«Шарықтау шыңыма шықтым да жан-жағыма көз салып тұрып шошып кеттім: айналамда ешкім жоқ...&raq...
Қорғанбек Аманжол. Аты жоқ мақала
немесе сатирик Көпен Әмірбек хақында сыр
Дүниеде не қиын деп жүрсем, өзін көрместен-ақ, жай “Көпен келе жатыр” десе болды, елдің езуіне күлкі жиыла бастайтын әйгілі сықақшымыз Әмірбектің Көпені туралы мақалаға ат қою қиын екен. “Күлкі” мен “Көпеннің” қыл өткізбейтін арасынан қиялап қалай амалдасам да болар емес. Қия бастырмайды. Ақыры амалым құрып Көпеннің өзін шақырдым көмекке. Өзін болғанда, басынан өткен қызық-қызық хикматтарын. Құдай бергенде, солардың бірі сарт етіп есіме түсе қалсын.
Ол былай. Әуелі мына Көпеннің өзі де сары уыз балапан кезінде атышулы “Ара” журналының қуықтай кабинетінде алғашқы кітабына ат таба алмай қиналған. Содан кәлләсі қаңғырып, мишығы мәңгіріп отырса, қызметтес ағасы, сатираның сардары Оспанхан Әубәкіров келіп, бір жаққа ілестіріп әкетпекші болыпты. “Аға, мен кітабымды бүгін тапсырмасам, келесі жылдың жоспарынан қалып қоям. Соған ат таба алмай қиналып отырмын”, дейді Көпен көзі тұздай, жүрегі мұздай боп қалтырап. Жарықтық Осекең сол арада: “Е, сол да сөз боп па? Ат таба алмасаң “Аты жоқ кітап” деп қоя салмайсың ба?!” деп қапияда жол тауып кетіпті. Көпеннің де көктен іздегені жерден табылып жетісіп қалады.
Сөйтсе, баспаның жоспарын бекітіп, қол қоятын дөй ағасы: “Книга без названия” дегенді баттита сызып тастап: “Әй, мынаның атын неге қоймаған? Атын қойсын” депті. Содан тұңғыш кітабы бәрібір бір жыл кешігіп шығыпты. Бірақ “Аты жоқ кітап” болса да, аты бар кітаптардың талайынан мойны озық тұрды.
Сол жағдай есіме түсіп, мен де Көпен досқа арнаған әуеземе тақырыпты “Аты жоқ мақала” деп қойдым. Алпысында арқырап тұрған Көпеннің келешегі әлі алда. Бұйыртса жасына жас қосылып, ақылы толығып, миы молыға түскен кездерінде аты бар мақала да жазыла жатар.Өзі де алғашқы кітабын атсыз шығарды ғой. Атаққа жеткізген де атсыз кітабы. Ендеше, әзірге осы үшбу атсыз әуезені місе тұта тұрсын.
Әлқисса, Көпен күлкімен егіз туған, қалжыңмен құрдас, әзілмен әмпәй, сатирамен сырлас. Көпен деген атының өзі күлкінің қан базарына шақырып тұрғандай естіледі. Ал енді “Көпеннің көзі неге шегір?” деген сұрақтың өзі диссертацияға қазық, ғалымдарға азық болғандай. Сол Көпеннің әдебиеттің маңынан, сықақтың саясынан табылғанына рахмет. Өйткені, іштен оқып туған, тұла бойы тұнған талант Көпен басқа бір сүбелі салаға жалт бұрылып кетсе қайтер едік. Әсіресе кішкентай кезінде ондай ықтималдықтар болған. Ым-бап. Ішіңіз білсін. Сол жайларды суыртпақтайық.
Бала кездегі бір арманы суретші болу еді. Жата қалып сурет салады да жатады. Оларын “Балдырған” журналы мен “Қазақстан пионері” газетіне жолдайды. “Суретіңнің көркемдігі төмен екен” деген кеудеден итерген хаттарға тоқтай қояр Көпен бе?! Суретті одан сайын құлшынып салып төпелейді. Бір күні “Құрама велосипед” деген сурет салады да, шықсын деген қулықпен қасына екі шумақ түсіндірме өлең жазады. Спортшымыз Арнабек Велосипед құрап жүр. “Сенде рама бар ма?” деп Көрінгеннен сұрап жүр. Жинай-жинай әр тұстан Велосипед құрады. Шықса бірақ жарысқа Орта жолда тұрады. Осы өлең “Балдырғанда” жарияланды. Сурет жоқ. Соған қарағанда, салған суретінен жазған өлеңі өтімдірек боп шыққанын аңғарған Көпен сол күннен бастап негізгі күшті өлеңге бұрды. Егер сол жолы өлеңі басылмай, суреті шығып кеткенде, бәлкім, суретші болып кетуі де кәдік-тін.
Олай болса, сайдың тасындай сықақшымызды бесіктен белі шықпай жатып өрем қаптырмай сақтап қалған “Балдырғанға” рахмет. Суретшілігіне қоса Көпен жасында ағаш ұстасы болуды және армандады. Жасаған кебеже, тағы басқа заттары ауылда әлі тұр. Қазіргі нарықтың қитұрқысын сол кезде меңгерген ол қазанның қақпағын жасап, базарда сатты. Мұның мәнісі сол: арақтың жәшігі 30 тиын тұрады, бір жәшіктен екі қазан қақпағы шығады, ал әр қақпақ 1 сом 50 тиыннан сатылады. Таза пайда 2 сом 70 тиын. Көпен сөйтіп компартия кекірік атқан кеңес заманында қып-қызыл капиталист болып шыға келеді. Ұстазы Әбу деген көрші шал. Шегесін жиде ағашынан жасап қағады, бетін білдіртпей тегістеп жібереді. Бұл әдістерін шалдың ақылымен ешкімге айтпай, бәсекенің жолын алдын-ала кесіп құпия ұстайды. Сөйтіп жүргенде Көпен аты ұмытылып, бүкіл Шәуілдірде “Қазанның қақпағын жасайтын бала” атанып кетеді.
Шәуілдір үлкен. Халық көп. Келе-келе базарға да бармай, қақпақты жұрт үйден әкетіп, тасы өрге домалап тұрды. Бір жағы соның буымен бе, көңілге желік кіріп, махаббат сезімі еліктіріп өзі 10-шы сыныпта жүргенде бір сынып төмен оқитын қызға ғашықтық хатын жазды. Әлгі қыз да жай өле ме: “Бұл Көпен деген кім?” деп құрбыларынан сұрастырып біліпті. Білгесін, “Әй, ана қазан қақпағын жасайтын бала ма, қойшы соны” деп қолын бір-ақ сермепті.
Шоңқитқан сол сәлем жеткен күннен бастап Көпен ұсталықты тастап, таза өлеңімен қалды. 1999 жылы Мәжіліс депутаттығына үміткер боп Арыс қаласында сайлаушылармен кездесіп жүрсе, баяғы қол сермеген кесір қыз алдынан шықты. Жылы ұшырап, іші-бауырына кіріп барады. 5-6 баланың анасы екен. Жастық шақты еске алып: “Сенің осындай атақты адам болатыныңды білгенде мен сондағы хатыңа басқаша жауап беретін едім ғой” деп күліп жатыр. Көпен де іле-шала: “Жо-жоқ, қайта мақұл демегеніңе мың рахмет. Мені осындай дәрежеге жеткізген әуелі құдай, сосын сенің “отказың” болды. Саған үйленсем, осы күнге дейін қазанның қақпақшысы болып жүрер едім ғой” деп ағынан жарылды.
Иә, сөйтіп қазақ қалжыңының бағына Көпенді құдай тағы сақтаған екен. Қайтсін, Көпен де пенде ғой. Сол жолы сатираға сыртын беріңкіреп, депутаттың жайлы орынтағына қызыққаны рас еді. Қазақтың ырымын құйттайынан құлағына құйып өскендіктен ұстазы Шерхан Мұртазадан бата сұраған. Ол кісі мұрты өрге шаншыла алақанын жайып: “Ен далада екі түлкі емен-жарқын шүйіркелесіп тұрса, екі-үш аңшы қиқулап кеп қапты. Түлкілер қашып бара жатып бір-бірінен: “Енді қашан көрісеміз?” деп сұрапты, дейді. Бір түлкі сонда: “Мына аңшылардың қиқуы жаман, шамасы біз енді тұмақ базарында кездесетін шығармыз” деген екен. Көпен мырза, сол айтқандай, енді біз екеуміз Парламенттің қан базарында қауышайық. Жортқанда жолың болсын жолбарыстай, Жүре бер жолбарыстай, жолды бастай! Әумин!” деп шумақты аяғына жеткізбей, жарты бата бергесін бе, әйтеуір Көпен сонда депутаттыққа өтпей, жарым жолда қалған. Жолы болғанда саясатпен айналысып кетіп, сатирасы жетімсіреп қалар ма еді? Періштелері бұл жолы да қағып, сатираның сара жолынан айнытпай алып келе жатқанына шүкіршілік. Әй, бірақ мектеп бітірерде жазған шығармасында “Маркс” деген сөзді тасымалдап екі жолға жазған сабаздан қай бір жөндем саясаткер шықсын.
Мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмай қалды да, соған бола салын суға кетірер Көпен бе, ауылға қайтып келіп, Отырардағы халық театрында әртіс болып алшаң басты. Бейімбет Майлиннің “Жалбыр” драмасында Сайым болыстың, Қалтай Мұхамеджановтың “Қуырдақ дайын” комедиясындағы бас кейіпкер Ережептің, Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың “Беу, қыздар-ай” сазды комедиясындағы Әубәкір ақынның рөлдерінде оттай жанып ойнады. Онымен қоймай, гастрольге шыққанда концерт жүргізуші конференсьенің қызметін де қоса атқарды. Сайып келгенде, бұл да Көпеннің пайдасына шықты. Сол кездегі азулы сықақшы ағалары Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтердің езу жиғызбас сықақтарын сахнада орындап жүріп өзі де асығын ылғи алшысынан түсірер әзілкешке айнала бастады.
Бір күні көрші Шаян ауылының театрында Асекеңнің “Маймұрынға майшелпек” деген сықағын өзінше нәшіне келтіріп айтып тұрса, ешкім күлмейді. Бір сұмдықты сезгендей, жүрегі су ете түсті. Алдыңғы қатарда отырған бір әже: “Әй, әдірем қалғыр, осыдан басқа сықақ жоқ па? Өткен жолғы әртістер де осыны айтып кетіп еді” деп самбырлап отыр. Бұл бір Көпеннің көзін ашқан айналайын айқай болды. Самбырдан сандалып қалған санасында: “Осы мен ешкім естімеген сықақты неге өзім жазып, өзім неге орындамаймын!” деген леп белгілі жалаңтөс ой сап ете қалды. Әмірбектің Көпенін әзілге алып келген жағдайлардың ішінде Шаяндағы со бір әулие әженің әдіремқалғырының да орны бөлек.
Хош делік. Өзі Көпен болса, оның бір басының қызығы бәрімізге жетеді. ҚазМУ-де бізден екі саты ілгері, төртінші курста оқып жүргенде “Қазақ әдебиеті” газетінің ұжымы студенттермен кездесті. Жас ақындар мінбеге бірінен соң бірі көтеріліп лирикаларын оқып жатыр. Көпеннің де делебесі қозып, тілдей қағазға “Сартаян Сунақин өлең оқығысы келеді” деп жазып жіберді. Поэзия кешін басқарушы Сұлтанғали Садырбаев ағамыз қағазға бір, залға бір қарап: “Мынаның аты қайсы, фамилиясы қайсы? Өзі армян ба, немене? Кім де болсаң шық мінбеге” деп хабарлады. Мінбеге шығуының өзін әзілге соқтырып, өтірік аты-жөнмен шақырылған Көпен өлең оқымай жатып жұрт ду күлді. “Көпенге дауа жоқ” деген сөз осыдан қалған. Көпен содан баяғы халық театрында орындаған Қалтай ағаның комедиясынан үзінді, сосын өзінің екі сықағын оқып берді. Ақындардың арасында оқылған сатираның дәмі кіріп тұрады-ау, шіркін. Сол арада Қалтай ағасы: “Осы оқыған сықақтарыңды ертең маған әкеп бере қойшы, айналайын”, дейді. Сонымен, келесі аптада “Қазақ әдебиетінің” сатиралық “Бүйенбай пұшпағында” Көпеннің бір топ сары уыз сықақтары жарқ ете қалсын. Сөйтіп, оның сатирасының кіндігін бұдан сәл бұрынырақ “Лениншіл жастың” “Сүзеген сөзіне” шығарып Оспанхан ағасы кессе, енді тұсауын Қалекеңнің өзі кесті.
Бұл 1972 жыл болатын. Көпеннің Алматы мен әдебиетті “жаулауы” осылай басталды. Оспанханның өзі бата беріп, аузына түкірді. Тіпті, оспақтың құдайы Осекең “Көпенді Оспанханнан бөтен дегенің оңбайсың” деп салды. Міне, құрмет Көпенге! Қатарларына шегір көз Көпен қосылғанына басқа сықақшылар да мәз-дүр. Жас қыранды Жарасқан, Шөмішбай ақындар да мойындауға мәжбүр. Өйткені, Көпеннің көзі шегір болса да, құдай салмасын, жүрген жері ду-ду күлкі, гүл-гүл өмір.
Сатираны әркім жазады-ау. Бірақ Көпен әсіресе пародиямен ерекшеленді, қан шығармай бауыздайтын бипаз эпиграммаларымен бөлекшеленді. Қазақ сатирасына жаңа тыныс, өзгеше өрнекті мінез келді, сатираның сыңғырлаған сұлу да сыпайы, астары қат-қабат нәрлі мәдениеті келді. Сықақты Көпенше жазудың төтенше артықшылықтарын оқырман қауым да бірден байқады. Жас емес пе, жігері де мол.
Келе “Сатира стадионындағы” жағдайға сараптама жасады, “Сатира” командасының негізгі құрамын анықтады. Сатира федерациясының төрағалығына Асқар Тоқмағамбетовті қойды. Аға жаттықтырушы Темірбек Қожекеев. Қақпашы Садықбек Адамбеков. Қорғаушылар: Балғабек Қыдырбекұлы, Сақтапберген Әлжіков, Жүсіп Алтайбаев (капитан), Сейіт Кенжеахметов, жартылай қорғаушылар: Ғаббас Қабышев, Есенжол Домбаев, Оспанәлі Иманәлиев, орталық шабуылшылар: Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Оспанхан Әубәкіров. Үлгі-пішімі оңтайлы табылған осы эпиграммасы фамилиядан тұрғанымен, қазақ әдебиетіндегі сатира-сықақ саласының жай-күйін сараптап бергендей әсерде қалдыратын. Ойпырмай деймін, сол кезде Көпеннің өзі бұл майталман команданың “запастағы” ойыншылар сапына да кірмепті.
Ал қазір сатира “федерациясының төрағалығына да, капитандыққа да, сұрмерген орталық шабуылшылығына да – қайсына қойсаңыз да қарағайдай қасқайып жарап-ақ тұр. Көпеннің 1977 жылы “Жұлдыз” журналына шыққан, ақын Мұзафар Әлімбаевқа арнаған эпиграммасы әлі күнге есімізде. “Минерал су құрамы мыналардан тұрады. Мұзағаңның құрамы мыналардан тұрады” Осындағы Көпен күлкісінің құдіреті сонда, натрий, кальций, хлор, грамм, процент деген сөздерді де шуақты әзілге, әдеби жанрдың әбзелді сөз, әдемі бұйымына айналдырып жібереді. Көпеннің болмаса, адамның миына келмейтін нәрсе. Мұзағаңды бұтарлап, жіліктеп, шығармашылығындағы лирика, мақал-мәтел, жұмбақ пен жаңылтпаш мөлшерін пайызға шағып, саудыратып алдыңызға жайып тастайды. Сондағы ең бір ғажабы, Мұзағаңның образы, әдебиеттегі бітім-болмысы көз алдыңызда қолмен қойғандай қаздиып тұра қалады.
Өңшең ығай мен сығай Көпеннің пародия-эпиграммаларының азығына, арқауына, кейіпкеріне айналды. Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов. Айтып тауыса алмассың. Пародиядан соң пародия, эпиграммадан соң эпиграмма, сықақтан сықақ, кітаптан кітап туындап жатты. “Аты жоқ кітап”, “Алып”, “Тілім қышып барады”, “Қысыр әңгіме”, “Ауызбастырық”, “Мың бір мысал”, “Неменеңе жетісіп күлесің?”, “Өзіңді танисың ба?”, “Із”, “Көкемнің көзі”, “Көпен келе жатыр!..”, “Па, шіркін, пародия!..”, т.б. сатиралық жинақтары қазақтың күлкі сүйгіш қауымымен,
Абай атамыз айтпақшы, қытықсыз араласып кетті. Ал енді бұ жалғанда қытықсыз араласудың хас шебері Көпен екен. Олай дейтініміз, баяғыда “Қазақстан” телеарнасында “Қымызхана” әзіл-сықақ бағдарламасы шыққанда, одан соң “Тамаша” ойын-сауық отауы бой көтергенде солармен Көпен бір үйдің баласындай біте қайнасып, бір бүтіндей бірлесе қалыптасты. Авторларының ішіндегі белдісі де, белгілісі де өзі болды.
Жас сатириктердің Мәскеуде өткен бүкілодақтық кеңесінде жүлделі болған тағы біздің Көпен. 1980 жылы “Ара” журналында Қазақстанда 1929 жылы 1 миллион 600 мың болған түйе түлігінің мұңын мұңдап “Түйенің қай жері түзу?” деп жазған мақаласы үшін министр Моторикодан алғыс естіп, журналистика саласынан тағы лауреат атанған да Көпен еді. “Егеменде” де біраз екпіндеген. Ойпырмай, таза журналистикамен кетсе, бізге нан жегізбейтіннің нағыз өзі екен.
Әйтеуір, “Қазақ әдебиеті” газетіндегі сырлы сұхбаттары, тұшымды толғаныстары, “Ара” журналын қайта жандандырған қайраткерлігі үшін Президент Грантын алған соң саябырлап тоқтады ғой қайта... Бұл Көпеннің 50-ге толып, еліне барғаны да бір қызық. Сол кезде еш жерде жұмыс істемейтін еркетотай-тын. “Көпен келе жатыр!..” деген өзінің театрға бергісіз әзіл-сықақ тобын құрып, республиканың о шеті мен бұ шетін шиырлап жүрген шағы болатын. Тобыңыз не, бұрынғы Біржан салдар мен Ақан серілерге ғана айтылар “Бір өзі – бір театр” деген орайлы бағаны мархаматты министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Көпеннің қара басына құндыз бөріктей кигізіп беріп салған шағы болатын. Бірақ бұл атақ ресми болмағандықтан, визиткаға жазуға жарамайды. Қайран Көпен бұл тығырықтан да жол тапты-ау. Сонда Шымкент, Шардара, Сарыағаш, Отырар, Бәйдібек, Түркістанда сүрініп-қабынған қалың елге таратқан визиткасына “Көпен Әмірбеков атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмірбеков” деп жазды. “Көпеннің таппайтыны жоқ” деген сөз содан қалған. Тапқаны рас. Е, бұл пақырда өзі атақты сатирик бола тұра өз атындағы сыйлықтан басқа дәнеңе жоқ екен ғой деп, көп ұзамай Көпен төсіне “Парасат” орденін қадады, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Шынымен де, қазіргі тапқырбектер мен айтқышбектердің атасы Қадыр болса, ендігі әкесі Көпен боп бара жатқаны да рас. Әбдіраштың Жарасқаны 50 жылдық мерейтойын Республика сарайында өткізіп жатқан. Әттегене, өзімнің сатирик екенімді ұмытып кетіппін-ау деп, құттықтаушылар тізіміне аяқ астынан Көпен досын кіргізді. Ол болса көп көрерменің бірі ғана боп дайындықсыз келген. Той жақсы басталып өтіп жатыр. Жарасқан ақынның сөзіне жазылған әйгілі әндер, теңіздей толқыған поэзия. Біреу телевизор, біреу картина, біреу кілем сыйлап, шапан жабылуда. Асанәлі Әшімов “Қыз Жібек” фильмінде қолданылған қастерлі жәдігер – Бекежанның садағын сыйлады. Соларды көріп жүрегі шайлыққан Көпен: “Аяулы досқа менің тартуым не болмақ?” деп қобалжыды. Ақыры, тапты! Сол арада, бас-аяғы он-он бес минут ішінде әдемі әзіл өлең туды. Жан дос Жарасқаннан аяр түгім жоқ. Бірақ үй сыйлайын десем, үйің бар. “Волга”, “Жигули”, “Москвич”, “Запорожец” те сыйлар едім... Бірақ... Жарасқан-ау, сен ертерек шошынба, Мұндай сыйлық сыйлай алмас досың да. Автомобиль тез тозады, Тозбайтын “Авторучка” әкеп тұрмын осында! – деп жол тауып кеткен Көпенге де Республика сарайындағы мыңдаған көрермен сонда қошеметті көп көрсеткені есімізде. “Ең үлкен сыйлық сенікі болды, Көпен, қаламгерге қаламнан артық не керек!” деген разылық сөзі басқа емес, нақ сол кеште жыр тұмасы Тұманбай Молдағалиевтің аузынан шығып еді.
1991 жылғы тамыз бүлігі тұсында қаһармандық көрсеткен Нұрмахан Оразбек ағамыздың мерейтойында: “Ерлік жасап, ел аузында батыр атанғаныңыз үшін әуелі Ленинге, коммунистік партия мен Кеңес өкіметіне, ГКЧП-ға рахмет айтыңыз. Солар болмаса сіз кімдерге қарсы күресер едіңіз, ерлікті қайтіп жасар едіңіз?” деп жиылған жұртты қыран-топан күлдірген де Көпен болатын. Осы биыл журналистердің ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов ақсақалдың 80 жылдық салтанатында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин: “Мен туған жылы Әбілфайыз аға КазГУ-ге оқуа түскен екен” десе, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов: “Мен туған жылы Әбілфайыз аға КазГУ-ді бітірген екен” деп жалғастырды. Сөйтсе Көпен шығып: “Ал мен туған жылы Әбекең ұстазым не істеді десем, мен туған жылы ол кісі Заря тәтеме ғашық болып жүрген екен ғой” деп жиылған жұртты мәз қылып, басталған әңгімеге бәденді леп белгімен нүктесін қойды.
Міне, Көпен осылай. Қай жерде де тауып кетеді, алмас кездіктей асыл сөзімен жарып шығады. Ғабең – Ғабит Мүсірепов Ғафу Қайырбековтің дес бермес қара тіліне сүйсініп: “Ғафудың тамадалығының өзіне госпремия беруге болады ғой” дейді екен. Сол айтқанға орайласақ, Көпеннің де асабалығы – бір вагонға жүк, әртістігі – бір театрдың мүкәммалы, айтып тастайтын әрбір сөзі – бір қаралық.
Көпеннің бір жақсы жері, өзіме ғана болсын демейді, ұстаздарын да ескере жүреді. Оспанханның 60 жылдығын Республика сарайында, 70 жылдығын Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтің ықыласымен туған жері Ұзынағашта дүрілдетіп өткізуге мұрындық болды. Үмбетбай ағасы жөнінде сыр-сұхбат кітабын жазып шықты. Мерейтойлары тұсында Асқар Тоқмағамбетовтің, Шона Смаханұлының бір-бір томдық кітаптарын шығаруға ат салысты. Ал өзі болса “АраKZ” саяси қоғамдық сатиралық журналын шығарумен бірге Қазақ радиосы басшыларының бірі болып жемісті еңбек етіп жүр. Жай жүрген жоқ, “Жұма сәлем” деген өлең мен қара сөз аралас, қоғам түйткілдерін толғайтын кітап жазып жүр.
Атын Көпен деп әжесі қойыпты. “Осы не мағына береді?” деп “Қазақ есімдері” деген кітапты парақтаса, көпен деп жал-жал боп шабылған шөпті айтады екен. Оншақты көпен жиылып көпене болады. Оншақты көпене – шөмеле. Сонша шөмеледен мая құралады. Үйдің тұңғышы болғасын алғашқы орым шөп деп ырымдап әжесі атын Көпен қойған екен-ау.
Қазір 82-ге келіп, тұңғышының алпысын тойлағалы отырған шешесі Жұлқар 10 құрсақ көтерген ардақты ана, бір әулеттен тараған мая-мая ұрпақтың саялы әжесі. Көпен соның алғашқы дестесі және ең көркем кестесі. Сонымен бірге Көпеннің елге етіп жүрген еңбегі де, шұрайлы шығармалары да, жұртына шаттық сыйлаған әзіл-күлкісі де мая-мая. Көпеннің өзі, Шерағаңның сөзімен айтқанда, қазақ халқына керек тұлға.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.