Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2019 жылдың 4 қазанында "Рухани жаңғыр...
Жарасқан Әбдіраштың эпиграммалары
Әбдіжәміл Нұрпейісовке:
«Қан мен терді» сарылып та,
сарғайып,
жазуыңда бар ма кінә,
бар ма айып!
«Сеңнен» кейін кітап күтіп тағы да,
жылдар бойы сең соққандай болмайық...
Өңдеу,
жөндеу,
түзеу,
күзеу – салтыңыз!
Соныңызбен барады өсіп нарқыңыз...
Жалықпайсыз Сіз қайтадан жазуға,
қайта оқудан жалықпай ма халқыңыз?..
Ғафу Қайырбековке:
Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең,
Радионы басып қалсаң – Ғафекең!
Журналдарды парақтасаң – Ғафекең,
Газеттерді қарап қалсаң – Ғафекең!
Дунай бойлап араласаң – Ғафекең,
Думан-тойға бара қалсаң – Ғафекең!
«Мына біреу оңашалау кафе екен»
деп кіріп ем...
Мұнда да отыр Ғафекең...
Тұманбай Молдағалиевқа:
Жиырмасында «Жетіммін!» деп жылаған,
«жыладың» деп талай сыншы сынаған...
Отызда да «Жетіммін!» деп жылаған,
ол кезде де талай сыншы сынаған...
Қырықта да «Жетіммін!» деп жылаған,
«қойсаңшы»деп талай сыншысынаған...
«Ақ Волгамен» аңыратып жүрсе де,
«Жетілдім!» деп айтпай қойды-ау Тұмағаң.
Аға болып ақыл қосқан ақылға,
Тұмағаңды тағы көрдім жақында...
«Жетіммін!» деп айтады екен, апыр-ай,
Әбділдадай әкесі бар ақын да!
Қабдеш Жұмаділовке:
Бала кезден жанкешті,
біледі жұрт Қабдешті
Алғашқыда сыншылар:
«Ақындығы бар!» - десті.
Содан кейін: «Бір сынар
Батылдығы бар!» - десті.
«Қабілеті – керемет,
қарасөзге, не керек,
Жақындығы бар!» - десті.
Құлақ асып дабырға.
Жанрдан соң жанрға
Қабдеш солай сан көшті...
Ауыл қайда, ел қайда,
биік-биік бел қайда?
«Соңғы көшің» әйтеуір,
соңғы көшу болғай да.
«Неге олай?» - деп сұрама,
Тұр ғой күтіп драма...
Әбіш Кекілбаевқа:
Жоқ ырғасар айтыстасы,
сөйлеп кетсе кезек келіп.
Қор болады кей тұстасы,
қыр астынан тезек теріп...
Шекспир мен Данте ағасы
қақпас шетке қары сынбай,
Пушкиндердің парталасы,
Толстойдың танысындай.
Жержүзілік жыр көгіне
Аполлонша алады ұшып.
«Шүкір!» дейсің жүргеніне
жұртпен бірге тамақ ішіп...
Асқар Сүлейменовке:
Сүлейменнің Асқары
әуелі сыннан бастады.
Аузы толмай ешкімге,
Артынша сынды тастады.
Қарасөзге де тұшынып,
қалған-ды біраз ысылып.
Ойынан шықпай өзінің,
оны да қойды ысырып...
Бірде сын айтып,бірде әзіл,
артамыз үміт жылма-жыл.
Асекең барлық жанрда
ауызша жазып жүр қазір...
Мұхтар Мағауинге:
Сынағанды «Қырт!» - дейді, -
Түсінбейді жұрт!» - дейді.
Әуезовтен басқамен
мұрынын да сүртпейді...
«Тұлғам менің ерен!» - деп,
кеткен кезде тереңдеп, -
Әуезовтің өзін де
мойындайды әреңдеп...
Ал мақтасаң бас ұрып,
сыр айтады жасырып...
Өзін, тіпті, тастайды
Әуезовтен асырып...
Емес пе екен асылық?
Өтежан Нұрғалиевқа
Дей алмаймыз: ойларың бұрыс-ағат,
болды соғыс біздерге – ірі сабақ!
Сау адам жоқ, әйтсе де, кітабында:
бірі –соқыр,
бірі – ақсақ,
бірі – шолақ...
Шалбарының көрмеген қыры түсіп,
бірі – надан...
бірі – қу,
бірі – пысық...
Барғанның да соғысқа,
бармағанның:
бірі – сақау,
бірі – «қырт»
бірі – пұшық...
Ауыр алма осынау сөзімді, аға,
көңіліңді серпілтсін сезім жаға.
Ауылыңла болыпты бір сау адам,
оның өзі, әрине – өзің ғана...
Дүкенбай Досжановқа:
Сыншылар сілкілей ме,
бұтарлай ма?..
Жібегін жүн ете ме,
түте алмай ма?..
Бірі де шыбын құрлы көрінбейді,
білетін өз «есебін» Дүкенбайға...
Шынында не қыладф батылсынып,
аударып атын алмас ақылшы жұрт.
Жарамай қалғаны жоқ жазғанының,
тоқтамай том-том болып жатыр шығып...
Мұхтар Шахановқа:
Жасынан жайсаңдардан бата алыпты,
бата алып,
жайсаңдыққа бет алыпты...
- Талантты жас ақын кім? -
десең қазір,
алдыменен атайды
«Шахановты!»
Кейін де көп мықтыдан бата алыпты,
бата алып,
мықтылыққа бет алыпты...
- Беделді бас ақын кім? -
десең қазір,
алдымен атайды өзін:
«Шахановты!»
Содан соң шығу үшін сөзін ақтап,
сөзімен көрінеді көзіңе аппақ.
Өзің біл, жаттамасаң өлеңдерін,
алады алдыменен өзі жаттап...
Тауыпты тақырыбын тыңдалатын,
танытты сахнадан шыңдап атын.
Еңбегі ақындыққа сінген әртіс,
әртістікке еңбегі сіңген ақын!
Сағат Әшімбаевқа:
Белинскийден бастайды,
Жирмунскиймен жасқайды.
Алдыңды орап Абаймен,
апарып біраз тастайды.
Жуковскиймен састырып,
жүзіңді әбден пәс қылып,
Пушкинмен періп өтеді,
Толстойменен басқа ұрып.
Көрсетпес шағын төбені,
шыңдар да неткен көп еді...
Тартады сосын көлденең
Кафка мен Кобо Абэні...
Танымал талай дананы
тізімге солай алады...
Қаламдастарға келгенде,
қаламы жүрмей қалады...
Смағұл Елубаевқа:
Достығына шүбә қыл –
Дауласпайды Смағұл...
Жазғандарын сына, күл –
жауласпайды Смағұл...
Күлгенсиді – аңдамай,
жүргенсиді – аңдамай.
Белгілі бір уақытта
жарылатын бомбадай.
Несіпбек Айтовқа:
Бойындағы асылын
беріп-ақ жүр
жырға анық
Бәйгелерден жасырын
келіп-ақ жүр
жүлде алып.
Шашау қылып сөйлемін,
шатыспайды
желікпен...
Ашығына бәйгенің
қатыспайды...
Неліктен?