Абылай Рамазанов пен Аңдамас деген байдың Меккеге баруы

ЕСТЕЛІКТЕР
13262

Сәбит Мұқанов өзі кедей әрі жетім болғандықтан шын ниетімен совет үкіметіне сеніп, оның жақтастары сенгендей, ол да контрреволюциялық қозғалыстардың барына имандай сенді.

Оның еңбектерінде түрлі «контрреволюционерлердің», олардың ішінде Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың және Абылай Рамазановтардың аттарын жиі кездестіруге болады. Абылай Рамазановтың өмірі туралы ол «Өмір мектебінің» екінші кітабында егжей-тегжейлі жазады. Ал, Абылай қажыны қазақ совет әдебитінің классигі қалай көргені туралы Qazaqstan Tarihy порталы жазды.

Абылай Рамазанов. Стамбул. 1910 жыл.Азамат соғысы мен Колчак үкіметі кезінде Сәбит Мұқанов Омбыда оқыған, қазақ мұғалімдерін дайындайтын мектептің курсанты болған. Қызыл Арминың қарсы шабуылы кезінде жергілікті билік тұрғындарды келе жатқан қауіп туралы ескертеді. Сәбит Мұқановтың серіктерінің бірі оған дауылдың тынышталуын басқа жерде күтуге кеңес беріп, содан Сәбит Петропавлға аттанады. Петропавлға келген соң Сәбит ауылға жеткізіп салар деген үмітпен туысының үйіне тоқтайды. Туысқаны оған көмектесе алмайды, алайда оны Абылай Рамазановпен таныстырады. Онымен кездескенге дейін Сәбит ол туралы шамалы ғана білген: оның алаш милициясы қатарына жастарды жасақтаудағы рөлі, оның Алаш орданың Петропавл уездік комитетіне мүшелігі, «Талап қауымы» қауымындағы және «Жас азамат» жастар ұйымындағы жұмысы. Сәбит Мұқанов оны бұрын да көргенін, бірақ осы жолы көріп, қатты таңғалғанын жазады: 

«Какой он был огромный и плечистый! Только хитрые, пронзительные глаза были очень маленькими по сравнению с крупным носом и густыми черными бакенбардами, сливавшимися с лихо закрученными кверху усами и клинообразной бородкой»

Сәбиттің естелігі бойынша, Абылай Рамазанов бұнымен салқын ғана амандасып, атқосшысы Ғабдолла Кемікпаевты шақыртып, Ғабдоллаға Сәбитті базарға апарып сол жерден киім-кешек алғызып, одан соң шаштараз бен монша апаруды тапсырады. «Содан кейін,— деді Абылай Ғабдоллаға,— екеуің моншаға түсіңдер. Сабын ала барып, өзін жақсылап шомылдыр,— етіне жабысқан қырсығы  болса кетсін...» Осының бәрінен кейін Сәбит Абылай Рамазановтың көмекшісімен әңгімелесіп, оған өзі туралы, жетімдігі мен кедейлігі туралы айтып береді. Бұны естіген Ғабдолла бай Абылай Рамазановтың қызыл әскердің келуінен және олардың билікті Сәбит сияқтыларға алып беретіндігінен қорқатынын айтады. «Сол үшін, сені аз ғана дүниемен алдағысы келген ғой, әйтпесе, осынша киімді тегін әперетін кімісің оның? Ешкімі де емессің ғой?» Ғабдолла Сәбитке Абылай Рамазанов туралы айтып береді. Сол бойынша, Абылай қажы Көшебе руынан, оның ішінде – Үмбет. Бұның аталары асып кеткен бай болмаған, бірақ, атақты би болған. Екінші атасы — Майлы Абылай ханның оң тізесін басатын биінің бірі екен, бұл Абылайға әкесі, сол Абылай ханның атын қойған. Өз әкесі — Жамақ Бұқардан оқыған үлкен ғұлама кісі екен. 

Шынтуайтында Абылайдың әкесі – Жамақ, ал Рамазан оның туған ағасы, Абылайды бауырына салып алған. Бай әулеттен болмаса да, Абылай Меккеге қажылыққа барған, бұл туралы да Ғабдолла Кемікпаев айтып берген. Ғабдолланың айтуынша, Абылай Рамазанов 1871 жылы дүниеге келген. Бозбала шағында аса тентек болып, отбасын біршама әуреге түсірген екен. Мысалы, он бес жасында ол қалың малы төленіп қойылған қызды алып қашып, сол үшін Абылайдың әкесі түгелге жуық мүлігінен айырылған екен. 1889 жылы он сегіз жасар Абылай Сәмти бимен билікке таласып, тағы да біраз малды шығын қылады, әкесінің ел ішіндегі беделін түсіреді. Сөйтіп жүріп, байлығымен аты шыққан момын Аңдамас деген баймен танысады. Соның ақшасын ұстап, саудасын жүргізеді, сонымен бірге қажылыққа барады. Аңдамас өмір бойы малмен ғана айналысқан, ешқашан еш жерде оқымаған, сол себепті сауатсыз болған, дұғалар мен дін қағидалары туралы да білмеген. Ал Абылай болса, керісінше – медреседе оқыған, аздап орысша сауаты болған. 

Абылай Аңдамасқа ислам, пайғамбар мен оның ілімі туралы, Мекке туралы және қажылық туралы айта бастайды. Ақыры Аңдамасты көндіріп, көп ұзамай олар жолға шығады. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әдетте қазақ даласынан Меккеге баратын жол Каспийдің оң жағалауынан, одан әрі қарай Иран, Ирак, Палестина жерлері арқылы өтетін. Байлар бұл жолға атпен шығатын, жол бір жарым жылға созылатын. Мол ақшалы Аңдамасты, Абылай әуелі поезбен Одессаға, одан кемемен Қара теңіз, Жерорта теңіз, Қызыл теңіз арқылы Мединеге апарып түсіреді. 

➢ ➣ Адамзат тарихындағы 10 ұлы композитор

➢ ➣ Әлемдегі ең танымал 10 скульптура

Қызық әңгіме осы арадан басталады. Медине мен Мекенің арасы түйемен жүргенде, он екі күндік жер екен дейді. Абылай мен Аңдамас та хажыға бара жатқандарға еріп түйеге мінеді. Мұхаммет Меккеде туып-өсіп, сонда пайғамбарлық құрам дегенде, Мекке халқы оған бағынбай, өлтірмек боп қуған ғой. Сонда Мұхаммет түйеге мініп Мединеге қашып келе жатқанда, шаршаған түйесі бір жерде шөксе керек: хажыға баратындар сол араға түйелерін шөгеріп, тұрғызатын сияқты. Ал, Аңдамастың ұғымында, «жүріп келе жатқанда түйені шөгеру,— жамандықтың нышанасы». Аңдамастарды бастап бара жатқан, араб, әлгі жерде түйелерді шөгергенде «қырсық шалды» деп түсінген Аңдамас, тұра төбелеседі. 

Жанжал жасадың деп, жергілікті үкімет оны абақтыға жауып қояды, көп пара беріп, Абылай оны әрең құтқарып алады. 

Екінші жанжал, Мекедегі «қасиетті тас»— қағбаның басында шығады. Хажылар ол арада тырдай жалаңаш шешінеді екен де, абыройларына алжапқыш қана байлап, қағбаны жеті айналады екен. Өзгелер шешінгенде, Аңдамас шешінбейді. 

— Неге? — десе: — Жат елге кеп, абыройымды ашар жайым жоқ,— дейді ол,— және күні күйіп тұр, киімдерімді тастасам ыстық өтіп ауырам. Абылай да, басқалары да:

 —Ендеше хажылығың қабыл болмайды,— десе: 

— Болмаса болмасын, хажы болам деп абыройымнан айрылар, күнге күйіп өлер жайым жоқ,— дейді. 

Үшінші жанжал Ғарафа тауына шыққанда басталады. «Мұхаммет төбесіне шығып, құдаймен сөйлесіпті» деген бұл тауға хажылар да шығады екен. Бірақ, ислам төрт мазһапқа бөлінеді, солардың бірі, «қазақтар да жатады» дейтін — имам - ағзам мазһабы. Бұл мазһаптағылар Ғарафаның, орта тұсынан әрі көтерілмейді екен. Аңдамас оған қарамай, төбесіне қарай тарта жөнеледі. 

Төртінші жанжал құрбан шалғанда шығады. Аш - арығы көп Меккеде, қайыршылар, хажылар құрбанға шалатын қойлардың аяғын ұстап отырады екен де, бауыздаған соң-ақ сүйреп алып кетеді екен. Аңдамас бауыздаған қойды да олар сөйтейін десе, қарулы Аңдамас қойып-қойып жіберіп, қойын қолдарынан тартып алады. 

Неге өйттің? — десе: 

— Келгенімізге көп күн болды,— дейді Аңдамас,— біреуі бір лақ сойып қонағасы бере білмейді. Енді өз қойымды өзіме Жегізбей ме? 

— Құрбанға шалған қой, кәріп - қасардың сыбағасы емес пе? — десе: 

 - Ол сыбағаны елге барғанда берем, бұларға ерегіскен соң түк те татырмаймын,— дейді. 

➢ ➣ Қазақстандағы ең мықты 10 суретші

➢ ➣ Ұлы суретшілер картинасындағы қол нені меңзейді

Бесінші уақиға, Зәмзәм құдығының басында туады. Аңыз бойынша, Ибрахим пайғамбардың жары қазіргі Мекке тұрған жерге келгенде, су іздеп таппақшы болады. Сол кезде Жәбірейіл періште өкшесімен жерді теуіп қалады, сол өкшесі тиген жерде ғайыптың күшімен бұлақ атқылай жөнеледі. Кейін бұл бұлақ ұмыт болып, тек VI ғасырда ғана оны Мұхаммет пайғамбардың атасы Әбд-әл-Мұтталіп қайтадан ашады. Абылай мен Аңдамас та сол құдықтың басына келсе, жұрт құтылап алып жатыр.   

— Бұл не су? — деп сұрайды Аңдамас. 

-  Қасиетті су,— деп Абылай мән-жайын түсіндіреді. Аңдамас татып және иіскеп көреді де:   

— Біздің арадағы «Ит балық» көлінің суы сияқты сасық қой, мынауың! — дейді.   

— Сонда да, алу керек,— дейді Абылай.   

— Алсаң ал,— дейді Аңдамас, бұл қу - аяқтың елі, хажыларды ақымақ көріп, сасық суын да бұлдап сатайын деген екен. Онымен бізден бай болмас. Абылай, бір бөшкесін бір-ақ аламыз». 

Алтыншы уақиға, Мекеден қайтар алдында басталады. «Ертең жүреміз» деген күні, Аңдамас Абылайға: 

— Осы, біз іздеп келген адамның аты кім еді? — дейді. 

— Мұхаммет,— дейді Абылай. 

— Сен қаланы көп аралап жүрсің ғой,— дейді Аңдамас, — со кісіден тұқым бар ма екен? 

— Бір, қырық шақты үй бар екен,-дейді. 

Абылай қуланып. 

— Ендеше сен соларға бар да, он шақты үйіне менің есебіме біздің елге көшіп жүр де! 

— Оларды қайтесіз? 

— Елінің де, жерінің де ұсқыны жаман екен. Жері, күні оттай лаулап күйіп тұрған әрі ыстық, әрі жап-жалаңаш тақыр құм. Елінің көбі аш-жалаңаш. Мұнда тұрып не күн көреді олар? Одан да біздің елге көшіп барсын! Күллі Керей боп, үстеріне үй тігіп, алдарына мал салып берейік, «Мұхаммет ауылы» деген бір ауыл боп отырсын!.. 

Соңғы қызық Аңдамас аулына келгенде болады. Бай адам хажылықтан келді деген соң, амандасуға жан-жақтағы дос-жарлары, құда-анда, тамыр-таныстары жиналады. Олар Аңдамастан: 

— Жері қалай екен? Елі қалай екен? — деп сұраса: 

— Менің тілімді алсаңдар,— дейді Аңдамас,— о жаққа барам деп әуре болмаңдар. Ит байласа тұрғысыз жер ол?.. 

Айта кетерлігі, осыдан кейін Абылай екінші рет қажылыққа Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында, сол кезде аты шыққан бай Әлти Көкеновты ертіп апарады. Ол сапарда Абылай, ретіне қарай поезбен де, пароходпен де, самолетпен де жер шарының шығыстық жартысын түгел аралатып түсіреді. Тіпті Батыс Еуропада да болады. Кейін Сәбит Мұқанов Абылай Рамазановпен үйіне қайтып бара жатқан жолда әңгімелеседі арасында саяси тақырыпты да қозғап қояды, Абылай Сәбиттің совет үкіметінің орнауын қолдайтынын түсінеді, ал бұл үкімет Рамазанов жататын байлар табына қарсы екені белгілі. Абылай Рамазанов Алаш орданың әрекеттерін ақтауға тырысып, оның кейбір шешмдерін соғыс уақытының қажеттілігі деп атайды. «Патшаға қарсы болдық қой бәріміз,— дейді ол,— таяқ та жедік қой содан. Патша түсіп, бостандық алғанда, қазақ та жеке ел болсын деп, Алаш туын көтергеніміз рас. Енді заман мынадай аумалы-төкпелі боп барады. Жасыратыны жоқ, қызылдар бері жылжып келеді. Егер Совет үкіметі орнай қалса, жаңа биліктің қазақтарға да жарайтындығына көз жеткізген соң, оның қолдауынан бас тартпаймыз». 

Сәбит Мұқановтың: «...жаңа үкімет тек кедейлерге ғана жараса ше?»,- деген сұрағына Абылай: «Мені бай деп саған кім айтты?! Өзің ойлап қарашы, бай адам біреудің есебінен Меккеге бара ма?»,- деп жауап береді. Ағартушы, педагог, қоғам қайраткері, Мағжан Жұмабаевты колчактықтардан қорғап қалған, Сәбит Мұқановпен баррикаданың екі жағынд болып, сол үшін де оны ешқашан кешірмей кеткен Абылай қажы Сәбеңнің есінде осылай қалған.   

e-history.kz


➢ ➣ Әлемге әйгілі опера әншілері (фото, видео)


Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...