ҚУЫРШАҚТАРДЫҢ ҚҰТТЫ МЕКЕНІ

ТЕАТР
1896

«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалынды жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», – деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, болашағымыздың жарқын болуы, келер ұрпақтың білімді, өнерлі, салиқалы болып өсуі жастар тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы орайда, әлемдік бәсекеге қабілетті жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің ортақ мүддеміз. Өйткені, әлемнің алпауыт елдерінің қатарында Қазақстанның нық қадаммен тұруы – еліміздің мәртебесін биіктетпек. Алайда, қалың қарбалас пен күйбең тіршілікке толы қоғамда баласына мардымды тәрбие беруге уақыты тапшы ата-аналар көп. Осы ретте көп балаға ғаламтордың көмекші екені жасырын емес. Ұйқыдан смартфонның бетін сипап оянатын техниканың балаларын әлденеге сендіру де қиын. Осындайда мөлдір өнер – театрдың тигізетін ықпалы орасан зор. Әсіресе, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жас буынның қалыптасуына қалтқысыз қызмет етуде. Бүгін де қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қара шаңырақ бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз септігін тигізіп келеді. 

Қуыршақ театры Алматы қаласының ең ірі өнер ұжымдарының бірі болғандықтан, рухани жаңғыру және адамгершілік қасиеттерді дәріптеу жолында ұстанған қағидаларынан тайған емес. Балалар назарына ұсынылатын мұндағы әрбір қойылым адамгершілікке, сыпайылыққа, игі қасиетттерге баулып, татулыққа, бірлік пен достыққа шақырады. Биылғы маусымда ғана көрерменге жол тартқан су астында саяхат жасау үшін Валун патшамен бірге көптеген кедергілермен күресетін кейіпкерлерге толы «Аква ертегі» (реж. О.Ақжарқын-Сәрсенбек) қойылымы, көкте құс боп ұшып, су астында балық болып, жерде иттің кейпіне енетін арманшыл балақайдың ғажайып оқиғасын көрсететін «Тоба» (реж. Ж.Жұманбай) қойылымы, Бейбарыс сұлтанның сайын даласы мен туған жеріне, жусанының иісіне деген сағынышын суреттейтін «Сағыныш шөбі» (реж. Р.Жаныаманов) спектакльдері осыған дәлел. Аталмыш және өзге де туындыларды тамашалауға келген балдырғандар өздерін құдды бір ертегі әлеміне енгендей сезініп, жүздері бал-бұл жайнап шығады. 

Дегенмен, көбіміздің қаперімізде тек балаларға арналған деп қалыптасқан қуыршақтардың ересектерге де айтары жоқ емес. Мәселен, биылғы жылдың ақпан айында ғана прьемерасы өтіп, көптің ыстық ілтипатына бөленген «Ана – Жер Ана» (реж. Д.Жұмабай) қойылымы. Ел басына туған ауыртпалықты, қалың халықтың зар-мұңын, тұтас жұрттың ауыр күйін бір отбасының тағдырымен жеткізу аса жауапты, бірақ жемісті жұмыс. Спектакльді көремін деген көрерменге, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін міндетті түрде жетік біліп, Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесін оқып бару шарт емес. Өйткені, мұнда қолданған символдық ерекшеліктер сөзсіз-ақ бәрін айқын түсіндіріп береді. Қойылым көрерменінің толастамай, әрбірінің жүрегіне тез жетіп жатқандағы құдіреттілігі де сонда шығар. Символдық оқылымдар ағаш қасықты соғыстыра отырып уақыттың өткенін, сол қасықты жанұя мүшелері бір-бірлерінің аузына тосу арқылы отбасының ауызбіршілігін, үйкелген етікпен үрей туғызып, аяқ киімдерін гүрсілдетумен пойыздың дауысына дейін келтіріп, әрекетпен-ақ ұғындырып береді. Әрбір келген көрермен көз жасына ерік беріп, бір-бірінің ролін алма-кезек жалғай отырып жан тебірентетін үш Толғанайдың, жесірдің күйін мүдірмей жеткізетін қос Әлиманның және ұзын-сонар повестен көңілге қонымды қойылым шығарған режиссердің шеберлігін айтпай кетпейді. Бүкіл елді ойрандаған соғыста қаза тапқан бір үйдің төрт бірдей арысының өлі бейнесі мен Әлиманның елесін қуыршақпен жүргізіп, өмірінің үш кезеңін баяндайтын Толғанайларға таңданбау мүмкін емес. 

Осы және өзге де қойылымдарға куә болып, рухани азық аламын деген әрбір көзі қырақты, патша көңілді көрерменге өнер ордасына келуге кеңес беремін. Алғашқы қадамын театрдан аттаған балақайлардың өресінің биік, өрісінің кең болары сөзсіз. 

 

Айжан ЕСЕНГЕЛДІ

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...