Өтен Ахмет. Қылышын жалаңдатқаны несі-ей!

ӘДЕБИЕТ
4358

Мақала өз кезінде «Жұлдыз» журналында жарияланғалы жатқан жерінен «бұл айтысты тоқтатыңдар» деген нұсқау бойынша басылмай қалған. Марқұм Ш.Айтматовтың аруағы кешірер, қазақ әдебиетіне, оның көрнекті өкілі М.Мағауиннің шығармашылығына тікелей қатысы бар әңгіме болғандықтан және мен білмейтін, танымайтын, оның күрескерлік іс-әрекетінен мүлде хабарым жоқ С.Біләш дегенге байланысты бүгінгі екі Мұхтар арасындағы ескі егес қайта өршіп кеткен соң, кештеу де болса жарық көргені жөн-ау деймін.

                                                                                                                                             Автор

Әлде шоң қырғыз «маңқа» қазақтың басын шаппақ па?

«Жас Алаш» газетінің 18 наурыздағы №33 санында Дихан Қамзабекұлының «Етектен тартқан «Радлов эффектісі» немесе дінсіз, рухсыз, адасқақ оқыған қайдан шықты?» атты талғамы терең, айтары мол зерттеу мақаласы жарияланды. Автор онда В.Радловтың түрік тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің ешқандай да жанашыры болмағанын, керісінше, қазақ арасында дін исламды тоқтатуға, қазақтың ұлт ретінде «әлсіздігін» өзіне мойындатуға және көндіруге күш салған империялық астамшылықтың қолшоқпары болғанын жан-жақты дәлелдейді. Сөзінің қорытындысында «Радлов эффектісі» шырмауындағы адам – біріншіден, «алдау сөзім әркімге жұмсайтын малайымның (Дулат ақын) жемі; екіншіден, өз болмысын және көзқарасының залалын байыптай алмайтын делқұлы» деген байлам жасайды. Дәл берілген тұжырым деп қабылдадым. Неге десеңіз, оған керек мысалдар «Жас Алаш» беттерінің өзінде де қара шыбындай қаптап жүр. Солардың ішіндегі бірегейі – сырты жылтыр, өзі бармақтай, бірақ боқ шыбын – Төрехан Рәмбердінің «Найман – Ана» Тынық мұхитты көктей өтіп, Манхет сахнасына жетті» деген тақырыппен берілген Шыңғыс Айтматовпен әңгіме-сұхбаты. Осында «алдау сөзім әркімге жұмсайтын малайымның жемі» де, «өз болмысын және көзқарасының залалын байыптай алмайтын делқұлылық» та жетіп артылады. Алдымен, әрине, осында басылған суреттегі шоң қырғыз Шыңғыс Айтматов ағамыздың қолындағы суық жүзді қылыштың көзіме бірден түсе кеткенін айтайын. Қазақ, қырғыз фольклорынан азды-көпті хабары бар адам болған соң, ойланып қалдым. Бірақ қиялымдағы Ер Манастың да, Алпамыс пен Қобыландының да жауға сермер қылыштарына ұқсамайды-ақ. Шоң ағамыз көптен бері Батыс жақта жүр ғой. Мүмкін Ричард Львиное Сердце немесе сол сияқты басқа бір керемет кресші батыр ұстаған қарудың көшірмесі ме екен? Жазушы ағамыз қолына жалаңдатып қылышын ұстап тұрған соң, ЮНЕСКО тарапынан ба немесе әлдебір рыцарлық орден атынан келген сый ма деп, әңгіме-сұхбатта осынау ерекше сыйдың тарихы да айтылатын шығар деп ойланып қалғаным рас. Өкінішке қарай, сұхбатта «сый қылыштың» тарихы айтылмайды. Бірақ шоң ағамыздың оны сонша жалаңдатып ұстауы де тегін емес екен. Онда қандай сыр барын жалғыз мен емес, сұхбатты оқыған көзіқарақты басқалардың да жақсы түсінгеніне кәмл сенемін.

Иә, біраздан бері қазақ тілді баспасөз беттерінде Шыңғыс ханға байланысты қызу айтыс-талас болып жатқаны белгілі. Мұның өзі «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ақыры егемендікке қолы жетіп, тәуелсіз мемлекет болуына байланысты қоғамдық сұраныстан туып отырғаны да шындық. Қайдан шыққан халықпыз, түп тегіміз кімнен? Әлде, шынымен, саусақ бүгіп санап, жеті атаның көлемінен ұзап шықпаған, ру-тайпа дүниетаным шеңберіндегі мешеулікке шырмалған немесе басқа бір этностан бөлініп қалып, яки саяқ шығып кетіп, бертініректе ғана пайда болған өзіндік тарихы жоқ кембағалдармыз ба? Осындай намысты жанға ауыр тиер өткір де өзекті сұрақтарға жауап іздеу нәтижесінде оқымыстыларымыздың көбісі Шыңғыс ханға келіп тіреліп, тарихи айғақтарға сүйене отырып, ол біздің елдігіміз бен мемлекеттігіміздің бастауында тұрған алып тұлға десе, оның несі сөкет, несі айып? Ол заманмен салыстырғанда АҚШ президенті Гарри Трумэннің онсыз да жеңіліп тұрған Жапонияға атом бомбасын тастатқаны күні кеше еді ғой. Халықаралық құқық нормаларын аяққа басып, ешқандай да жаппай қырып-жою қаруы жоқ Иракқа кіші Буштың басқаруындағы АҚШ-тың заңсыз басып кіріп алапат жаңа қаруларын сынап, бүкіл әлем жұртшылығының көз алдында бейбіт халықты топалаң тиген қойдай етіп жатқаны мынау. Трансұлттық деңгейге көтерілген ақын-тарихшы, жазушы-тарихшы ойшылымыз ондайды неге көрмейді? Алып Ресей алақандай Чешенстанды пәлен жыл қырғанда жұмған ауыздарын неге ашпады? Олардың ойынша осыдан мың жыл бұрынғы Шыңғыс хан өркениетті күйретуші де, ал бүгінгі Трумэн, Буштар, Ельцин, Путиндер жойқын қарулардың күшімен, қалыптасқан ұлттық дәстүрлерінің, дүнетаным көзқарастарының мүлде басқалығына қарамастан, өздеріне ұнамағандарды қырып-жою арқылы батыстық өркениет жерұйығын орнатушы «жаңа миссионерлер» ме? Сөз саптауларына қарағанда, соңғы ұстанымға табан тірейтіндері анық байқалады.

1.     Шоң қырғыз ағам өзінің Шыңғыс хан жөніндегі пікірінің мызғымас беріктігінің дәлеліне француз ғалымы Рене Бруссенің беделін көлденең тартады. Ол «Қиыр Шығыс тарихы» атты 4 том кітап жазған екен. Оған қоса «Чингизхан – покоритель вселенной» деген жаңа еңбегі және жарық көріпті. Тоқ етері, Шыңғыс ханды ол да жауыз деп тапқан. Иә, солай екен. Демек біз қазақтардың (мүмкін қырғыздардың да) алдымен өзімізді-өзіміздің танып алуымызға ақылымыз (құқымыз бар ма, жоқ па, ол жағын Шыңғыс шоң ағам ашып айтпапты, оған да шүкір. «Құқыларың жоқ» десе, қайтер едік -Ө,А.) жетпейді. Иә, солай. Тап солай. Қазақ тілінің қадір-қасиетін жартылай неміс, жартылай орыс В.Радловтан артық ешкім білмейді. Олай болса, сен маңқа қазақ, солардың айтқандарын ойланбастан қайтала да үнсіз жүре бер. Ақылың жетпеске ұмтылып әуре боп қайтесің... Әй, бірақ бүгінгі санасы оянған қазақтың еркін қиялы ондай бопсаға көнсе жақсы ғой. Әй, көнбейді-ау, көнбейді ғой. Қашан өзін-өзі танып-біліп болғанша жанталаса жанығып ізденуін әсте қоймас. Қашан Радловтың да, Бруссенің де, басқа да сырт білгіш мықтылардың эффектілерін етпеттерінен түсіріп, жер қаптырғанша тыншымас...

2.     «Ал Мағауин айып етпес, осы уақытқа дейін бұл өмірде бар-жоғын естіген, білген емеспін. Қазақстанда танымал болар, шет жұртта мұндай жазушыны білмейді», - дейді шоң ағам Шыңғыс. Бірден айтып қояйын, бұл – Шыңғыс Айтматовтай парасат иесінің бойына жарасатын ақылды кісінің сөзі емес, қолындағы жалаңдаған қайқы қылыштың қан тілеген суық жүзінен шыққан кек сөзі.

Иә, Ш.Айтматовтың атақты «Жәмилә» хикаяты, ұмытпасам, 1958 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көргелі қазақтың да өз жазушысы болып кеткені рас. Марқұм Қ.Мұқаметжановпен шығармашылық тығыз байланыста болғанын, қазір Мұхтар Шахановпен сыйластық жақындығы барын өзі айтпаса да жақсы білеміз. Салыстырмай-ақ қоялық, алайда Мұхтар Мағауинді қазақ оқырмандары Қ.Мұхаметжанов, М.Шахановтардан талант қарымы кем жазушы деп есептемейді. Жалпы, біз қазақтар, қазақ, қырғыз әдебиетін бір-бірінен бөлмейміз, егіздің сыңарындай көреміз. Он бірінші сыныптың әдебиет оқулығында бұлардың өзара тамырластығы жайында арнайы тарау да бар. Онда Ш.Айтматов шығармашылығы жеке қарастырылған.

Жарыса айтып жүр ме екен қазақ, қырғызым,Тоқтағұл мен Жамбылдың өлеңдерін,- дейтініміз, тойда айтылар көңіл жықпастық сөз емес. Керек десеңіз, бұл біздің бауырмалдық идеологиямыз. Осындай ағайынды қос елдің еркесі мен серкесі шоң ағамыз Ш.Айтматовтың түрік әлемі мойындаған қазақ әдебиетінің бүгінгі бір марғасқасы М.Мағауинді «бұл өмірде бар-жоғын естіген, білген емеспін» деп сонша тұқыртуы ақылға сыймайды-ақ. Мұндай сөзді шоң ағамыз айтуы мүмкін емес деуге, одан арғы «шет жұртта мұндай жазушыны білмейді» дейтін тұжырымы тіл байлайды. Егер сені шет жұрттар (әрине, Батыс, АҚШ) тынымайды екен, онда сенің өз еліңде ақынмын, жазушымын, әншімін, сазгермін деп жүргеніңнің бәрі бекер, өзіңді жоқпын деп есептей бер. Солай-ау шамасы. Ал енді мұны «Радлов, Бруссе эффектісі» демей көріңізші...

Бәрібір әлгіндей сөзді шоң ағамыз айтты дегенге сенгім жоқ. Бірақ «Қаламмен жазылғанды балтамен шауып кетіре алмайсың ғой». Газетте солай. Айтқан екен. Ау, сонда газетті шығарып отырған жайсаңдар бұл сөзге неге шамырқанбайды. Әңгіме тек бір ғана Мұхтар Мағауин жайында болса мейлі ғой. Өзі жарты ғасырға жуық қоян-қолтық бірге араласып, біте қайнасып жүрген қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Мағауин туралы болып отыр ғой. Ашу-ыза буғанда ақылы бұғып, екі көзді қан жауып кететін түркілік қызба мінезбен қылыш жалаңдатып, Мұхар Мағауинді мұқатамын деп, бүгінгі қазақ әдебиетін кемсітіп, менсінбей тұр ғой шоң ағамыз. «Аға-ау, мына сөзіңіз қалың қазақ оқырманына қиянат қой, сыйламағандық қой»,- деп айтуға неге жарамаймыз. Әлде, құлдық психология етектен тартып жібермей тұр ма?

Білмеймін, неге екенін, күмәнім тарқар түрі жоқ. Әлгі сөзді шоң ағам айтпаған сияқтана береді. Өйткені:

3.     Шыңғыс хан төңірегіндегі Мұхтар Мағауиннің ойталқы мақаласына байланысты тілші сұрағына шоң ағамыз: «Оқыған жоқпын, оқығым да келмейді. Ол мақала жөнінде таныстарым айтып берді» деп, тағы бір жерде: «Естуімше, ол кешегі өткен Сәкен Сейфуллин, бүгінгі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртазадан бастап, атақтылардың көбінің еңбегін мансұқтап, тіл тигізетін көрінеді...» деп, жауап қайтарады.

Осы әңгіме-сұхбаттан бадырая байқалып тұрғанындай біз, қазақтар, өзімізге өзіміз аса қауіптіміз. «Қазақтың жауы – қазақ» деп Абай жарықтық бекерден-бекер айтпаған екен. Иә, Ленин – Сталиндік большевиктердің кесапаты қай халықты да оңдырған жоқ. Соның ішінде қазақтың көрген қырғыны бәрінен де асып түскені мәлім. Себебі, қазақтың лауазымға, атаққа таласқыш белсенді, білгішсымақтарының айтаққа ергіш ақылсыз ақкөздігі, оның үстіне қырық ру боп итше қырқылжыңданып жүретін сүйекке біткен кембағалдығы халық басына келген нәубатты еселеп жіберген еді. Осы кембағалдықтың аштан қырылғанда да, атылғанда да, түрменің тас қапас қуысына қамалғанда да, содан ешбір сабақ алмай, бір үзілмей қойған арам тамыры - өсек тасу, кісіні сыртынан қаралау және сондайға құлай сену, бүгінгі модный сөзбен айтқанда, менталитетіміздің осы бір жүрек айнытар жексұран қырынан бажайласақ, шоң ағамызға мың құбылтып, иін қандырып өсек сөздің жеткізілуі де, оған шоң ағамыздың құдайдай сенуі де таңғаларлық жай емес. Мәселе - өсекті оған кім жеткізді? Әбдіжәміл, әлде Шерхан ағамыз ба? Жоқ! Баспасөз бетінде өз көзқарасың жайында ашық пікір айту мен өтірік жан ашыған боп жағымпазданып, құлаққа сыбырлап айтатын бықсыған өсек сөз – екеуі пар емес. Олардың ондай пасықтыққа бармайтынына өз басым күмән келтімеймін. Әсілі өсек сөздің майын тамызып отырған газет басшылығындағы жайсаңдардың өздері емес пе екен? Бұлай ойлауға негіз жоқ емес. Оған кейінірек толығырақ тоқталамын.

Жә, өсекті кім айтса, ол айтсын. Шоң ағамыздың қайдағы бір қаңқу сөзге сонша құлай сенгені несі? Еріксіз ойға қаласың. Иә, мойындайық, мойындамайық қазіргі жасы отыздан асқандардан бастап, бәріміз де коммунистік идеологияның құрбандарымыз. Бәрімізді де пионер, комсомол, коммунистік партия, коммунизм мектебі – кәсіподақ тәрбиелеген. Қазіргі жасы үлкендер – шоң ағаларым Шыңғыс, Әбдіжәміл, Шерхан, замандастарым Мағауин, Шаханов, ішінде өзім де бармын, социализм тұсында өмір сүргендер ғана емес, социализмді құрғандармыз, социализмді құрып болып, коммунизм орнатпақ болғандармыз. Сол істе еңбегі асқандар үлкен атақтарға жетті. Басқа-басқа (атомшы академик Андрей Сахаровқа байланысты мүлт кенкендері болмаса) атақ-дәреже таратуға келгенде КПСС ешқашан жаңылған емес. Ондай бақыттың шамшырағын коммунистік дүниетанымның мәңгілігі мен өміршеңдігін, советтік өмір салтының артықшылығын насихаттай білген, көрсете білген шебердің шеберінің ғана басына қондырып қоятын. Одан несін жалтарамыз. Иә, адам баласының шеберленбейтін ісі жоқ. Ұзын саны қырыққа жуық қыз-келіншектің жабайы жыртқыштықпен өмірін қиған, ұзақ уақыт бойы ұстатпақ түгіл, бес-алты адамның жазықсыз сотталып, атылып кетуіне себепші болған атақты қанішер Чикатилоның өз қылмысты ісінің асқан шебері болғанына кім дау келтіреді бүгін. Кешегі жарты әлемді қамтыған социализм жүйесі де өзінше бір шеберлік үлгісі болатын. Қанша жерден айлакермін десе де қылмыскердің арты ашылып, мәңгілік деп қанша дәріптелсе де социализм сынды жасанды қоғамдық жүйе өз-өзінен күйреп қалса, қайсыбыр шебердің социализмге арнаған мадақ сөзі мүлде басқа құндылықтарға негізделген мүлде жаңа қоғам орнатып жатқан уақытта да бұрынғысынша «дәру» бола береді десек, әрине, мықтап қателесеміз. Сондықтан большевик ақын һәм жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық мұрасын өзгерген өмірдің түсінігі мен талғамы тұрғысынан қайта зерделеп, құр айқай ұраншыл оңғақ дүниелерінің ара жігін ашып пікір білдіргені үшін кісіні аруақ сыйламайтын қарабет деп жариялап, аруақпен қорқыту – ғылыми таным талаптарына еш қатысы жоқ, әрі кеткенде қолдан жасанды әулие жасап, пұтқа табынудың бағзыдан қалған бір көрінісі дегеніміз жөн болар. Немесе мұны спорт тілінде «запрещенный прием» дейді. Қатыгездік пен жауыздықтың соңғы шегін білдіретін ұғым.

4.     Шоң ағам М.Мағауиннің мақаласын өзі оқып, саралап, салмақтап, байыбына көз жеткізіп барып емес, әлдебіреудің өсегінің негізінде «сүйтетін көрінеді» деп қойып: «Не айтамын қазір? Уақытым да тапшы», деп алады да, «мәңгүрт» ұғымын әдеби-философиялық тұрғыдан айналысқа енгізген бірден-бір автор өзі екендігін, уақытының тапшылығына қарамастан, егжей-тегжейлі баяндап береді. Ә.Кекілбаевтың «Мартовский снег» жинағының беттеріне дейін атап, бүкіл мәтіннен мәңгүрт ұғымына қатысты жолдарды ерінбей-жалықпай теріп тұрып көрсетеді. «Бар-жоғы осы ғана, газет информациясының деңгейінен аспайды», деп түйін жасайды. «Мәңгүрт» сөзін атақты қырғыз Саяқбай Қаралаевтан естігенін, «Манас» жырынан кездестіргенін айтады. Бәрі дұрыс, дауымыз жоқ. Алайда бұл сөз маған да қаршадайымнан таныс дегім келеді. Бәлкім, содан да болар, шоң ағамның «Боранды бекет» романын кезінде қызыға оқыдым. Өйткені мұндағы көп нәрсе мен үшін таныс та ыстық еді. Қорқыт бабаның сүйегі жатқан жер – Қорқыт стансасында жарық дүниеге келдім. Төретам стансасындағы (Байқоңыр) теміржолшылардың балаларына арналған бастауыш мектеп-интернатта төртінші сынып бітіргем. Болашақ космодромның алғашқы құрылыстарының қалай басталғанын көріп, куәсі болғам. Ол кезде де заман жүдеу, қу тіршіліктен шаршаған әке-шешенің ашуланғанда балаларына кейіп жиі айтатын сөздері «мәңгүрт» пен «мәжүн» болатын. Қазақ пен қырғызды туыс, бауыр десек, екеуінің тағдыр-таланының да ұқсас болғанын осы «мәңгүрт» сөзі де айғақтап тұр ғой. Олай болса оны Ә.Кекілбаев бірінші қолданды ма, жоқ, Ш,Айтматов айтты ма деп таласып, саудаға салу жөн емес. Бұл жерде анығы ешкім де жоқтан бар жасаған жоқ. Халықтың аузында жүрген сөз, оның неден шыққанын жақсы білетін жадында бар ұғым.

Айтпақшы, шоң ағам әлгіндегі Рәмберді тілшінің Мағауин мақаласы жайындағы сұрағына: «Оқыған жоқпын, оқығым да келмейді», дегенін бір айнала беріп ұмытып кетті ме; «манасқа байланысты бір сөзі ұнамайды», деп қойып қалады. Оқымаса, ол ұнамсыз сөзді қайдан біледі. Әлде өсекшілердің айтқандарынан туындатып отыр ма? Бірақ шоң ағам тап осы тұста ондай сілтеме жасамайды. Жә, оқыды, не өсекшіден естіді деп біз де бұдан әрі босқа шаршамалық. Өйткені әңгіме онда емес. Әңгіме өкпе айтып шамданатындай негіз бар ма? - деген сұрақта. Ал мен мақаланы оқыдым. Менімше онда шам шақыратындай негіз жоқ. Мұндайды қазақ әңгіменің арасына орайы келгенде қыстырыла кететін сөздің сірәсі дейді. Манастың орнына Алпамысты, не Қобыландыны қоя салсақ қайтер еді. Одан бәрібір ештеңе де өзгермес еді. Олар да қалмағы бар, қызылбасы бар, кәуірі бар қалың жауға жылғыздан-жалғыз қарсы шауып, бір шапқанда қырық мың қолды бір-ақ қырып, дүниені қан сасытып жатады ғой.

5.     Әңгіме-сұхбаттың адамгершілігі бар адамға ең бір ауыр тиер тұсы, «запрещенный приемның» көкесі – шоң ағамның Қазақстан Республикасының Президентін Мұхтар Мағауин сияқтыларды ашықтан-ашық жазалауға шақыратыны. Рас, жұртшылыққа әуелі қуанышын айтпақ екен. «Найман-Ана» спектаклі Нью-Иорктің Манхет театрында қойылып жатыр. Соған сүйінші сұрамақ екен... Ал елде мынадай сұмдық. Кінәлі, әрине, «бұл өмірде бар-жоғын естімеген, білмеген Мағауин» деген әлдекім. Уай, жалған, бар-жоғы белгісіз біреудің сөзіне бола сонша шала бүлінгені несі?! Ол, сірә, адамзаттың Айтматовының атына сын айтқан. «Сірә» болатыны шоң ағаң Мағауин мақаласын «оқыған жоқ, оқығысы да келмейді». Оның не жайында екенін таныстары айтып, түсіндіріп берген. Сол жетеді. Өйткені коммунистік идеологияның кешегі шынайы қайраткерлері үшін:

«Менің досымның жауы менің де жауым»;

«Мен оның жазғандарын оқығм жоқ, сонда да теріс пиғыл таратушы 

халық жауы екенін білемін».

Әлбетте ондайларға аяушылық жоқ. Сосын да шоң ағаң бүй дейді:

«Өзім қадірлейтін Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қоғамдық баспасөз құралдарын өз теріс әрекеттерінің қолшоқпарына айналдырғанды бүйтіп тайраңдатып қоймайтын шығар деп сенемін».

Өзін адамзат өркениетінің көш бастаушыларының қатарына кірдім, Батыстық ұғымдағы толық демократпын деп есептейтін шоң ағаның бұл не сөзі? Намысы тежелген жаман маңқа қазақпын ғой, сонда да жаныма қатты батты, 1937 жылдың үскірік ызғарын сезіп, қайта оралып келіп қалған жоқ па деп шошыдым да. Сүйтіп бір сәт есеңгіреп те қалдым. Есім кіріп, ептеп намысым қозғандай болды. Тәуелсіз, зайырлы, демократиялық Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты кім деп ойлайды бұл шоң қырғыз? Жә, ары қарай тым тереңдеп бармайын, тоқтайын. Онсыз да емеуріні түсінікті болды ғой. Президент иек қақса, мына менің қынабынан суырылып қан шақырған кек қылышым боққа шабылмай, маңқа қазақтың басын қазір-ақ шауып түседі деп ойлай ма, қайтеді...

Осымен шоң ағамның сұхбатына байланысты өзімнің айтар ойымды тәмәмдасам да болғандай. Бірақ неге екенін білмеймін, соншалықты жүйесіз, дәйексіз, ашу мен ызаға құрылған татусыз-дәмсіз сөздер әлемге әйгілі Шыңғыс Айтматовтың – айтулы гуманистің (гуманистке «Егер жау берілмесе, оны өлтіру керек» дейтін принциптің жат екені мәлім - Ө.А.) аузынан шықты дегенге қалай да сенгім жоқ. Көңілім бар пәле газет тұтқасындағы жайсаңдардың таным-пайым кемдігінен, пікірталас мәдениетінің кедейлігінен, «Көргенді к... деген жеңеді» дейтін өркеуделіктерінен бе деген күдікке қарай ойыса береді. Бірер мысал келтірейін. 

«Жас Алаштың» біраздан бері республикалық көші-қон агенттігінің басшысы Алтыншаш Жағанованың да қыр соңына түсіп алғанын көріп отырмыз. Сынасын. Газет қызметі сондай. Әттең, солары көбіне сыннан гөрі қатын ойбай һәм қатын өсекке ұқсап кетіп жатса ше. Сосын да «Жас Алаш» оқырманын сыйламайды екен-ау деп ренжіп, қалайша қарның ашпасын. Нанбасаңыз, газеттің 7 қаңтар күнгі № 3 санындағы Жанарбек Әшімжанның «Шаһаризаданың шатақ ертегісі» деген сын мақаласына көз жүгіртіп көрелік.

«Ғайыптан тайып Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің қасиетті қолын ұстау мәртебесіне ие болғанға ұқсайды. Содан бері Жағанова ел ішінде «мен Рим папасының қолын сүйген адаммын», деп күпініп жүретін көрінеді.

Бір тойда көлбеңдеп билеп жүрген Алтыншашты көріп қалған бір азамат «сән көрсетіп жүр ме» деп кекесін білдірген көрінеді.

Қайталап айтсам, бұл «көрінеділердің» «өз болмысын және көзқарасының залалын байыптай алмайтын делқұлылар» болмаса, таза қатын өсек екендігіне ешкім де дау келтірмес деп ойлаймын. Алайда басты сорақысы бұл да емес. Бұдан да үлкені бар. Яғни көпшілік ортада әдемі киініп, сүйкімді көрініп, би билеп жарқылдап жүргені үшін әйел адамды сөгеді. О, тоба, жастар газетін басқарып отырған ХХІ ғасырдың серкелеріне не болған?..

Жаңағы үлкеннен де үлкен сорақысы және бар боп шықты. Иә, «Жас Алаш» не істеу керегін айтып, тікелей Президенттің өзіне де нұсқау береді. Жағаңды ұстап қалдың ғой, шошып кеттің бе? Шошымағын. Міне, оқып көрші өзің сабырмен. «...Уәзірлеріңіз атқарар шаруаның да салмақтанып, сараланып келе жатқаны тағы белгілі... Патшалықтың арғы-бергі елдердегі абырой-беделін де шашылып түскен моншақтай қылмай, нық ұстап қалатын да томаға тұйықтан ада һәм толағай тұлғалар екені және мағлұм.

Осы тұрғыдан келгенде де ары ойланып, бері ойланып, тап осы Алтыншаш апамыздың үкіметке не үшін керек болғанын біз түсінбедік».

Иә, осылайша бірді-бірге айдап салу, арандату (тіпті Президенттің өзін де) «Жас Алаштың» сүйікті әдісі екен. Бұл қолтаңбаны бұрынырақ басқа бір газеттің беттерінен байқайтынбыз-ды. Атап айтқанда, «Қазақ әдебиеті» газетінен. Енді сондағы басшылық қызметінен ығысқан қос мықты сөзі одан да ұзын «Жас Алаш» басшылығына келіп алып, бұрынғыдан да еселенген жігермен ғылыми пікірталасқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тұрғыда адамда жоқ бірбеткейлікпен, қасарыспа тоңмойындықпен жеке басты қаралайтын, арандату әрекеттерін қайта қоздырып жатыр. Міне билік! Тергеуші де, айыптаушы да, соттаушы да өздері. Тек бір ғана буын жетпей тұр. Орындаушы. Атын айтуға ауыз құрғыр бармайды. Қорыққандықтан емес, оқыған деген атымыз бар, әр ұғымның, іс-қимылдың өз орны, қисыны бар. Ондай жүгенсіздікке бойдағы азды-көпті білім-білігіміз, мәдениетіміз жібермейді де. Ал олар «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген нақылды тура мағынасында ұстанатын сияқты. Дәйекті пікірге дәлелмен жауап берудің, не сөзге тоқтаудың орнына орынсыз шамданып, көңілдеріне ұнамағанды халық жауына ұқсатып, мықтылардың қолымен, тіпті Президенттің өзін көмекке шақырып, әлгі байғұстың өлтірмесе де тілін суырып тастаса деп жанталасады. Мына сұм заманда бұдан асқан кісәпірлік болмас, сірә.

Тағы бір сөз. Біз білетінде газетке сурет жайдан-жай басылмайды. Ол материал авторының дидарын айғақтайды. Немесе материалға қосымша мазмұн үстейді. Осы тұрғыдан келсек, шоң ағамның мың-сан суреті ішінен қолында жалаң қылыш жалаңдатқан суретінің таңдалуы – көп нәрсеге меңзейді. Кез-келген бейнелі заттың рәміздік (символдық) мәні барын, әрине, гуманист шоң ағам Шыңғыс Айтматов өте жақсы біледі. Бірақ тап осы жерде гуманистігін шоңдығы жеңіп кетіп, Мұхтар Мағауинге: «Әй, маңқа қазақ, бері қара! Сен кімсің, мен кіммін! Мына сынды қайқы қылышпен сен ақ тер, көк тер боп зерттеп, жазып, қазақ рухын тірілтуге әрі айғақ әрі тәлім болсын деп әспеттеп жүрген талай бабаңның басы шабылған. Президентке тапсырдым. Сен де солардың кебін киесің», деп тұрған сияқты ма, қалай? Жоқ, ойбай! Кет, кет менен ондай жаман ой!.. Шоң ағам – гуманист! Ол – адамзаттың Айтматовы! Сұбхатты да дұрыс жүргізуді үйрете алмай бәрін бүлдіріп отырған кеше «Қазақ әдебиетінде», бүгін «Жас Алаштағы» өзіміздің иіс алмас жайсаңдар ғой. Иіс адмас болмаса «алдау сөзім әркімге жұмсайтын малайымның жемі» дейтін Радлов, Бруссе шырмауықтары барын аңдар еді ғой. Ұлттық намыс дегеннің де бар екенін ойлай жүрер еді ғой.

Сөзімді Ахмет Байтұрсынұлының түсіндіруді қажет етпейтін мына бір өлең шумағымен айяқтасам деймін:

         Қинамайды абақтыға жапқаны,

         Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

         Маған ауыр осылардың бәрінен

         Өз аулымның иттері үріп, қапқаны.

Өтен Ахмет       

2005 ж.

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...