Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті –...
Мәңгі аяқталмайтын тақырып ( Р.Отарбаевтың бір әңгімесінен өрбіген ой).
Жалған дүние-ай! Ол тірі болса, енді алпыс үш жасқа толып, соны атап өтудің қамымен сапырылысып жүрер ме еді осы күндері! Шығармашылық кеш пе, не болмаса жәй ғана еркекшәй ме – әйтеуір бірнеңесін ұйымдастыра сап, маған телефон соғып. «Слушай, төрт ай кіші құрдас...» деп, қыршаңқылана қиялап, астарлай әзілге шаптырып, сөзден сөз сауып жатар-ды.
Бұл кім? Бұл –менің қаламдас досым, талантты жазушы-драматург бауырым Рахымжан Отарбаев қой. Өзі тумысынан қандай болса, өмірі де сондай еркін, барынша бөлек бітім-ді. Бізді таныстырған да, табыстырған да –қаламгерлік! Ол ең алдымен қысқа әңгіменің шебері болды. Сосын ойлы хикаяттар жазды. Сосын...маған әзілдеп, «сенен қалам ба» деп, романға бет қойды. «Бас» романын өмірге әкелді. Ал, одан да өтімдісі – драмалық шығармалары еді ғой. Қазақстанның қай түкпіріне жолың түссе де, театр жарнамасына бір сәт көз тоқтатсаң, Рахымжан - дос алдыңнан мен мұндалап шыға келеді. Бүгінгі заман драматургтерінің ішінде дәл солай өнімді еңбек еткендер, әй, жоқ та шығар! Тақырып аясының кеңдігі, айтар ойының тереңдігі және астарлы идеясы арқылы қайсыбір пьесасы да көрермен көңілінің кілтін таба алса керек! Мен үшін Рахымжан шығармашылығы мәңгі аяқталмас тақырып сияқтанады да тұрады. Аяқталмас тақырып демекші... оның «Аяқталмаған хикая» деген өте астарлы әңгімесі бар. (Жақында «Мәдениет» порталы оны қайталап жариялады да). Міне, енді еріксіз сондағы оқиғалар көз алдыма келіп отыр. Соғыстан соңғы кез. Алыс түкпірдегі Қошалақ аулы. Рахымжанша тізбелесек, «...құм жалап отырған ауыл...». Мұнда еркексіз қалған жесірлер көп. Бәрінің де кеуделерінде талайдан қасатталған сартап мұң тығылып жатыр. Одан басқа... «оншақты жәутеңкөз жетім бала, сол некесіз туған көрдемшелердің бәрі де Қашқынбаевтар...». Неге деген сауал тумай ма енді! Ол былай: бұл ауылда әнебір жылы қашқын пайда болған; ел сөзіне құлақ қойсақ – ол қалмақ жігіті сияқты. Жазушының жазуынша әлгі жәутеңкөз жетім балалардың бәрінің де әкесі сол Қашқынбаев! Ауыл сыртын торуылдап, бірлі-жарым шетке шыққан келіншектерді ұрлап әкетіп, өз үңгірінде «шаруасын бітіреді» екен.
Қаламгер бірақ осы өсекке мүлде сенгісі келмейді, тап осы тақырыпты қаузап, «өсекке ілінген жеңгелерін ақтап алғысы» келеді. Қағазға шұқиып отырған жазушыны ауыл-үйдің алдамдары кезек-кезек келіп, ойын бұза береді. Анаусы ананы, мынаусы мынаны айтып, малта езеді. Тіпті бір ақсақал «...үйірін жауға бермес айғырым бар еді, ұрылар құлақ түбінен мылтық атып, саңырау қып тастады» деп сөз сауады. Сөйте тұра әлгі айғыры былайғы кезде меңіреуленіп, ал жас байтал көрсе оқыранып ұмтылатынын да айтып тауыса алмайды.
Жазушының қиялында тек қана баяғы қашқын қалмақ, соның ерсі іс-әрекеті, жеңгелеріне жасаған қиянат қылығы...Қайтсем, шындықты мөлдірете жазып шығам деп қиналады. Ақыр аяғында... тосын түйін жасаған. Қашқын да жоқ, қалмақ та болмаған. «...Көрдемшелердің бәрі ауданнан келген уәкілдің, шолақ басқарманың, ақсақ қоймашының балалары...» Осы тұсқа келгенде денең дір-р ете түседі. Әй, заман-ай, заман-ай деп қара жерді ашуың тарқағанша төмпештегің келіп кетеді. Әңгіме соңын жазушы былайша аяқтайды: « Сол күні байтал көрсе байбаламына қарамай,оқырана ұмтылатын саңырау айғыр түнімен түсіме кіріп шықты...».
Қайран, Рахымжан-дос, сенің бұл әңгімеңнің соңы да өзіңнің өмірің сияқты мәңгі аяқталмас халықтық хикаяға ұласып жатқаны бек рас. Анығы да сол, бұл өмір тақырыбы ешқашан аяқталмайды...
Жолтай Әлмашұлы