Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1943 жылы Мәскеуде, Совет Одағы жазушыларының кешінде сөйлег...
Ертегі жанрының шебері
Халқымыздың біртуар мақтанышы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ертегі айтатын адам қалмай ма деп қорқамын», – деп келешектің қамын кемелінен ойлап, бақытты елдің ертеңін көрегенділікпен бағдарлап, ел болашағына ерекше елеңдеген екен. Жаһандану дәуіріне бетбұрыс жасаған бүгінгі кезеңде осы салмағы басым сырлы сөздің ақиқаты тым тереңде жатыр. Ақиқатында, қазір ертегіші ата-әжелерді электронды дүниелер, дискілер алмастырды. Жаңа замандағы қазіргі қазақ баласы тұлғалы Толағайға емес құбыжық Шрэкке тамсанады, Күн астындағы Күнекейге емес тілазар Машаға еліктеп, соның теріс қылықтары мен шолжаңдығын айна-қатесіз қайталайтын халге жетті. Көлтауысарды білмесе де Спайдермэнмен жақсы таныс, Ер Төстіктің ерлігіне емес Ниндзя тасбақаға ұқсағысы келіп, солардың ерсі қылықтарын бойына сіңіруде.
Біз осы тұста ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық дүниетанымыздан ажырап, қазақы қалпымыздан айрылып бара жатқан жоқпыз ба деген сауал санаға сызат, көңілге кірбің, жүрекке мұң ұялатады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлтқа арналған маңызды құжаты, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс… Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деп тереңнен түйін жасайды. Ендеше, ұлттың дамып, «Мәңгілік ел» қатарына қосылу үшін бірінші кезекте ұлттық кодыңды сақтай отырып, жаһандану дәуіріне өзіндік ұлттық ерекшелігімен еніп, әлем мойындар бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына қосылу – баршамыздың бүгінгі басты мақсатымыз. Халық ретінде әлемнің тарихи сахнасынан жоғалып кетпеу үшін барымызды салып, Алаш арыстарындай еліміз бен ұлтарақтай жерімізді қорғап, әдебиетіміз бен тарихымызды тереңнен таразылап, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жадымызда жаңғыртып, өскелең ұрпаққа аманат ретінде аман-есен жеткізсек, елдік мұраттың бір тармағының орындалғаны деп білер едік. Ұлтымыздың басты діңгегі, еліміздің жарқын болашағы – балалар екендігі даусыз. Балалардың ұлттық санасын қалыптастырып, дүниетаным көкжиегін дамыту бағытында балалар әдебиетінің маңызы ерекше.
Қаламгер Тоқтарәлі Таңжарық: «Балалар әдебиеті – күрделі жанр. Бұрынғы аға буынның дені балаларға арнап жазған дүниелерін өзінің шығармашылық тұғырына арқау еткен. Әлі де сол жолдан таймай келе жатқан қаламгерлер баршылық. Меніңше, заманмен бірге әдебиетте, оған қойылатын талап та өзгеруі керек. Неге? Осы күнгі балалар әдебиетін оқысаңыз, сонау өткен ғасырдың 70 жылдарындағы қалыптасқан сарын өзгермей келеді. Әлі сол «Бір дегенім – білеу, екі дегенім – егеу…» деген сыңайда, «ауылға бардым, атам ертек айтты, апам ұршық иірді» дейтін тым бірсарынды кейіптен өзгерер емес. Неге балалар әдебиеті жаңалыққа ұмтылмауы керек? Телеарналарда балаларға арналған нешетүрлі мультфильмдер бар. Оқиғасы шым-шытырық, қызықты, қызғылықты. Оны үш жасынан бастап көрген бала сіздің байырғы тақпақтарыңызға қызықпасы анық. Сондықтан, балаларға бүгінгі күнге сай шығарма жазуға тиіспіз» деп бүгінгі замана тұрғысынан әділ бағасын береді.
Шынында да, балалар әдебиеті – күрделі жанр, балалар әдебиетін ұлтқа жаны ашитын, балаларды жақсы көретін адамдар жасайды, сондықтан, жаңа заманның, тәуелсіздік дәуірінің, «Мәңгілік елдің» өскелең ұрпағына бүгінгі күнге сай шығарма жазуға тиістіміз.
Қазақ қыздарының ішінде балаларға арнап ертегі жазатындар жазушылар өте сирек. Осындай балалар жан дүниесінің ғажайып әлеміне үңіліп, бала қиялын жетілдіріп, тағылымдық мәні зор туындылар тудырған қызығы мен қиындығы мол ой еңбегін қатар алып жүрген қаламгер, республикалық «Айгөлек» балалар журналында қызмет еткен, «Қоңыр қонжық», «Туған топырақ» атты кітаптардың авторы, «Алтын қалам» әдеби бәйгесінің жүлдегері Жүсіп Әдина Әбдібайқызы.
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылында туып-өсіп, бала кезінен жазуға жаны жақын болған Әдинаның журналистика факультетіне оқуға түсуіне әкесі себепкер болды. «Әке, менен журналист шықпайды», – дегенде «Тоқсан тоғыз пайыз еңбек, бір пайыз талант болса болды. Мен сені білем. Жаза аласың!», – деді рух берген қамқор әрі көреген әкенің парасатты ойы мен бағдары болашақ жазушыны алып айдынға, әдебиет әлеміне қарай қанат қақтырды.
Қаламгер Ә.Жүсіп өзінің өмір өрнектері жайында әрі алғашқы ертегі жазу ісіне қалай келгендігі жөнінде былайша тарқатады: «Оқуды бітірген соң Алматыға келіп саяси журнал «Азатта» жұмысымды жалғастырдым. Осы уақытта «Үшқиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбетовпен таныстым. Баспаның жанынан «Ертегілер елінде» журналы шығып тұрады екен. Махмуд ағайдың ақыл-кеңесімен журналға ертегі жаза бастадым. Сөйтіп, өмірде өз орнымды таптым.Қазір де баулыса көптеген қалам ұстаған жастар балалар тақырыбына жаза алады. Жазып жүргендері де бар. Тек насихаты кемшін болмаса…».
Балалардың ой әлеміне саяхат жасап, өнегелі ертегі жазу қиынның қиыны, әрі ертегі жазу асқан кәсіби шеберлік пен жүйелілікті, қысқа әрі нұсқа жазуды талап етеді. Оның үстіне баланың дүниетанымына сәйкес түсінікті, тілі жатық, ойы жинақы болуы тиіс. Осы үдеден шыға білгенде ғана кішкентай оқырманның нәзік жүрегіне жол табады. Балалар әлемі ізгілікке құштар, ойы тұнық, өмірдің тек сәулелі жақтарын көріп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін, тез әсерленетін, боямасыз болмыс, қардай таза қалып. Әдина Әбдібайқызы ертегі жазу барысында төмендегідей жайттарға назар аударады: «Ең бірінші, ертегім арқылы баланың жанын мейірімді етсем деймін. Ертегінің жағымсыз кейіпкерлері арқылы жаман іс-әрекет, өтірік, ұрлықтың түбі – жамандыққа, мейірімділік, қамқорлық, шындық – жақсылыққа, жетістікке жеткізетінін жазып келемін. Қысқа жазамын. Қарапайым ауызекі тілді сақтаймын. Ертегі жазудың да басты талабы сол ғой. Ертегілерімнің дені 3-4 сыныптың оқушыларына арналады. Ал мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ертегілерім өте аз. Оларға арнап жаза алмай жүрмін».
«Қарақошқар» ертегісінде жас оқырмандарына ерекше ой салып, мақтаншақтық пен астамшылдықтан, тәкаппарлық пен санасыздықтан жирендіріп, қошқардың жағымсыз әрекетінен ой түюге шақырады. Тілі қызықты, баланың қабылдауына жеңіл, езу тартқыза отырып, бір ойдан кейін жүйелі түрде екінші ой жалғасын тауып отырады. Қаламгердің ертегілерінің дені – мысал ертегілер. Ертегідегі негізгі кейіпкерлер-жан-жануарлар, аңдар мен құстар, қарапайым еңбек және өнер адамдары, тақырыбы жағынан да сан алуан: адамгершілік, мейірімділік, ақылдылық, әдептілік, білім, адал достық, еңбекке баулу, кейіпкерлері арқылы адам болмысындағы ұнамды және жағымсыз қасиеттерді көрсету нәтижесінде жас оқырмандарға ізгіліктен сусындап, зұлымдық пен жамандықтан жиренуге насихаттайды.
«Күріш пен күрмек» ертегісінде өзгеге ұшан-теңіз пайдасы тиетін мейірімді, адал, ақ ниетті күріш пен тәкаппар, өзімшіл, мақтаншақ, ашуланшақ, ренжігіш сонысына қарамай қорқақ күрмектің өзара қарым-қатынасы арқылы қоғамдағы кездесетін кейбір адамдардың бойындағы жағымды-жағымсыз қасиеттерін айшықтайды.
«Етікші» ертегісінің негізгі идеясы арқылы баланың жан әлемін мейірімділік пен өзгелерге қолғабыс етуге, жанашырлыққа, жұртқа жақсылық жасауды әдетке айналдыруды үлгі-өнеге етеді. «Етік жөндейтін кішкентай ғана лашығының есігін ашқанда есік алдында жатқан тілдей қағазды көреді. «Мынау жеміс ағаштары тегін еңбегіңнің қайтарымы болсын» деп жазылыпты. Етікші бұл ағаштар өткендегі кісінің сыйы екенін түсіне қояды. Сол күннен бастап етікші артық табыс тапса, жұртқа тегін етік жөндеп, жақсылық жасауды әдетке айналдырады» деп тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағынан нәр алуға шақырады.
«Ұстаз бен шәкірт» ертегісінде жас өрендерге өнердің маңыздылығын түсіндіре келе, ертегінің ең соңында санаға сәуле себетін салиқалы, өнегелі ой тұжырымдайды: «Жақсы адам болам деген жеткiншектiң бәрiне қатысты нәрсе. Сен халық алдында жүресiң. Ол сенiң ең бiрiншi сыншың, ақылшың, қолдаушың. Ал халық алдына шыққан әншiден жақсылық, iзеттiлiк, инабаттылықты көрiп барып талантын таниды. Сен осы жолда аз да болса сабақ алдың. Ендi сенi әншiлiкке баулу қиын емес. Ол сенiң өзiңде тұнып тұр. Сен менi түсiндi деп ойлаймын». Балалар қоршаған ортасын қалай көрсе, сол тұрғыда қабылдайды, ертегі кейіпкерлеріне еліктейді. Қиялына ерік беріп, сол бейнені санада суреттегідей сызып, көз алдарына елестетеді.
Жазушы Ә.Әбдібайқызы осы тұрғыдағы өмірлік асыл мұратын тамаша тұжырымдайды: «Бала – көңілі ақ, пәк, мүлдем таза ғой. Оларды сендіру де, олардың ынтасын тудыру да – біздің, үлкендердің міндеті. Үйде – ата-ананың, бақшада – тәрбиешінің, мектепте – мұғалімнің міндеті. Осылардың барлығы өз міндетін дұрыс атқарса, бала сенеді, ертегіге деген ықыласы артады деп ойлаймын».
«Сенім» ертегісінде баланың бойында батылдық пен сенімділік секілді құндылықтарды қалыптастыру мақсатында кішкентай оқырманға серпін беріп, болашаққа үкілі үмітпен қарап, табанды әрі ержүрек болуға үндейді: «Кіп-кішкентай, жұдырықтай жүрек оған бір кереметті ашқан еді. Ол кереметінің аты-сенім болатын. Сенім бар жерде жүрек бар екен. Сенім бар жерде тәуекел де бірге жүреді екен. Міне, бала емшіні алып келуі арқылы осындай керемет құндылықтарға ие болды. Сенім мен тәуекелдің алмайтын асуы, құтылмайтын аюы жоқ екен».
Осы орайда Мұхтар Әуезовтің «Сын –шын болсын, шын сын болсын» деп айтқан ғибратты сөзі еріксіз еске түседі. Алайда, адам біреуді сыбап алам десе сылтау, сынаймын десе сынық табылады екен-ау деген ойдан аулақ болған жөн. Әдинаның кейбір ертегілерінде диалект, кірме сөздер де кездеседі. «Достықтың қадірі» ертегісінде «дәу столды қойып, рахаттанып самаурынмен шәй ішті» деген жолдардағы дәу – үлкен деген мағынада қолданылған диалект сөз болса, «стол» сөзі орыс тілінен енген кірме сөз екендігі баршаға мәлім, аталмыш сөзді әдеби нормада «үстел» деп қолданатынымыз түсінікті. «Қара қошқар» ертегісіндегі «Дәу қошқар, семіз қошқар, қойларға күн бермеген қошқар, қолапандай мүйізді қошқар шалт бұрылып қораға қарай тұра қашты» деп «дәу» сөзін тілдік қолданыста жиірек қолданатыны байқалады. «Күріш пен күрмек» ертегісінде ауызекі сөйлеу стилінде қолданылатын сөздер де бой көрсетіп қалады. Мәселен, «Сендердің бар көздегендерің осы қазанға түсу ма?! – деп айқайлады» сұраулы сөйлемін қазақ тіл білімінің заңдылықтары мен әдеби нормаға сай «түсу ме?» деп қолданса, әлдеқайда ұтымды болар еді. Қалай болған күнде де бұл сипаттар Әдинаның асқарын аласартпайды, биігін түсірмейді.
Жалпы ертегіші Әдина Жүсіптің барлық ертегілерінде ұлттық тәрбие мен бала тұлғасын қалыптастырудағы ұлттық құндылықтар, адамгершілік, имангершілік қасиеттер көркем көрініс табады. Оқып отырған баланың қиялын өсіріп, кейде езу тартқызып, кейде терең ойдың теңізіне батырып, ерекше ықпал етеді. Көркемдік қуаты да, мағыналық жағынан және танымдық-тағылымдық, биік эстетикалық талаптар тұрғысынан да сәйкес келеді әрі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие.
Ертегі жанрын серік еткен қаламгер Ә.Жүсіп ертегі жазудағы тағы бір сырын көпшілікпен бөліседі: «Ертегілерімді ең бірінші жолдасым Берікбай мен қызым Ғаламнұрға оқып беремін. Олар жақсы екен десе, араласатын құрбым Мира Сембай деген ертегіші қызға жіберемін. Ол артық-кемін айтып, өз бағасын береді. Махмұд ағай кейбір өзіне ұнаған ертегілеріме лайықты бағасын беріп отырады».
Қаламгер Әдина Әбдібайқызы балаларға арнап жазатын авторлардың аз емес екенін, алайда, олардың шығармалары жарыққа шықпай жүргенін тілге тиек етеді. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының арасында ертегі жазатын балалардың баршылық екенін, олардың кейбірінің жазғандарына тіпті таң қалатынын да жасырмайды.
Сөз соңында Әдина Жүсіптің өнер жолына шығармашылық шеберлік пен толағай табыстар, жемісті жетістіктер тілейміз! Әрқашан осындай тағылымды дүниелерімен бүгінгі жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын, сөздік қорын байытып, құнды қасиеттер мен ізгілік әлеміне тәрбиелеуде өлшеусіз үлесін қосып, қазақ руханиятының дамуында зор еңбегімен көріне берсін демекпін!
Д.Мұхамедиев
филология ғылымдарының
кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі