Өлеңді оқығаннан гөрі жазған қызық. Жазғанда – шынайылық, оқығанда жалғандық бар. Бүгінде ақын...
Ұры (әңгіме)
Таң мезгілі қылаңдаған кез. Күннің жарық сәулесі терезеге шағылысып Жарастың бетінде толған айдай жарқырап тұр. Жап-жарық сәуле оның көзін ашпауына амалын қалдырмай, еріксіз орнынан тұруына мәжбүр етті. Тұла бойы ауырып орнынан әзер дегенде басын көтерді. Кешегі жұмыстан бар денесі әбден ауырып қалған екен, тіпті қозғалтпайды. Төсегінің шетіне отырып, басын төмен сала болған оқиғаны есіне түсірді.
***
Кеш түскен кез. Қаланың шетіндегі орманды далада орналасқан ақ үйшік. Төбесі шөп-шаламмен жабылған, қабырғасы жарылған үйдің терезесінің жарығы сығырая жанып тұр. Жиналған бірнеше ер адамның басы көрінеді. Бұл Жарастың командасы еді. Күндегідей басшылары шақырғаннан кейін жігіттер келіп жинала, сол кеште болатын ұрлықтың жоспарын құрды. Бұлардың бүгінгі жасайтын ұрлықтары, ең үлкен операция болмақ. Дайындалғандарына бір ай болды. Енді сол күн де жетіп, бүгін қару-жарақ зауытын тонауға бару үшін жоспар құрып жатыр.
Бұл жерде жиналып отырған командадағы жастардың бәрі жұмыс істемейді. Ұрлық жасап ақша табу бұлардың күнделікті кәсібіне айналған. Тек бос уақыттарында қыдырып, көңіл көтеріп кәдімгі адамдарша өмір сүреді де, кеш бата түн қарайғанда жоғын тауып, өздерін қанағаттандыру мақсатында әр жерді тіміскілеп аңдып жүріп ұрлық жасайды.
***
Соғысқа дайындалғандай аяқтарында бәтеңке, үстілеріне киімдерін киіп, қару-жарақтарын алып жігіттер көздеген жерлеріне беттеді. Ақ түсті микроавтобусқа мініп қару-жарақ сақтайтын зауыт қоймасының алдына келді. Барлығы көліктен шығып, темір қақпадан секіріп өтті. Құлыпты бұзбастан бұрын Жарас дабылдағыштың сымдарын қиып тастады. Кенет оқыстан шыққан аяқтың жүрісін естігенде досы Дидар қабырғаға сүйене тұра қалып, қойманың бұрышынан қалғандарына "отырыңдар" деген белгі беріп қолын сермеді. Әлгі аяқ дыбысының үдей бастағанын сезген ол қолына мылтығын алып дайындалды. Күзетші екенін білген соң тез арада оны жайратып салып, құлыпты бұзып қоймаға кірді. Жанталаса жәшік-жәшік қаптаған қару-жарақтарды көліктері мен камаздарына салып, лық толғаннан кейін жөндеріне кете барды.
***
Көптеген ұрлық жасады. Адамдарды жараласа да кісі өлтіру болмаған еді. Оқиғаның неге бұлай болып кеткенін өзі де түсінбей әлек. Терең ойға шомып отырғанда кенет Жарастың ұялы телефоны шырылдады. Оқыс дыбыстан шошып елең еткен ол тұтқаны көтерді.
- Алло, жаным, мен той көйлекті алып барлығын дайындап қойдым. Мен өте бақыттымын. Жаным, мен үшін осынша түннің жарымына дейін кабинеттен шықпай жоспар орындап, адал еңбегіңмен ақша тауып жүрсің, рахмет,- деп әрі қарай оған деген сезімін айта беріп еді, Жарас үндемей қалды. Бет-әлпеті түнеріп кеткен, бір нәрседен шошынған адамдай көзі шарасынан шығып аңырап қалды. Тұтқаның әр жағынан:
- Алло, алло... жаным, неге үндемейсің... Жарас... – деп еді, ол есеңгіреген күйі:
- Иә жаным, осының бәрі сен, мен және болашақ баламыз үшін ғой, - деді.
- Жарас саған кеше телефон шалып едім көтермедің.
- А... иә... иә... кеше фирмада көп жұмыс шығып іс-қағаздармен отырғаннан кейін өшіріп тастадым.
- А, жарайды жаным, онда жақсы, - деп Жәмиля телефонды тастады. Жарас телефонның тұтқасын ұстаған күйі орнында отырып қалды.
***
Абыр-сабыр адамдар. Қаланың ең көрікті Жерұйық тойханасының алды. Бүгін Жарас пен Жәмиляның үйлену тойы. Ойында жамандық жоқ, ақжарқын келіншек дүниедегі ең бақытты жандай сақ-сақ күліп, ақ маржандай тістерін көрсете туыстарымен амандасып Жарастың жанында жүр. Тойдың екінші отырысына кіріп, қонақтар отыра бастады. Музыка ойнап жас жұбайлар орындарына жайғасты. Асаба қолына микрофонды ала салып әуелетіп ән айтып, күлдіргі мөлтек әңгімелерді баяндай елдің көңілін көтеріп кешті қыздыра бергені сол еді, кенет тамаданы қаға-соға қаптаған полиция Жарастың қолына кісен салды. Мына көріністі көрген Жәмиля аң-таң. Жарас еш қарсыласқан жоқ, полициямен бірге кете берді. Есін әрең жиған келіннің бетін жас жуып кеткен күйі артынан жүгіріп далаға шықты да:
Жарас, не үшін, неге? – деп босағада тізерлеген күйі жылап, ішін ұстады. Күйеуі болса оған ештеме айтпастан, басын төмен салған күйі полиция көлігіне отыра берді.
Артынан жүгіріп келген жұбайы полиция машинасының терезесін қаға айғайлап жүр.
- Жарас, менің аяғым ауыр! Сен әке боласың!? - деп жылап жүр. Көліктің айнасын қағып:
- Жіберіңдер, оның не кінәсі бар? Жаралы аққудай аппақ көйлекпен жылап қалған оны жұбатуға жақындары келді. Сақшылар оның көз жасына қарамады. Көлік зу етіп жүріп кетті.
Тойхана сырты лық толы адам. Бәрі аң-таң. Бір-бірлерімен шүйіркелесіп сөйлесіп қояды. Мақтап жатпағаны айдан анық.
- Масқара аяғы ауыр екен!
- Тойы болмай жатып мұнысы несі?
- Жігітті не үшін ұстады екен?
- Арты таза емес болған ғой!
- Әйтпесе полиция әкетіп несі бар?
- Бәсе сол жігіт маған бір түрлі көрінетін...
- Мынадай той жасауға көп ақша кетеді ғой.
- Бәсе, керемет үй, көлік... деп быжынаған айналадағы адамдардың дауысы қызды есеңгіретіп жіберді. У- шу, гу - гу адамдардың әңгімесі тойхана алдын шуға толтырды. Жиынға қарап жиіркеніп кеткен жас келін ашуға булығып жан - жағына қарады:
- Тараңдар, кетіңдер. Ешқандай той болмайды. Неге жиналып тұрсыңдар! Өсек айтып бүгінгі жағдайға іштей қуанып тұрған шығарсыңдар!- деп айғайлай бастады.
Халық та қыздың дөрекі сөзіне ашуларын жасырмай бажылдап тарай бастады. Келген қонақтың бәрі кетіп қалды. Тойхана ішінде тек жас келін мен оның аға - жеңгесі және сіңілісі қалды. Ал Жарас жетім өскендіктен оның қасына тек достары ғана келген еді. Бұл жағдайды көріп олар да тарап кетті. Ал, Жамиляның әке - шешесі жастайынан ажырасқан. Әкесін тіпті көрмеген. Оның бар жоқ екенінен де бейхабар. Анасы болса бір жыл бұрын дүниеден өткен еді. Енді міне, «бақытқа қол жеткіздім» деп жүргенде, мынадай жағдайға тап болды. Өзі де түк түсіне алар емес. «Тағдыр маған қатал» деп өкпелеп жүргенде мына сынақтың да тап болғаны оны есеңгіретіп жіберді. Түсі ма, өңі ма, өзі де түсіне алар емес...
***
Бір ай өтті. Жамиля Жарастың сотына да қатысты. Оны адам өлтіу және тонау бойынша қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес бірнеше жылға бас бостандығынан айырды. Қасында сол түні операцияға қатысқан бірнеше досын да қамады.
Жамиля Жарасты шығарып алу үшін адвокат жалдады. Бірақ ешкім көмектесе алмады. Кінәсі дәлелденіп айғақтар да табылған еді...
Бірақ адам өлтірген Жарас емес. Мұны да мойнына ілді. Бәрін үнсіз көтерді. Өйткені мерт болған адам оның қаруынан атылған оқтан өлген еді. Ұрлыққа түсетін түні Жарастың қаруын досы алған.Оның қаруымен күзетшіні өлтірді. Мұның бәрі тапсырыс екенін және өзін алдап соққанын да білді. Бірақ қазір айтқанмен оларды ешкім ұстай алмайды. Нақты айғақтар жоқ. Өте сауатты жоспар құрған. Әрине іштен шыққан жау жаман декмекші. Досын өзіне қарсы пайдаланғанын түрмеге түскен күні ақ түсінген еді.
***
Жарасты сатып жіберген досы Дидар күзетшіні жайратып салған да сол еді. Қолы ұзын үлкен бизнесмен адамдар осы операция кезінде өзінің адамдарын қосуын және үлесті теңдей бөлетінін талап еткенде келіспеген еді. Енді міне сол дөкейлер ерегісіп қақпанға түсірді. Дидарды осы операцияда пайдаланды. Оған қоқан - лоққы көрсетіп айтқандарын орындатты. Оның үстіне бұны темір торға қаматпай алып қалатындарын білгенде Дидар көндіге кетті.
***
Сот процесінен соң Жамилямен түрмеде жолығап мән жайды түсіндірді. Оған өтірік айтқаны үшін кешірім сұрады.
- Мені күтпе. Күйеуге шық. Мен мына жақтан шықсам бұрынғы Жарас болып оралмаймын. Сондықтан жақсы адам кездессе күйеуге шық, - деп өтініш тастаған еді.
Бірақ байғұс қыз:
- Күтемін сені, мен шықпаймын күйеуге, - деп жылап қалды. Әрине Жарастың алдағанына Жамиляның өкпесі болды. Бірақ бейбақ қыз бәрін кешірді. Өйткені ғашық болған еді. Жарас тек дүние - мүлік ақша тонағанымен қоймай жап - жас қыздың жүрегінің тыныштығы мен бар сезімін де ұрлағанын түсінбеді.
***
Күндер, айлар, жылдар өтті. Уақыт зымырап жатыр. Жамиля босанып ұлды болған. Есімін Бақыт деп қойды. Өйткені мұң артынан жүзіне күлкі мен бақыт сыйлаған осы сәби еді. Оның үстіне қуаныш көп болсын деген мақсатпен жақсы есім қоюды ұйғарған. Ай сайын Жарасқа дәстүр бойынша барып тұрады. Ұлды болғанын естігенде жігіт те қуанып қалған еді. Бақытты дүниеге әкелгелі Жарасқа баруды сиретті. Өйткені сәби қамымен таңмен таласа тұрып күн бата ұйықтап әрі - сәрі болып ештемеге үлгермейді. Сіңілісімен бірге пәтер жалдап тұрады. Баланы екеуі кезекпен қарап жұмыс істеп ақша тауып жүрген Жамиля жақсылықтан күдер үзбеді. Жарастың темір тордан шығып бақытты өмір сүретініне сенді. Бақытты дүниеге әкелгелі бақытты еді. Бала алтыға да толды. Сәбиіне қарап Жарастың түрмеден шыққанда оның ер жетіп үлкен азамат болып қалатыны қуантады. Бармақтай жақсылықтан үмітті. Жарастың ұлымен кездескендегі түрін елестетіп кейде қиялдап қояды. Зымырап жатқан өмір-ай... Ер азаматтар да Жамиляға сөз сала бастады. Бірақ келісімін бермеді. Жарасқа сатқындық жасамауды дұрыс деп санады. Жақсы отбасы болып кетуіне көп мүмкіндік болды. Бірақ Жамиляның таңдағаны осы жол еді. Қиын болса да турасы деп таныған бейбақ келіншек сарғайып күтуден жалықпады.
Қаншама тағдыр, шешілмеген түйдектей мәселе бар. Бақытсыздық іспеттес бақыттың да сан алуан түрі мен жолы бар. Бәрі адам баласының қолында екен... «Жақсыны таңдайсың ба әлде, жаманды дұрыс» деп қабылдайсың ба бәрі дерлік өз қалауыңда...
Өз өміріміздің қожайыны өзіміз. Бармақтай қуаныштан үлкен бақытты сезінуге болады. Не болмаса түйедей бақ бола тұра бағаламай өзін бақытсыз санайтындар да бар... Неткен өмір... Бас нені дұрыс деп санаса жүрек қалай соқса, жан дүниең кімді іздесе сол бұйрық екен...
Қымбат Жампейісова