Сағиды сағынған боларсыздар. Ол көзі тірісінде ешқандай жүлдені иеленбесе де, қазақ өлеңінің төрінен...
Жаңаша бағыт: екі тізгін бір шылбыр
Жаңашылдық барлық салаға ауадай қажет десек, әдебиетке тіптен де керек. Қоғамның дамуының бағыт-бағдарымен әдебиетімізде дамып, қозғалыста, өсу өркендеуде болуы тиіс.
Белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы ағамыздың «Бақидан келген келіншек» атты роман-драмасы осы жаңашылдықтың сипаттарын бойына сіңірген туынды деп бағаладым.
Қазақ әдебиетіне қосылған әрбір жаңа сипаттағы туынды ол төл әдебиетімізің кемелденуіне қосылған қазына деп бағалауымыз керек.
Әдебиеттегі екі бірдей күрделі жанрдың тізгінін қоса ұстап, бір арнаға тоғыстыру нағыз шеберлікті қажет ететін іс болса керек. Бұндай тәуекелге жазу дағдысы қалыптасқан, ыждаһатты, еңбекқор, әлем әдебиетінің алтын қазынасынан нәр алған кемел қаламгерлер бара алады деп айта аламын.
Туындыны роман ретінде оқысаңыз тілі жатық, кейіпкерлер әркеттерімен тылсым болашаққа жетелейтін оқиғалар қиюласа өрбіп отырады. Бас кейіпкер Байжұманның бақилық болған әйелі Бижамал екеуінің арасындағы диалог барған сайын қайшыласа отырып, осы туындыға арқау болып тұрған өмірлік сауалдарға жауап береді. Романда кейіпкер саны да санаулы. Аз кейіпкер болса да олардың өздерінің көтеріп тұрған жүгі ауыр. Автор әр кейіпкердің ішкі әлеміне терең бойлай отырып, олардың ішкі болмыс-бітімін ашуда тың тәсілдерге жүгінген.
Әр кейіпкер өзінің толғаныстарымен, әрекеттерімен дараланады. Туындыда қазақы құлықпен бүгінгі өркениеттің түйілісуі суреттеледі десек те болады.
Роман-драмада осы заманғы өркениет пен кешегі қазақы дәстүр бетпе бет келіп, арасынан ұлттық құндылықтар дараланып жатады. Бұл да тың тәсіл. Атап айтсақ қазақ қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуы оған салт пен дәстүрдің жол бермеуі, жалпы ұлттық құндылықтардың адами тәрбиеге ықпалы хақында түйдек-түйдек ойлар тиегі ағытылып, Гүлсайран, Қалдархан қатарлы кейіпкерлердің әрекеттері арқылы беріледі.
Ал келесі қырынан туындыдан драманың да элементтерін көре аласыз. Бұл шығарманы режиссер тура сахналай беруіне болады. Өйткені кейіпкерлер арасындағы оқиғалар, тартыс, драмалық ширығу, басты кейіпкердің ішкі толғаныстарымен жанама оқиғалар өзара қиюласа дараланған. Сондықтан драматургияның да ауыр жүгін қоса көтеріп тұр.
Тағы бір айта кетерлігі шығарманың өн бойы философиялық түйіндерге толып тұр. Кейіпкерлердің аузымен айтылатын автордың толғамдары адамға ой салатын салиқалы сөздер екендігін де байқау қиын емес.
«...Бақи жаққа барған соң фәни жұмбағы маған бар құпиясын айқара ашты. Адамдар ақиқаттан гөрі өтірікке құмар» деп автор фәни мен бақидың тазалығын салыстырады.
Аталған туынды белгілі қаламгер Жолтай ағамыздың өзіне тән шеберлік машығын тағы бір мәрте ашық көрсеткен, қалыбы бөлек, жаңашыл бағыттағы, қазіргі қоғамның келбетін суреттей отырып, рухани байлықпен ар тазалығының таразысына жетелейтін құнды шығарма. Оқуға кеңес беремін.
Әскерхан АҚТАЙ,
ақын-драматург