ЕЛІ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН…

ЕСТЕЛІКТЕР
268

Біздің Қазақ Еліндегі халыққа жақсы танымал, еңбегі ерекше Тәуелсіздік Тұлғаларының бірі – Ислам Әлмаханұлы Әбішев.
Ислам Әлмаханұлы – ұлтымыздың ұйытқысы, Оңтүстіктің оғланы. Оның туған жері – анкеталық деректе Өзбекстан Республикасының Ташкент облысындағы Шыназ ауданының Құтша ауы­лы деп көрсетілсе де, мен бұл өңірді де оңтүстіктің бір пұшпағы деп есептеймін. Оның се­бебі: ол туған ауыл, аудан да – ежелден қазақ мекені. Кеңес өкіметі 1924 жылы ұлттық рес­публикаларға бөліп, шекараны қайта межелеу кезінде айырылып қалғанымыз болмаса, Ташкенттің өзі де осыған дейін төл қаламыз болғаны мәлім. Яғни Ислам Әлмаханұлы қаймағы бұзылмаған қалың қазақ ортасында өсіп, ана тілінде орта мектеп тәмамдап, 1978 жылы қазақтың политехникалық институтын 22 жасында инженер-электрик мамандығы бойынша бітіреді. 1980 жылдың қыркүйегінен бастап өзбектің «Кибернетика» институтында ғылыми қызметкер болып бір жыл еңбек етеді.

Содан кейін-ақ, яғни 1981 жылдың қазан айынан ол Шымкент облысының Киров ауданындағы ХХ партсъезд атындағы кеңшарында комжасодақ комитетінің хатшысы болып халыққа қызмет ете бастайды.Ары қарай оның өмірбаян бел-белестеріне үңілсек, ол 1982 жылдың қыркүйек айынан Шымкент облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы.1983 жылдың наурызынан Шардара аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы.
1986 жылдың маусымынан осы аудандағы «Ақ алтын» кеңшары партия комитетінің хатшысы.
Нақ осы кезде алып КСРО қағана­тының өмірінде қайта құру басталып, халық демократия және жариялылық аясында өмір сүруге көшіп, еркін пиғыл-пікір мен бұрқыраған сөз селінің астында қалды. Коммунистік құндылықтар күрт әлсіреп, «өркениетті» Батысқа есік айқара ашылды. Міне, осындай шақта Ислам Әлмаханұлы көп көңілінен шығу, жүрегіне жол табу кәсібін меңгеріп қана қойған жоқ, ел нәсібін табу, жаңбырдай жауған сөздер мен жан-жаққа жалт-жұлт қараған көздердің ортасынан өз ұлтымызға қажетті және жарамды, жаңа құндылықтардың шырағын жағу өнерін де үйрене бастады.
Ал бұл – болашаққа – жеке Ислам Әлмаханұлы­на ғана емес, иманды бостан елдігімізге өте керекті бастау-нышандар еді.
Ол 1988 жылдың маусымынан осы Шардара ауданындағы «Юбилейный» кеңшарының директоры.
Ол 1992 жылдың сәуірінен Оңтүстік Қазақстан облыстық электр жүйесінің Шардара кәсіпорны директорының орынбасары.
Ол 2000 жылдың қарашасынан ОҚО Ордабасы ауданының әкімі.
Міне, осы кезден бастап қырықтың қырқасына көтерілген жігіт ағасы Ислам Әлмаханұлы өмірінде жаңа кезең басталды. Біздіңше ғана емес. Бұған дейін де ол өзін көрсетіп, барған жеріне береке кіргізіп, ұйымды, өндірісті, жеке кәсіпкерлікті күрт көркейтіп, ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты танытқанмен, өз басын және жекелеген ұжымдарды жарылқай алғанмен, елге ерлерше қызмет ете алған жоқ. Кені толық ашылмаған Кентау, жарық сәулесін алып өңірге түгел шаша алмаған Оңтүстік энергетика секілді еді.
Күш атасы Қажымұқанды әлемдік емес, облыс­тық күрес жарыстарынан асырмаса не болар еді?!
Ақан серінің Құлагерін Арқадағы алпыс шақырымдық аламан бәйгеге салмай, ауыл арасындағы он бес-жиырма шақырымдық жарыстармен шектеу – қандай бақ-бап сынауға жатады?!
Демек, Құлагерге жеті жүз аттан озып келер жарыс керек, Қажымұқанға жержүзілік сайыс лайық; ал Ислам Әлмаханұлына – қайраткерлік қарым-қабілетіне сай тізгін үзер, күллі ел тұрмысын түзер қызмет қажет.
Міне, осы ерге де, елге де пайдалы, қат осы қа­­жеттілікті 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан об­лы­сына жаңа әкім болып келген Бердібек ­Сапарбаев дер кезінде көре білді.
Бұдан кейін – 2002 жылдың қыркүйегінен бастап ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
Үш айдан соң, яғни 2003 жылдың қаңтарынан ол – Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары. Ислам Әлмаханұлы осы міндетті 6 жыл бойы атқарды. Бүгінгі уақытта халықпен тіл табысудан гөрі бастықпен тіл табысу қиын екенін ескерсек, оның төрт бірдей облыс әкімімен тізе қосып табысты жұмыс істеуі де талай нәрсені аңғартса керек. Жеке бастың мүддесін, орынды наз-ренішін (қайсыбір жұмыс та мұнсыз болмайды) ел мүддесінен, облыстың мақсат-міндетінен төмен қойған ұлық қана кішік болады. Кісі болады.
Көп жағдайда жұмысқа кадрлар қабылдау, қаржы тізгіні, соңғы шешім облыс әкімі қолында болғанымен, қара жұмысты атқарып, бұған қоса жетекшілік жасап отырған саласының тағдырын орынбасарлар шешетіні белгілі. Осы тұрғыдан келсек, орынбасарлық – осал буын емес, әсіресе бірінші орынбасар Оңтүстіктей алып өңірде екінші тұлға. Демек, Оңтүстік өмірінің алты жылында Ислам Әлмаханұлының айшықты қолтаңбасы айқын, атқарған істері аршынды. Іскер орынбасар жұмысты еңсеріп қана қоймай, қалың халыққа да жақсылық шуағын төгіп, игілікті шарапат тигізгені дәлел тілемейді.
Ер екеніңді білейік, Оңтүстікті бас­қарып көрші! Ислам Әлмаханұлы 6 жыл абыройлы басқарды. Орнынан түсіріп тастаған жоқ, өзі Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының әкімдігі қызметіне ауысты.
Ислам Әлмаханұлының атқарған барлық қызмет-мансабы бір бөлек болса, Өскемен қала­сы­ның әкімі болып жүріп 3 жылдай мерзімде жарқылдап атқарған жұмысы екінші бір бөлек белес деп айтсақ онша артық кетпеспіз. Мұны сәл түсін­діріп тарқатсақ, бір емес, бірнеше себебі бар. Алғашқы және басты себепті – қазақтың барлық жері мен белі табиғи қастерлі, көлі мен шөлі тарихи қасиетті болса да, «Бұл – түркі халықтарының тұңғыш туып-өскен, төрткүл әлемге тараған асыл бесігі – Алтай ғой» деп бір-ақ сөзбен байыптасақ та жеткілікті-ау деп ойлаймыз. Жай Алтай, әйтеуір тау Алтай ғана емес, Өр Алтай. Төр Алтайыңыз және осы. «Ақ Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай; Ағызған сары алтынды тастан Алтай…». Бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған «халық» әнінде осылай деп айтылса, тек ол бүгінгі күнге тән ақиқат емес, ежелгі де кешегі ақиқат. Оның Алтай деген атының түп-төркінінің өзі Алтын Тау дегенді білдіретіні бағзыдан белгілі. Осындай көне де киелі жердің кіндігі – Алтайдың алтын алқасы – Өскемен қаласын жаңа уақыт талабына сай басқару, салқасы болып кете жаздап тұрған елді мекенді Қазақстанның қайта қалқасына айналдыру – жеңіл міндет еместігін айтпағанда, зор жауапкершілік. Барша елімізге ортақ, тән құбылыстар ғой деп бұл жағдаяттарды ескермегенде хакім әкім деңгейіне көтерілген санаулы Ерлеріміздің бірі Бердібек Сапарбаев айтқан: «Ер екеніңді білейін, Оңтүстікті басқарып көрші!» делінетін фактор тағы алдан шығатыны ақиқат. Өйткені Өскемен – Шымкент, Алматы емес. Тіпті Тараз, Астанаң да емес. Ол – не жасыратыны бар, қазақ жеріндегі қиын, орыс рухы басым қала. Бұған Кеңес өкіметінің көп жылдар бойы сүйекке сіңгізген отаршылдық сая­саты негізгі себеп қана емес, бұл қалада, бәлкім күллі Шығыс Қазақстан өңірінде славян ұлты өкілдерінің сан жағынан басым болуы да қатты әсер етті. «Көп қорқытады, терең батырады». Санмен санасу да керек. Ал орыс ұлты өкілдері қашаннан ашық әңгімені, жауырды жаба тоқымаған шындықты сүйетіні – жер бетіндегі барлық ұлт-ұлыстар тәрізді – өз алдына, олардың орталық Мәскеу, арқатірек Ресейден бөлініп қалуы келешек үшін алаңдататынын айтпағанда, басты, бірінші ұлт болудан айырылып, Қазақстанда екінші ұлт болып қалуы еріксіз өздерін кем сезінушілікке соқтыратыны мәлім. Мұндай жағдайда қандай бір халықтың да өзгеше қамшыл, айрықша шамшыл болатыны ешбір дәлел тілемесе керек. Демек, мемлекетіміздің осындай осал да орасан маңызды тұс-өңірінде Алаш бұқарасына қоса билік өкілдеріне де мейлінше өткір міндет жүктелетіні, өрелі толеранттылық талап етілетіні жемісті қам-қарекет, тәуелсіздікті қамтамасыз етер табанның бүрі, жүректің түгі – жеңісті қайраткерлік қажеттігі аксиома.
Жаңа қалабасы Ислам Әбішевті Өскеменде осындай өткір ахуал, өте өзекті мақсат-міндеттер, ұлтаралық талай толғақты түйін-талаптар күтіп тұр еді.
Әрине, оның алдындағы шаһарды басқарған әкімдердің атқарған істері мен бітіргендерін жоққа шығару жөн емес. Дегенмен, әкімнің де әкімі бар. Қызметкер сұлбасы бар да қайраткер Тұлғасы бар. Ал Ислам Әлмаханұлы өзінің көп жетекшінің бірі емес, халық әкімі екенін көрсетті. Алғашқы күнінен бастап ақырғы күніне дейін. Біз жұмыс істеу тәсілін өзінен сұрап білмесек те, Ислам Әлмаханұлының төл, толассыз қам-қарекетіндегі басты құрал, жұрт жүрегіне бірден жол табар әдіс-амал етіп қалыптасқан ахуал-шындықты өзі толық та терең зерттеп біліп, ашық айту; қандай да бір қиындық-кедергілерден ең тиімді де төте жол тауып, мейлінше дер кезінде тиянақты шешу болғанына кәміл сенеміз. Ел мүддесіне қалтқысыз адалдық, орыс пен қазаққа ортақ, баршаға бірдей әділдік, барлық жерде тәуелсіздік талаптарын табанды жүзеге асыру, қайсыбір қадамда да, істе де, мәселеде де шынайы біліктілік пен іскерлік – Өскемен қаласын басқарған Ислам Әбішевке тән басты қасиет-қабілеттер болды десек қателеспейміз. Бұлай дегенде де біз оны жұмыс, қиындық десе жанып түсетін жігерлі, тұлпардай қамшы салдырмайтын, мемлекет мүддесі шаршатып-талдырмайтын, жолында мін-масақ қалдырмайтын жан еді деп жалаң мақтағымыз жоқ. Бәлкім, солай мақтауға сұранып тұрса да… Неге, неліктен?! Мұның себебі – ол роботтай риясыз, табанды, құр компьютердей іскер, тындырымды жан ғана емес. Ең бастысы – ол «ет пен сүйектен жаралған» абзал адам, алашшыл Азамат қана емес; Абай айтқандай: Толық Адам.
Әуелде бір суық мұз – ақыл, зерек,
Жылытқан тұла бойды – ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты щыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады – білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек.
Заманауи талаптарға сай Толық адам, хакім әкім болғандықтан да Ислам Әлмаханұлы Өскеменді еліміздегі өскен қалаға, келешегі келісті өскелең шаһарға айналдырды. Бұрын да ол өзінің мықты жігіт, озық кәсіпкер, ұйымдастырғыш ұжымбасы екенін еркін танытқан. Дегенмен, шағын қызметте адам үлкен қайраткер болса да толық жарқырай алмайды. Орынбасар бірінші болмай, бірегей басшы бола алмайды. Ал мына қызметте Ол өзінің КІМ екенін, қандай Адам, қандай Азамат екенін көрсетті, елге де, Елбасына да Қазақ Елінің қабырғалы, қарымды Қайраткері екенін жақсы танытты.
Жалпы, Ислам Әлма­хан­ұлы­ның Өскеменде өткізген 2 жыл 10 айының әрбір күніне, айлы да айсыз түніне көлемді жеке мақала арнауға болады. Бәлкім, кейбіреулері созбай сығып жазса, шағын да болар; ал көбісі – ұзақ та ұлағатты сымбат түзеріне сенеміз біз.
…Есті адамды елең еткізерлік мынадай деректер, соңғы уақытта БҰҰ мінберінен айтылып, зерделі ғалым, білгір журналистер тарапынан жазылып жатқан дабыл қағарлықтай сұмдық мәліметтер – сұрапыл соғыс, майдан хабарларындай үрейлі естілері бар. Су 18 мың ғаламды құраған төрт тектің: топырақ, ауа, от пен судың бірі ғана емес, бірегейі екені ақиқат. Ауасыз (дұрысы оттегісіз) 5 минут та өмір сүре алмайтынымызды білсек те, топырақ та, от та, тіпті ауаның өзі де сусыз табиғат тірегіне, тіршілік қорегіне айнала алмайды. Осы себептен де біздің кейіпкеріміз Ислам Әлмаханұлының қазіргі атқарып отырған қызметіне жоғарыдағы келтірілген-келтірілмеген дәйектердің – тиек, шырқыраған шындықтардың – өзек екенін алға тартып, оның қызметтік-қайрат­кер­лік қам-қарекетіне Су туралы сыр, Су туралы жыр деп бағалап, байыптасақ та адаспасымызды сеземіз.
Рас, жүректен шыққан сыр да кейде жүрекке жол таппай жатады, жалын жырда да жетімсіздік кездеседі. Мұның өзі Ислам Әлмаханұлының бұл саладағы өскемендіктер қимай шығарып салған жаңа мансабы: Қазақ Елі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурс­тары комитетінің Төрағалығын атқаруы мінсіз еместігін де білдірер, бірақ іс жүзінде еліміз үшін Су мәселесінің қандай да облыс әкімдігінен, үлкен бір сала министрлігінен мысқалдай да кем еместігін, бәлкім бұлардан да маңыздырақ екенін аңғартса артық та емес. Ал су жүрген жер – баяғыдан шу, қомақты қаржы, ну мәселе. Яғни оның 2013 жылдың шілдесінде орнынан босап қалып, 2014 жылдың тамызы мен 2014 жылдың сәуірі аралығында «Батсу корпорациясына» қайта баруы – нақ осының бір көрінісі. Сонымен, 2014 жылдың 21 сәуірі күні ол аты өзгеріп, заты толыққан Қазақ Елінің Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағалығына тағы бекітіледі. «Қайта шапқан жау жаман», жұт болса болар; ал өз орнына қайта келген лайық маман – құт. Демек, осындай аса жауапты да жойқын жерге бәлкім Ислам Әбішевтей ғана күрескер маман, абзал Адам, қайталанбас қайраткер ғана керек. Бұдан байқалары – ол өз орнында отырған Азамат.
Елбасы саясатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолдап, табанды жүзеге асыру, мемлекетіміз тәуелсіздігін әрбір ісімен, барлық тыныс-тіршілігімен нығайтуға атсалысу, Елі үшін ерен еңбек ету – Ислам Әбішевтің басты бағдары ғана емес, жаратылыстық бітім-болмысы. Ол қашанда іс-тапсырманы терең зерттейді, түбегейлі талдап таниды, содан соң тау болса қопарады, «жау» болса жапырады. Бейнебір ол алмайтын Асу жоқтай. Атомдық қуатын қосып жағып-жұмсаған оттай. Сондықтан да шығар, ол қай істі қолға алса да, қандай мемлекеттік мәселені қозғаса да қандай ұлттық міндет-мүддені түгелдесе де жартылай атқармайды, толық орындайды, жүрек жылуын құйып, нысанасымен бірге бітіп кетеді. Сөзі – Өзі. Ісі – Ізі.
Су туралы сын. Айту оңай. Ал оны өзің айтқандай деңгейде іс жүзінде жүзеге асыру – сынақтың көкесі осы. Біз бірақ Ислам Әлмаханұлының бұл сынақтан сынбай өтіп, абырой биігінен көрінеріне кәміл сенеміз. Өйткені, бұл – Оңтүстіктегі оңғарудан, Өскеменді өңгеруден қиын еместігі анық. Өйткені ол – баяғы Ислам Әлмаханұлы, сол Ислам Әбішев.

***

Мен Ислам Әбішевті бұрыннан, бәлкім 20 жылдай уақыт жақсы білсем де, жақында ғана онымен жүзбе-жүз таныстым. Онда да Алаштың ақиық ақыны Есенғали Раушанов дәнекер болып… Адамдарға жолай бермейтін үркек мінезім өз алдына, бір басылым тікелей тапсырма бермеген соң, өзім қатты сыйлайтын, тіпті сүйетін (Шоқанға Достоевский айтқандай) белгілі кісілердің де алдына барып, талайдан мені білсе де жазамын деп бұйымтай айтуым, тіпті біреулер (мәселен, Қалдарбек ­Найманбаев) үшін де көмектес деп өтініш жасауың қиын. Мен үшін сөзімнің жерде қалуы – намыс қана емес, қайтып қадам басқызбас қарлы Қаратау. Ал бір әріптестерім – несін жасырайық, биліктегілермен, биіктегілермен жақын болу жөнінен – талант. Құдай қалай жаратса, солай қалады екенсің. Міне, осы жағдай Ислам Әлмаханұлы туралы тәнті болып жүрсем де, кешеге дейін қанағаттанарлық тұрғыда қалам тербеуіме кедергі келтіріп жүрді.
Әйтпесе мен Ол жөнінде де бұған дейін-ақ қағазға қысқа да нұсқа дүниелер түсіріп келдім. Міне, соның «Өскемен сағатты қадірлейді» деген біреуін алға тартқалы отырмын.
«Өскемен қаласында Ислам Әбішев әкім болғалы оң да өнегелі өзгерістер көп. Қалада Абайдың алып ескерткіші бой көтергенінен бас­тап ардагерлердің суық қыста 5 тоннадан тегін көмір алуына дейінгі қам-қарекетте қайраткер басшының үлесі үлкен екені дәлел тілемесе керек.
Сондай игілікті істің бірі – уақыт қадірін білуге күнбе-күн үндеп тұрған жаңа сағат ескерткіші десек асырып айтпаспыз. Суретінен де көрініп тұрғандай, мұның өзі – ерекше сағат қана емес, Қазақ Еліндегі ең үлкен сағат. «Былғары» бауының ені 7,2 метр болса, жалпы сағаттың биіктігі 10 метрге жетеді. Әдетте төрт бұрышты, дөңгелек сағаттар барлық қалаларда дерлік кездеседі.
Ал мынау – қол сағат, барлық тұр­ғын­дарына жөн-жоба көрсетіп тұрған жол сағат. («Қазақ Елі», №9-10 мамыр, 2010 ж.).
Басқасын емес, нақ осы мысалды алға тартқанда айтайын дегенім – Ислам Әлмаханұлының уақыттың құн-қасиетін қатты білетін жан екендігі. Ал уақыттың қадірін білген адам жақұттың бағасын ғана емес, бақыттың да қадірін жақсы білетіні даусыз. Ендеше Ер үшін Еліне қызмет ету, оның бағы мен бостандығының баяндылығы үшін тер төгу, күресу – бақыт. Адамгершілік. Азаматтық. Ислам Әлмаханұлы үшін Өмірдің мәні нақ осында болмаса, Өскеменнің орыстары үшін (қазақтары өзі ғой) орман өсіріп, жиырма сағат жұмыс істеп не азап?! Шымкент шыңға шырқауы үшін шырылдап, шырмауығына шатылмай, Күннің көзін көлеңкеге бастырмай, Айға атылу неге керек?! Суға қатысты түскен зор сыны, ағыл-тегіл еңбек-сыры, жүрегін жарып шығып жатқан жыры неліктен басқалардан өзгеше бөлек?! Жеке басына бәрі жетеді. Кәнігі кәсіпкерлігін өрістете берсе, миллиардер болуы да мүмкін-ді. Қарақан бас қамын күйттеуден күрт кідіртіп, ұлты үшін отқа жандырып, суға түсіретін, арыстандай арпалыстырып, Арыстай алға ұмтылдыратын құдірет-күш немене? Ол – қанағат. Ол – қанат. Дүние-мүліктің өзіне құл екеніне, қазақ деген ғажап халыққа лайықты Ұл екеніне қанағаттану. «Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Бірақ атқарып отырған ісіңнен сол халықтың пайдасына орай нәтиже көрінсе, осының өзі мені адам ретінде қанаттандырады».
Қанағаты бар адам, қанаты бар азамат – шын Қайраткер. Толымды Тәуелсіздік тұлғасы.
Осының бәріне, Өміріңнің маржан мәніне уақыт қадірін білу, уақытты өзіңе, ұлтыңа, мемлекетіңе қызмет еткізу арқылы жетесің.
Демек, ендігі сөз тізгінін кейіп­керіміздің кел­бетін даралап-түйіндер озық ойларға ұстатсақ, орта ғасырларда өмір сүрген философ Макиавели (1469–1527) өз заманында-ақ: «Барлық адамдардың болмысын табысқа жетуіне қарап таразылайды» депті. «Адамның көркі – ажары емес, Ары, Әділ болудан асқан батырлық жоқ» дейді ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әлі. «Сағаттың шықылдағы емес ермек» (Абай). Іс таразысы – табыс болса, адамның таразысы – Ар. Таразы – табыстың сағаты десек, Ар – адамның сағаты.
…Ару Астананың теміржол вокзалы. Биік ғимарат төсінен де темір сағат қарап тұр бізге. Уақытты өлшеп. Өмірімізді есептеп. Уақыттың қадірін бізден гөрі де жетік білетін Астана тұрғыны, Алаш Азаматы, Елі үшін еміреніп, еселі еңбек етіп жүрген Ислам Әлмаханұлы Әбішев бүгін де атқан таңмен бірге тұрып, жұмысына асыға кетіп барады. Қазақстан суын таза сақтау үшін. Ел парызын одан ары да ақтау үшін.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...