клубындағы пікірсайысшы құрдастарымның көбі «Дарвин іліміне» қарсы болды. Желілік маркетингті де көбі қолдай қоймайтын. Ол кезде «желілік маркетинг» пен «қаржылық пирамида» егіз ұғым болып, адамдардың көбі ол туралы теріс пікірде болатын. Қарсы тарапқа шықсам, эфирге өтетінімді түсіндім. Сөйтіп эфирге шығуым жиілеп кетті. Бір қызығы, позициям әлсіз саналғанымен, жұрт мені жеңіледі деп ойлаған тақырыптардың барлығында дерлік жеңіп шығатынмын.
— Журналистикаға қалай келдің?
Үшінші курсты аяқтар кезде, «Азамат» бағдарламасының продюсері Рахат Жақсыбай бағдарламаның монтаж жөніндегі редакторы болуға шақырды. Ол кезде біршама құрдасым оқумен қатар жұмыс істеп, өз күнін өзі көретін. Ақшадан тарыға қоймасам да, соларға қызығатынмын. Стипендиям бар, әке-шешем ақша жіберіп тұратын. Дегенмен, жұмыс істеп істеп ақша табу есеюдің белгісі болды ма білмейм жұмыс істеуге деген ниетім зор болды. Сөйтіп, телеарна саласынан бір-ақ шықтым. Бірақ мен үшін редакторлық қосымша ақша табыс әкелетін уақытша ғана кәсіп болды. Ешқашан журналист боламын деп ойламадым. Арасында газеттерге колонка жазып тұрғаным болмаса, өзімді бұл саладан көрмедім.
Кейін 2011 жылдың желтоқсанында «Азамат» бағдарламасы жабылып, редакторлық құрам толықтай «Қазақстан» арнасына ауысып, ондағы «Алаң» және «Айтуға оңай» бағдарламаларда сол баяғы монтаж редакторы болып жүрдім. Бірақ 2013 жылы магистратура аяқталар тұста, «уақытша кәсіптен» бір жола кетіп, өзімнің төл мамандығым cаясаттануға қатысты жұмыспен айналысам деп шештім. Неге екенін білмеймін, сол кезде саясаттанушы болудың шыңы аналитикалық мақалалар, баяндама жазу саналатын. Сөйтіп, «Қазконтент» АҚ аналитик болу ұсынысы түсіп, Астанаға көштім. Ол кезде «Казконтент» интернет-компания болатын. Жұмысым сараптама жазу еді. Сол жылдары «Казконтенттің» стратегиясы мен бағыты өзгеріп, медиа компания болып шыға келді де БАҚ-тан бір жола кеттім деп жүргенде келген жерім де медиаға айналды. Арасында блог жазып тұратын әдетім бар еді, басшылық ақыры жазуға қызығушылығың бар екен деп «El.kz» сайтына редактор болып ауысуға шақырды. Бір жылдан кейін редактордан жоба жетекшісіне көтерілдім.
— Колумбия университетінің Журналистика мектебіне қалай түстің?
Алдымен 2015 жылғы желтоқсанда «Болашақ» бағдарламасына стипендиаты атандым. «БАҚ редакциясының қызметкері» деген жеңілдік санаты бойынша тапсырғанмын. Жеңілдік санаты дегеніңіз сізге «Болашақ» стипендиясы есебінен бір жылға дейінгі тілдік курстан өту мүмкіндігі беріледі. Стипендиат атану үшін университеттен шақырту алу міндетті емес. Тілдік курстан өткен соң университетке түсуге бір-екі жыл уақыт беріледі.
— Тілдік курсты қайдан өттің?
Мен түскен жылы «Болашақта» кішігірім өзгеріс болып, «6+6» саясаты енді. Оқуға түскелі отырған елдің тілін алты айға дейін Қазақстанда және алты айға дейін оқу елінде меңгересіз. Бұрын тілдік курс бір жарым жылға созылатын және тұтастай шетелде өтетін. «Болашақ» бағдарламасының іріктеу кезеңінде ағылшын тілі емтиханынан алған ұпайым төменгі көрсеткіштен жоғары болып, Қазақстандағы тілдік курс алты айдан үш айға қысқарып, үш ай аптасына бес күн таңғы 10:00-ден кешкі 6:00-ға дейін ағылшын тілін оқыдық. Оқу елім АҚШ болған соң, қалған алты айды сол елде өткізетін болдым. Таңдау Калифорния штаты Дэвис қаласындағы Калифорния университетінің (UC Davis) тілдік бағдарламасына түсті.
— Дэвистегі тілдік курс көңілден шықты ма?
Әрине. Колумбия университетінің Журналистика мектебіне түсу үшін IELTS емтиханы бойынша 8.0 алу керек болатын. Оқуымның бесінші айында тестке жазылып, қажетті балға қол жеткізе алдым. Cонымен қатар, жазу техникасы сабағында АҚШ университетіне түсуде үлкен рөл ойнайтын мотивациялық хатты (statement of purpose) әзірлеп қойдым. Оқытушымыз Джил Ван Зантеннің жетекшілігімен эссемді екі ай бойы жаздым. Қолым бос кезде резюме және эссе жазу ақпараттық сессияларына қатысып жүрдім. Сондай-ақ, cөз еркіндігі турасында бір колонкам жергілікті Davis Vanguard дейтін онлайн басылымда жарияланды. Америкада журналистика мектептеріне түсерде барлық университет жұмыс үлгісін сұрайды (work samples) және ол мейлінше ағылшын тілінде болуы тиіс. Қорыта айтқанда, тілдік курстың соңында менің қолымда IELTS сертификаты, мотивациялық хат және ағылшын тілді басылымда жарық көрген жазбам болды. Осы үш нәрсе оқуға түсуімді едәуір жеңілдетті.
— Бұдан басқа қандай талаптар бар?
Университетке байланысты. Мысалы, Колумбия университетіне келер болсақ, ағылшын тілі сертификатынан бөлек, екі эссе өткізу керек болды: біреуі кәсіби, біреуі жеке өмір туралы. Сонымен қатар, кемі үш жұмыс үлгісін сұратты. Құжаттардың бәрін өткізгеннен соң, журналистика мектебінің жазба емтиханын тапсырдым. Үш сұрақ берді, соған жауап жаздым.
— Емтиханда қандай сұрақтар келді?
Ең әуелі соңғы алты айда есімде ерекше сақталған жаңалықты атап, журналистердің сол жаңалықты қамтудағы жіберген қателіктерін сұрады. Екінші тапсырмада әлемге әйгілі саясаткерлерлердің тізімінен біреуін таңдап, сұхбат алу мүмкін болса қандай сұрақтар қоятынымды жазу керек болды. Үшінші сұрақ әлеуметтік желі мен журналистиканың ара қатынасы туралы еді. Айтпақшы, емтиханды онлайн тапсырдым. Түйіндейтін болсақ, төрт критерий бойынша бағаландым: тілді меңгеру, эсселер, жұмыс үлгілері және емтихан.
— Талаптар университетке байланысты деп қалдың, басқа қандай оқу орындарына құжат тапсырдың?
«Болашақ» бағдарламасының талабы бойынша кемі бес университетке құжат тапсыруымыз керек. Колумбия университетімен қатар, Остиндегі Техас университетінің, Калифорниядағы Беркли университетінің, Оңтүстік Калифорния университетінің және Мичиган университетінің журналистика мектептеріне құжаттарымды жібердім. Шындығында, бастапқыда негізгі таңдауым Беркли университеті болатын, себебі ол жердегі оқу ұзақтығы — екі жыл, ал Колумбия университетінде — 10 ай. Бұрын-соңды шет елде білім алмаған соң, алғашқы семестр бейімделуге кететіндіктен, 10 ай тым аз деп ойладым. Беркли университеті іріктеу кезеңінің екінші кезеңіне өтіп, университеттегі журналистика факультетінің түлегі менен сұхбат алды. Сұхбатымыз жақсы өтіп, соңында сұхбат алушы батасын беріп, Фэйсбукте достық ұсынып, Инстаграмдағы парақшама жазылды. Сөйтіп оқуға түсетініме сенімді болып жүргенімде, қабылдау комиссиясының шешімі теріс болып шықты. Шешім 2018 жылдың ақпанында белгілі болды. Бұл кезде Колумбия университетінің шешімі әлі жоқ еді. Есесіне Техас университеті шақыру жіберіп қойған. Егер Беркли университетіне түспесем, Колумбия университетінің журфагына сірә түспеспін деп ойлап, Техас университетінің ұсынысына келісім беріп, Остинге кетуге ойша дайындала бастағанмын.
— Бірақ Колумбия университетін таңдадың ғой?
Иә. Ол бір қызық оқиға болды. Наурыздың 15-нен 16-на қараған түні электронды поштама хат келді. Түн ортасында шөлдеп су ішуге тұрғанмын. Сағатқа қарайын деп телефоныма бір қарап едім, Колумбия университеті қабылдау комиссиясының шешімі деген хат келгенін көрдім. Ұйқым ашылар деп хатты оқымастан жата кеттім. Қызығы сол, келесі күн – менің туған күнім. Жұмыс күні болғандықтан таңертең ерте тұрып, таңғы шәйімді ішіп отырып, әлгі хатты аштым. Басы «...құжат тапсырғаныңызға көп рахмет. Биыл бәсеке мықты болды...» деп басталған. Әдетте теріс жауап осылай басталады. Тағы бір сәтсіз қадам болды ғой деп күрсіне бастап ары қарай оқи бердім. Комиссияның шешімін білу үшін сілтемеге өтіңіз деп тұр екен. Өту белгісін басып қалсам, «Құттықтаймыз» деп басталған жаңа хатты оқып сенер-сенбесімді білмей қалдым. Бірақ, сізге өтірік маған шын, секіріп қуанатындай күй болмады. Біртүрлі болып қалдым. Әбден Остинге барамын деп дайындалып қойғам. Таңдауымды қиындатып жіберді. Аз-мәз ойланып Техас университетіне бара берермін деп ойладым. Себебі ол жердегі оқу да Беркли университетіндегідей екі жылға созылады және докторантураға түсу мүмкіндігі бар. Ал Остин консерваторлар штатындағы либерализм оазисі саналатын. Екі университеттегі бағдарламалардың артықшылықтары мен кемшіліктерін тізіп достарыммен, ұстаздарыммен ақылдастым. Көбі таңдауың дұрыс деп қолдау білдірді. Көңілімді қимады ма білмеймін. Колумбияны тастап Техасты қалай таңдайсың деп аң-таң болғандар да бар еді. Екі апта өткен соң бүкіл эмоцияны артқа тастап, екі университетті қайта салыстырдым. Түлектердің пікірлерін зерделедім. Колумбия жеңе бастағандай көрінді. Екі жыл дегенім жеңіл оқу, бос уақыт өткізу болып шықпай ма екен деген күдік пайда болды. Сөйтіп жүргенде әлгі Беркли университетінің атынан менен сұқбат алған Тони Хюгел деген кісімен ақылдастым. Ол менің сұрағыма ұзын-сонар жауап жазды. «Егер Техасты таңдасаң, өмір бойы не себепті Техасты таңдағаныңды айтып ақталумен өтесің. Егер Колумбияны таңдасаң, өйтудің қажеті жоқ» деп түйіндеген екен. Осы сөз қатты әсер етті.
— Оқу бітті, диплом қолда, қазір өкінбейсің бе таңдауыңа?
Әрине жоқ. Колумбия университетін таңдағанына қуаныштымын.
Екінші бөлімде Дарханның Нью-Йорктағы өмірі, зерттеулері, кәсіби журналистерден алған тәжірибесі туралы бөліскен сұхбатты өткізіп алмаңыздар.