Еліміз үшін биылғы елеулі мерейтойлардың бірі – Астана қаласының 20 жылдығы. Осы айтулы м...
Өнерге әркімнің бар таласы
Рахымжан Отарбаев атындағы III-ші театр фестивалінің кезекті қойылымыболып өтті. Бұл жолы Түркістан қалалық Р.Сейтметов атындағы сазды драма театры, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасын сахналады.
Осы орайда дәстүрлі жедел сұхбат жүргізілді:
Әдебиетанушы, Ұларбек Нұрғалымұлы:
Мемлекет Тәуелсіздік алғанда оның барлық ағзасы тәуелсіздік алуы керек. Яғни, театр да тәуелсіздік алуы тиіс. Ол - репертуар. Шыны керек бізде Кеңес үкіметінің идеологиясы негізінде жазылған пьесалар әлі де оқытылып, сахналанып жүр. Осыған бір сараптама жасалыну керек секілді көрінеді кейде. Оның ішіндегі шын мәніндегң өміршең шығармаларды іріктеп ұсынса дейсің.
Ал, Рахымжан шығармалары - нағыз Тәуелсіздік туындылары. Кешегі "Әміре", бүгінгі көрсеткен "Мұстафа Шоқай" сол азаттыққа, Тәуелсіздікке ұмтылған қазақтың жан дауысы деуге болады. Бұл Тәуелсіз қазақтың жаны іздеген, күткен тақырыптар. Бұл тарихи шығарма болғандықтан көркем шындыққа қаншалықты басымдық бергіміз келгенімен кейбір тарихи жағдайлардан аттап өтуіміз мүмкін емес.
Шығарма тарихи тұлғалар туралы болғандықтан аса жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда пьеса мен спектакль арасындағы айырмашылықты аңғаруға болады. Пьеса көрсеткен тұлғалар образын спектакль толық көрсете алды деп айта алмаймын. Себебі, Әлиханды ойнаған әртіс сөздерінен жаңылысып жатты. Бұл жерде жалпы декорацияға ғана емес, дауыстың декорациясына да мән берген абзал болар. Осы танымал тұлғаларды сөйлеткен кезде басқашалау қырдан келіп, образды берген құп сияқты деп ойлаймын.
Ал, қойылым соңына таманғы кезде Мұстафадан бастап, барлығының ақ киімді болғаны жақсы шешім болды деп санаймын. Сонымен қатар «Елім-ай» әнін айтқан тұсы көңіліме аса қонбады. Ол ән ретінде толық айтылмай, тек музыка ретінде ақырын ғана шығып тұрса жетерлік еді.
Театртанушы, Айзат Қадыралиева:
Осындай саяси тақырыпқа келгенде, яғни қайраткер тұлғаларымыздың образын ашу әлі күнге дейін көмескі, оларды өз дәрежесінде аша алмай келе жатырмыз. Олардың образдарын осындай сахна төрінен көрген кезде жүректі қыжылдатқан ашыну кернейді. Бұның себебін сан-саққа жүгіртуге болар еді. Мүмкін бұл: ізденбеушілік пе, немқұрайлылық па әлде намыстың әлсіздігі ме? Дәл осылардың қайсысы екенін білмей дал боламын! Бұны, өнерге қиянат жасаумен тең деп санаймын. Кейде өзіме сұрақ қоямын: біз кейде жалпы спектакльдің шешіміне, формасына мән береміз деп актерлердің ішкі жан дүниесіне үңілуге мән бермей жатырмыз ба? Содан барып актерлік шеберлік ақсайтын шығар? Осы орайда Ежи Гротовскидің «кедей театрын» еске сала кеткім келеді. Ол жерде декорация, музыка, костюм тағы басқалары мүлдем жоқ. Бұндағы басты дүние актердің өзі ғана. Немесе оның жүрегі, жаны, жүйкесі ғана жұмыс істейді. Ал қазіргі көрген қойылымда осы жағы осалдық танытып жатты. Басында жалпы атмосфера жасауға тырыстыңыздар, бірақ актерлердің ішкі, шынайы сезімін ойламағандықтан ойын кері кеттті. Сонан кейінгі ескертетін жайт: кім сөйлесе де пафосқа беріліп жатты. Бұл жақсылыққа апаратын жол емес. Соның орнына, неге жайшылықта сөйлескен қарапайым адамдарша сөйлесуге болмайды деген сауал қойғым келеді. Мұстафаны, ұлт намысын қорғап жүрген адам ретінде көре алмадым. Осы орайда кәсіби мектептен өтпегендіктеріңіз анық байқалады. Өнер жолына түскен соң, ондай себептермен ақтала алмайсыздар. Қысқасы, ұлт тұлғаларын сомдау атүсті шаруа емес - ыждағатты дайындық пен үлкен еңбектің жемісінен келетін жетістік. Бұдан былай киелі сахнаға аса жауапкершілікпен қарауларыңызды өтінемін.
Жазып алған Заман Төлеуов