Жауһарлармен бөлісу

ТЕАТР
882

«Астана Опера» балет труппасын кезекті гастроль күтіп тұр: 25 және 27 мамырда ұжым Абай атындағы Ұлттық театрдың әйгілі сахнасында өнер көрсетеді. Алматылық көрермендер үшін әлемдік классикалық және заманауи хореография жауһарлары енген гранд-бағдарлама әзірленді. Өз кезегінде Абай театрының труппасы 27 - 28 мамырда «Астана Опера» сахнасында Дж.Вердидің «Травиата» танымал операсы мен Ж.Бизе, Р.Щедриннің музыкасына А.Алонсоның хореографиясында «Кармен-сюита», сондай-ақ М.Фокин бойынша Т.Канделороның хореографиясында Н.А.Римский-Корсаковтың «Шехеразада» балеттерін ұсынбақ.


– Біз Алматыда алғаш рет өнер көрсеткелі жатқан жоқпыз, осыған дейін мұнда заманымыздың көрнекті хореографы Ролан Петидің «Париж Құдай анасының соборын», сюжеттік балет жайлы ойды өзгертіп, оны психологиялық театр деңгейіне көтерген Кеннет Макмилланның «Манонын» әкелген болатынбыз. Осынау керемет сахнада гала-балеттердің ауқымды бағдарламасын бірнеше мәрте орындаған едік. Әркез келген сайын мұнда тың, ауқымды дүниені көрсеткіміз келеді. Сондай туындыларға Ю.Григоровичтің жуырда сахнамызда қайта жаңартылған «Спартак» балеті жатады. Ол мәңгілік жауынгерлік драма бағытында жасалған, және бізде осынау қойылымның жақсы орындаушылары бар, сондықтан біз бұл асқақ өнерді бөліскіміз келеді, – деді Алтынай Асылмұратова. 

Спартактың басты партиясын бүкіл әлемге танымал әртіс, қазақ балетінің мақтанышы Бақтияр Адамжан орындайды, сахна шеберлері, театр прималары әйелдердің бейнелерін сомдайды. Сонымен, Фригияны Мәдина Өнербаева таныстырады, Эгина – Айгерім Бекетаева, қаһарлы қолбасшы Крассты орындауға Арман Уразов дайындалуда, фракиялық Гладиатор – Серік Нақыспеков. 


– Әлбетте, біз өзіміздің тың дүниелерімізді де таныстырғымыз келеді, олар – заманымыздың біртуар хореографы И.Килианның «Алты би», «Кіші өлім» балеттері және гала-бағдарлама. Гастроль – бұл әртістердің өмірінің маңызды бөлігі, сондықтан біз сапарға шығатын мүмкіндікті әрдайым тағатсыздана күтеміз. Бұл жолғы гастроль біз үшін анау-мынау гастроль емес, себебі Алматы – театр қаласы, осы ретте елордалық театр ретінде біз алмасқан гастроль өткізуге, өзімізді көрсетуге тиіспіз. Мұнда көрермендер аудиториясы қалыптасқан, балетті ұнататын және бағалайтын жандар бар, сол себепті тыныс-тіршілігімізді, қалай дамып жатқанымызды, бізде қандай қойылымдар барын бидің тілімен жеткізу біз үшін маңызды. Көптеген әртістер үшін Алматы – туған қала болып табылады, мұнда олардың ата-аналары, ұстаздары тұрады, сондықтан мұнда өнер көрсететіндері олардың әрбіреуін ынталандырып, шабыт береді, – деп сөзін қорытындылады Алтынай Асылмұратова.

Галаның алуан-түрлі бағдарламасына келесідей нөмірлер енді: Адольф Аданның «Жизель» балетінен дуэтті Анастасия Заклинская мен Диас Құрманғазы орындаса, Раймондо Ребектің хореографиясында «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» нөмірін Айгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов дайындауда. М.Петипаның хореографиясында «Талисман» балетінен па-де-дені Шұғыла Әдепхан мен Еркін Рахматуллаев орындайды. Дмитрий Брянцевтің хореографиясында «Ескі фотосурет» нөмірін Александр Корнилов пен Назира Заетова таныстырса, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына көпшілік ұнататын «Қилы заман» ұлттық нөмірін Сұлтанбек Ғұмар ұсынады. Атақты балетмейстер Ролан Петидің хореографиясында «Таис» нөмірін Мәдина Өнербаева мен Арман Уразовтың орындауында тамашалауға болады. Бағдарламаны Бақтияр Адамжан мен Айгерім Бекетаеваның керемет интерпретациясында Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен жарқын па-де-де аяқтайды. 

И.Килианның «қара-ақ» балеттері топтамасынан «Алты би» және «Кіші өлім» спектакльдерінде Аделина Төлепова, Бақытгүл Испанова, Назира Заетова, Лимара Айдарова, Олжас Тарланов, Сұлтанбек Ғұмар, Данияр Жұматаев, Мөлдір Шәкімова, Серік Нақыспеков, Мәдина Қожамжарова және тағы басқалары өнер көрсетеді.

№1 дуэтті Евгений Рыбкин, Гүлназ Жанаева, Сұлтанбек Ғұмар, Бақытгүл Испанова орындайды. №2 дуэт – София Әділханова, Руслан Қанағат, Камила Орманова, Ислам Қайыпбай. №3 дуэт – Айгерім Бекетаева, Данияр Жұматаев, Мәдина Өнербаева, Арман Уразов. №4 дуэт – Аделина Төлепова, Бақтияр Адамжан, Шұғыла Әдепхан, Серік Нақыспеков. №5 дуэт – Анастасия Заклинская, Ғалымжан Нұрмұхамет, Мөлдір Шәкімова, Диас Құрманғазы. №6 дуэт – Еркежан Жүнісова, Жәнібек Ахмедиев, Әсел Шайкенова және Олжас Тарланов. 

Осылайша, Алматы тұрғындары мен қонақтарын жарқын орындаушылардың қатысуымен қайталанбас музыка және естен кетпес хореографиядан құрылған тамаша гастрольдік бағдарлама күтеді. 

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...