«KITAP FEST 2019» ірі кітап фестивалі өтіп жатыр

КІТАПХАНА
2074

Елордалық Арбатта «KITAP FEST 2019» ірі кітап фестивалінде кітапсүйер қауым, авторлар мен баспагерлер жиналды, деп хабарлайды "Мәдениет порталы"


Әдеби мереке бағдарламасында көрмелер, жәрмеңкелер, танымдық әңгімелер мен басқа да акциялар бар. Ол кешкі сағат жетіге дейін жалғасады. Кітап жәрмеңкесіне 20 дүкен, баспа және интернет-дүкендер бар. Олар сатып алушыларға фестиваль аясында арнайы жеңілдіктер ұсынып отыр. Сондай-ақ, фестиваль аумағында «I BOOK YOU» кітап алмасу жобасы жүзеге асырылуда: қонақтар өздерінің оқыған кітаптарын оқымаған кітаптарға ауыстырып ала алады. Кішкентай оқырмандарға ойын-сауық бағдарламалары, шеберлік сыныптар ұйымдастырылуда.

«Орталықтандырылған кітапхана жүйесінен тегін кітаптар ұсынылады. Олардың саны шектеулі, сондықтан алып үлгеру керек. Өз кітаптарыңызды әкеліп, оқымаған кітаптарға алмастыруға болады», - деп хабарлады «KITAP FEST 2019» жобасының бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

Жазушылар шатырында» оқырмандар қазіргі және жаңа авторлармен танысып, жаңа кітаптардың презентациясына қатыса алады. Онда танымал пианиношы, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова «Вариации на темы» кітабы туралы айтады. Журналист, философия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Зира Наурызбаева «Төрт бұлт» атты еңбегін ұсынады. Продюсер, режиссер, «100 жаңа есім» жобасының лауреаты Айдие Айдарбекова «Менің теңізім – сенің аспаның» атты өлеңдер жинағының тұсауын кеседі. Ақын  Айжан Тәбәрәкқызы «Сен жыламашы» кітабы туралы айтса, жазушы, сценарист Зәуре Төреханова «Амина Тұран номадтар елінде» романын ұсынады. Қазақстандық зерттеуші, жазушы және саяхатшы Тинкай Кретова оқырмандарын «Қазақстандық» атты жаңа кітабымен таныстырмақ. «Жазушылар шатырының» арнайы қонағы – актриса Альмира Тұрсынды барлығы күтіп отыр. Ол Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмінде ойнаған. Ол жазушы Болат Жандарбековтің «Томирис» шығармасынан үзінді оқиды. «Оffline кітаптар туралы» атты шатырда қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлер әртүрлі тақырыптар қозғайды. Шақырылған қонақтар арасында – блогерлер Өркен Кенжебек, Айна Досмұхамбетқызы, Динара Болат, политолог, Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Талғат Қалиев, балалар ертегілерінің авторы Гүлжазира Берікқызы мен тағы басқалар бар. Осы екі кездесудің спикерлері ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқу эстафетасына қатысады.

«KITAP FEST» Алматыда бес жыл қатарынан өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы уақыт ішінде ол қарапайым кітап алмасу шарасынан жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген мәдени-танымдық шараға айналған. Биыл ол Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын кітап фестивалі мыңдаған кітапсүйер қауымды, жазушыларды, блогерлерді, қоғам қайраткерлерінің басын қосып келеді. Бес жылдың ішінде осы алаңда авторлар мен баспалардың қатысуымен 130 кітаптың тұсауы кесілді, 20 мың кітап қонақтарға сыйланды, 70 кітап дүкені жәрмеңкеге қатысты, 45 блогер сүйікті кітаптарымен бөлісті.

«Осы шараның мақсаты – кітап оқуға шақырып, қазақстандық авторлар мен баспаларға қолдау көрсету. Бұл жас және бұрыннан келе жатқан авторларлардың өз кітаптарын ұсынатын жалғыз алаң деуге болады. Мұнда олар кітаптары туралы оқырмандарына айтып, қызығушылық танытқан баспалар мен кітап дүкендерін таба алады», - деп атап өтті Майра Әлжанова. Нұр-Сұлтандағы іс-шара Жастар жылы аясында өтіп жатыр және оны қалалық әкімдіктің қолдауымен «Астана жастары» мемлекеттік мекемесі, «BAURZHAN» жеке қоры, «ABAYbooks» баспа үйі ұйымдастырып отыр. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...