«Алатау» дәстүрлі өнер театрында дәстүрлі өнер қайраткерлерінің қатысуымен әнші, күйші,...
«Дала үні» балеті сахнаға түрленіп оралды
«Дала үні» «Астана Опера» сахнасына үш жыл өткеннен кейін жаңартылған нұсқада оралады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды еске салып, арман мен мұратқа жетуге ынталандыратын балет қоюшы балетмейстер Патрик де Бананың жаңаша пайымдауы нәтижесінде неғұрлым ұтымды әрі әмбебап бола түсті. Тіршілік сиқыры, махаббат күші мен бабалар даналығы тығыз өрілген қызықты спектакльді 18-19 ақпанда көруге болады.
– Өз қойылымыма әркез оралған сайын мен оған міндетті түрде өзгерістер енгіземін. Мен үшін балеттер өз балаларым секілді, сондықтан олар толыққанды өмір сүрсін деген үлкен құштарлық туады. Уақыт алға жылжып, бишілер ауысады, сәйкесінше хореографияны жаңартудың қажеттілігі туады. Біз бұрынғыдай екі актіні қалдырдық, алайда балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовамен бірге қойылымды сәл қысқа әрі ықшам етіп жасауды ұйғардық, – деді қоюшы хореограф Патрик де Бана. – Үш жыл бұрын премьера зор табысқа ие болған еді, мен бұған өте қуаныштымын. Әлбетте, осынау балетті барынша көбірек адамның көргенін, оның ішінде гастроль аясында шетелдіктердің де тамашалағанын қалар едім. Өйткені спектакль Қазақстанды таныстырады және осы елдің әсемдігін толық жеткізеді, – деп атап өтті балетмейстер.
Еске сала кетейік, спектакльді безендірумен әлемдегі танымал шеберлер – декорациялар бойынша суретші Рикардо Санчез Куэрда мен костюмдер бойынша суретші Стефани Бауэрле айналысты. Сценограф ұлттық стильдің әсемдігін байқап, қазақ даласының кеңдігінен шабыт алып, сахна жабдығын бірінші актіде әдемі табиғат және кесене картиналарымен шынайы етіп безендірді, екінші актіде сахна келешекті болжайтындай болып көрінеді. Оның әріптесі – костюмдер бойынша суретші Стефани Бауэрле жануар-кейіпкерлер мен бақсыға арнап олардың бейнесін бір қарағанда көз алдыңа әкелетін костюмдер жасады. Сондай-ақ қаланың нобайын салу көрінісінде және шабадандармен болатын әйгілі оқиғадағы қыздардың бірегей костюмдері көрген адамның есінде бірден сақталады. Ол ұлттық костюмдерді де айрықша етіп жасады.
Патрик де Бана бұл балеттің әлемдік сахналар қатарынан үйлесімді орын алатынын атап өтті.
– Париж операсына немесе лондондық Ковент-Гарденге гастрольге барып келген қолайлы болар еді, бұлар – үлкен театрлар, оларда осы декорацияларға орындар жетерлік, – деп қорытындылады хореограф.
Дегенмен, бұл балет түрлі сахналарға келе береді, және Париж бен Лондондағы көрермендерге ғана емес, басқаларына да түсінікті болады. Ол жер шарының кез келген нүктесінде үйлесімді қабылданады, өйткені оқиға желісі жалпыадамзаттық құндылықтар жайлы әңгімелеп, өмірдің мәні туралы ойлануға мүмкіндік береді, арманды жүзеге асыруға ынталандырады, сондай-ақ бірегей музыка мен ұлттық нақыштың нәтижесінде бұл балет өте айрықша.
Балеттің музыкалық негізін Қуат Шілдебаев, Ренат Гайсин, Төлеген Момбеков, Карлос Пино-Кинтананың туындылары, сондай-ақ «Тұран», «Хассақ» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері мен «Steppe Sons» этно-джаз тобының репертуарындағы композициялар құрайды.
Әртістер үшін музыка әркез шабыт көзі болып табылатыны белгілі. Осынау балет те қалыс қалмады, музыкалық материалдың ұлттық бояуы дайындықтарда әртістерді түгелдей дерлік баурап алуда. Әр күндері – 18-19 ақпанда сахнаға жарқын бишілер шығады. Сонымен, Ұл/Шебердің партиясын орындауға Ғалымжан Нұрмұхамет пен Бекзат Орынбаев дайындалуда. Муза – Әйгерім Бекетаева мен Анастасия Заклинская. Бақсы – Сұлтанбек Ғұмар, Серік Нақыспеков. Ана – Әсел Шайкенова, Аделина Төлепова, Әнел Рүстемова. Әке – Олжас Тарланов, Жәнібек Ахмедиев, Жәнібек Иманқұлов. Қарсылас – Евгений Рыбкин, Диас Құрманғазы, Олег Леонтьев, Сұңғат Қыдырбай және тағы басқалары. Либреттоның хореографиялық адаптациясының авторы – Жан-Франсуа Вазель.
Спектакльдердің басталуы 17:00-де.