Төлеген Тоқтаров - шынайы патриотизмнің үлгісі

ЕСТЕЛІКТЕР
6711

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 27943 әскери бөлімінен небәрі 20 шақырым жерде Қарақұдық ауылы бар. Ол жерде Шығыс Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың кіндік қаны тамған. 

Төлеген Тоқтаров жастайынан Риддер қаласындағы қорғасын зауытының жинау-рафинация цехында еңбек етті. Майданға 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылды. Мінезі өткір, намысшыл, өтірік пен сатқындыққа жаны қас, әрі көзсіз ерлікке құштар Төлегеннен комиссия мүшелері: «Қай бөлімге барғың келеді?», - деп сұрағанда, «Қай бөлімде жауды көп құртуға болады, мені сонда жіберіңіздер», - деп жауап қайтарған екен. Артиллерияшы болу үшін Алматының Ыстықкөл көшесінде орналасқан Байланыс техникумында жаттықты. Көп ұзамай генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-шы (8-ші гвардиялық) атқыштар дивизиясының құрамына қосылып, 275-ші полктың автоматшылар ротасының жауынгері атанды. «Ажалдың көзіне тура қара. Кірпік қақпа. Сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің!». 22 жастағы қазақ жігітінің осы сөзі қаруластарын ерекше жігерлендірді. Төлегеннің майдандағы ерлігін көзімен көрген, сол бөлімнің саяси жетекшісі, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин өз естелігінде былай деп жазды: « 1942 жылдың 9 ақпаны. Түс кезінде немістер қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Нағыз күшті соғыс басталды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген «әуп» деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер Төлеген осындай ерлік өліммен қаза болды. Төлегеннің сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді. Қоршаудың қақ ортасындағы биіктігі 4 метр мәрмәр ескерткішке мынадай сөздер ойылып жазылған: «Бұл жерде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан кеңес жауынгерлері жатыр. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров бар». Дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазды. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан. 1942 жылы 5 ақпанда Т.Нагаткино селосына алдыңғылардың қатарында кіре отырып, жаудың 7 әскерін жойып, екеуін тұтқындады. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино селосы үшін болған кескілескен ұрыста рота жауынгерлері жаудың қарсы шабуылынан бас көтермей, әрі дұшпан мен ротаның ара қашықтығы 100 метр қалғанда ол қасындағы төрт жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға бастады. Жау кейін шегінді. Төлеген Тоқтаров қаһармандық пен батылдық көрсетті. Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.               

Төлеген Тоқтаров жайында Н.Байғаниннің «Жиырма бес», Ж.Жабаевтың «Төлеген ер» әндері , С.Құдабаевтың «Топ бастаған Төлеген» терме-толғауы бар. «Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров», «Нәрін, дарын, бәрін берген – туған жер», «Намыс» кітаптары да жарық көрді. Съездхан Дәулетханұлы Құдабаев пен Совет Қапанұлы Иманғалиев «Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров» өз кітабында Төлеген Тоқтаровтың Нагаткино, Соколово, Трошково, Бракловицы, Траково елді-мекені үшін ұрыстарда ерекше көзге түскенін, Бородино селосын қорғауда жаудың әскери бөлімінің штабына еніп, 5 неміс офицерінің көзін құртқанын, бірнешеуін тұтқынға алғанын, бірнеше күнге созылған осы ұрыста қаһарман ұлдың қаза тапқанын баяндайды. 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде  жүргенде өнерпаздардан концерт бригадасын ұйымдастырған Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті Рамазан Елебаев (1910-1943) Төлеген Тоқтаровқа арнап «Жас қазақ» ән-реквиемін жазды. Майдандағы жауынгерлерге концерт бригадасымен барған әнші Жүсіпбек Елебеков туындыны автордың өз аузынан үйреніп алған екен. Сұрапыл майдан суретін, сол майданда жауға жай оғындай атылып, оны арыстанша жаныштаған Төлеген Тоқтаровтың сыртқы келбетін, ұлан-асыр ерлік қимылымен қатар оның асқақтаған арманын, әрі биік, әрі кең, әрі жарық жан-дүниесінің үлкен романтикасын әсерлі де айқын, дәл де жарқын бейнелеген арнау:    

Ел қорғаған майданда жас арыстан, 

Тоқтаровтай артында қалар дастан 

Жас қазақ! Бәрің соған ұқсап бақ! – деп аяқталады.    

Назар аударатын тағы бір жәйт – екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған 497 қазақстандықтың 109-ы еліміздің шығысынан болады. Яғни, батыр атанған әрбір бесінші адам Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Олардың ішінде жоғары әскери атақтың ең алғашқысы Төлеген Тоқтаровқа берілді.    

Бүгінгі күні Риддер қаласындағы қорғасын зауытының аумағында ескерткіш орнатылған. Зауыттың байырғы жұмысшылары «Бұл цехта Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров 1938-1942 жылдары жұмыс істеді» деген жазуы бар қымбат металлдан жасалған тақтайшаны көздерінің қарашығындай сақтап келеді. Есімін де, ерлігін де зор құрмет тұтады. Қатардағы гвардия жауынгері Төлеген Тоқтаровтың оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасында жүріп, батылдық пен ержүректілікке шақыратын ар мен ұяттың символы ретінде шынайы патриотизмнің үлгісін көрсеткенін мақтаныш етеді. 

АЛУА ИСКАКОВА  

 sarbaz.kz

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...