“Егіз ғұмыр” қазақ телевизиялық киносы үшін сенсация бола ма???

КИНО
5283

Жақын арада экранға Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясы АҚ арнайы тапсырысы бойынша «Егіз ғұмыр» атты көпсериялы телевизилялық хикаясы жарық көрейін деп тұр. Оның қоюшы-режиссері салыстырмалы түрде сапалы сценарийлерге әуес - Қанағат Мұстафин. Сценарий авторы: Жанат Қасабеков, операторы: Айбек Ақан, жоба жетекшісі: Алмас Әлімжан.

Бір қарағанда трейлердің мазмұны әзірге тек “Гита мен Зита” Үнді киносының жауһарынының желісін меңзеп тұрған секілді. Десек те, біздің кино туындының финалы оригиналды болар деген бар. Мұнда мелодраманың ерекшеліктерінің бірі – өткір әлеуметтік-психологиялық сарынға белгілі бір деңгейде көңіл бөлінген. Бұның өзіне дән риза болдық, өйткені, бүгінгі шығып жатқан тележобалардың көпшілігі негізінен лирикалық-романтикалық гламурлы сарынға, формаға шектен тыс мән беруде.

Бүгінгі тележобалардың тағы бір бас ауруларының қатарында – тұрмыс шынайылығы мен сюжетті әңгімелеу барысындағы қисын жетіспеушілігінен бөлек, тағы ұлттық нақышты экраннан айқын көрсете алмауы, әсіресе нәзік-кинематографиялық тұрғыда толыққанды (!) бере алмауы. Мәселен, “Тракторшының махаббаты” сериалында жасөспірімдік “красивая любовь” қиял-арманы байқалып тұр, ал ауылдың шынайы белгісі, өмірдің реалистік сипаты, табиғи ауыл тұрмысы яки замана келбеті айтарлықтай аз аңғарылады. Келесі бір өкінішті мысал “Пәленшеевтер” жобасы бұның жағымды тұсы – шүкір, криминалды және шектен тыс лирикалық компоненттері әйтеуір көп емес. Дегенмен, кемшін тұстары бар: комедиялық сарынының мағыналық-мазмұн деңгейі тым төмен “Низкий уровень чувства юмора” және екі минут сайын кадр сыртындағы шулы күлкі жабыстырма дыбыс эффектісі көрерменге телехикаяны тамашалауға кедергі келтіреді. Ал ең басты кемшілігі – кейіпкерлерінің рухани жансарайының таяздығы таңқаларлықтай ашықтан-ашық, ап-айқын аңғарылып тұруы. Көтерліп отырған әлеуметтік тақырыптарының деңгейінің ұсақтығы тіпті жаға ұстатады. Осы іспеттес арзан алайда, отбасылық-туысқандық сипатты бүркемеленіп, жамылған туындылар тым көбейіп кетті. Нәтижесінде қоғам арасында рухани дәстүрлі отбасылық құндылықтар насихатталудың орнына, керсінше жалықтырып жатыр. Мысалы, күні бойы жастарға отбасы деген сөзді мың қайталай берсе, олар ешуақытта отбасы құрмайтындай психикалық жағдайға душар болар. Бұдан гөрі отбасылық құндылықтарға басқаша қызықтыру тәсілімен көрсетпек ләзім. Мысалы, корей сериалдарында “Сен отбасын құр!” деген даңғаза науқаншыл ұран байқалмайды, әйткенмен, байыптылықпен және тым-тырыс “обстановка” –да бейнелегенген күнделікті отбасылық қарым-қатынастар құдды бір сиқырлы жайма-шуақ әлем сықылды көрініп кете барады. Әсіресе, шай ішкендерін айтсаңдаршы! Бір-біріне бастарын қатты изеп, баяу ғана кесе ұсынғандағы тұстарын көз алдыңызға елестетіңізші. Бұл деталь- корей, жалпы шығыс фильмдеріне жарасады, себебі аталмыш детальдер -олардың төл ұлттық нақышының көрінісі. Егер тура осыны ағылшын, неміс немесе бельгиялық режиссер пайдаланса, тым жасанды, “фальшиво”орынсыз көрінер еді. Мәселен, Американың кез келген телесериалында әбден жауыр болған үлкен жүк көлігінде сигара тартып, виски ішіп отырған беті табақтай (қалтасында екі тапаншасы бар) жүргізуші жол жиегіндегі дәмханаға тоқтап, есікті теуіп ашатын эпизод тым құрамағанда бір рет болсын кездеседі. Енді Сіз елестетіңізші егер дәл осы эпизодты иран немесе араб режиссері пайдаланса, қаншалықты орынсыз әрі масқара көрінер еді!!! Өйткені, көрермен Араб елдерінде ішімдік ішуге қатаң тыйым салынған, тіпті есікті теппек түгілі, қатты ашудың өзі бейәдеп, керек десеңіз харам деп есептелетінін біледі. Айтпақшы, бұл да Араб елдерінің ұлттық нақышы һәм оны олардың киноларынан үнемі ап-айқын көре аламыз.

Ал бізде ше? Қазақ ұлттық нақыштары, оның ішінде мақтанарлықтай өзіміздің жергілікті ырым-жоралғылардың өзі байқаған адамға елімізде кең таралғаны және бірегейлілігі белгілі. Мысалы, Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтың кино туындыларынан советтік лептен гөрі, ұлттық леп көбірек еседі. Шәкен Аймановтың “Атамекен” фильмінің алғашқы кадрынан-ақ, тек домбыра үні естіліп қана қоймай, барлық бейне – қазақы символикаға толы: ауыл эстетикасы, сылақты аяқпен илеу, ақсақалдың дана үнсіздігі және кадрдағы сары дала кеңістігінің өте орынды әрі айрықша үйлесімді көрініс таба білгені т.б. Әрине, Жапонияның Сегун дәуірінен келе жатқан екі мың жылдық дәстүршілдігімен жарысуға – ертерек, десек те, біздің ұлттық ерекшеліктерімізді жоқ деп атуға ешқалай келмейді. Әйтсе де, кино саласында ұлттық нақыш тұрмақ, кейде өмір қисыны, логика қисыны табылмай жатады. Мұны кейбір режиссерлердің дарынысыздығына, кейбір продюсерлердің жауапкершіліктерінің жоқтығына және сапалы заманауи техниканың тапшылығына сілтей салуға болар еді. Бірақ, бұл мәселенің бақандай 25 жылдың ішінде тым баяу шешіліп келе жатқандығы – қазақ кинематографиясының “системная проблема”екендігін дәлелдеп тұр. Аталмыш мәселе неден туды? Режиссерлер қабілетсіз сценаристерге сілтейді, сценаристер дарынсыз режиссерлерге сілтейді, режиссерлер мен сценаристер әңгүдік продюсерлерге қосыла сілтейді. Ал продюсерлердің пікірінше: “Біздің көрерменнің талғамы әлі өскен жоқ!” деумен әлек. Көрерменннің көпшілігі әлі күнге дейін жоғары талғамды ұлттық кино туындыларын сарғайып, асыға күтіп отыр... Ал менің ойымша барлық мәселе – cценаристер мен режиссерлердің ұлттық нақышты түсінбеуі немесе түсінгісі келмеуі, менсінбеуі, керек десеңіз тіпті мүлде-мүлде назарға алмауында болып тұр. Олар ұлттық нақышты жоқтан іздейді. Әбілқайыр заманын қазбалайды да отырады, одан қалса Жәнібек заманына барынша үңіледі, ал шынайы ұлттық нақыш – қазіргі заманда, кәнігі халық арасында аман-есен жүр! Шамасы осыны бүгінгі өнер қайраткерлеріне сүйіншілеп жеткізу керек!!!

Енді “Егіз ғұмыр” телехикаясы турасында бір ауыз сөз айтсақ, сериалдың режиссері Қанағат Құрманғазыұлы – Тимур Бекмамбетов пен Ермек Тұрсынов сықылды мүйізі қарағайдай шетел фестивалдеріне құмар-ақ емес, Баян Есентаева мен Нұрлан Қоянбаев сынды тым жеңіл комедияларға да ғашық емес, демек, Қанағат мырзаның бүгінгі қазақ кинематографиясында өзіндік дара жолы бар. Сыншылар айтуы мүмкін: “Ол да экшнге қызығады ” деп. Дегенмен, ол тіпті сол экшннің өзінен ұлттық нақыш пен өзінің қолтаңбасын ылғи іздейтініне бек сенемін! Ең бастысы, осы бағытта кәсіби өсу мүмкіндігі бар. Енді сол бір мүмкіндікті пайдаланса болғаны.

Аталмыш телехикаядан ұлттық қазақы нақышты, әлеуметтік шынайылықты, баяндау, бейнелеу қисынын көреміз деген игі ниет бар. Бұйырса, ағылшындардың “Шерлок”, американдықтардың “Игра престолов” сынды әлем бойынша бәсекеге қабілетті, шытырман сюжеті аса мазмұнды әрі терең жүйеленген сипатқа ие, оқиға желісі тірі һәм шынайы өмірге толы (тіпті, сюжет фэнтэзи болса да), әрі әр деталі мен диологы көрерменге нанымды, тілі шұрайлы, жанды туынды болар деп сендік! Себебі, “Арай Медиа Груп” ЖШС-нің бас продюсері – Айгүл Қыдырғалиқызының ықтиярлығы мен іскерлігіне әрі студия директоры – Алмас Болатұлының және жалпы барша түсірілім тобының сериал финалын дайындаудағы кәсібилігіне де үміт артып отырмыз. Уақыт көрсетер...

Риза ЫСҚАҚ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...