Шымкентте балабақшада бүлдіршінді ұрып-соғып, тіпті аяғынан сүйреп, қатыгездік танытқан тәрбиеші қыл...
Реал Мадрид, Бавария, Тоттенхэм ойнайтын әлемдік турнирдің музыкасын қазақстандық композитор жазды
Отандық композитор әрі музыка әрлеушісі Сырым Нәбиқұловты «Audi Cup 2019» турнирінің ұйымдастырушылары арнайы шақырған. Бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап, "Мәдениет порталы" хабарлайды.
«Музыкамен кәсіби түрде 10 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Біраз жылдар Германияның Мюнхен қаласында тұрдым. Отанға оралғаныма 10 жылға таяп қалды. Бұл футбол турнирі екі жылда бір рет өткізіледі. Биылғы ұйымдастырушылар тарапынан айтулы спорт шарасының ашылу салтанатының музыкасын жазу ұсынысы келіп түсті. Турнирге әлемнің 200 елінен 1 млрд-тан астам адам келеді деп күтілуде», -деді композитор, музыка әрлеушісі Сырым Нәбиқұлов.
Оның айтуынша, «Audi Cup 2019» турнирінің композиясын жазуға 1 айға жуық уақыт жұмсалған.
«Мен жазған музыканың ойнауымен турнир салтанатты түрде ашылады және марапаттау сәтінде ойналатын болады. Шығарманы 1 айға жуық жазып, әрлеп біткен соң ұйымдастырушылардың келісімі мен бекітуін күттік. Нәтижесінде менің шығармамды еш кедергісіз қабылдады. Бұған дейін жүзеге асырған ірі жобаларымның бірі 2017 жылы Алматыда өткен Универсиада спорт жарысының ашылуы салтанатының қойылымын дайындадым», - деді ол.
Айта кетсек, алдағы 30-31 шілде күні Мюнхеннің «Allianz Arena» стадионында өтетін «Audi Cup» екі күндік футбол турнирі алғаш 2009 жылы ұйымдастырылды.