Өтен Ахмет. Мәмбет – Мырқымбайтегі емес пе? Немесе телпегін теріс айналдырып киген оқулық

ӘДЕБИЕТ
2960

                                                                                         

Қазақстан Республикасы білім министрлігінің назарына

Бекет басынан жеңілдеу шыққанмен, бір-екі аялдамадан соң автобус адамға лықа толып кетеді. Бос орын қалмайды. Мен салон ішін көз жүгіртіп қарағанымша, кірер ауызға жақын көлденең орындықтан жүзінен нұры төгілген бір жас қыз бала ұшып тұрып, «ағай, отырыңыз» деді. Шүкір, әдепті жастарымыз бар екен-ау, деп іштей сүйсіне орналасып жатып байқадым, сол жақ қапталымда әлгіден де жастау бір бүлдіршін қыз, қолына ұстаған үш тал ораулы қызыл гүлін сындырып, үзіп алмайын деп сақтанып-ақ отыр. Жүріп келеміз. «Алматы – Ұзынағаш» автобусы қаладан шығып болғанша өзі де шаршайды, жолаушыларды да діңкелетеді. Тағы бір тоқтап, ішке тағы бір топ адам кіргенде, салонда кісі айналар жер қалмаған. Жас әйел қолындағы үш-төрт жастағы баласын қайда қоярын білмей дағдарған. Қасымдағы онсыз да өзі қысылып отырған нұрлы жүзді бойжеткен «маған беріңіз» деп баланы алдына алып алды. Мен оның бойындағы соншалық мен мұндалап тұрған ұлттық әдеп пен мінезіне еріксіз көңіл бөлдім.

         -Каникулға, үйге бара жатырсың ба?

         -Иә, ағай.

         -Қасыңдағы сіңлің бе?

         -Иә. Екеуміз де мектеп-интернатта оқимыз.

         -Е, Жаңа жылға гүл сыйлап шешелеріңді қуантпақ екенсіңдер ғой.

         -Сындырап алмай жеткізсек.

         -Пысық, ширақ көрінесіңдер... Қай мектеп-интернаттансыңдар?

         -Тоғызыншы мектеп-интернат. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытады. Өзім он бірінші сыныптамын.

         Қалай да әдебиетке жақын адаммын ғой, бүйрегім бүлк ете қалды.

         -Е, онда Мырқымбайды оқыған боларсың?

         -Оқыдым. «Ыбыраймыз-Ыбыраймынды» да, «Шоқпытты» да, «Қызыл сұңқарлар» мен «Советстанды» да, «Колхозды ауыл осындайды» да.

         -Қалай, ұнаған шығар?

Ұнауы үшін әуелі түсінуің керек қой. Біз ұқпайтын сөздер, ұғымдар өте көп. Кейде осы мен не оқып отырмын деп-ақ басың қатады.

Ішім мұздап кетті. Ойым ошарылды. Мына қаршадай пысық қыздың сөзі осыдан дәл 50 жыл бұрын мектепте алған дәрісімді, 45 жыл бұрын университетте лекция үстінде естігенімді қайталайтын секілді. Шынымен бе?

Шынымен екен. Үйге келген соң мектеп кітапханасынан 11 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының екі нұсқасын бірдей алып, салыстыра қарадым. Біріншісі, «Қазақ Совет әдебиеті» деген атпен 1989 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген. «Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің «Қазақ Совет әдебиеті» оқулығына жарияланған жабық конкурсында екінші сыйлық алған» деген анықтамасы бар. Авторлары – Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев. Екіншісі, «Қазақ әдебиеті» деген атпен 1998 жылы «Рауан» баспасынан жарық көріпті. Авторлары сол – жаңағы төрт кісі.

Біреулер айтар, совет өкіметі құлап, тарих қойнауына кетті, ал әдебиет пен оны жасаушылардың жазығы жоқ, сондықтан совет, коммунистік партия деген сөздерді алып тастаса болды ғой... Менің де әдебиет пен оны жасаушыларға кінә артпақ ойым жоқ. Бірақ жаңағыдай пікірмен келіспеймін. Өйткені бүгінгі тәуелсіз азат елдің жас ұрпағына он жыл бойы коммунистік идеологиямен суарылған шығармаларды насихаттап, оларды маркстік-лениндік дүниетаным тұрғысынан талдап түсіндіретін оқулық құрал бойынша оқытып келуіміз – еш ақылға сыймайтын іс.

Неге бұлай тік кеттік? Себебі, бұл екі оқулықтың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Рас, біріншісі толыққанды ғылыми еңбек. Марксизм-ленинизм тұрғысынан. Мұндағы әрбір бөлім, тарау, сөз, сөйлем, алынған мысалдар, ой-толғамдар, шығармаға, авторға берілген бағалар, қорытынды тұжырымдар бірінен-бірі туындап, бәрі бір арнаға – марксизм-ленинизм ілімімен суарылған совет әдебиетінің жаңашылдық, көп ұлттық, партиялық, халықтық сипаты деген теориясымақты дәлелдеуге құрылған. Ал «Рауан» баспасынан шыққан екінші оқулықта бұл жабайы жалған қисындардың бадырайып көзге ұрып тұрған жерлері қайшыға түскенмен, коммунистік идеологиядан туатын басты мәні мен сөлі сол қалпы сақталған. «Жыланды үш кессең де кесірткедей қауқары болады» демей ме атамыз қазақ. Соңғы оқулықтың да қанша кесілгенімен бастапқы идеологялық уытын сақтап қалғанын көреміз.

1989 жылғы басылым: Оқулықтың «Совет әдебиетінің негізгі сипаттары», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет», «Ж.Жабаев», «С.Мұқанов» бөлімдерін М.Базарбаев; «20 – жылдардағы қазақ совет әдебиеті», «30 – жылдардағы әдебиет», «С.Сейфуллин», «І.Жансүгіров» бөлімдерін Р.Нұрғалиев; «Б.Майлин», «Соғыстан кейінгі құрылыс дәуіріндегі әдебиет», «М.Әуезов» бөлімдерін З.Қабдолов; «Ғ.Мүсірепов», «Ғ.Мұстафин», «Қазіргі әдебиет пен сын», «Совет халықтарының әдебиеті», «Қорытынды» бөлімдерін Х.Әдібаев жазған.

1998 жылғы басылым: «Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы әдебиет», «Ахмет Байтұрсынов», «Жүсіпбек Аймауытов», «Ілияс Жансүгіров», «Сәкен Сейфуллин» бөлімдерін – Рымғали Нұрғалиев; «Мағжан Жұмабаев», «Сәбит Мұқанов», «Соғыс кезеңі мен онан кейінгі жылдардағы әдебиет», «Жамбыл» бөлімдерін – Мүсілім Базарбаев, «Бейімбет Майлин», «Мұхтар Әуезов» бөлімдерін – Зейнолла Қабдолов; «Ғабит Мүсірепов», «Ғабиден Мұстафин», «Қазіргі әдебиет пен сын», «Рухани байланыс» бөлімдерін – Хасен Әдібаев жазған.

Не өзгерген? Алғашқысындағы «Совет әдебиетінің негізгі сипаттары» деген бөлім соңғысында жоқ. Алғашқысындағы «20- жылдардағы қазақ совет әдебиеті», «30-жылдардағы әдебиет» деген екі бөлім соңғысында «совет» деген сөзі алынып, бір бөлімге біріктірілген. Алғашқысындағы «Совет халықтарының әдебиеті» бөлімі соңғысында «Рухани байланыс» болып өзгерген. «Қорытынды» бөлім алынып тасталған. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовқа арналған тараулар 1989 жылғы басылымда «20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті» бөлімінің ішінде жүрсе, соңғысында жеке бөлімдер ретінде орын тепкен. Бұл әрекеттерден байқағанымыз, медицина тілімен айтқанда, пластикалық операция жасалған. Бірақ кітап адам емес екен. Адамды адам ашық тұратын жері бет-пішінінен таниды. Мұрынды, ерінді, қабақты, құлақты сәл-пәл өзгертіп, ізіңе түскендерден құтылып кетуің мүмкін. Өйткені сенің былайғы денеңді қасыңдағы жарыңнан басқа (егер болса) кім біледі? Әрі-беріден соң пластикалық операциядан кейін оны да тастап, адастырып кете аласың ғой. Ал кітаптың әр бетін парақтайсың, әр сөзін қадағалап оқисың. Осыдан біраз бұрын бір жазушымыз, арқыраған лауазым атына мініп тұрған шағында, бір жазған кітабының атын, мәтіннің алғашқы сөйлемдерін өзгертіп әлденеше рет қайталап бастырғаны мәлім. Жаман кітапты басқа оқымаса да, кітапханашылар жүгіртіп болса да қарап шығады. Солар шу көтерген ғой...

Иә, кітаптың әр бетін парақтайсың, әр сөзін қадағалап оқисың. Сонымен, алғашқы басылымның «20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті» бөлімінен оқимыз: «Революцияның кекті серпіні мимырт ғасырлар құшағында самарқау мүлгіп, марғау тіршілік еткен, надандық, қараңғылық, отаршылық тепксіне езілген, қоғамдық дамудың әлемдік прогресшіл көшінен жырақ қалған қазақ даласын сілкіп оятып, сұңқар қанат бітірді. Еңбекші ел... ұлы революцияның қасиетті мұраттары, асыл идеалдары үшін отқа түсіп, жан берді, үстем таппен алысып, қан төкті (19 бет). Бұл – бөлімнің ғана емес, бүкіл кітаптың идеологиялық тұздығы, бұдан былайғы барлық талдауларда «сыр сандықтың» құпиясын ашатын – сиқырлы кілт. Немесе оқулықтың барлық конструкциясын жымдастыра ұстап, біріктіріп тұрған алтын арқау – ұстын.

Сонымен тағы да салыстырайық. (Бұдан әрі сөз үнемдеу үшін «Алғашқы басылым», «Соңғы басылым» дегендерді А және С әріптерімен таңбалайтын боламыз. Ө.А.) А.21- бет «Кең байтақ Советтік Отанды дүбірлеткен революция рухы халық арманын ту ғып ұстаған қазақ ақындарының да өзекті тақырыбына айналып, еңбекшілерді күреске шақырған, бостандық, теңдікті жырлаған шығармалар тудырды», - дей келіп, С.Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы» өлеңін мысал етеді. Ой анық. Түсінікті.

С.3-бет. «Кең байтақ елді дүбірлеткен өзгеріс рухы халық арманын ту ғып ұстаған қазақ ақындарының өзекті тақырыбына айналып, еңбекшілерді күреске шақырған, бостандық, теңдікті жырлаған шығармалар тудырды». Мысалға алынған «Жас қазақ марсельезасы» қысқарған. Ой бұлыңғыр, анық емес.

А.23-бет. «Қазір әлемге атағы жайылған, толысқан қазақ әдебиетінің идеялық мұраттары, көркемдік-эстетикалық нысандары, негізгі жанрлық формалары, ұлттық ерекшеліктері мен интернационалдық тұтастығының басты сипаттары 20-жылдарда-ақ қалыптасқан болатын».

С.4-бет. Мәтін толық қайталанады. Тек «интернационалдық» сөзі «халықтық» сөзімен алмастырылған. Ал бұл екі сөздің тең ұғым еместігі Әлімсақтан белгілі ғой.

Бұл тұжырымдардың күші дәйектемесінде, енді соған назар аударып көрелік. А.24-бет. «Таптық күрестің бел ортасында жүрген патриот-коммунист, интернационалист Сәкен Сейфуллин қазақ ақын-жазушыларының ішінде революцияны бірінші болып жырлап, советтік сөздің туын бірінші болып көтерді. Оның асқақ пафосты, таптық нысанасы айқын, әлеуметтік идеясы терең, көркемдігі кемел «Асығып тез аттандық», «Тергеген болсаң айтайын», «Кел, жігіттер» өлеңдері – қазақ совет әдебиетінің алғашқы тастабаны, іргетасы, ұлттық поэзиядағы советтік азаматтық, саяси лириканың басы».

С.6-бет. «Төңкеріс рухын, идеялық бағытын, теңдік, бостандық ұранын халыққа бірінші жеткізген – қазақтың ұшқыр қара өлеңі еді (?). Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің асқақ пафосты, нысанасы (қандай?) айқын, көркемдігі кемел «Асығып тез аттандық», «Тергеген болсаң айтайын», «Кел, жігіттер» өлеңдері ұлттық поэзиядағы азаматтық, саяси лириканың алғашқы тастабаны болды».

Алғашқы үзіндіде бәрі де орнында тұр, бәрі айқын. Соңғысында сөз қитұрқысы, ой жаңылтпашы бар. Бірақ бәрібір екеуі де бір арнаға құйылып, Октябрь революциясы, таптық күрес идеясын дәріптейді.

Ахмет Байтұрсынов туралы. А.34-бет. «Алаш қозғалысы тұсында Ахмет Байтұрсынов та адасады, қателікке ұрынады, санын соғады, түңіледі, сарыуайымға салынады. Азапты толғаныс, өзгеру эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың март айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының көптеген өкілдерін өзімен бірге алып, Совет өкіметі жағына өтеді».

С.21-бет. «Алаш қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов та жаңа өткел, соны өріс іздейді. Азапты толғаныс, өзгеру эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының көптеген өкілдерін өзіне ілестіріп, Кеңес өкіметі жағына өтеді». Бұған сенсек, яғни келтірілген үзінділерден ұққанымыз, А.Байтұрсыновтың «Совет өкіметі жағына өтуі» қазақ айтатын «Басқа түссе баспақшылдықтан» яки басқа жол қалмаған мәжбүрліктен емес, «азапты толғаныс, өзгеру эволюциясы» нәтижесінде саналы түрде болыпты-мыс.

 Ал енді әдебиеттегі белгілі тұлғаларды, олардың рухани мұрасын оқушыларға қалай оқытып, түсіндіріп жүр екенбіз.

С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы туралы. А.66-67-бет. «Ескі мұраға, бұрынғы әдебиетке көзқарас туралы лениндік ілімді терең меңгеріп, творчестволық тәжірибеде сәтімен қолданудың үлгісін қазақ совет әдебиетінде көрсеткен ақындардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Халықтық сюжетті, бұрыннан белгілі сарындарды, фольклорлық идеяларды жаңа заман тілегіне қарай суреткерлікпен өзгерте пайдалану социалистік реализм поэтикасына жат емес».

С.76-бет. Мұнда алғашқы сөйлем жоқ. Кейінгі сөйлемдегі «Социалистік реализм» тіркесіндегі «социалистік» сөзі қайшыға іліккен. Социалистік реализм әдебиеттегі мүлде жаңа танымдық теория болғаны шындық. Және жетпіс жыл бойы осы әдіспен жазылған шығармаларды талдап, таразылап отырмыз. Сөйте тұра қалайша аяқ астынан көз жұмып, сол әйгілі көке теория табиғатта мүлде болмағандай кейіп көрсетеміз. «Көкшетау» поэмасында Абылай хан, оның бүкіл үрім-бұтағы шетінен шектен шыққан қатыгез, қанішер жауыз, бейбіт жатқан көрші қалмаққа ойран салушылар болып көрінсе, оның көркем шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, коммунистік жалған мұраттардан туған саяси бопса екенін кімнен және несіне жасырамыз. Неге қараны ақ деп танытпаққа тырысамыз.

Альбатрос» поэмасы Ленин мен социализмді мадақтауға арналғаны белгілі. А. 73-77-беттерінде бұл жәйт шегіне жеткізіле талданған. С. 82-83-бет. Аталмыш тарау барынша қайшыланып, жүні жұлынған тауық кейпіне келген. А.77-бет. Түйін. «Жаңа өмір, коммунизм мұраттары үшін сан майданда В.И.Ленин, коммунистік партия басшылығымен күрес салған совет елін ақын теңіздің дауылдан, толқыннан қайтпайтын өршіл, тәкәппар құсы – Альбатросқа теңейді. Туған елін сол қайсар құс Альбатрос іспетті найзағайша жарқылдап, дұшпанға жай түсірер қайратты болуын тілек етеді».

Әрине, мен үшін, қазақша оқыған, қазақ әдебиетінен мағлұматы бар тұстастарым үшін бұл үзінділердің бір-бірінен айырмасы жоғын түсіну қиын емес. Ал мектеп қабырғасындағы жас шәкірт соңғы үзіндіден не ұғады. Осындағы «жаңа өмір» қай өмір? Осыдан он бір жыл бұрын жаназасы шығарылған КСРО ма? Жоқ әлде, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға мүлде жат құс – Альбатрос қалайша «еліміздегі жаңа өмірдің» символы бола кетеді. Бұдан асқан жаңылтпаш болмас. Ал енді осындайдан кейін шәкірттердің басы қатпай көрсін.

Бейімбет Майлиннің соңғы елу жыл ішінде ерекше дәріптеліп келе жатқан шығармасы – Мырқымбайы. Өзі бір жатқан үлкен әлем. Топтамаға жиырмашақты өлең, екі поэма, фельетон-әңгімелер кіреді. Екі оқулықта да «Мырқымбай» атты арнайы тараулар бар. Кейінгісінде бірлі-жарым саяси ұғым сөздердің қысқарғаны болмаса, мәтіндер толық ұқсас. Осы Мырқымбай кім? Оған ұзақ мінездеме бірілген. Содан бір үзінді. А. 110-бет. С. 101-бет. «...Өзінің оқығаны жоқ қараңғы, тұрмыстан тоқығаны да жоққа жақын көрбала, бірақ әйтеуір жаңа өмір екпінімен жүрегінде жігер оянған, білегіне бірқыдыру күш біткен, ниеті дұрыс, пиғылы адал еңбек адамы – кедей».

Иә, Мырқымбай большевик басшылардың ұйғарымымен қазақ елін феодализмнің қараңғы қапасынан адам еңбегін қанаушы капитализмнің басынан қарғытып, жарық нұрлы социализмнің жұмақ төріне топ етіп түскелі ұшып бара жатқанда пайда болған кейіпкер. Яғни кедей-кепшік, құл-құтанның жиынтық бейнесі. Социализм жұмағына кіріп алған соң, оған енді еңсе көтергені аз, оған енді коммунизмге жол салу үшін билік керек. Оқимыз: «Мырқымбай да сілкінеді, намысқа басады. Сопы шалдарға, молдаларға, ұлтшылдарға (С. «ауылдағы кертартпаларға, керенау-кердеңдерге» - Ө.А.) қарама-қарсы қаһарға мініп, алдымен өзі мен өзі кеңесіп, өзіне-өзі есеп береді».

         Естен кетпес байдың берген азабы!

         Талай-талай тарттым нақақ жаланы.

         Енді, енді, енді басын идірдім,

         Бірақ, әзір, істегенім аз әлі!

         Ал аз емес, көп іс тындыру үшін мезгіл мінезіне, уақыт талабына сай ел қызметін атқару үшін қайтпек керек? Мырқымбай ойланды».

«Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дөп келді. Ойланып қалған Мырқымбайға жоғарыдан нұсқау түсуі мұң екен, революциялық күрестің бейбіт күндегі жаңа қырғынын сабазың бастады да кетті. Әуелі ірі байларды тәркілеп, «ұлы кәмпеске» өткізді. Сосын орта шаруаға, одан қоңыр шаруаға ауыз салды. Аяғы не болды? Белгілі. Осыған орай, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Қазақ әдебиеті» газетінің биылғы №1 санында жарияланған «Құлдық сана немесе Шыңғыс ханды пір тұтушылар әлегі» деген қарсы мақаласынан ұзақтау болса да үзінді келтірсем, артық етпес. Өйткені Мырқымбайға тікелей қатысы бар.

«Бүгінде демократияның анархияға айналуына байланысты өмірдегі қарапайым шындықты яғни екі жердегі-екінің төрт екенін дәлелдеудің өзі күшке түсуде. Мәселен, Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабымызда мен отызыншы жылдары 1 миллион 200 мың (кейбір мәліметтерде 2 миллион 50 мың) адамның аштан қырылуына себепкердің бірі – Елтай Ерназаров туралы сын пікір айтуым мұң екен, марқұмның бизнесмен немерелері, заң саласында қызмет істеп жүрген бір арызқой інісі өре түрегеліп, басқа туысқандарын топтап, ақшаларын судай шашып, маған қарсы құлаш-құлаш мақала ұйымдастырды... тарих ғылымдарының докторлары К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбековтердің жан-жақты дәлелдеуінің нәтижесінде Е.Ерназаров, О.Исаев, І.Құрамысовтардың жұртқа белгісіз өрескел істері алға шықты. Соттың көзі алақандай болды... Өкінішке қарай, ұлтымыздың тең жарымынан астамының аштан қырылуына себепкер адамдардың есімі мектеп, ауыл, көшелердің құрмет биігінде әлі мызғымай тұр...»

Жоғарыда оқулықтың 1998 жылғы басылымында 1989 жылғы басылымындағы «Совет әдебиетінің негізгі сипаттары» деген бөлім алынып тасталған деген болатынмын. Ал бұл бөлім бүкіл оқулықтың жанды өзегі еді. Бірер мысал. 5-бет. «Совет әдебиеті социалистік экономикалық базистің қондырмасы болып табылады. Ол социалистік-қоғамдық құрылыстың бекіп, нығая түсуі үшін күреседі... Совет әдебиеті көркем әдебиет кейіпкерлерінің мүлде жаңа типін жасап. сол арқылы Совет адамдарының өскенін сипаттайды. Совет адамы өзінің социалистік Отанын жақсы көреді, ол – коллективтік, қоғамдық мүддені көздейтін, социалистік мемлекеттің күш-қуатын арттыра беру үшін күресетін патриот».

Осы қағидаларды бұлжытпай орындағандардың алдыңғы сапында – қазақ жазушылары, қазақ әдебиеті болғаны ақиқат. Нанбасаңыз кез келген кезеңдік шығарманы ашып қараңыз. Кім жаман? Байлар, олар шетінен сасық. Төрде отырып түкіргенде, қақырығы босағадан сыртқа асып түсіп жатады. Тоқалшыл. Сосын қожа-молдалар. Діни нанымдармен халықтың басын айналдырып, дін-апиынмен улағанннан басқаны білмейді. Бұрынғы оқығандар шетінен сатқын, жымысқы, сұмырай. Армандары – қазақты Ресейден бөліп алып, өздері билік басына келу. Ұлтшылдық уағыз айтып, халықты адастырғалы жүрген арандатушылар.

Жақсы кім? Әрине, Шоқпыт, Терлікбай, Мырқымбай, Еркебұлан, бандыны қуған Хамит. Кедейден шыққандар – бәрі күрескер. Бұлар алдыңғы топтағыларға үнемі түртпектеп маза бермейді, әшкерелейді. Сосын қуғындайды, түрмеде шірітеді, атып тастайды. Үрім-бұтақтарының тамырына балта шабады. Сосын байлықты бөлді. Билікті алды. Ақыры ақсирақ аштық әкелді. Репрессияларды жүзеге асырды. Біреуге ұнасын я ұнамасын шындық осы. Олар жетпіс жыл қоғамда ашықтан ашық үстемдік құрды. Қазір ше? Егер біз бүгін, М.Шахановтың сөзімен айтқанда, екі жердегі екінің төрт екенін дәлелдеуге қиналатын болсақ, мұны мырқымбайлардың үстемдігінен демегенде не дейміз. Демек, мырқымбайлық қанымыз бен жанымызға сіңіп, ұлттық менталитетіміздің бір қырына айналып кеткен. Сондықтан оны өзіміз де байқамаймыз.

Иә, оқулықтарға енген кез келген бөлім, тарауларда бүгінгі күннің талғамымен үндеспейтін, үндеспек түгіл сиыспайтын, жастарға ой салып, өнеге бермек түгіл, миын босқа шаршататын, мәңгіртетін мысалдар мен тұжырымдар құмырсқадай өріп жүр. Әлгілерден сүрінбейтін жерің жоқ. Атақты Жамбылдың атақты «Шағым» деген өлеңін алайық. Бұл – дінсіздікті ұран еткен заманда атбасындай алтыннан да қымбат қазына еді. Большевик мырқымбайлар соны жақсы түсінді. Ұтымды пайдаланды. Бұдан аттай елу жыл бұрын осы өлеңді үйде самбырлатып жаттап жүргенімізде, әке-шешеміз жақтырмай қабақ шытатын, ұрсып та тастайтын. Қазір ғой ділдің өзегі – дін деп, ауыл, қалада жаппай мешіт салып, қиратылғандарын қалпына келтіріп, жоғалтқан иманымызды іздеп күнде қақсап жатырмыз. Сөйте тұра, ақындық желік буған қызулы жастың молданың тәртібіне көнбей ашу-ыза үстінде айтқан бір ауыз қыжыл сөзін құран сүресіне айналдырғанымызды қоймаймыз. «Оқымаймын молдадан...» Онда тұрған не бар, қазір де ұрмай-ақ, әке-көке деп жалынғанның өзінде оқымаймын деп әр мектептен талай бала қашып жүреді ғой.

Оқулыққа арнайы курс ретінде енген тұлғалар негізінде ХХ ғасырдың бірінші жартысында қайрат көрсеткендер. Дәлірек айтсақ, Ғабиден Мұстафинмен аяқталады. Одан әрі анау ананы жазды, мынау мынаны жазды деген секілді шолу ғана.

Әділіне жүгінсек, 60-90 жылдар Хрущев жылымығымен қанаттанған әдебиетіміз үшін ең бір жемісті кезең болды. Мысалы, біз 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында Алматының Брежнев алаңында бұрқ еткен ұлттық намысты жиі айтамыз. Орынды мақтан етеміз. Сол намысты оятқан да, қайраған да І.Есенберлиннің, Б.Тілегеновтің, М.Мағауиннің т.б. халқымыздың өткендегі және бүгінгі елдік, ерлік жолы туралы романдары емес пе еді. Бірақ жөнді мән берілмеген. Өкінішті-ақ.

Оқулықтың тілі де ауыр. Кей-кейде құдды мектеп шәкірттеріне емес, филология факультетінің жоғарғы курс студенттеріне арналған лекция іспетті. Тіпті тәжірибелі қаламгердің ой толғау – эссесі ме деп те қаласың. Бір мысал. С.120-бет. «Хикаят бітті. Әттең бітіп қалғанын!.. Бір сағат оқыдық па, жоқ па? Қалай тез бітті? Амал жоқ, кітап бетін жабамыз, еңсемізді көтереміз. Бірақ қым-қиғаш әсерлер айығар емес. Жаңа ғана өзіміз кезіп өткен өмір, өзіміз сезіп білген шындық, құбылыстар алдымызға қайтадан тізбектеле береді: дала, жазғы күн, айлы түн, алтыбақан, ән, күлкі, мінездер, іс-әрекеттер, тағдырлар тартысы...

Шұға!.. Ақыр аяғында, міне сұлу Шұға дүниеден кетті. Есіл аяулы ерке!.. 

Жүрек елжіреп, баяу лүпілдейді. Көңілде құйын ұйытқып жүр: арман ба, өкініш пе, әйтеуір бір мұң, бір сыр... Бірақ осы кірбіңнің өзі біртүрлі жайлы рақат. Тіпті осы халден арылғымыз келмейді. Көзімізді жұмып, тағы да ұзақ ойға шомамыз. Не деген күшті әсер!»

Мүмкін мен қателесетін шығармын, өз басым мұны мектеп оқулығының тілі деуден гөрі өңшең ашықауыздарды үлкен залға жинап ап дәрігер жазбаған дертіңді қазір-ақ «үф» деп ұшырып жіберем дейтін әккі экстрасенстің құлақ қытықтар тәтті әуезіне ұқсатамын.

Әсілі мен бұл мақаланы неге жазып отырмын? Имандай шыным, біреудің шаужайынан алайын, сағын сындырайыншы деген бөтен ойым жоқ. Рас, Совет Одағы деген мемлекет болды. Қазақстан соның құрамында өмір сүрді. Ол өзінің идеологиясына қаласаң да, қаламасаң да, құзырындағының бәрін бағындырды. Жазушылардың біреулерін өмірбойы ақбоз атқа мінгізіп, марапаттап өтті. Енді біреулерін ә дегеннен жаман көзінің қырына алып қудалап, ақыры дүниеден құртып тынды. Тағы біреулерін бірде мақтады, бірде даттады. Қысқасы, сондай заманда өмір сүргені үшін, жақсылы-жаманды шығармалар жазғаны үшін, оқулыққа енгендері бар, енбегендері бар, ешбір қаламгер кінәлі емес. Заманының тапсырмасына лайықты оқулық жазып, бәйге алған (1989 жыл Ө.А.) авторларға да тағар мысқалдай мінім жоқ.

Әрине, Совет Одағы бір демде күйреп түседі, коммунистік идеология желге ұшады деп ешкім де ойламаған шығар. Оның үстіне, ойы жаңарған жаңа оқулық жаза қою да оңай іс емес. Ескектерін жинап алған соң да кеме бірден тоқтап қалмайды, екпінімен тағы біраз жылжиды. Сол сияқты Совет өкіметі кезінде коммунистік идеология тұрғысынан жазылған оқулықты тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында пайдалануға мәжбүр болғанымызды түсінуге әбден болады.

Уақытқа не дерің бар, шүкір, тәуелсіздігіміздің 10 жылдығы да өтті дүркіреп. Қоғам алдында өсіп, өркендеудің жаңа көкжиектері ашылып жатыр. Соның бірі – Президент Н.Ә.Назарбаевтың ХХІ ғасыр білім жарысы ғасыры деген ескертпесінен туындайды. Яғни мектепте, жоғарғы буында оқу сапасы бірінші кезекке қойылуға тиіс. Бұл міндетті бұлжытпай орындау үшін мұғалімнің білігі мен шеберлігіне қоса, коммунистік идеологияның кір-қоқысынан аршылған, ұлттық мені, мемлекеттік мерейі алға шыққан салауатты санаға лайықты әдебиет оқулығы да керек.

Тәуелсіздігіміздің бүгінгі қол жеткен биігінен қарасақ, Совет заманында жарық көрген, көбіне теріс талғам, кері түсінік беретін ескі оқулықты, әсіресе ойы бекімеген мектеп бітірушілер үшін онан әрі пайдалана беру, жұмсартып айтқанда – ұят. Қаржыға сілтеудің де жөні келмес. Кешегі арық малдай тұралап қала жаздаған қиын жылдарда да 31 томдық орысша-қазақша сөздік шығаруға ақша табылған екен. Тек қатесі көп, шикілі-пісілі боп шыққандықтан қайта жазылатын болыпты деп естиміз. Оған да, әрине, ақша бар. Әсілі, билік басында отырған шенеунік мырзалардың қайтсем өзім байимын, атақ алам деп емес, қайтсем жас ұрпақтан алғыс алам деп қайрат қылғаны ғанибет болар еді-ау. Әйтпесе тарихтың түпсіз терең зынданына құлаған Совет өкіметі кезінде жазылған оқулықтан шала ұғым алған жас ХХІ ғасырдың білім жарысында бәйге алады деп үміттену - әлгі өзіміз күліп те, жылап та айтатын мырқымбайлық болады да шығады.

Егер де көне оқулықты пайдалануды жалғастыра берер болсақ, онда 1989 жылғы басылымның өзі дұрыс. Өйткені Совет Одағының болғаны, марксизм-ленинизм ілімі қоғамтанудың басты теориялық құралына айналғаны, әдебиет жасауда социалистік реализм әдісі қолданылғаны – бәрі рас, бұлтартпас шындық. Осылай болған, ол заманда қоғам осылай өмір сүрген деп оқулықты бастапқы 1989 жылғы толыққанды қалпында пайдаланса, мұғлімге де, оқушыға да жеңіл тиеді. Сөз жұмбақтан, ой шырмауығынан құтылады. Қызылдар келе жатқанда телпегінің жұлдызды жағын алдына қаратып, ақтар келгенде артына қарай айналдыра салатын жансақтағыш қудың кейпін киіп жүре бергеніміз жарамас.

Оқулық құрастырудың осы уақытқа дейін қолданылып келген принцип-критерийлері бүгінгі өзгерген уақыт талабына кереғар. Бұрынғыша тарта берсек, рабайсыз олпы-солпылықтан, логикалық жүйесіздіктен арыла алмаймыз. Егер одан қашпасақ, кезінде ұраншыл болып өкіметтен әртүрлі атақ, дәреже алғандарды тағы да бұрынғыша жас үлкендігіне қарап, қатар-қатар сірестіріп қоямыз да, шын әдебиеттің ауылынан жанамалап желе жортып өтіп кетеміз. Ең жаманы - әдебиет идеология, саясат құралы деген ескі ұғымның торына қайта шырмаламыз.

Әдебиетті фетишке айналдырмай, саясатпен былықтырмай, адамды мәдениеттендіретін, эстетикалық талғамын қалыптастыратын, жаны сұлу, мейірімді, әдепті, кішіпейіл де сыпайы һәм парасатты отаншыл тұлға ететін рухани қазына деп танысақ, онда оны оқытудың да, үйренушіге әсерін күшейтудің де жаңа мүмкіндіктері ашылары сөзсіз. Осыған орай, мынадай ұсыныс-пікірлерім бар:

1.     ХХ ғасыр әдебиетін 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі, одан кейінгі деп бөлу дұрыс емес деп есептеймін. Бұлай етсек, қазақ совет әдебиеті деген ескі ұғымның шырмауында қала береміз. Бірақ бұл екі кезеңді түйістірмей тағы болмайды. Сонда әдебиет дамуындағы эволюциялық табиғи процестің үзілуі ақырында неге әкеліп соқтырады, ұлттық ойлау жүйесіне қаншалықты нұқсан келтіреді деген өзекті өртер ащы сұрақтарға толыққанды жауап табамыз.

2.     Мектеп бітіруші сынып оқулығына ХХ ғасыр әдебиетінің бүкіл тарихын тықпалай беру (ХХІ ғасырды да мұжи бастадық. Шүкір, жазушыларға бай халықпыз ғой), шәкірттің пәнге деген ықыласын суытпаса, күшейтпесі анық. Әрине, филология факультеттері үшін, әдебиетті кәсіп еткен адамдар үшін сөз басқа.

3.     Әдебиеттің эстетикалық тағылымын, оның ұлт сүю, Отан сүюдегі рөлін басты қасиеті деп танысақ, жеткіншек тәрбиесінде, мысалы, С.Сейфуллиннің «Көкшетау», «Альбатрос» поэмаларынан гөрі «Аққудың айрылуы» поэмасын, басқа да адами лирикаларын тереңірек талдап оқыту әлдеқайда құнарлы болары сөзсіз. «Ақсақ киік» әнін тыңдағанда бекерден-бекер көзімізге жас үйірілмейді ғой. Әр кезеңде жасалған әдебиетке тақырыптық жағынан қасқаша ғана шолу беріліп, олардың ішінен ең озықтарына терең, түбегейлі талдау жасалса, көркем әдебиеттің беделі арта түсер ме еді деп ойлаймыз. Айталық, Мұхтар Әуезовтің көркем әлемін ешбір замана желі шайқалта алмайды. Сол секілді оқулықта Мағжан Жұмабаевтың ақындық мұраларына жітірек үңілсек, нұр үстіне нұр болмақ. Айтпай ма, автор қанша көп жазғанмен, әдебиет тарихында тек бір ғана шығармасымен қалуы мүмкін деп. Әркімнің сол бірегейін оқытса, эстетикалық құнарын терең ашып талдаса, ең тиімдісі де сол демекпіз.

4.     Ыбырай Алтынсарин Санкт-Петербург барып, Қазан барып, сол заманның ең озық үлгілерімен таныса жүріп, қазақ балаларына арнап тұңғыш оқулық жасағанда, оны Хрестоматия деп атады. Мүмкін ақын-жазушы болайын, балалар әдебиетінің негізін қалайыншы деп ойламаған да шығар. Бірақ ұстаздық мұраты оған соны еріксіз істетті. Әуелі шығарманың өзін оқып ғибраттансаң ғана барып ой түюге болатынын ол жете түсінген. Өйткені «халуа», «халуа» деп қанша айтсаң да аузыңа тәтті дәм келмейді. Сол секілді әлдебір шығарма жайында он дәріс тыңдасаң да соны өзіңнің бір рет оқып шыққаныңдай әсері болмайды. Әдебиет әсілі жүрекпен қабылданар рухани ерекше тағам ғой.

5.     Мектептерде соңғы жылдары қайсыбір шығарма жайында құрғақ әңгіме белең алып барады, шығарманың өзін оқу кеміп кетті. Оған себеп бұрыннан жұтаң мектеп кітапханалары кейінгі 10-15 жылда толықтыру көрген жоқ. Барының көбі бүгінгі эстетикалық талғам тұрғысынан жарамсыз болып қалды. 

Сондықтан егер оқу министрлігі мектеп бітіруші сыныпқа арналған жаңа әдебиет оқулығын шығаруға қам жасап жатқан болса, оған қажетті хрестоматиямен шектелмей (көбіне қысқартылған, ықшамдалған үзінді-жұлындыдан тұратын), «Отырар кітапханасы» сериясы секілді «Мектеп кітапханасы» сериясымен оқулық бағдарламасына сәйкес қажетті көркем әдебиет нұсқаларын шығаруды да қолға алса дейміз. Және ол кітаптар мектеп кітапханаларына берілуі керек.

Мен ел ішінде тұратын адаммын. Газет жаздыруға, кітап алуға ақша жоқ деген бекер сөз. Өңкей қазақ жайлаған осы алақандай ауылда ғана апта сайын «Время» газетінің 55-60 данасы сатылады. «Бинго» ойнамайтын отбасы сирек. Әрине, газет те, кітап та – тауар. Ылғи нашар тауар ұсынып, тұтынушының ықыласын суытып алған өзімізде де кінә көп. Тауарымызды тұтынушыға күштеп таңып та қадірін асыра алмаймыз. Күштеу, зорлау – қашаннан ең ауыр қылмыс. Мұндай тауардың өмірі түбі баянды болмайтыны және белгілі. Енді не істеу керек? Тағы да үміт артарымыз – жастар. Мектеп қабырғасында жүріп қазақ кітабын оқымаған шәкірт, бай ана тілінің қыр-сырына қанықпаған жас ертеңгі күні қазақшаңды басын балталасаң да оқымайды. Тіпті мектепте қазақша оқығанына өкінуі де мүмкін. Қалың оқырманы болмаса, қазақ көркем әдебиетінің рыногі ешқашан қалыптаспайды. Рынок қалыпаспаса жақсы мен жаманның парасын айыру қиынға түседі. Туысты мақтау, досты мадақтау, лауазым иесі алдында жалтақтау, сыбайласты пайғамбар тұту – жалғаса береді; бара-бара үйреншікті дағдыға, мінезге айналады. Ал бұл дегеніңіз мырқымбайлықтың онан сайын асқақтап, кеуделей беруінің кепілі.

                                      х х х

Шындықты айту қауіпті. Талай таяқ жегем. Біреу-міреу шамданып қалмас па екен? Ау, бірақ елдігіміздің, ертеңіміздің жай-күйі үлкен-кіші – бәрімізді де бірдей мазасыздандырып жүрген мәселе ғой. Ендеше сабыр табайын. 

Сабама түсіп, жаңа жыл қарсаңында автобус ішінде көрген қос бүлдіршін қызды есіме алдым. Гүлдерін сындырап алмай жеткізіп, шешелерін риза етті ме екен? Осындай әдепті, ақылды ұрпақ тәрбиелеп жүрген ата-аналар зерделі жандар-ау, сірә. Жер шалғайлығына, қаржы тапшылығына қарамастан қос бүлдіршіндерін үлкен қалада, жақсы мектепте оқытып жатыр. Білімді де білікті, тал бойларында ұлттық нәрін сақтаған сапалы қазақ болып өссін дейді...

Жүзінен нұры төгілген жас қыз бөтен біреудің үш-төрт жасар бөпесін алдына алып отыр. Қысылшаң жерде сыр білдірер емес, жайдары, жайсаң.

-Қала балаларымен қалайсыңдар? – деп сұраймын мен одан.

-Кей-кейде шекісіп қаламыз.

-Неге? Мәмбет дей ме?

-Иә. Қыздарды Мағрипа деп кемсітеді.

-Соған да ашуланасыңдар ма?

-Әрине... Айтушы өз мәдениетінің кемдігін көрсетеді. Түсінеміз ғой. Тек соны айтатын қазақ балалары болғанға кейде зығарданың қайнап кетеді...

Одағай сөзге емес, сол сөзді айтушының қазақ болғанына намыстанады екен. Жақсылық нышан. Өйткені қыз бойында қазақ ұлтының жас қайратына тән ізгі қасиеттердің тұнып тұрғанын сездім. Инабатты, ізетті. Ойы ашық. Сөзі нық. Жасық емес, батыл. Өзінің қазақ қызы болғанына мақтанатын да секілді. Қазақы мінез тәрбиесін көрсетуден жасқанбайды. Өйткені ол қазақ мектебінде оқиды.

Осы ойым тағы бір ойды қуалап әкелді. Қазақ мектебін, мұғалімдерді жамандау жиі естіліп жүр. Осы әділет пе? Ғылым, мәдениет саласындағы марқасқалардың 95 пайызы ауыл мектебін қазақша бітірген. Рас, сонау тоқырау жылдары ауылдағы қазақ мектептері назардан тыс қала бастады. Кадрдан жүдеді, оның соңы тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы ауыр кезеңіне жалғасты. Бәрібір қазақ мектебі мен мұғалімін жамандауға еш негіз жоқ. Біреулер ойлайтындай мұғалімдердің басындағы басты уайымы алатын жалақысының аздығы ғана емес, сабақты сапалы өткізуге қажетті көмекші құрал-жыбдықтар, сапалы оқулықтардың жоқтығы. Соған қарамастан, олар жоқтан бар жасап жүр. Кез келген ауыл мектебінің іші-тысы бірдей жайнап тұрса, соның бәрі көбіне мұғалімнің өз материалынан, өз қаржысына, өз қолымен істелген. Барлық қазақ тілді басылымдардың артын жауып отырған да негізінен мұғалімдер екенін де есте ұстаған абзал. Бір шалағай молда үшін жүз жылға жуық бүкіл молда атаулыны масқаралап, дінді талақ етіп келгеніміз де жетер. Қиян түкпірдегі әлдебір кенде қалған мектеп үшін, бір шалағай мұғалім үшін бәрін жаппай жамандай бргеніміз әкесін арбаға таңып қойып сабағаннан да асқан сорақылық болып жүрмесін, ағайын. Бүйте берсек Мәмбеттен ертең кім туарын бір Алла ғана біледі.

Р.S. Осы «мақтаулы» оқулық, өкінішке қарай, өткен жылы «Мектеп» баспасынан 31 мың таралыммен қайта басылып, мектептерге таратылды.

«Бұлақ басынан тұнады»,- дейді халық даналығы. Білімді, ой-өріс, таным-талғамы заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеп өсіруде мектеп жұмысының, оқулық сапасының айрықша маңыздылығы да сонда. Оқу-ағарту саласында еңбек етіп жүрген педагог-жазушы Өтен Ахметтің мақаласында ел келешегі үшін мәні зор осы мәселенің кейбір қырлары сөз болады. Біз осы ауқымды һәм көкейкесті тақырыпты «Жұлдыздың» бетінде әрі қарай талқылап, ой қорытып, пікір түюге Республика Ғылым академиясы, оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, оқулық жазуға қатысып жүрген авторлардың өздері, әдебиет, мәдениет саласының өкілдері, тәуелсіз Қазақстанның болашағы толғантатын барша зиялы қауым, қалың жұртшылық атсалысады деп күтеміз.

 Редакция.

«Жұлдыз», 2002 жыл, № 3

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...