Канн кино нарығы алғаш рет онлайн тәртібімен өткізілді

КИНО
1911

2020 жылғы маусымның 22-нен 26-на дейінгі аралықта Канн кино нарығы алғаш рет Marche Du Film Online атауымен онлайн тәртібімен өткізілді.

Әрине, виртуалды Канн кино нарығының көптеген қатысушыларына жыл сайын көзбе-көз өткізілетін Канн фестивалінің әсері жетіспеді-ақ, дегенмен, кәсіпқой киношылардың айтуынша, онлайн тәртібінде жұмыс барынша тиімді болды. Каннда өте мықты жобалар көрсетілімге ұсынылып, көптеген мәмілелер жасалды, мыңдаған кездесулер, таныстырылымдар және келіссөздер ұйымдастырылды. Бастапқыда бұл іс-шараның жаңа пішімінен не күтуге болатынын түсінгендер көп болмаған, дегенмен, оның нәтижелері оң деп бағалауға келеді.

Variety журналы Канн қозғалысына 25 жыл бойы қатысып, көптеген халықаралық аумақтарға арнап фильмдер сатып алып жүрген ардагердің мына бір сөзін келтірді: «Тамаша жобалар ұсынылып, олардың төңірегінде қажетті шу шығарылып, көп сатылым жасалды. Онлайн режиміндегі жұмыс керемет тиімді екен. Кинотеатрлар мен кездесулерге жүгірудің қажеті жоқ. Компьютердің бір пернесін басу арқылы ғана бәріне қол жеткізіп отырасың».

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Қазақстанды фильм түсіретін жер ретінде таныту, бірлескен өнімдер ретінде іске асырылатын жобалардың тізімін кеңейту және қазақстандық фильмдерді шет елдерге таныстырып, тарату мақсатында онлайн Канн кино нарығының көптеген іс-шараларына қатысты. Ең ірі кино нарықтарының: Cinemart (Роттердам ХКФ), Berlinale Co-production Market (Берлин ХКФ), Cinelink (Сараево ХКФ), Connecting Cottbus (Коттбус ХКФ), When East meets West (Триест ХКФ), Asian Film Markt (Пусан ХКФ) және басқаларының директорларымен, EAVE и ACE сияқты ең ірі еуропалық продюсерлік ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. ҰКҚМО Producer’s Network-тің күнделікті іс-шараларына, әртүрлі елдерде салық жеңілдіктерін беретін онлайн семинарларға қатысты, сонымен қатар алуан түрлі елдердің кино ұйымдарымен және продюсерлерімен де бірқатар кездесулер өткізді. Канн кино нарығында көрсету үшін арнайы Welcome to Kazakhstan онлайн парақшасы әзірленді.

Виртуалды Канн фестивалінде Қазақстаннан Ақан Сатаевтың “Томирис” фильмі көрсетілді. Фильмді сату жөніндегі агенттер, Канаданың Arclight компаниясы бұл фильмнің Cannes Marche du Film Online аясында Франция, Италия, Испания, Румыния, Ресей, Түркия, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея және Сингапур халықаралық аумақтарына сатылғанын жариялады.

Сондай-ақ Канн кинофестивалінде қазақстандық режиссер Ольга Коротьконың «Пара кожаных сабо» атты толықметражды жобасы бүкіл әлемнен келіп түскен жүздеген жобалардың ішінен La Fabrique Cinéma du Monde бағдарламасына іріктеп алынды. Айта кетейік, La Fabrique Cinéma du Monde – жас кинематографшыларға, режиссерлер мен продюсерлерге өздерінің алғашқы және екінші фильмдерін кәсіби кеңесшілердің қатысуымен әзірлеуге көмектесуге арналған арнайы бағдарлама, оның аясында ең ірі кино қорларының, копродакшн-маркеттердің, яғни бірлескен өнім нарықтарының және форумдардың өкілдерімен кездесулер өткізіледі. Өткен жылы «Пара кожаных сабо» жобасы Азиялық кино қорының (ACF) қолдауына ие болған еді, ал ақпан айында сценарийлерді дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама Script Station аясында Берлин кинофестиваліне қатысты.

Әрине, әлемнің көп елі өз кинотеатрларын әлі аша алмай, кино өндірісі толық қалпына келе қоймаған қазіргі кезеңде дистрибуторлар жаңа жобалардың қай кезде түсіріліп, көпшілік көрерменге қашан көрсетілетінін әлі білмей отыр. 

Дегенмен, нарықтың ірі деген ойыншылары кино бизнесі бір жылдан соң қалыпты жағдайына түседі деген сеніммен жұмыс істеп жүргендерін айтып отыр.

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...