Ақын арақ іздегенде. (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3280

Кешкі шәй ішіліп, отбасының күндізгі күйбең тіршіліктен бір сәт бой суытқан мамыражай шағы еді. Есік қоңырауы кенет баж-баж ете қалды да, Күнсая отырған жерінен жеңіл көтеріліп, есік ашуға ұмтылды. Күйеуі Айғазының «мен үйде отырғанда кімсің деп сұрап пысықсығаныңды қой» дегені есінде, ілмектерді сарт-сұрт ашып-ақ жібергені. Сол-ақ екен, көзі ұры мысықтың көзіндей жылтыраған тәпелтек біреу Күнсаяны жолдан қағып түсіре жаздады.

          - Кешіріңіз, жөніңіз... кімсіз? –деді сасып қалған Күнсая тура омырауына кеп тірелген тәпелтектің қызара бөрткен жүзіне шошына қарап.

Тәпелтек өңмеңдеген күйі Күнсаяны жолынан былай ығыстырды да, ішке өтті. Сол бетінде ортаға таман барып шақша басын кекжитіп, шегір көзін шекшитіп шегірткенің айғыры құсап шіреніп тұра қалды да:

         - Кімсіз дейді ғой... Шынымен танымадың ба? - деді мардымси сөйлеп.

         - Танымадым. Иә?

         - Танымасаң, таны. Мен Күйкентайұлы Күшігенмін.

Бұлардың дабыр-дұбыры телевизор даусынан да басым түсіп, бүйір есіктен үй иесі Айғазы шыққан. Ол келген кісіні бірден танып:

         - Әу, Күшіген, сенбісің? – деді балаша қалбалақтап. - Бұл не тұрысың үйді басыңа көтеріп. Төрлетпейсің бе? 

         - Төрлет дейсің, кеудесін тосып жолымда қатының тұрса қайтейін.   

        - Жә, бұрын көрмегесін бұл кім деп тосырқаған ғой, көңіліңе алма.

Шегірткенің айғырындай боп шікірейген бір тұтам қалпы тойтаңдап төрге озған Күшіген:

        - Қалың қазаққа атым мәшһүр деп жүрсем, мына сенің жаман қатыныңның қорлығы-ай, - деді намыстанып қалғанын сездіріп. Сосын үстел басына отырар-отырмастан: - Әкел! – деді, - Қан қыздыра отырып сөйлесейік.

Күнсая үнсіз жүріп дастарханға нан мен май әкеп қойды. Шұжық турады. Ортаға қыдиып арақ келді. 

Арақты көргенде Күшігеннің көзі майлана жайнап кетті:

         - Дәлізде жолдасым...

         - Ойбай-ау, жаңа неге біржола ерте келмедің?- деп елпеңдеді Айғазы. –Қараңғы жерде... Ыңғайсыз болды-ау...

Қасына өзі сияқты тышқан қара, өзі сияқты мұрны қызарған біреуді ертіп қайта оралған Күшіген оны үй иесіне таныстырды:

         - Бұл да мен сияқты халқым-жұртым деп жүрген азаматтың бірі. Сурет түсіреді. Аты Тауасар.

Бәрі дастарханға жайғасқаннан кейін, бұған дейін ішіп алған қызулығы ма, әлде «халқым деп жүрген жігіттің бірі» деп жолдасы дәсірейткенге ме, Тауасар ортадағы араққа бірден шұқшиды. Бөтелкені қолына ұстап әрі айналдырды, бері айналдырды, бүйіріндегі жазуларына үңілді:

         - Мынау самопал емес пе? 

         - Байқамадың ба, «Распутин» көзін қысып тұр ғой, - деді Айғазы.

         - Өй, осы күні «Наполеон» коньягін де қолдан жасайтын болды ғой.

         - Жә, доғар. Ішкен соң білерміз, - деген Күшіген досының қолынан бөтелкені жұлып алып, шықырлата бұрап тығынын ағыта бастады.

Тауасар стақанына құйылған арақты асыға қағып салды да:

         - Әй, айттым ғой, арақ мәселесінде мен дегустатордан да артықпын. Мынау өзі емес, - деді үй иесін табалағандай мырс-мырс күліп. – Бұл бар болғаны «тауда жүріп таста өскен, ағайыннан басқа өскен» арақтың алыс жамағайыны – самопал. Так что, бөтелкедегі этикетка деген не, тәйірі. Бар болғаны бір жапырақ қағаз. Жапсыра салады.

Үй иесі Айғазы осы жерде шарт сынды.

        - Жігітім, «Қонақ қойдан жуас, май берсе де жей береді», деген бар. 

Сен, сірә, «асыңды ішейін, аяғыңды тебейін» дейтін қара ниеттілер қатарынан сияқтысың ғой. Кәне, тұр да табаныңды жалтырат бұл жерден!

Біреу төбесінен жұдырықтап қойып қалғандай Тауасар көзі бақырая тілі байланып, мұрны қызара түсіп, отырған жерінде қыбырсыз қалшиды да қалды.

         - Өй, әзілі ғой, әзілі... Ойнап айтты, - деді Күшіген қипалақтап.

         - Әзілін маған айтсын. Дастарханыма тиіспесін, - деген Айғазы қонағы Тауасардың қолтығынан ұстады: - Кет дегенде ит те кетеді.

        - Өлтірдің-ау мені, өлтірдің-ау, - деді Күшіген қонағының біреуін қуып салып қайта оралған үй иесіне. – Жаңа, осында келерде, Тауасардың жерлесінің үйінде болғанбыз. Асты-үстімізге түсіп күтті. Араққа тойғызып қатырып жіберген еді. Ал сен мені Тауасардың алдында жерге қараттың. Жаман фотосуретшінің алдында егеменді Қазақстанға әйгілі мендей атышулы шайырдың сағын сындырдың. – Күйінгенін дәлелдегені болар, алдындағы арақтан стақанға толтыра құйып алып, шалқая беріп бір демде қағып жіберді.

Айғазы іштей енді ол осы бетінде үйден кететін шығар деп ойлаған. Жоқ, асыққан түр таныта қоймады. Намыстанғанын қызыл сөзбен көпіртіп отыр: ел болудан, жұрт болудан қалдық, кімнің кім екенінің шын бағасын айыра білмейміз. Уақыт өтер. Ұрпақтар ауысар. Олар бізден бұрын бұл пәниден кімдер өткен деп ойланар, іздер. Сол кезде олар кімді табады? Әрине, алдымен мына мен сияқты атақты ақындарын.

           - Айтқаныңның бәрі рас. - Өзін айыптыдай сезінген Айғазы үнін бұқтыра, басыла сөйледі. Сөз арасында қағылез қимылдап Күшігеннің жүз грамдығына ернеулете арақ құйды. 

- Ақадал дастарханымды қорламаса қайтетін еді.

         - Өй, ол соны әдейі біліп айтты деймісің. - Күшіген жүзграмдықты дереу босатып:         - Құй! – деді өктемденіп. Араққа шыланған еріндерін сүртіп те үлгермеген күйі құйылған бойда бөгелместен тағы ішті. Көз аларды. Бет әлпет түгел бұрыштана қисайып кетті. Орнынан атып тұрмақшы болып еді, құлап қала жаздап, теңселіп барып зорға қалды.

         - Сен, рухсыз малғұн мына сен! Мені, «алашым» деп аңырап, «тәуелсіздіктің көк байрағы» деп жүрегі езіліп жүрген қазақтың атақты ақыны мына мені қор қылдың, - деді қанталған шегір көзімен үй иесі Айғазыға кектене қарап. – Иә, сендейлер жақсы мен жаманды айыра алмайсыңдар, бұл түрлеріңмен қайтіп ел болмақсыңдар? Болмайсыңдар! Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында осы кеткендерің кеткен!

Шылдырап бөтелке түбінде қалған сарқындыны сарқып құйып ішіп, таңдайын тақ дегізді. Тәлтіректеп, қалбалақтап кетуге бет бұрды.

Осы сәт Айғазының жан дүниесін алуан түрлі сезімдер буып жіберген еді. «Қадірменді ақын жерлесім-ай, кешегі күні «халықтар достығының жерұйығы Совет Одағы жасасын» деп жырладың, «ата-бабамның кекті қанына суарылған айбынды да айбарлы қызыл туым» деп мадақ айттың. Бүгінгі тақырыбың өзгерген екен, маған оның несін міндет қыласың?», деп дау айтпаққа оқталған. Ойынан айныды: «Мас қой, есін білмейді, сөзімді босқа қор қылмайын».

«Әй, өзімнен де бар-ау, алдынан арағымды ала жүгіріп. Үйде арақ ұстау ұлттық дәстүрім бе еді» деп, өзін өзі іштей аямай сөгіп те алды. 

Күшіген ақын үйден шығып кеткен соң, үй иесі Айғазының ойына басқа алаң кірді: «Бір жерде құлап қалмаса етті, милицияға түсіп қалмаса игі, байғұс...»

 Өтен Ахмет

  

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...