Дэлүүн мектебінің іргетасыМХРП VI съезі (1926) шешімі бойынша социалистік ұлы жорықтың екінші кезеңі...
Иран әдебиеті мен мәдениетінің тарихы
Е.Бертельс
ПАРСЫ ТЕАТРЫ
* * *
Қолдарыңызға тиген бұл кітапша менің Ресей өнер тарихы институтының театр тарихы Разряды ұсынысымен 1923 жылы Петроградқа оқыған лекциямның нәтижесі. Бұл еңбекті терең бір талдау жасау және қолдағы материалды түгелімен пайдалану нәтижесі екен деп қабылдауға болмайды. Оның мақсаты — шығыстанушылар қатарына жатпайтын оқырмандарды Ресейде күні бүгінге дейін жете зерттелмеген өзіндік ерекшелігі бар, әрі өте қызғылықты мәдени құбылыспен таныстыру. Парсы театры туралы ғылыми әдебиет Батыста өте сирек екендігін, ал Ресейде тіпті жоқ екендігін атап өту жөн шығар .
Бұл мәселеге қатысты ғылыми маңызы бар толықтай еңбек шығару үшін жеке материалдар жинағын пайдалана отырып, инемен құдық қазғандай шұқыма жұмыс істеп, мүмкін, ондаған жылдарға созылатын ұзақ ізденуге бел буу керек. Сондықтан да, қадірменді оқырман, мына шағын мақалада көптеген атүстілікке кезіксеңіз, парсы халқының театр өнерінің көптеген қырлары ашылмай қалғанын көрсеңіз, кешірім өтінемін.
Бүгінгі таңдағы оқиғалар парсылар өмірінде соңғы кезде не болып жатқанынын қадағалап отыруыма мүмкіндік бермеді, осының кесірінен болуы керек, еңбегімнің көп жері ойсырап тұрғаны.
Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, егерде кімде - кім, менің еңбегіммен танысқаннан соң бұл мәселені терең зерттеуге құлшынып жатса, мен өз еңбегім үшін ең бағалы сыйлық алдым деп есептер едім.
Петроград 22 қараша 1923 ж. Е.Б.
I. Алғы сөз
Өнердің барлық саласы бірдей сол өзінің дамуы жүріп жатқан ортамен байланысты деп айту қиын. Өнердің бір түрі ұлттық орта бояуына малынбай, уақыт пен кеңістіктен алшақ тұрса, енді бірінің белгілі бір тарихи және этнографиялық жағдаяттарсыз өмір сүруі мүмкін емес.
Бұл жағынан қарағанда музыка — ең бір еркін өнер. Әрине, ол да өзгеріске ұшырып отырады, белгілі бір деңгейде жергілікті жағдайлармен кіндіктес дамиды, дегенмен де, музыка тілі — барша адамзатқа ортақ тіл деп айтуға негіз бар. Шығыс музыкасын алғаш тыңдаған еуропалық оны алдымен дисгармониялық (үйлесімсіз), байланыссыз бірдеңе деп қабылдағанымен де тереңдей келе, музыкаға Шығыста да Европадағы сияқты адамзат сезімінің мәңгілік қайнар көзі — қуаныш пен қайғы арқау болатынын түсіне бастайды. Музыка тілі түсініктеме немесе тарихи талдауды талап етпейді — ол санадан тыс әсер етіп, адам баласының тыпыршыған қаны жүрегіне барып ұялайды. Кескіндемеде көбіне-көп жергілікті ортаның ізі сайрап тұрады; суретші нені салса да оның қиял көзі тұсаулы, ол, тіпті небір қияли, нақты емес әлемді бейнелегісі келсе де, қалай болғанда да, өзі күнде көріп жүрген қоршаған ортаны модификациялаудан аттап өте алмайды. Көрермен картинада бейнеленген елмен, сол дәуірмен таныс болса ғана ол еңбекті қабылдай алады.
Поэзияның өзін тануға ұмтылған пендеге қояр талабы тіпті зор. Поэзияны түсіну үшін ол жазылған тілді жете білу керек, оны білу деген, аз-кем ат үстілеу болса да, зер салушыдан, сол халықтың психологиясынан хабардар болу, өзгенің көңіл-күй тамырын дөп басу, қас-қабағына қарау сияқты елдестірерлік қасиеттерді талап етеді.
Театр өзі дамып отырған ортамен тығыз әрдайым байланыста болады. Театрдағы іс-әрекеттің мағынасына терең бойлау үшін сол елдің тілін біліп қана қою жеткіліксіз: халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру қағидаларын сол халықтың өзіндей сезіне білу керек. Театр өнерінің тамыры бұқараның ең қайнаған ортасынан нәр алады, ал ол ортада, сол халықтың өмірлік мақсат-мұраттары, әдет-ғұрыпы, салт- санасы бүге-шігесіне дейін айқын көрініп қайнап жатады. Мен өзім, өзге елде болған кезімде, шет елдік азаматтардың қанша тырысса да ол елдің театрын түсіне алмай, жергілікті көрермендерге үйренісе алмай, өгейсіп жүргендерін талай көзім көрді. Әдетте шетелдіктер оны тіл білмеуден деп түспеді. Алайда мәселе басқада. Жергілікті көрермен сахнадан өз тұрмысын айнаға түскендей көреді, бала кезінен бері өзіне таныс әрі қымбат көріністер көз алдынан өтіп жатады, ол үшін — актердің болар-болмас ишарасы, дауысының әрбір құбылысы — өзіне өте таныс ортаның белгілері. Шетелдік те өзге елдің театрын түсінгісі келсе сол елдің әдет-ғұрпын, халқының тұрмыс-тіршілігін зерттеп, бірнеше жылдар бойы өмір сүруі, ең бастысы сол елге ғашық бола білуі керек.
Театрды жете түсінгісі келген жан біраз ізденістерді бастан өткеріп барып қана сол халықтың мінез-құлқын терең тани алады, тұрмыс-тіршілігіне қанығады, демек, театр елмен елді елдестіруші өнер ошағы.
Бұл жерде мен өнер философиясының күрделі мәселелерін көтергелі отырған жоқпын, ол орынсыз болар еді, әрі мақсатым да емес. Жоғарыдағы жағдаяттарды айтып отырғаным — оқырмандардың алдында ақталу ғана. Өйткені, алға қарай әлденеше рет Иранның тарихына терең үңілуге тура келеді, теологиясы туралы әңгіме қозғаймыз; бұл мүмкін театр туралы білгісі келетін оқырманға артық болып та көрінер. Алайда, бұл театрды зерттеп жүрген адамның әуселесі де, жаман әдеті де емес екенін айтып кеткім келеді. Әйтпесе, мен парсы театрының қаншалықты маңызды да мағыналы екендігі туралы орыс оқырманына толыққанды мәлімет бере алмас едім.
* * *
Ілгергі Шығысты мекендеген халықтардың ішінен парсылар рухы жағынан бізге жақын. Еуропаның мәдениетті халықтарының сұңғыла ақыл, батыл да ұшқыр фантазиясы, жаратылыстың небір күрделі мәселелерін шешуге ұмтылысы ирандықтардың бойында да жетерлік. Біреулер ирандықтарды "Шығыстың француздары" деп атаған еді; француздарды өзгеден ерекшелендіріп тұратын ой ұшқырлығы, қиыннан қиыстырар сөз тапқыштығы, сырбаздығы деген теңеулер негізсіз де емес, алайда, парсылардың бойында мәдениетті "ақсақал" халық француздарда кездесе қоймайтын небір тектіліктер тұнып жатыр, оған француздар ренжи қоймас... Егерде Иран бүгінгі жағдайында Еуропаның шаңын жұтып артта қалса, оған кінәліні халықтан іздемеу керек, бар пәле Иранның адамзат тарихында атқаруына тура келген қасіретті рөлінде жатыр.
Иранның бүкіл тарихында яғни б.э.д. V- ғасырдан бүгінгі күнге дейін, бұл бақытсыз ел ең болмаса жүз жыл бір тыныш өмір сүріп көрмепті. Соғыстан соғыс, өзге тайпалардың шапқыншылығы, династиялар ауысуы... Ахеменидтердің қуатты империясы македондық батыл шапқыншының соққысынан күйреп түсті, елді қараңғылық басты, бүліктер мен өзара қырқыс күшейді. Ардашир Папаканның күш салуымен ұлттың басы қайтадан бірікті, ел гүлдене бастады; мамыражай заман біржола орнағандай үміт туып еді. Алайда, династия өз ішінен шіри бастады. Ел басқарушылар азғындап, бауырлар бірін-бірі өлтіре бастады, парсы көсемдері үшін көргенсіздік пен тексіздік қалыпты жағдайға айналды. Сасанидтер тағы шайқала бастады, Арабтардың бір соққысына шыдамай сырт көзге өтірік күмпиген күш-қуат тарс жарылды, бар байлық Парсы еліне лек-легімен ұмтылған құм даланың батыл да ашкөз ұлдарының қолында кетті. Кешегі мырзалар бүгін жалшы, тоналған, тапталған, халық құлға айналған, халықтық дін қудалауға ұшыраған, тіпті тіл де бұрмаланып, шұбарлана бастады. Мәдениет тілі болып басқыншылар тілі үстемдік құрды, парсы ғалымы өзінің ана тілінде ғылыми еңбек жазу үшін ондаған жылдар керек болды. Ақыры, езілген халықтың санасы ояды, Иран дербес ел болды, гүлдену дәуірі басталды. Алайда, бұл гүлдену де ұзаққа бармады, бүл жолы жау солтүстіктен түріктер болып шапты. Есеңгіреген ел бұл соққыдан есін жиғанша болған жоқ, тағы да ауыр нәубетке тап болды — моңғолдар қолы халықты қырып, қалаларды соңғы кірпішіне дейін уатып, бағзы заманның ескерткіштерін қиратып кетті. Моңғолдардан кейін тағы да түріктер, түріктерден соң ауғандар шапты...
Әрине, осы тоқтаусыз зұлмат, нәубет халықтың тұрмысын төмендетіп, рухани тоқырауға ұшыратып, елді әбден тақыршаққа отырғызды. Сондықтан да зерттеушінің, Еуропаның орта ғасырларда қош айтысқан ескіліктің қалдықтарын Ираннан табуына таң қалуға болмайды.
Осындай құбылыстардың бірі өздеріңіз оқып отырған мақаланың арқауы — парсы театры, Батыста орта ғасырларда болған діни мистерияларға өте жақын мистериялар. Бұл құбылыс исламның негізінде дамығандықтан Иран тарихында ол салыстырмалы түрде қарағанда, жаңа кезеңге жатады.
Мұсылмандыққа дейінгі Иранның театрға деген көзқарасы қандай еді? Бүгінде бұл сұраққа жауап беру өте қиын іс. Иран мәдениетінің Үндістан мәдениетіне жақындау болуы көне Иранда Үндістан театрына ұқсас театр болған ау деген болжам жасауға мүмкіндік береді. Алайда, қолда ешқандай нақты дәйек болмағандықтан, бұл гипотезаны дәлелдеп шығу мүмкін емес.
Бүл елде халық сенетін Митра сияқты құдайлар культінің таралуы, театрландырылған әрекетке құрылған Элевзинский мистериясы сияқты діни мистериялар бір замандары болуы мүмкін деп ой тұжыруға итермелейді. Бір қиыны, мистериялар бүгінде кез-келген адамға көрсетіле бермейді, олар өзгелерден жасырын, өте құпия ұсталады; ал зерттеушіге мыңдаған жылдар құпиясын көлегейлеп тұрған уақыт шымылдығын ысырып тастап, нақты бір дерекке қанығу өте қиын.
Бүгінгі Иранда көшіп-қонып жүретін актерлар (скоморохтар) кездесіп қалуына қарап, діни мистериялармен қатар театрдың басқа да бір түрі болғаны жөнінде тұжырым жасауға болады. Бұхаралық өнер түріне жататын бұл жанрдың сән - салтанаты асып жататын Сасанидтер сарайына жараса кететінін есепке алғанда, бұл ойымыз да негізсіз емес. Парсы мистериясын зерттеушілердің бірі Ходзько, ежелгі Рим өзі қолданған Epistolae farsitae терминін Парсының көне провинциясы — Фарсыдан алған болуы мүмкін деген болжам жасайды. Бұл болжам, қай жағынан алғанда да, мен бүге - шігесіне дейін ежіктеп жатпайын, ешқандай сын көтермейді. Құлағынан сүйрей тапқан ондай салыстыруларсыз -ақ Сасанидтер үшін сайқымазақтар буффонадасы таңсық емес екендігіне дәлел табуға болады. Өнерлерін әр алуан жын - ойнақтармен "байыта" түсуді мойындарына алған тұтастай бір әншілер штатын ұстаған Сарайдың оған қосымша бишілер мен әңгімеші-қылжақбастардан кенде болмағаны белгілі...
Қалай болғанда да, Иранға ислам келгеннен кейінгі тұтас бір кезеңде нағыз театр деген ұғымға жауап берерліктей өнер түрін кездестіре алмаймыз. Ислам қабылдаған алғашқы ғасырларда пуритандық аскетизм жоне пендеуи құптарлықтардан алыс болу театрдың даму жолын жауып тастаған еді. Мұхаммед пайғамбардың с.г.с. аңыз-әпсана және өлең, жырлар айтылатын бұхаралық көңіл көтеру мерекелеріне қатаң көзқарасы көшіп-қонып жүретін актерлардың ел аралауына тиым болған тәрізді. Шел даланың маңғаз ұлдарына мұндай көңіл көтеру түрлері төмен де бейшаралық болып көрінген болуы керек, сарайлар қаңырап қалды, мырза біткен кедейленді, жаңағыдай сауық-сайранды қолдап, қоштап отыратындар болмай қалды. Парсылардың жақсы көретін сусыны — шарап ішу ислам қағидалары бойынша күнә болып саналатындықтан қызара бөртіп алып, сауық - сайран іздеу де көзден бұл-бұл ұшты. Ол тиымды барша жұрттың көзінше бұзудан қорыққан шарапқорлар бақылаушылардың қырағы көзінен таса қалтарыс іздеуге мәжбүр болды. Осының әсерінен скоморохтар (ойынпаздар) кәсібі күйзеліске ұшырады, бір жұтым да татып алмаған көрерменнің көңілін аулау, шарап ішіп масайрап, болмашы әзілге жарыла күлуге дайын отырған көрерменнің көңілін көтеруден қиындау еді.
Парсы елінде жеке сарайлар қайта жаңғыра бастауына орай сайқымазақтар өнерде қайта жанданды. Ежелгі әдебиет беттерінде театр өнерін акробатика және бимен толықтыра түскен масқара немесе масқарапаз — сайқымазақтар туралы айтылады. Дегенмен де Парсы елінің тұңғыш театры болып та,зиян немесе діни мистериялар саналады.
Олардың пайда болу кезеңін тап басып айту қиын, өйткені халықтық өнер болып саналғандықтан олар белгілі бір тарихи тұлғалармен байланыссыз, заманына байланған ізі жоқ болады. Ол жанрдың пайда болуын Парсы елінде Сефевидтер әулеті күшейе бастағанымен яғни XVI ғасырдың бас жағымен байланыстыруға негіз бар.
Бұл мистериялар исламның шииттік тармағының ең бір көрнекті, әрі ең бір тосындау көрінісі болып саналады. Шииттік жолын Парсылар, әу бастан-ақ қызу қолдады, шииттік бірақ та XVI ғасырға дейін басымдылыққа ие дін дәрежесіне көтеріле алмады.
Сефевидтер әулетінің ең бір жарқын ісі Парсы елінде шииттікті мемлекеттік дін ретінде орнатқандары болды. Қалай дегенмен де мистерия сол уақытқа дейін болғанымен де, шииттерден діни көзқарастары алшақ сүнниттер оның таралуына жол бермеген болар еді. Мистерия шииттердің басты тұлғалары мен әулиелерінің өмірімен байланысты болғандықтан, біз ара-арасында негізгі тақырыптан ауытқып, осы бір құбылыстың пайда болуы мен дамуына тоқталып отыруымызға тура келеді.
II. Шииіттік жол
Мұхаммед с.ғ.с. өлімі оның қауымы үшін күтпеген жай еді. Құранда Пайғамбардың өз үмметтері сияқты "Алланың бұйыртқанын ішіп-жеп, базар аралап жүретін" қарапайым пенде екендігі айтылған еді (Құран XV, 22). Алайда, пенделердің көңілдерінің бір түкпірінде "Аллаһтың елшісін" ауырған адамдардың дертіне дауа болатын әлдебір ғажайып күшке ие тұлға деп қабылдайтын түсінік жатуы әбден мүмкін ғой. Мұхаммед с.ғ.с. бұл дүниеден өтерінде қасиетті ісін жалғастыратын адамды атамай кетті.
Адамзаттың соңғы пайғамбарының ізбасарын және басшы таңдау қауымы үшін оңай болған жоқ. Таңдау ақыры, пайғамбардың сүйікті жары Айшаның әке і, Мұхаммед с.ғ.с. қайынатасы Әбу Бәкірге түсті. Әбу Бәкір көз жұмар алдында билікті Мұхаммед с.ғ.е. екінші қайынатасы Омарға табыстады. Ал кейін Омар кісі қолынан қаза тауып, оның орнын басатын адам керек болғанда, көпшілікгің таңдауы Мұхаммед е.ғ.с. күйеу балалары — Осман мен Әлиге түсті. Таңдаудан Осман өтті де, оның арты кескілескен соғыс пен мұсылмандар қауымының екіге жарылуына әкелді. Бүлікшілер Османды өлтіріп тынды да, билік тізгініне Эли ие болды.
Бұл алғашқы төрт халифты шығыс тарихшылары "аса әділ" деп бағалады. Олардың билігі зайырлы билік болған жоқ, халифатта зайырлы билік кейіннен орнады; олар пайғамбардың қасиетті ісін жалғастырушы діни көсемдер еді. Алғашқы халифтар өте қарапайым, байлыққа қызықпайтын, қолпаштаудан алыс жүретін тақуа адамдар еді. Алайда, арабтардың бәрі бірдей олардан үлгі ала қоймады. Пайғамбардың руы — құрайыштардың арасында билікті рухани баюға ғана емес, тұрмысын жөндеп алуға, жеке басының беделі үшін пайдалануға болады деп түсінгендер де болды. Умайи ибн, Абд Шамс руынан шыққан аса қажырлы да қатігез Myр авийа тап сондай адам еді.
Әлидің қолынан билікті тартып алу оңай іс болып шықты. Әлидің Осман өлгеннен кейін халиф болуы оны адам өлтіруге қатысты етіп көрсетуге табылған сылтау болды да, "Осман үшін кек аламыз" деп ұран тасталып, бүлік басталды. Бұқараның толқуын өз пайдасына шебер пайдалана білген Myавийа азаматтық соғыс өртін тұтатып жіберді де оның ақыры, Әлидің де алдыңғы екеуі сияқты кісі қолынан қаза табуымен аяқталды. Әлидің көзін құртқан соң Myавийнге таққа отыру жолында еш кедергі болмады. Ол халиф болысымен, өзіне дейінгі төрт басшының "ескіден қалған" қағидаларын түріп тастады да, өз руын таққа мұрагер ету мақсатында, жұртты ұлы Йазид үшін ант беруге зорлап көндіруден де тайынбады. Осылайша билік басына сайлау арқылы келу жойылып, тақ мұрагерге бұйыратын болды.
Алайда, халықтың арасында Myавийннің бұл заңсыздығына наразылық күшейе бастады. Өздерін ши, ат, Әли (Әли партиясы) атаған оған қарсылар партиясы пайда болды. Бұл партия заңды билеушілер деп, тек Әлиді және оның пайғамбардың қызы Фатимадан туған қос ұлы — Хасан мен Хұсейінді ғана тану керек деген шешім қабылдады. Зерттеушілер кейіннен бұл ұрпақтарды "имам" — тура мағынасында намаз кезінде "алда тұрғандар" деп құрметпен атап кетті.
Myавийдің жігерлілігінің арқасында билікке қолы жеткен Омейядтардың ел басқарушылары "әділетті" халифтардың ел басқаруына мүлде ұқсамайтын жолды таңдады. Омеядтарға сахабалардың тақуалығы (аскетизмі) мен діндарлығы жат болды. Олар тіптен, Аллаһ тағала құран түсірген соңғы пайғамбардың шариғаттарымен санаса қоймады. Олар аясы тар ұлттық-араптық мүддені ғана көздеді. Олар нағыз ұлтшыл ретінде, қалың діндар қауымның пікірімен санаспай, мұсылмандық дәуірге дейінгі араб әдебиеті мұрасын жинап, сақтауға қолдау көрсетіп отырды. Омеядтар осылайша арабтардың ұлттық идеясын көтерушілер болды да, ал тізе бүккен парсылар ұлттық мүддеге қызмет ету үшін, амалсыздан, Омеядтардың саяси жауы — ишиттердің қолтығына барып тығылуға мәжбүр болды. Осының әсерінен, парсылар біртіндеп шииттік рухын болмысына сіңіре бастады, бұл, шииттік XVI ғасырда саяси мақсаттарға байланысты күш салудың арқасында мемлекеттік дін болып қабылданғанша осылай болды.
Бұл жікшілдіктің саяси астарына қарағанда, күні бүгінге дейін имамның әрбір парсы үшін неліктен даңқ иесі болып қабылданатынын түсінуге болады. Парсылар үшін имам ұлттық құндылықтарды, қасиетті ұғымдарды, ұлттық дәстүрді сақтаушы адам. Сонымен қатар, Омеядтардың қолынан азаппен қаза тапқан имам парсы халқының ұлттық батырына (par ехеііепсе) айналып, ұлттың қасиетті тұлғалары қатарына қосылады.
Осындай тұлғалардың бірі — Әлидің екінші ұлы Хұсейін болды. Персияда шииттіктің ресми түрде енгізілуіне байланысты оның қаза тапқан күні ұлттық азалы күн болып тарихта қалды.
Діни жиындар өтетін, уағыз т.т., оқылатын бұл күн Персияда діни мистериялар бастау алуына негіз болады. Оның басым бөлігі Хүсейіннің ақырғы күресін және оның қайғымен аяқталуын бейнелейтін әртүрлі көріністерге ұласады. Газийаның негізгі желісін ұғыну жеңіл болуы үшін, бұл қайғылы оқиғаны егжей-тегжейлі айтып кетуімізге тура келеді.
680 жылы сәуірде Myавийдің ұлы Йазид Дамаск мұсылмандарының билеушісі болды. Орынбасарларына шұғыл түрде халықтан ант қабылдау жөнінде нұсқау бар аймақтық жолдау жөнелтілді. Біраз қалаларда бұл әрекет аса бір кедергісіз іске асты, алайда, жолдау Мединеге жеткен кезде, Йазидтің орынбасары сол бөгеліп алды да, орыннан таласы барлардың ең бірі беделдісі, Әлидің ұлы Хүсейінді ұстай алмай қалды. Астыртын Меккеге қашқан ол қасиетті қалаға жеткен соң халиф пен оның нөкерлерінің құрығына түспейтін пана тапты. Бұл кездері Йазидтің басқаруына өткен шииттік қозғалыс күшейе бастады. Ирак уәлаяттарының бір қаласы Куфада Йазидке қарағанда Хүсейіннің билік басына келгенін тәуір көретіндер қатары көбейе бастады. Куфаның билеушісі Нұғман ибн Башир бүл теріс әңгімелерді естіген бойда-ақ, жамиғат мешітке жұма намазына жиналған кезде айтылатын уағыздарда өзара қырқыс - қырғынның орны толмас қайғы-қасіретке апарып соғатынын ескертті. Алайда оның ісі осы уағыз айтумен шектелді де, оқиға одан әрі өріс ала бастады. Шииттер басынан бір тал шашы түспейтініне, қарулы күзет қорғап жүретініне уәде беріп Хүсейінді Куфаға шақырып Меккеге елшілер жіберді. Хүсейін ол ұсынысты құп алатынын айтып, өзінің жиені Мүсілім ибн Акилді Куфаға аттандыра отырып, ол жақтағы хал-ахуалдың қандай екендігін білу үшін және өз қатарына жақтастар тарту үшін астыртын өзінің сенімді адамын жіберді. Бұл Йазидке мәлім болды да ол одан әрі соза берудің арты жақсылыққа соқтырмайтынын түсінді. Ол сол бойда, қаталдығымен және Ғумайилерді қолдайтындығымен белгілі Басраның билеушісі Ғүбайдолла ибн Зийадке қала басшылығын басқа біреуге тапсыра тұрып, Куфадағы дайындалып жатқан бүлікті тез басуға кірісуді бұйырды.
Убайдулла өзін Хусейннің имамымын деп таныстырып, Куфаға имамша киініп кіріп, үкіметтік қорғанға жетіп, қала гарнизонының қолбасшысы қызметіне кірісті. Бұл жаңалықты келесі күні білген Хүсейіннің жақтастары Басра билеушісінің келіп қалуынан қатты үрейленісті. Араларында толқу басталып, сақтықты ойлайтындары райларынан қайтып, имамның жаушысы Мүсілімнің өзі Убайдулланың жансыздарынан тығылатын жер іздеп, бас сауғалап кетті. Көп кешікпей ол ұсталып, жанындағы ең бір сенімді досымен бірге өлтірілді. Бұл 680 жылдың қыркүйегінің бас кезінде болған оқиға еді.
Осы екі арада Меккеге, Убайдолла Куфаға жеткенше артынан Мүсілім жіберген жаушы, Мүсілімнің миссиясы өз дегеніне жеткенін, осының арқасында 12 мыңнан аса адамды өз жағына шығарғанынан Хусейнді хабар жетті. Отбасы мен ең жақын деген жақтастары бар, шамамен 200 адам ерткен Хусейн Меккеден шығып Куфаға қарай бет алды. Бұл әрекетінің қауіпті екеніне көзін жеткізбек болған Меккедегі жауға бермес достары оны алған бетінен қайтармақ болды. Меккеге Ирактан келген атақты ақын ал-Фараздак Куфадағы ахуалдың қандай екендігін білмек болған Хусейнге: "Олардың жүректері сен жағында, семсерлері Умайи ұлдарына бағынышты, ал не шешімге келерлерін бір Аллаһ біледі" — деп жауап берді. Алайда, Хусейн ешқандай ескертуге қарамады. Ол өзінің жаңа жақтастарының шын берілген адамдар екендігіне шек келтірмеді, қанына сіңген батыр-бағыландық мәрт мінезі жанындағылардан сатқындық жасар-ау деп сезіктенуді төмендік санады.
Бұл уақытта Куфада Убайдолла үміткерді таққа отырғызуға дайындалып жатыр еді: маңайдағы құмды даладан Ефратқа дейінгі аралықта тастай тосқауыл тұрды, жақындап қалған Хусейінді ұстауға сақадай-сай жасақтар әр жерді торуылдап жүрді. Хүсейін қыркүйектің аяғына таман Хурра деген біреу басқарған алғашқы торуылшыларға тап болды. Хурр пайғамбардың немересіне шабуыл жасауға батпады, қайта достық көңілмен, орындалмас арманнан бас тартуға шақырды. Хусейн оған жауап ретінде, өзінің Куфаға келуін талап етіп куфалық шииттер жазған екі қап хатты жіберді. Дәл осы кезде, Хусейнге немере ағасының жау қолынан қайтыс болғанын естіртті және де бұрын оны қызу қолдайтын жақтастарының арасында солқылдақтық пайда болғаны туралы тіпті қаһарлы хабар жетті. Хусейн бұған тоқтамады, ол ақыра сөйлеп: "Ағамның кегін алмай кейін шегінбеуге және ол көргенді біз де көрмей кетпеуге ант етеміз" — деді.
Әрине, енді Куфаға бет алуда еш мағына жоғы белгілі болды, ол солтүстікке бұрылып, Евфратқа қарай қозғалады. Сол жерде оны Умар ибн Сад дегеннің 4 мың қолы қуып жетеді де келіссөзге шақырады. Екі ойлы болған Хусейн ойланып-ойланып барып, ақыры көп ұсыныстың ішінен: Меккеге қайтуды не болмаса Дамаскге барып халифке адалмын деп ант беруге, я болмаса, мемлекеттің шекараларының біріне жетіп, дінсіздермен шайқасқа түсудің бірін қабылдауды ұйғарады.
Бар мәселе бар жаққа да қолайлы болып шешілгелі тұрғандай көрінген, алайда, екі ортада, Убайдоллаға жақын адамдардың бірі, пайғамбардың қас жауы әрі Омейядтар жағындағы Шимр ибн Зул-Джаушан келіп килігеді. Ол Убайдолланы азғырып, Хусейннің ұсынысынан бас тартқызады да оның еш қарсылықсыз берілуін талап етуге көндіреді. Өз дегені болған жағдайда Шимр имамға не істеседе ешкім қолын қақпастай өкілдік алатын болады. Шмир бұл бұйрықты Умарға жеткізеді де Умар имамды хабардар етеді. Ешкімнің алдында бас игісі келмеген ер көңілді Хусейн қылышқа жальшады. 680 жылдың 61-10 қазанының 10 мухаррамасында кескілескен ұрыс басталады. Алайда пайғамбардың немересіне қол көтеруге ешкімнің дәті бармайды да, ұрыс өрістей алмай, өр жерде тиіп-қашып өтеді. Оқиғаның бұлайша өрістеуіне ызаланған Шмир өзі бастап ұрысқа кіріседі. Хусейн қаншама ержүректік көрсетсе де сан жағынан асып түскен жауға төтеп бере алмайды. Жау оны аяусыз қылыштап, паршалап тастайды. Хусейннің достары мен туысқандары да осы душар болады. Шмир оның тек, әйелдері мен балаларын аман қалдырып, оларды Дамаскіге Йазидке пайғамбардың немересінің басымен бірге жіберіледі.
Ерлікпен қаза тапқан Хусейннің есімі ауыздан-ауызға жыр болып тарап, халық есінде әулие адам ретінде қалады. Бір кереметі, Хусейннің әулиелік даңқы өзінің отандастары арасында емес, өзі көзі тірісінде, олай болар-ау деп ойына да алмаған парсылардың арасында аспандайды. Енді біз, осы бір драмаға толы уақиғаны Иранның театр өнері қалай құлпыртқаны жөнінде сөз қозғайық.
III. ТА*ЗИЙА
Азаппен өлген имамды еске алу алғашында, ешқандай театрландырылған көрініссіз, қарапайым түрде өтіп жүрді. Бүгінгі жүйеге сүйене отырып зер салсақ, ол уақиғалардың ең маңызды тұстарын әңгімелеу дәстүрі сол кездерде бір адамның — молла сияқты адамның қолында болғанға ұқсайды. Күні бүгінге дейін, жылдың белгілі бір маусымында, Будданың өмірінің кезеңдерінен әртүрлі әңгіме айтылатын Явада осыған ұқсас жағдайды көруге болады.
Та*зийа жылдың тек белгілі бір мезгілінде, мұсылман ай есебінің біріншісі — мүхаррамның алғашқы он күнінде атқарылады. Еске түсірелік, Хұсайын мухаррамның онында өлтірілген-ді. Сондықтан, Та*зийаның негізгі мақсаты тек көріністі ғана тамашалау емес, өзіндік бір діни парызды орындау болып табылады. Әлбетте, мұны cum grano salis деп білген жон. Өйткені, сырт көрініс те маңызды. Әйтсе де, қастерлілік сипат ешбір сәт естен шығарылмайды. Та*зийаны атқару мен оның қойылымына қандай да бір болсын демесін жасау құдайға құлшылық ету болып саналады. Оған қоса, қойылым кезінде төгілген көрермендер көз жасы да есіркеленеді. Ертеде, өзінің діни парызына соншалықты берілген адамдар өздерімен бірге қастерлі ылғал жинайтын баяғының "Көз жасы" ыдысы тәрізді сәнді шыны құтышалар ала келетін. Бұл көз жасы сақталып, өзіндік бір arcanum magnum есепті, ауыр дертке шалдыққанда содан айығудың сенімді де ең соңғы емі деп қабылданатын.
Та*зийа кез келген жерде атқарыла береді. Қажетті мөлшердегі көрермен сиятын қандай да болсын алаң, кез келген ашық орын қойылымға жарап жатыр. Дегенмен, көбінесе оны орындауға такиа деп аталатын арнаулы орындар пайдаланылады. Ондай орындардың уақытша болуы да мүмкін. Ондайлар қара мауытыдан тігілген үлкен шатырлардан тұрады. Олар қаралы күннің әр түрлі таңбаларымен білдіріледі.
Тұрақты орындар да бар, бірақ олар көп жерлерде бола бермейді. Тегеранда шахтың қаражатына салынған үлкен тұрақты такйа бар. Сондай-ақ, 20 мың көрермен сиярлық Исфахандағы такйа көпке белгілі. Олар жыл бойы пайдаланылмай, мүлде қараусыз, бос тұрады. Ал, қасиетті мүхаррам тақаған сәтте олар тәртіпке келтіріліп, жаңғыртылып, безендіріледі. Мұндай орындарсыз қойылым жасау мүмкіндігі үнемі бола бермейді. Өйткені, ай есебіндегі мүхаррам жылдың суық маусымына да тура келеді. Ондай кезде ашық аспан астында қойылым жасау қолайлы болмайды.
Такйаның құрылысы соншалықты қарапайым. Бұл ортасында өте биік сахна орналасқан үлкен кең сарай. Сахна астын әртістер киініп-шешінетін, әшекейленетін орын есепті пайдаланады. Оған керек кезінде қойылымдағы әртүрлі жын - пері кейіптеріндегілер де құлап, ғайып болып жатады. Сахнадан көрермендерге сатылар тартылған. Олармен ойын кезінде актерлер түсіп шығады. Дәулеттірек такйада өзінше бір дәліз, немесе желпіндер болады. Оларды ерекшеленген ran жіктері ложа есебінде пайдаланады. Егер мұндай орындар болмаса, оларды кәдімгі терезе де ауыстыра алады. Олар отыруға бейімделеді. Бүкіл такйа ішкі жағынан жібекпен немесе басқадай құнды матамен қапталады. Оларды әдетте такйаға жақын мандаты үйлердің тұрғындары әкеледі. Әлбетте, олар оның қолды болмауын да жіті қадағалайды. Екінші және соншалықты маңыз берілетін әшекейлер, әрі парсылардың аса тәуір көретін нәрселері — әртүрлі шыны және хрусталь шырағдандар. Шам ең басты байлық мүлкі болып саналады. Оның жарық беру құралы екендігі, ол жәй бір елеусіз нәрсе есепті.
Такйа осы көрінісімен шектеледі. Тек бұған орасан зор көлемдегі Мұхаммед пен Әлидің қабырғадағы кескіндемелерін қосу керек. Көрермендер кім қайда отырғысы келсе сонда, жерге жайғасады. Әйелдерге, мұсылман әдебінің қатаң тәртібін сақтау үшін, әдеттегідей айрықша орын бөлінеді. Көрермен әйелдер арасында не болса соған ұрыс шығарып, көбіне оның нағыз төбелеске айналатындары аз болмайды. Парсы ақындары жырлаған сұлулардың ай жүзді бет-бейнесін жасырған бас киімдер жайына қалып, жауыққандар төңірегіндегілерден еш айылдарын жимастан бір-бірінің бұрымдарынан алады. Долырғандарды тәртіп сақшысы фарраш тыныштандырады. Ол дәу сойылмен келіп, жазықты - жазықсызына қарамай, оңға-солға жағалай сілтейді... Тегеранда, соңғы шахтардың бірі әйелдер арасында айрықша agents provocateurs ұстап, осындай ұрыс шығаруға міндеттеген екен деген де сыбыс болды. Осылайша, шах өз бағыныштыларының ажарын ұсқынсыз жамылғыларсыз көріп, ләззаттанатын болған екен.
Иә, енді көрермендерге оралалық. Бүкіл көрермен аза құрметіне қоңырқай, негізінен көк түсті киімге оранған. Көпшілік арасында сушылар тығылысуда. Бұл да бір өзіндік ерекшелікті, қызықты көрініс. Баласыздар ұл сүюге тілек етеді. Олар, егер ұл туса, та*зийа кезінде сушы болуға ант етеді. Бүл сушылар — нәзірлер, яғни қастерлілер. Бұлар әдемі балалар, сәнді киінген, ұзын бұйра шашты болып келеді. Олар жұрт арасында жүріп, ыстық пен шөлден әбден аңқалары кепкен көрермендерге түрлі дәмді иісті қоспалар қосқан салқын сусындар ұсынады. Мұнда түрлі саудагерлер де өздерінің тәттілері мен хош иісті қорқорларын мақтаумен болады. Әсіресе, мүхр саудасы күшті жүреді. Мүхр — әр түрлі қасиетті жерлердің топырағынан жасалған кішкене қатты текшелер. Мәселен, олар Евфраттағы имам Хұсайын мерт болған Кербаланың, немесе шейіттердің басқадай бір қасиетті жерінен, әлбетте, алдыменен Меккенің топырағынан болады. Олар әдеттегідей Құран сөзінен үзінділер мен түрлі әшекейлермен безендіріледі. Алайда, бүкіл тобырдың үстінен әділеттілік пен тәртіп сақшылары фарраштер төніп тұрады. Бәрі дайын, көрермендер лық толы, енді қойылымды бастаса да болады.
Алайда, шығыстың театр өнері әсерлілікті мұқият ескереді. Қойылымды кіріспе сөзсіз бастау салтанаттылықты солғындатқан болар еді. Көрерменнің құштарлығын арттырып, даярлау қажет. Такйа толы әрқилы тобырды қуатты бір сезіммен біріктіру керек. Бұл раузаханың, яғни уағызшының міндеті.
Әдетте, раузахан — құрметті молда, сақалын күміс шалған, маңғаз қарт болады. Ол көбіне өзінің сөздігін, яғни пайғамбардың өзінен тарайтын тектен екендігін білдіретін жасыл шалмалы болады. Раузахан биік сахнаға шығып, өзіне арнайы қойылған орынтаққа жайғасып, уағызын бастайды. Кейде бұл ешбір мағынасы жоқ қызыл сөз болып кетеді. Мазмұнға қарап жатпайтын жалынды ділмарсу. Шешеннің қасіретті де мұнды үні үстем. Кейде уағыз сөзі мұқият қиыстырылған кезеңдерден тұратын шебер де көркем қарасөзден тұрады.
Міне, мынау 1277-1860 жылдары Тегеранда литографияланған осындай уағыз сөздердің соңғы үлгісінің үлкен жинағы.
"Бұл болымсыз тозаңның" (яғни, шешеннің) сөзі, жсткізушілердің ұғындырулары бойынша, келесі жерге жетті. Азапкерлердің қадірлі мырзасы, (яғни имам Хұсайын) Алла оған жар болғай, көмек іздеп, көмекшілерін таппай қалғанда, қолдау сұрағанда даңқты ерге ешкім қолұшын бермеді. Ол сүреңсіз өмірден жүрегі айнып, көз жанарын мәңгілік патшалықты түйсінуге бұрды. Жерге тәуелділік жібін ол кірпігіндегі қуаты күшімен үзді. Тіршілік бұғауының салмағын мүмкіндік даласындағы жерге сыпырып тастады. Қылша мойнын мойынсұну моншағының алдына иді. Көз жанарын Кәусар мен Таснимді (Жұмақ бұлақтарының аты) тұшынуға бұрды. Қағба ихрамына (Ихрам — Меккеге тақағанда киетін рәсімді киім) орану үшін досына тақаған сәтте бірден өз киімдерін сыпырып тастап, бойсұну және бастарту сорабымен шыдамдылық пен сынақтың шек-қиырсыз даласына қадам басты. Содан соң, жолығуға ынтызарлыққа толы оймен, жүректі кернеген отбасы күйзелісінің күйігімен шатыр есігіне келді. Әйелдерін, қарындастары мен қыздарын шақырып, оларға күңірене сөз сөйледі: — Маған жан сақтауға жол жоқ, мен өлтірілуге тиістімін. Енді мені сендерден өлім сәті айырады. Өздеріңнің күрсінулерің мен аһ ұруларыңмен менің кеудемді қысып, жаныштамаңдар! Мейлі, мыңдаған жебе қадалсын жүрегіме, тек жау мені қорқақ деп санамасын. Өздеріңнің түндей қара шаштарыңды жаймаңдар, менің денемдегі жұлдыздай қаптаған жарақатты көргенде!
Үстеріңдегі киімдеріңді жыртпаңдар,
Менің бөлшектелген денемді көргенде!
Мен өлімнен қорықпаймын, мен қорқамын
Жаудың мені келемеждеп екінші рет өлтіруінен...
Ей, сендер, пайғамбарлық шатырының астында отырғандар, ей, сендер, күнәсіздік пен тазалықта күтілгендер! Сендер тағдырларыңды төзімділік пен бойсұнушылыққа бағындыруларың керек. Өйткені, сынаққа төзімділік — әділеттілік пен қайырымды алланың рахымы түсер қасиет... Жау бізді келеке етпес үшін абыржымаңдар, шуламаңдар, айқайламаңдар. Менің азапты өлімімнен кейін шаштарыңды жаймандар, беттерінді соққыламаңдар, өз шекелеріңді тырнамаңдар, ышқынған соққымен кеуделеріңді жараламаңдар.
Өйткені, мұның бәрі — мәжусилік ғадеттер... Алайда, мен сендерге өксіп жылауға тыйым салмаймын. Өйткені, сендер бәрің де мұнда жат жақтасыңдар, Отаннан қуылғансыңдар, жоқшылық тақсіретін тартқандарсыңдар, қыспақтағы тұтқынсыңдар, азап пен жаншуға ұшырағансыңдар... Осы тақсіреттерге қоса сендерге енді қайғының ең үлкені менің өлімімнің қасіреті соғады!
(Жұртқа арнап) Қымбаттыларым менің! Қызмет ету нарқында өксіп жылаудан қымбат тауар жоқ екенін білгейсіздер... Өксіп жылау — дұғаның естілуі, ол адамның мәртебесін көтереді... Өксіп жылау жүрек айнасын жарқыратып, оны Алла мен сүйіспеншілікті тануға қабілеттендіре түседі. Жылаудың маңыздылығын түсіну үшін, оның себебі әрбір діни сенімдегінің өксуі мен әрбір діни сенімдегі қадірменді Азаптылардың Иесі екендігін білу парыз. Сонымен, бәрін кешіруші құдайдың өксіп жылауға үлкен маңыз беретіндігін көреміз. Өйткені, ол соншалықты ұлы ерді өксіп жылау себебі етіп отыр. Өсиетте айтылған, заман ақыр күні Құдайдан қорқып немесе қадірменді Азаптылардың Иесіне жаны ашып жылағандардан басқалардың барлығының да көздері жылайтын болады. Сол үшін де ол өзіне жақындардың барлығына, жаны күйгендерге тән қиналыстың, өксіп жылаудан басқасына тыйым салды...
Көз жасы — барша дерттің шипасы,
Еңіреген көздер — жетістіктің негізі.
Көз жасы жүректегі мұң-шерді аршып,
Жүрек мәңгілік тазалық айнасына айналады.
Көз жасы — қайғылыға сусын болар
Көз жасы — қасіретпен уланғанға қарсы у болар,
Қасірет жалыны өршіген өртке ұласар,
Егер оған көз жасы су сеппесе,
Ондай сәтте жүректі де от шалып,
Ұшқынынан жан мен тән де өртенер.
Көз жасы — жұмақ бағының қазынасы,
Көз жасы — кешірілген күнәһардың ділдасының сыңғыры.
Көз жасы — Кербалада кенезесі кепкендердің сусыны,
Көз жасы — бір-бірінен адасқандардың қақпасы...
Көз жасы — Хұсайынның мақсаты мен үміті,
Хұсайынның ауыр жарақатына шипалық.
Көз жасы — қайырымды теңіз маржаны,
Еңіреген көздер — кілті жұмақ бағының.
Сондықтан да ақылдылар көз жасын бағалар, Алланың: "жиірек жыла" дегені бар. Көз жасы Аллаға жағар,
Сол үшін де Хұсайын Кербалада азап шекті. Достым, жүдә таңғалма бұл сөзіме, Хұсайынның өзі айтқан: "мені өксулер өлтірді". Көз жасының қайнары — Құдайдың тағы, Өйткені, олар шерлі жүректен төгіледі. Сен егер осындай құндылықта көз жасына Менменси қарар болсаң — бейшарасың. Заман ақыр күнінде бүкіл көздер еңірейді, Барлық көздер ішіндегі екі көзден басқасы. Оның біріншісі — ашық та жасырын Жаратушыдан қорыққаннан еңірейді. Екінші көз — Хұсайынға еңірейді. Жебе тесіп, өткір қылыш тураған.
Ей, Біділ (осы жинақ авторының әдеби бүркеншік аты), егер сен сақтанғың келсе,
Хұсайынға күні-түні жылағай!"
Келтірілген үлгі парсы қарасөзінің сұрықсыз да гүлді кейпінің тамаша мысалы болып табылады. Көрермендерді көз жасын ірікпей, сезімге ерік беруге шақыруы тым айрықшалық.
Ходзько8 (Chodzko. Theatra persan, с.XXVII, Өкініштісі, автор бұл сөзді қайдан алғанын көрсетпеген) кітабынан бұдан да ерекше кейіпті мысалға келтірмеуге өзімді ұстай алмаймын:
"О, бауырлар! О, қарындастар!
Жүректеріңді беріңдер, қайғырыңдар, қанды көз жастарыңды төгіп, мухаррам айында біз еске алып отырған қасіретке еңіреңдер. Естеріңде болсын, Пайғамбардың отбасының қайғысы туралы ойға берілу — жұмақтың қақпасын ашатын алтын кілт болып табылады. Біліңдер, бір жолы ақылды Фатима (Пайғамбар Мұхаммедтің қызы, Әлидің әйелі), тазалықтың інжуі, өзінің сүйікті ұлы, имам Хұсайынның шашын тарап тұрып, тарақтан байқамай жұлынып кеткен ұлының бір тал шашын көріп, еңіреп жылайды. Бұл шындығында да болған, бұны бізге аңыз жеткізген. О, менің қауымым, бұл жағдайдың соншалықты елеусіз болып көрінуіне қарамай, менің сөзіме көңіл қойыңдар. Бір тал шаш!.. Ана оған қарады... (Раузахан жылайды)... Имамның қасиетті басынан түскен шашты көріп, еңіреп жылады. Өкінішті! Қайғының қайғысы! Шаштарыңды жұлыңдар, қолдарыңды сындырыңдар, киімдеріңді жыртыңдар, кеуделеріңді ұрыңдар! Мен тынығамын, мені қайғы өлтірді!
(Есінен танады. Тобыр оған еліктейді. Айрықша жасалған ағаш телпектерді соққылаған дыбыстар шығады).
... Тарақ тісінің арасына қыстырылып қалған бір тал ғана шаш. Өзіңіз біле беріңіз, жұмақтың тау биігінен, (бәлки ол бүл кезде тірі де емес болар), Фатима қастерлі бастың тозаңда домалағанын көргенде, ана қайғысының қандай болғанын..."
Осылай ұзаққа созыла береді. Көрермендер керегінше дайын болған кезде ұзын түтіктердің жағымсыз дыбыстары шығады. Сөйтіп, азапкерлердің түрлі тулары, белгілері, нышандарымен актерлер шығады. Қойылым басталады.
* * *
Оның уақиғасына Әли және оның үй ішінің бастан кешкендерінің бәрі алына береді. Париж ұлттық кітапханасындағы та*зийа үлкен қолжазба жинағындағы кейбір қойылымдардың тақырыптарын келтірейін:
І. Алла хабаршысы.
Оқиға мазмұны мынадай: Жәбірейіл Мұхаммедке оның немерелерінің азаппен өлетіндерін хабарлайды.
II. Пайғамбардың қазасы.
III. Фатиманың қазасы.
IV. Әлидің азаптануы.
V. Имам Хасанның (Әлидің үлкен ұлы. Аңыз бойынша Омейядалар ұлаған) азаптануы.
VII. Мүсілімнің Куфаға кетуі.
VIII. Имам Хұсайынның жолға шығуы.
IX. Хуррдың имамды қарсы алуы.
X. Имамның жолдан адасуы. Тағы осы сияқтылар.
Бұдан байқалғанындай, та*зийаны шығарушылардың
Хұсайынның көңілсіз тарихынан пайдаланбай қалғаны жоқ.
Та*зийа қойылымына қандай да болсын демеу жасағанының Құдайға құлшылық іс болып саналатынын жоғарыда айтқанбыз. Тіпті қойылымға көрермен ретінде қатынасып, төккен көз жасының өзі де жұмақтан жақсы орын алуға кепілдік береді. Жеке рөлдерді орындау, әлбетте айрықша бағаланады. Әрі оларға кәсіби актерлерді керексінбейді де.
Алайда, іс жүзінде қалайда бұған орындаушылардың жаттыққан, тәжірибеленгендерін іріктейді. Бүл түсінікті іс, табиғи қабілеті бар адам өзіне жүктеген міндетті жақсы атқарғаннан кейін, қойылым ұйымдастырушылары оларды жылма-жыл тартатын болады. Сөйтіп, олар жыл сайын рөлдерін игере түсіп, жетіле береді. Айта кетелік, орындаушылар арасында әйелдер жоқ. Бұған әйелдерге қоғамдық орындарда, тіпті жалпы бейтаныс кісі алдында бетін ашып жүруге тыйым салатын мұсылмандық дәстүр кедергі жасайды. Әйелдер рөлдерін өскелең жас ұлдар орындайды. Әділін айтсақ, олар бұл міндеттерін тамаша атқарады. Кәсіби деуге, қойылымдағы ең маңызды тұлға режиссер жатады. Егер европалық театрларда режиссердің қатысы мен оның биліктілігін көрермендер тек сезінетін ғана болса, ал парсы діни қойылымдарында оларды жүзбе-жүз көресіз. Ол қолына таяқша ұстап сахнада жүгіріп жүреді. Ойынға қатынасушыларға нұсқау беріп, кейбір қиын сәттерде, тіпті не істеу керектігін көрсетіп те жібереді. Бұл қойылымда суфлер мүлде пайдаланылмайды. Оның мұнда мүлде қажеті де жоқ. Біріншіден, парсылар өлеңді жатқа айтуға машықтанған. Екіншіден, актерлер өз рөлдерінің сөздерін қағазға жазып алып, қолдарына ұстап жүреді. Қажет болған жағдайда, содан оқи да салады.
Елеулі қиындық келтіретіні, жауыздар рөлін ойнайтын актерлер табу. Біз әлгіде онсыз да қызу көңіл-күйдегі көрермендерді қалай қоздыра түсетіндерін айтып өттік. Мұндай жағдайда көрермен ойыны қайсы, шыны қайсы екенін ажыратудан қалады. Олар көрініске араласып, тарихи оқиғаға жаңаша бағыт бермек болады. Бұдан кейбір рөлдерді орындаушыларға оңайға соқпайды. Көбіне, оларды соққыға жығып, салтанат аяқталғаннан кейін оларға ұзақ уақыт жатуға тура келеді. Содан сақтанған олар, өз рөлдерін жұмсартып, өзі істеген жауыздық әрекеттеріне лағнет айта жүріп, үзіп - жұлып атқарады. Алайда, бұл да оларды cay қалдырмайды. Қаны қызған көрермендер, басқа соқтығар ештеңе болмағандықтан, сол байғұс Омар мен Шимаға ұрынады. Тіпті, бірде мынадай да оқиға болған (өте ерте кезде), Тегеранда бұл жазықсыз рөлдерді орыс әскери тұтқындарына ойнатқан. Олар өздерінің шынайы киім үлгілерінде болған. Есеп дұрыс шықты. Тобыр риза. Ал, кәпірлерге пайғамбардың даңқты немересінің құрметіне көресісін көрулеріне тура келген.
Та*зийа сахналық көрініс бейнелеуді білмейді. Оның мүлде керегі де жоқ. Әрі қарай біз бір қойылым мәтінімен таныса отырып, автордың кейіпкерлердің өзара әңгімелесулері арқылы оқиға өтетін жерді қандай шеберлікпен бере білгенін көреміз. Соған қоса, оқиғаның мұнда соншалықты таныстығына байланысты да көрермен қайда не болып жатқанын оңай ажыратады.
Осыған орай, мұнда киімдер де нақты өмірді бейнелемейді. Оларды әдетте игі тілектегі адамдар спектакльге сыйға береді де, таңдайтын жағдай да болмайды. Шахтың қойылымға қажетті асыл бұйымдарды өз қазынасынан берген де кезі болған. Мұндай кезде асыл тастар тағынған актерлер соңынан қазына бақылаушысы еріп келіп, асыл бұйымның еш нәрсесінің жоғалмауын қадағалауда болған. Алайда, бұл жағдай орындаушыларды да, көрермендерді де онша елең ете қоймаған. Шығыс қиялының қуаттылығы сонша ең бір қолапайсыздықты да елеусіздендіріп жібереді.
Мұндай айрықша қойылымға, бай адамдар әкелген, аттың көптігі ерекше сипат береді. Кейде имам Хұсайын және оның бүкіл отбасы арабтың асыл тұқымды сәйгүліктеріне мініп шығып, сахна үсті ұзаққа созылған атты әскер тізбегіне толады.
Кейде түрлі қолапайсыздықтар да болып жатады. Бір жолғы қойылымда мынадай болды. Имам Хұсайынға ізгі ниетпен "франктік" елші келеді. Ол имамды аса қатерлі қауіптен сақтандырмақ болады (тарихи тұрғыда бүл оқиға тым дүдәмәл!). Бір жолы елші орыстың әскери мундирін, майлаған етігін, басына талайды көріп бірнеше жерден майысқан, түсі де өзгеріп кеткен цилиндр қалпақ киіп шыққаны бар. Елшіні, мүлде ретсіз қысқа, алайда ішінен киген кәдімгі шалбары көрініп жүрген соншалықты әсем кринолин (юбка) киген қызы — кішкентай ұл ертіп жүрді... Әмір Темір, жорыққа шығып, кейде ағылшынның әдемі екі доңғалақты арбасы — шарабанмен жүреді. Бұл да тым бұрмалаушылық. Тағы бір қызықты жәйт Тегеранда болды. Сүлеймен патшаны бейнелеуге тура келген. Барлық оқырманға "Мың бір түннен" мәлім, інжілдік мәртебелі билеуші мұсылман көз алдында бар болғаны жын иесі, яғни әр түрлі аруақтар мен кілем-ұшақ қожасы ғана. Сахнада осы бір актілі көріністі бейнелеу керек болды. Егер біздің сахнамызда мұндай кілемді бейнелеу әншейін ғана іс болса, парсы режиссеріне әбден басын қатыруға тура келді. Қиындық оңай жолмен шешілді. Сүлеймен патша сахнаға шах автомобиліне мініп шығып, соншалықты шадыман-шаттықта әрлі-берлі жүріп алды. Меніңше, Сүлейменнің рөлін орындаушы, сол күні сиқырлы кілем иесінің өмір бойғы қуанышынан да көбірек мерейленген болар ма деймін.
Мен қойылымның мүмкін болғанынша техникалық жағын бейнелеуге тырыстым. Меніңше, оқырман оның негізгі ұранының "реализм жойылсын!" екенін аңғарды ғой деймін. Іс жүзінде, біздің бертінде өткен мерзімде бұрылмақ болған сүреңсіздігімізге шығыс қиялы мәжбүр емес. Иә, әрине, шығыс режиссерлері өздерінің бұл елемеушіліктерінде жүз мәрте әділ. Бізге қалатыны тек шығыс көрермендеріне қызыға қарап, өзіміздің таңданғыштығымыз бен жаңашылдығымызды жоғалтқанымызға күрсіну ғана.
Реализмге құлшыныстың жоқтығы тағы бір жағдаймен де тереңдей түседі. Ислам адамды бейнелеуге, соның ішінде қасиетті адамды бейнелеуге тыйым салады. Әлбетте, Иран бұл тыйымды әлдеқашан аттап өтіп, ешбір қиналыс, күйзеліссіз-ақ өздерінің тартымды көркем қолжазбаларында тамаша адам бейнелерін жасады. Алайда, имамдарды бейнелеуге парсылардың тәуекелдері жете қоймады. Міне, содан да имамдар мен олардың туыстарының рөлдерін орындаушылар сахнаға беттерін қалың ақ шалмамен бүркеп шығып, оларды тұнжыр да қатал етіп көрсетіп, спектакльден әртүрлі әсер қалдырады.
Парсы режиссерлерінің кейбір нышандай бейнелеу тәсілдері өте қызықты. Имам Хұсайынды жаулары шілде судан бөліп тастайды. Ол шөлден торығады, бүкіл отбасы одан "ең болмаса тамшы су" деп жалбарынады. Осы сәтте сахнаға су толтырылған үлкен местің салмағынан қайысқан жүкші - хаммалдың алып бейнесі көрінеді. Ол сахнадан салтанатпен жүріп өтіп, көрінбей кетеді. Бұның мәнісі, имамның шөлінің қаттылығы сондай, оны тіпті мынадай су толы мес те қандыра алмақ емес дегендік.
Мен бүкіл қойылымды бейнелемек емеспін. Келесі бөлімде мен бір қойылымның толық аудармасын беремін. Онда барлық ескертпелер бар. Бұл мәтін жоғарыда айтылғандармен қоса, парсы та*зийасын, қандай да болсын мұқият суреттеуден гөрі анағұрлым мол мағлұмат беретін болады.
Атап айтар болсақ, діни қойылым мерзімі мүхаррам айының алғашқы он күнімен шектелуі тиісті болатын. Өйткені, қайғылы оқиға түйіні осы айдың 10-ында болған-ды. Алайда, шығыс көрермені тойымсыз. Сөйтіп, қойылым айға созылады. Кейде, тіпті келесі сафар айының да бір бөлігін қамтып, алты-жеті аптаға дейін жалғасады. Әрбір күннің өзінің жақсы қойылымы болады. Ол тәртіпті бұзуға болмайды. Өйткені, олар тарихи ұласпалы оқиғаларға құрылған.
Діни қойылымдармен осы күндерде парсы қалаларының көшелерінде өтетін шерулер де байланысты. Бұл өзіндік қаралы шеру есепті. Ол шахсе-вахсе деп аталып, азапкерді жерлеу рәсімін нышандайды. Оған қатынасушылар өз сезімдеріне толық ерік береді. Сырт қарағандарға ол соншалықты естен кетпес эсер қалдырады. Бұл рәсім былай болады. Әдетте, шерудің ең алдында сұңғақ бойлы, зор денелі хаммал жүреді. Ол беліне дейін жалаңаш. Оның қолындағы ұзын сырық басына жұлдыз түріндегі, үшбұрыштар, шеңбер тәрізді әртүрлі сәнді қаңылтырлар Құран сөзімен көмкеріліп ілінеді. Одан кейін тағы да осындай, отырғышты сырық ұстаушы болады. Онда жас дербіш отырып, Құран сүрелерін оқып келе жатады. Бүйірлерінде Хұсайынның інісі қолы шабылған Аббас бейнеленген, ерекше тулар көтерген адамдар болады. Олар қымбат жібектен қапша жасалып, бір-біріне кигізіліп, сырыққа бекітілген. Қаптар қолдың кейпін қолапайсыздау бейнелеумен шектеледі. Оқырман қаптардың азапкер білегін бейнелеуге тиісті екендігін ұққан болар деймін. Ал, олардан кейін қойылымда айтылған меспен су тасушы келеді. "Хұсайынның қабірі" (кабр-и Хусайн) атанған саркофаг түріндей көтергіш ұстағандар. Бұлар асыл тастар, жібекпен сәнделген, саркофагтің үстіне имамның бас киімін бейнелеген сәлде қойылған. Одан әрі әшекейлі әбзелденген, парчамен жабуланған аттар. Ер тоқымда әртүрлі азапкерлік таңбалар. Бұларды өзін өзі азаптаушылардың тобыры қоршаған. Олардың дені Қабылстан мен Кашмирден. Жабайыланған, суық түсті, жанарларында көзсіздіктің оты ұшқындайды. Кең етек ақ жамылғыны жалаңаш денелеріне ілген олар ауыр шынжырлар асынып, қолдарына өткір үлкен қанжар ұстаған. Онымен бастарын ұрғылап барады. Қан саулап келеді, жамылғылар қанға боялған. Шынжырлар құмыға шыңылдайды. Бірқалыпты аяқ алысы, кеудеге жұдырықпен соққылаған дыбыстар, "Ия, Хұсайын!" деген қарлығыңқы дауыстар. Өзін өзі азаптаушылар қатарында жас балалар да бар. Олар да үлкендер сияқты қанға малынған. Айта кетелік, қанжармен соққыда көбіне қатты қан ағысын жасайтын жеңіл ғана жарақат салынатынымен де, кейде өзін өзі азаптаушылардың сезімге құлауы соншалықты, арты өміріне қауіп туғызарлықтай жағдайға баратындары да болады. Ал, ондай адамдар, өз өмірін азат етушілерге құрбандыққа шалушылар бірден жұмаққа барады деп саналады. Ондай өлімге ешкім күйзелмейді, оған сүйінішпен қарайды.
Өзін өзі азаптаушылардан кейін, бояумен жарақат ізі салынып, жебе қадалған ақбоз ат келеді. Оның бүкіл әбзелі қарадан. Бүл Хұсайынның аты. Одан соң шартты түрде өте қызықты болып саналуы мүмкін бейне келеді. Алайда, бүл салтанаттың ең маңызды тұсындағы әрбір европалыққа қолайсыз сезім тудырады. Үлкен зембілмен анайы жасалған арыстан тұлыбын әкеледі. Оның аяғына ұсақ туралған сабан үйіндісі төселген. Тұлыпта кішкентай бала отыр. Ол арыстанды қозғалысқа келтіреді. Ара-тұра арыстан ебедейсіз қозғалып сабан үгіндісін уыстап алып, оны өзінің басына себеді. Бұл — күйзелісті ұлт өз көсемін күлмен көму дегендік. Тұлыптың — халық арасында әрқашанда сүйіспеншілік пен танымалдық беделі бар. Алайда, мұнымен күшті күлкі тудырылатындығын да айтқан жөн.
Шеруді қолдарына ерекше ағаш цилиндрлер ұстаған адамдар тобыры аяқтайды. Цилиндрлерді бір-біріне ұрады. Одан құмыққан, әрі көңілсіз дыбыстар шығады. Бұл да жалпы үрейлі көріністі асқындыра түседі.
Алайда, мистерия, діни қойылымға оралалық. Келесі тарау мухаррамның төртінші күні атқарылатын "хурра ибн Йазида азапкерге" арналған қойылымның толық мәтінінің аудар-масынан түрады. Мистерияны әлде бір Абу-л-Қасым Мухаммед әл Хунсари жазған. Оның жеке басы туралы мен ештеңе біле алмадым. Аударма Тегеранда 1314-1897ж. литографияланған мәтін бойынша жасалды. Маған мәлім болғанындай, орыс тілінде бірінші жариялануы.
IV. "ХУРРА ИБН ЙАЗИДТЫҢ АЗАПКЕРЛІГІ"
(Куфадағы билеуші Убайдолла ибн Зийадтың сарайы алдындағы алаңды көзге елестету керек. Жаушы жүгіріп шығады)
Жаушы. Ей, Куфа жұрты, қарттар мен жастар, қарсы жолыққандар мен бұрылып бара жатқандар! Мен Йазидтен Убайдаға хабар әкелдім. Ол — Куфаның және төңіректегі аймақтардың билеушісі. Оған осы өңірді билеуге жарлық берілді. Убайдолла, мен саған қымбат шапан әкелдім. Шық та, қазір оны иығыңа жамыл!
(Убайдолла осында сахнада отыр. Оның екінші жақ шетінде. Алайда, оған өзін Сарайында отырғандай сезіну керек, сондықтан ол бұл сөзді естімеген болады. Оған алаңда жаушының сөзін естіген құл жүгіріп келеді).
Құл. О, менің әміршім, Ирак жұртының даңқы арта түссін! Сириядан саған аңсай күткен хабар жетті. Йазид саған жарлығы мен сандаған құрметтілік пен сыйластықтың белгісіндей алтын зерлі шапан жолдапты.
Үбайдолла. Құл, базарға бар, жар сал! Куфа жұртына, ұлысы мен кішісіне хабарла, бәрі тегіс кездесуге келсін. Өйткені, бұл мәртебелі Йазидтың жарлығы ғой.
Құл. (Убайдолладан алаңға шығады, яғни одан бірнеше қадам ұзайды). Тыңдаңдар халайық, үлкендер мен кішілер! Убайдолла жаңа мынадай жарлық етті: бәрің де қақпа алдына кездесуге жиналыңдар. Шамнан (Дамаскіден) толық мәртебелі жаушы келді.
(Оқиға қайыра Убайдолланың сарайына ауысады. Жаушы кіреді).
Жаушы. Алла саған жар болсын, ұлы да даңқты ер!
Убайдолла. Саған да Алла жар болсын, о сенім үйін талқандаушы!
Жаушы. Мен тас хабарыммен сенің жүрегіңді шыныдай күлпәрше етемін.
Убайдолла. Мен сенің бұл хабарыңнан шошынамын!
Жаушы. Бұл хабардан менің жүрегім жалындауда.
Убайдолла. Бұл хабардан мен сенімімнен айрылармын.
Жаушы. Бұйрықты қабылдап, мына құрметті жарлықты ал.
Убайдолла. Бұл жарлықтан сен не күтесің? Оңда маған не делінген?
Жаушы. Білгің келсе, бұл Хұсайынды өлтіруге Йазидгің өз қолымен жазылған бұйрық!.. Осы бұйрықты ал, ал онымен қоса басқа бір жарлық та бар. Саған алтын зерлі шапан да сыйланады...
Убайдолла. Бұл жарлықтан жүрек қапамен қайғыға толды! Маған Хұсайынды (Убайдолла - жауыз, алайда ол Хұсайынды да аяйды. Себебі, ол реализмнің тым күшейіп кетуін қаламайды) азапкерлікке беру бұйырылыпты. Бұл жарлықтан жеккөрушіліктен туған қасірет келеді! Жеккөрушілік күзі сенім гүлбағын күйретпек! Бұл бұйрықтан шатыр іші азаға толды! Жұмақтағы Фатима қайғы мен мұңға батады! Бұл бұйрықтан соң Әли қара киініп, Хасен мен Хұсайынды құшады! О, жиынға қатынасушылар, мені қайғы басуда! Йазидтен үш бұйрық пен үш шапан келіпті.
(Убайдолланың Сарайында әскери кеңес басталады. Омар ибн Сад және басқа да әскери бастықтар)
Ибн Сад. О, әмірші, біздің жүрегімізді қуантқайсың! Бізге бұйрықта не делінгенін айт! Бұл бұйрықта Йазид жауыз бізге не деп жазыпты. Бір сөзін қалдырмай айт.
Убайдолла. О буырқанған тобыр, тыңдаңдар!
Бұл хатта Йазид бізге былай деп жазады: Әлидің ұлы, құдіретті шах, дін сұлтаны, адамдар мен аруақтардың даңқтысы Хұсайын Меккеден Иракқа аттанды. Онымен бірге жеңіліп көрмеген әскер бар. Кім егер оның жолын бөгеп, оның шатырына шабуыл жасаса, кім онымен соғысып, жеккөрушілікпен оның қолын судан бөлсе, кім Хұсайынды өлтірсе, сол адам Рейге (Ортағасырлық қала. Оның орнына қазіргі Тегеран салынған) билеуші болады.
Ибн Са д. О, әмірші, мен Йазидтің жарлығын білдім. Біздің дініміз қолдан шығып барады. Йазидтің діні қайда?..(...)
Имам. Қапаланба, қайырымды жас жігіт. Сенің тәубаға келуің пайғамбарға жағымды.
Xурр. Мынау менімен бірге келген үшеудің бірі менің інім, келесісі — ұлым, үшіншісі — менің құлым. Уа, Аруақтар мен адамдардың имамы, бұлар көздеріне жас алып, сенің аяғыңды сүюге келді.
Имам. Қош келіпсіңдер, даңқты жауынгерлер. Сендерді ұлы Жаратушы марапаттайды.
Xурр. Сені бірінші болып тілдеген мен, сені бірінші болып жәбірлеген мен. Сенің достарыңның қолынан бірінші болып өлтірілуге тиісті менмін. О ғасыр имамы, мен өзімді сен үшін құрбандыққа шаламын! О, даңқты билеуші, жауға жар сал, біз ант бұзушы қылмыстылармен соғысқа шығамыз!
Имам. Жамылғыңды оран. Ей, Хурр, сен аман қалдың. Сен атама және менің әкеме жаманат хабармен жаушы болып барасың. Ей, Хурр, сен әкем мен атама барып айт, қазір мен де олардың аяқтарын сүюге келемін.
Хурр. Қаптаған жатжерліктер. Иә, Құдайым сізді сақтасын, сізді барлық пәле-жаладан аман қылсын.
Имам. Аттан, Жаратқан саған жар болсын! Осы сапарда сенің тілегенің болып, жолыңа гүл бітсін. (Хуррға ұлы жүгіріп келеді)
Ұлы. Әке, қымбаттым, барма. Мен жалғыз қаламын. Қасіретті, панасыз бала! Мүсәпір ұлыңнан теріс айналма. Мені Әли Акбар үшін құрбандыққа шал! Маған азап пен қасіретті соғыста өзімді сынауға жол бер. Хұсайынның ұлы Қасым үшін құрбан ет мені. Тездет, әке, бер маған жамылғыны, мен майданға шығайын.
Xурр. Егер ұлда әке қасиеті болмаса, оны болжыр деп атайды...
Ибн Сад. (таңданыспен айқайлайды). Емшек сүті аузынан кеппей жатып, Хуррдың ұлы соғысқа арыстандай атылды.
(Соғыс басталады. Оның барысы қатынасушылардың әңгімелерінен аңдалады).
Хурр. Ибн Садқа айтыңдар: ей, сен иттен де жексұрын. Әскербасы Хурр сені шайқасуға іздеп жүр!
Шимр. Ей, Хурр біздің соғыс қазір белгілі болады. Сенің бетің қанжармен жүз рет тілінеді. Сен Хұсайынға бетіңді бұрып, Йазидке теріс айналдың. Қазір бәрі белгілі болады... Қазір тұяқтары піл табандарындай ат аяқтарына сенің денең тапталады!
Xурр. Менімен сенің егесің Пайғамбар алдында болатын қатал сотта шешіледі!
Шимр. Ей, адамдар, одан өмір қазынасын тартып алыңдар! Оны да, көмекшілерін де өлтіріңдер!
Хурр. Қарғыс атқан жауыз, алып көр менен қылышты. Ит, сатқын, саған Алланың жүз қарғысы жаусын! (Оқиға тағы да имам Хұсайынның шатырында. Хуррдың інісі жүгіріп кіреді)
Iнісі. Имам, мені жібер, жібер адамдар мен аруақтарды, дінсіздермен соғысқа аттануға!
Имам. Азапкерлік ынтызарлығы билеп алған сені, бар шерменде! Соғыс сол әскермен!
Хурр. (Шимрға ұмтылып) Менің қылышымды алып көр, ойнастан туған неме, саған тамұқ әзір тұр.
Xуррдың құлы. (Шатырдың кіре берісінде) Сұмдық! Менің мырзам қанға малынған! Оның күні батты! Сұмдық! Менің мырзам жаудан жеңіліп, жерде жатыр! Сұмдық! Бүл даңқты батыр... Сұмдық, оның інісі, жас боздақ... Менің бұдан әрі төзуге шамам келмейді... Түсінікті, менің де ғұмырым ақырына жетті. Мен де солардың артынан барамын. Бейне балықтай, қанға жүзіп кетемін. Ей, имам-бастаушы, жібер мені, мен өз мырзамның өнегесіне адал боламын!
Имам. Саған соғысқа кіруге ұлықсат етемін. Қайырымды құл, жамылғыңды ал да, мына әлдекімдермен соғысқа түс!
Құл. Ей, қаражүректі сендер, сатқындардың арсыз тобыры, құдайдан ұялмайсыңдар ма, оның қаһарынан қорықпаймысыңдар? Мен қазір мына билеушіге көмекке барамын да, сендердің біріңді де қалдырмай қырамын! Жаратқан мені кешіруі үшін мен мына билеуші үшін жанымды пида етемін!
Шимр. Сен құл, неменеге арындайсың? Өз орның мен өз жәйіңді білмеймісің, мынау қалың әскерден қаймықпаймысың? Саған өз өмірің қымбат емес пе?
(Құл Шимра жауынгерлерінің соққысынан құлайды)
соңы.
Бұл пьесаға кейде тағы бір, өте бір қызық көрініс жалғасады. Мұны мен оқушыға таныстыруды жөн деп білемін. Оның оқиғасы — тұтқынға алынып, Шамдағы арсыз Йазидке әкелінген Хұсайынның қарындастары мен қыздарының тағдыры туралы. Оқиға Шамда, Йазидтың Сарайында, әйелдер жағында өтеді. Қатынасушылар өлтірілген Хұсайынның қарындастары мен қыздары.
Зейнеп. (имамның қызы). Апа, бүгін кешке мен саған бірнеше сұрақ қойсам деймін...
Рухия. (қарындасы). Сұрай бер апаңнан, сүйікті Зейнеп.
Зейнеп. Менің әкем қайда, мен оны қашан көремін?
Рухия. Қымбаттым, сенің әкең саяхатта жүр.
Зейнеп. Не ол саяхаттан оралмай ма?
Рухия. Ол оралады, сенің сағынышыңды басады.
Зейнеп. Апа, анау алтын табақтағы не нәрсе?
Рухия. Қымбаттым, бұл сол сенің күткенің.
Зейнеп. Алайда, мен тамақ сұраған жоқпын ғой.
Рухия. Сенің сөзің менің кеудемді жарып барады.
Зейнеп. Апа, бұл не нәрсе, ащы маған?
Рухия. Тыныш отыр да қара...
Зейнеп. Апа, мынау қанға малынған кімнің сақалы?
Рухия. Оған дұрыстап қара, одан қан саулап тұр ғой.
Зейнеп. Апа, бұл әкемнің басы ғой?
Рухия. Иә, бұл сол, жарығым менің...
Зейнеп. Мен әкемді көруді сондай аңсадым. Енді мына қасіреттен соң өмірмен қоштасуға бармын. Апа, менің барлық пәледен қорғаушым, бері келші маған...
* * *
Бұл діни қойылым басқаларынан да мағлұмат береді. Өйткені, оның бәрі шамамен осы үлгіде, әрі мазмұнымен де осы біз алған тұрғыда болып келеді.
Оқырман байқап отырғанындай, сахналық техникалық көзқарас тұрғысынан алғанда мистерия әлі жетілмеген және ол қазіргі европалық театр талабын қанағаттандыра алмайды. Қолжазба қарапайым сөзбен жазылған, кейде қарасөз аралас өлең де болып кетеді. Тіпті өлең де онша мәз емес. Өлшемдерді ұстауда бірізділік жоқ. Ұйқастар әлсіз, босаң. Көбіне автор шумақты немен толықтырарын білмей, әртүрлі тіркесте бір ойды қайталай береді.
Сонда да болса, та*зйа адамға ғажап әсер етеді. Ол жәйт тек парсыларға ғана емес, шетелдіктерге де солай. Қойылымның соншалықты жасандылығына, техникалық көптеген кемшіліктеріне қарамастан, парсы актерлерінің ойыңдарының өміршеңдігі мен жандылығы таңғаларлықтай. Актерлер ойнамайды, олар сахнада өмір сүреді. Олар жылдан жылға исламның алғашқы азапкерінің қайғысын нақ бір сол уақиға таяуда ғана болғандай күй кешеді.
Мұндай күш, мұндай тәуелсіз сенім та*зйианы антикалық трагедияға ұқсастырып, оған ерекше бір сипат береді. Қысқа жауаптасулар, шымыр тіркестер бейне бір айқасқан қылыштар шыңылындай әсер етіп, Еврипид көрінісін еске түсіреді. Сондай-ақ, Шекспирдің драмалық хроникаларымен, әсіресе дөрекілеу әзілдер қосылған тұстары, үндестігі білінеді. Бұларға қоса, мұның әрбір парсы үшін ұлттық маңызын еске алар болсақ, парсының өзінің халықтың діни қойылымын жақсы көрмей тұра алмайтындығын және олардың жыл сайын өздеріне аса бай, көркем әсер әкелетін мухаррам айының келуін аса бір жылы сезіммен күтетіндігін түсінуге болады.
Та*зйиа — мистерияның Ақсақ Темір (Темірлан) туралы тағы біріне тоқталған жөн. Оның мазмұнына тоқталып жатпай - ақ, тек қана бір аса қызықты жәйт туралы айта кетелік. Халық аңызы өзінің сүйікті кейіпкері Қожанасырды Темірмен байланыстырады. Қожанасыр Ақсақ Темірде Сарай әзілкеші болған деседі. Оның қуақи істері мен әртүрлі әрекеттері туралы қызықты әзілдер көп-ақ. Тіпті, оның қалжыңдарынан құралған парсы, түрік, татар, армян және грузин тілдерінде шыққан кітаптар да бар. Міне, осы қалжыңдар Темір туралы мистерияның негізгі арқауына айналған. Бұл трагедияның екпінді бөлімінен күлкілісіне өтудегі аралық бөлік тәрізді. Бұл да еріксіз Шекспирді еске түсіретін белгі.
V. ӘЗІЛКЕШТІК
Иран қашаннан дуализмнің ошағы саналған. Оның белгісі елдің театр өнерінде де орын алады. Жоғарыда та*зийаның құлшылық тұрғысындағы діни маңызы бірнеше мәрте аталды. Алайда, мистерияда бәрі де қасиетті, жағымды болса, ал халықтық комедияда, құдайдан қорқушылық көзқарас тұрғысында, бәрі — күнә мен арбау саналады. Мистерияны орындаушы қасиеттілермен араласады, мұсылман жұмағынан жақсы орынға кепілдігі бар болса, әзілкешке соз жоқ тамұқта шыжғырылу жазылған. Сондықтан да, әзілкештер, күлдіргіштер және басқа да бұлармен байланысты өнерпаздардың бәрі өздері бір бөлек жік құрайды. Бұлар — қоғам қабылдамаған, күнәһар адамдар. Бұлармен қандай да бір болсын жолығысқандар жазықты. Тіпті олардың сайқымазақ өнерлерінен ләззат алғандар да күнәһар болып саналады. Әйелдің биші рөлінде шығуы Парсы елінде дағдылы іс есепті. Алайда бүл әйел парсы үшін әйел деп саналудан қалады. Ол тек тәнін сатушы, кімге де болса даяр біреу. Жалпы, мұнда да әйел өнері бача деп аталатын ұл - бишілермен екінші қатарға ысырылды. Бұл әйел көйлектерін киген, ұзын бұйра шашты, әдеміше жаскелеңдер балеттік паның небір қимылдарын жасауға аса қабілетті келеді, небір миға қонбайтын акробаттық жаттығулар жасауға дейін барады. Жалпы парсы масқарапаздарының ойыны біздің театр туралы түсінігімізге сәйкес келе бермейді. Клоундыққа жақындау, біздің циркте, ашық сахналарда көріп жүргендерімізге ұқсас. Парсы әзілкештеріне жарықбергіштің де, түрлі басқадай да жабдықтардың да қажеті жоқ. Қойылым қашан болсын, қай жерде болсын жүре береді. Шақырумен дәулетті адамдар келеді. Әлдебір баудың ішінде, гүлдеп тұрған бұталар арасында, мөлдір бұлақ жағасында жыртық, тозған кілемше төсей салады, сахна да дайын, өнеріңді көрсете бер.
Дегенмен, клоундық алса бір залалсыз да емес. Қойылым ортасында қалжыңды шумақтар айтыла жөнеледі. Әлдебір қаңғыған қылжақбасты өкпелеткен байшыкештің өлген жері дей бер. Тұрақты мекенсіз әумесерге бәрібір, ештеңеден қорықпайды. Мейлі жергілікті әділеттік орыны оның өкшесіне бірнеше рет таяқпен ұрсын, оның есесіне ол дұшпанын өлердей, естен кетпестей етіп келекелейді. Ал оны жергілікті жұрт ұзақ уақыт қайталап айтып жүреді. Кейде саяси және өміршең тақырыптар да қозғалып қояды. Сондай өлеңге мысалға, міне мынау Тегеранда профессор В.А. Жуковский жазып алған теміржолдың құрылысына орай Тегеран сұлуларының толқыған көңіл күйін бейнелеген өлең:
Иранның патшаларының патшасы
Тегеранға мәшине әкелді.
О билеуші, бұл неткенің?
Сен Тегеранды күйреттің,
Әйелдерді естен тандырдың,
Әйелдердің соншама тиелуінен
Мәшиненің басқышы сынды.
Аспанға қою шаң шықты,
Әйел біткен атайға келді:
- Маған оқалы күртенің керегі жоқ,
Жылтырақты туфли керек емес,
Жұқа жамылғы қажет емес,
Тек мәшине керек.
Мәшине қақпаға дейін келді,
Билетті мен жауынгерге бердім,
Мен біртүрлі дәуді көрдім,
Ол менің жанымды алар деп шошындым,
Мәшине Дәулет — Абадқа жетті
Мен ақша орнына құбыр төледім,
Маған мәшине керек.22 (Жуковский. Үлгілер,253б.)
Оқырман байқап отырғанындай, парсы сықақшысы сөз саптаудан онша қысыла қоймайды. Айта кетейін, бұл менің мазмұны ең қарапайымдауын алғаным.
Кей-кейде көшпелі әзілкештерді үйге шақырудың арты қиын жағдайға соқтыратыны да бар. Бір ағылшын саяхатшысы өзінің Исфаханда көрген жағдайын айтады. Жергілікті бай әлдебір салтанаттың құрметіне мырзалықпен мереке жасады. Оған барлық жергілікті зиялы қауым өкілдері бала - шағаларымен шақырылды. Сондай-ақ, сол кезде қалада батыс елдерінің өкілдері де болды. Тоған жағасына мәртебелі қонақтарға арналып ложалы және құрметті орынды мінбер салынды. Ол қымбат кілемдер, жібек маталармен әшекейленді. Шақырылғандардың әйелдері мен қыздарына бөлек арнайы орын жасалды.
Қонақтар жиналып, әдеттегідей салтанатты қабылдаудан кейінгі аз уақыттық жолашардан соң жұрт тоғанға беттеп, белгілі орындарына жайғасты. Қойылым басталды. Үлкен, бай әшекейленген қайық жүзіп шықты. Үстінде әлде бір белгілі кісінің гаремі, қалай болса солай киінген адамдар маңғазданады. Оған қарсы жүзген тағы бір қайық керінді. Онда ақ костюмді, тығынды шлемді, перде жапқан, жуан қарын саяхатшы-ағылшын салтанат құрған. Қайықтар бір - біріне соқтығып, түйісіп қалды. Ашулы сөздер басталды. Бірте-бірте гарем ашуға басты да, қарсыласына су шаша бастады. Қарсыластың қайықшылары да солай жауап қайтарысты. Сөйтіп, нағыз судағы соғыс басталды. Жұрт рахатқа кенелді, күлісуде. Кенет әйелдер жағынан қатты дауыс шығып, ұрыс естілді. Құрметті әйелдер орындарынан ұшып-ұшып тұрысып, қайыққа қарасты. Сөйтсе, көрермен әйелдердің көбі әзілкештерге салтанат үшін сәнді киімдерін берген екен. Енді киімдеріне мынадай аяусыздықты көргенде, олар шошынғандарынан, жұрттан ұялмай-ақ киімдерін дереу қайтарып алу үшін ұмтылысты.
Әзілкештер қарсылық корсетті. Әйелдер жағы көбейе түсті. Арпалыс күшейді. Бір кезде екі қайық та аударылып, шыны да, еріктілері де бар, барлық қатынасушылар тоғанға құлап, батпақ пен шылауға оралды. Бұдан кейінгі шайқасты айтып болмайды. Оның өршігендігі сонша, фарраштардың күш салуымен ғана төбелесті басуға мүмкін болды. Шатақ шегіне жетті. Келген әрбір ер адамның бір не бірнеше сенгіштері болып шықты. Мұндай жағдайдан кейін кімнің салтанатта одан әрі қалуға көңіл хошы болсын. Шақырылғандар біртіндеп елеусіздеу түрде кетіп жатты.
Кейін бұл әбігершіліктің кунәһәрі, шыныңда да айрықша әдістің иесі той өткізуші екені анықталды. Бай ақшаға тапшы екен. Мереке өткізу қажет болған. Ал осынша жұртты тамақтандыруға қаражат жетпейді. Содан оған жиналғандардың еріксіз тарап кетуіне жеткізетін осы әдіс ойыны келген. Әзілкештер шамалы төлеген ақыға қуана келіскен. Осылайша бай намысын қорғап қалған!
Әңгіме, бір жағынан қазіргі парсының қалыбын байқатса, екіншіден парсы клоундарының да (сайқымазақтарының да) бет-бейнесін танытады.
Бұдан бұрын бірнеше рет аталған Ходзьконың23 (Ескертпеуге болмайды, пьесаның баяндау барысы менің елеулі күдігімді туғызды. Шамасы, қолжазба автордың тым европаландыруына ұшыраған болса керек) кітабынан алынған тағы бір мысалды келтірейін. Көрермен өздерінше қойылым жазғы бақта өтуде деп санауы тиіс. Жұмақ киіміндегі екі бағбан көрінеді. Денелерінің кейбір тұстарын ғана жапқан ешкі терісінің жұлындылары. Үлкенінің аты Бәкір. Ол бай, әдемі қызы бар, ол гаремде жасырулы. Кішісі — Нәжіп, кедей. Алайда, белсенді, әрі нағыз парсыдай қу. Көршілер әрқайсысы бақтарында өскен жемістерін мақтасып, дауласады. Бірі — "Менің жемісімнің жұмсағы қызғаныштан ең ақ қанттың өзін солғын тарттырады" десе, екіншісі — "Менің жемісімнің барқыт қабығының нәзіктігі он бес жасар сұлудың жүзіндегі ұлпадай" дейді. Дау соңы төбелеске ұласады. Бағбандар бір-бірін неше түрлі әдіспен ұрғыласып, жұрттың күлкісін келтіреді. Ақырында Бәкір құлап, өзінің жеңілгенін мойындайды. Келісімге келеді. Бәкір көршісіне "ерегес жалынын, кейбір білместер Пайғамбар тыйым салған деп жүрген сұйықпен сөндірейік" дейді.
Омар һаямның: "Сен жақыныңның қанын ішесің, мен болсам жүзім нәрін ішемін; айтшы кәне арыңмен, қайсысымыз қанішерміз" деген шумағын айтып, жергілікті молданы тәлкек етеді. Бәкір әмиянын ашып, думан ұйымдастыруға керекті ақша береді. Нәжіп шарап әкелуге асығады. Бәкір оны айқайлап кері шақырып алады. Оған қуырылған қой етін алуды ұмытпауын ескертеді. Нәжіп кете барады. Алайда, Бәкір оны тағы да кері шақырып алып, тағы да бірдемелерді алуды қосады. Ол қалай ұзай берсе, Бәкір де оны іле кері шақырады. Сөйтіп, ол мұны қашан Нәжіп қалжырағанша қайталай береді. Тапсырма орындалған жоқ, дегенмен ол қосымша тағы да бірдеңелер алуға да ынталы. Не керек, ең соңында ол екі құлағын бітеп алып, барынша жүгіре жөнеледі. Бәкір жалғыз қалып, рахымды мұсылман ретінде думанға әзірлік жасай бастайды. Ол молдалардың тамақ ішер алдындағы барлық жуыну салтанатын қайталай отырып, маңғаздана тазаланады. Көрініс ішумен аяқталады. Нәжіп қонақты саз ойнап көңілдендіре түседі. Көршілер әбден ішеді. Актерлер шеберлігі мен пьесаның күлдіргілігі сонша, олар барған сайын масая түсушілікті тамаша бейнелейді. Иранда, ешбір жерде ашық трактр болмайтын, көшеде ешкім мас болып жүрмейтін елде, бұл көрініс көрермендер үшін өте қызықты. Бәкір ұйқыға кетеді, Нәжіп қулықпен өтірік мас болып, шалдың қызына қарай жүгіреді. Саз тартып қызға өзінің жеңгенін өлеңдетеді.
(Пьесаның соңы)
Мұның мазмұны Европа көрерменіне аянышты болып көрінуі мүмкін. Алайда, парсы үшін бұл онша күрделі емес клоундық — жеуге тыйым салынған жеміске қызыққандай әсер етеді. Тіпті, олар адамгершіліктен тым асырыңқырап та жібереді. Іс жүзінде, исламның жайшылықта мұқият ұсталатын қатаң талаптары бұл жерде белден басылған. Әлбетте, парсы көптеген молдалардың күнерез алаяқтар екендігін, жұрттың аңқаулығын пайдаланып, өз қалталарын қампитып жүргендерін жақсы біледі. Алайда, ол мұны ешқашан да үлкен жиында ашық айтпайды. Әрқашан екіжүзділікпен молданың сәлдесін сыйлайтындығын білдіреді. Ал, мұнда бұл перде сыпырылған. Молданы ашық та аяусыз келекелейді. Әрі көрермендер де қатал жазадан қорықпастан шаттана күліседі. (...)
Келтірілген қойылымдар үлгілері мен күлкілі көріністер парсыларға театр ықпалының рухы таныс та жақын екенін көрсетеді. Иран өзінің алдағы даму барысында, қазіргі барлық жетіспеушіліктеріне қарамастан, бұл орайда адамзатқа көптеген шынайы құндылықтар беруге қабілетті.
Өткен ғасырдың орта кезінде Иран Батыспен неғұрлым тығыз байланысқа түскен кезде (Нәсір ад-Дин шах өзінің ортағасырлық елін қайта құрып, жаңғыртуды ойлаған болатын) алдымен еуропалық тілдерден түрлі техникалық оқулықтарды жаппай аудартуға кіріскен еді. Негізінен француз тілінен аудару басым болған-ды. Бұл жағдай парсы әдебиетінің әрі қарай дамуына да ықпал етті. Өйткені, оқулықтар аударудан әдеби кітаптарды да аударуға, тағы да сол басым бөлігі француз әдебиетін аударған болатын. Бұл аудармаларда жүйе болған жоқ. Талғамсыз, қолға не түссе соны, көбіне арзанқол бейпіл әдебиет аударылған еді. Солайша, парсы әдебиеті Лафонтен мен Вольтердің классикалық әдебиеттерімен қатар, "Рокамболь" мен "Түнгі салт аттылар", Понсон дю-Терайль немесе А.Дюманың романдары тәрізді "құндылықтармен" де байыған болатын. Сонымен бірге Иранға Мольер де кірген еді. Оның парсы әдебиетінде пайда болуы парсы театрының дамуына зор маңызы болды.
Гәп мынада, ескі дәстүр бойынша Иранда аударманың дәлдігіне онша маңызы берілмейді. Парсы аудармашыларына әдеби шығарманың ресми жағы емес, мазмұны ғана маңызды. Мазмұнды олар жеке түрге сіңіріп жіберуге, оған ұлттық киім киігізуге тырысады. Сөйтіп, өте бір қызықты да өзіндік сипаттағы әдебиет жасалады. Мұның үлгісі тұрғысында Мольердің "Еріксіз емші" комедиясының парсы тіліне аудармасын айтуға болады. Оны аударған Мухаммед Хасанхан И*тимад ас-салтан деген біреу (Тегеранда 1322-1904ж. басылған). Қаншалықты дәл беруіне қарамастан, бұл мүлде аударма емес. Тек Мольер комедиясын парсы топырағына тамаша қондыру ғана.
Кіріспе, оқиға барысы, байланыс — бұның бәрі сақталған да, алайда орта, қатынасушылар, әңгімелесулер нағыз парсылық болып шыққан. Оқырманды парсы өмірімен таныстыру мүмкін негізгі шығарманың ұзын ырға мазмұнын айтудан тәуірірек болған болса керек.
VI. "ЕРІКСІЗ ДӘРІГЕРЛІК
Бірінші оқиға (Мұсаның үйінде)
Фирузабад қонысына тақау маңдағы қалың ағаш ішінде тұрған тозған үйдің іші. Үй екі бөлмеден тұрады, терезелері сынған. Бөлменің бірінің еденінде екі-үш құлаштай кигіз жатыр. Түрлі тұтыну заттары кірлеген торгөз жалаң көрпеге жамылып қабырғаға сүйелген. Осы бөлмедегі сөреде майысқан, мыжырайған жез самаурын, қарайып кеткен құман және жарылып желімделген табақшада екі қожалақтанған стақан тұр. Әбден тозығы жеткен, қызыл матадан тігілген қапшықта бірдеңе көрінеді. Шамасы, бұл апиын және соны тартатын құралдар болса керек. Үй мүліктерінен бір бұрышта бірнеше көк шыны тәрелкелер мен шәшкелер. Саз қорқор және жартылай құлаған ошақ тұр. Есігі жабық тұрған көрші бөлмеден балалардың дауысы естіледі. Бұлар үй иесінің бал ал ары Ахмет, Хасан-Әли және Рухия. Олардың аш екендігін аңғаруға болады. Есік алдында орыс сисасынан тігілген қызғылт шалбарлы, үстіне қоңыр көйлек киген әйел отыр. Оның аты Зылиқа, жасы қырықта. Алайда, ол әлі сұлу. Бетін ескі ақ желеңмен жапқан бесікте емшектегі бала жатыр. Бұл алты айлық қыз бала София. Топырақ беттенген арық, қалың сақалды, қасы өсіп кеткен, аласа бойлы, қаптал шапанды, шароварлы, кигіз қалпақ киіп, Зылиқаның қасында отырып, алша жеп, сүйегін түкіріп тастап отырған — оның күйеуі. Бала жастан бергі оның кәсібі — орманнан қу бұтақ жинап, иығына салып кентті аралап жүріп сату. Бүл кәсіп оған атасы және арғы аталарынан мұра болып келеді).
Зылиха. Ал айтшы кәне, таяқ жейтін мен, оның саған не қатысы бар?
Тахмас. Сенің әділдігің.
Зылиха. Қарай гөр бұл сақалды мәжнүнге! Жаңалық енгізгісі келеді. Күйеуіне әйелін ұрғызбағысы келеді. Ей, егер әйелі мен ері төбелеспесе, онда оның не мәні бар, неге керек олар?
Тахмас. Ханым, менен білместік болды, кешіріңіз.
Зылиха. Саған не керек, сен неменеге көрінген жерге тұмсығыңды сұғасың?
Тахмас. Шын-ау. Сен дұрыс айтасың.
Зылиха. Менің білгім келетіні, немене сені күйеуім мен маған бастық етіп қойды ма?
Тахмас. Мен айттым ғой, білмедім деп.
Зылиха. Ұзын сақал, бар, жөніңе жүр!
Тахмас. Құп болады, ханым. Кеттім.
Зылиха. Мені ұруын менің жүрегім тілейді. Есі ауысқан, ұзын сақал ақымақ, саған не жоқ? (Оны бетке соғады).
Тахмас. Tіфy! Мұса, ұр мына қатынды, қашан сұлап түскенше ұр. Керек болса мен де саған көмектесейін.
Мұса. Маған көмекшінің қажеті жоқ. Менің қол-аяғым сау.
Тахмас. Тамаша! Ақылды сөз.
Мұса. Әйел менікі, ұрғым келсе ұрамын, ұрмасам ұрмаймын. Ал сенің шатағың не? Сен не былшылдап тұрсың?
Тахмас. Жарар! Жарар! Сенің әйелің! Ұр оны, өлтір! Не істегің келсе де мейлің.
Мұса. Ал саған не керек бұл жерде?
Тахмас. Аға, (аға — парсыша мырза деген мәнде) айтшы сен осы, сенен кім көмек сұрады?
Тахмас. Әкей, мен қателестім, жаңылыстым! Ешкім, ей- ей, ешкім де емес.
Мұса. Демек, сен беталды жүрген бірдеңесің. Көрінген бос құмыраға мұрнынды сұғасың. Ал сыбағанды, енді қайтіп босқа сандалмайтын боласың.
(Таяқты алып, Тахмасты бірнеше рет ұрып), қуып шығады. Тахмас кеткен соң Мұса өзінің теріс қылығына өкініш білдіріп, Зылихаға тіл қатады)
Ханым, жаным сол менің, қымбаттым. Мен сенің райхан гүліндей көзіңнің құрбаны болайын. Мен сенің туған айдай жүзіңнің құрбаны болайын. Татуласайық. Бетіңді бері әкелші, сүйейін.
Зылиха. (Көзі жасқа толып) Осыншама, мынадай соққыдан кейін бе...
Мұса. Болған іс болды. Кел бері, мен сені құшайын.
Зылиха. Керек емес, бармаймын.
Мұса. Жаным менің, келші.
Зылиха. Жоғалшы әрі.
Мұса. Кел, кел, менің қымбаттым. Сен маған өмірімнен де қымбатсың.
Зылиха. Әрі, бармаймын.
Мұса. Келші енді, татуласайық.
Зылиха. Менің татуласқым келмейді.
Мұса. Кел, болған іс болды, өтті-кетті.
Зылиха. Жоқ, мен өкпелімін. Менің татуласқым келмейді.
Мұса. Қасарыспа.
Зылиха. Керегі жоқ! Керегі жоқ! Керегі жоқ!
Мұса. Келмеймісің?
Зылиха. Біреудің біреуді осылай ұруы жөн бе?
Мұса. Жаным менің, қымбаттым, бір жолға кешір мені.
Зылиха. Жарайды. Бұл жолы кешірейін.
Мұса. (оны құшақтап, сүйіп) Сен немене, есің ауысқан ба, осы ұрғанға соншама мән беріп? Ері мен әйелі арасында мұндай түсініспеушіліктер жиі бола береді. Махаббаттың бір белгісі болуы керек қой. Бал бар жерде у да бар. Қысқасын айтқанда, біз түсініскеннен кейін, мен енді балтамды аламын да орманға барып, саған қашанғыдан да көп қылып отын әкелемін.
Зылиха. (Мұса кеткен соң есікті жауып өзімен өзі сөйлейді) Е, бәлем, тұра тұр. Сенің әкең мен атаңның аруақтары атынан ант етемін! Сен мен осы соққының бәрін кешіреді, төзеді деп ойлайтын боларсың? Тұра тұр, уақыты келер, мен де саған есесін қайтарармын. Енді менің күшім жетпейді. Ал әзірге мен сенің қарғыс атқан балаларыңды соғамын. (Балалардың бөлмесіне кіріп, Ахмет пен Хасан-Әліні ұрады, Рухияға да шапалақ тиіп, ернін жарақаттайды). Міне, бұл сенің балаларыңның сыбағасы, ал өзіңе кейін болады!
Аударма пьесалар парсының өз қолтаңба шығармаларына да әсер етпей қалған жоқ. Ол көп ұзамай-ақ, өз нәтижесін берді. Өкініштісі, жаңа кезеңнің қолтаңбалы пьесаларынан мұнда біздің қолда аздаған ғана саны бар. (...)
VII. АЙНАЛШАҚ ДӘРУІШТЕР
Біз өткен қысқаша шолуымызда, парсы театр өнерінің таза ұлттық көріністерінің әртүрлі жақтарын атүстілеу қарастырдық. Сондай-ақ, оның батыс әдебиетінің ықпалымен пайда болған үлгілеріне де тоқталдық. Енді театрлық деп айтуға онша келе бермегенімен де, осы салаға қатысты тағы бір құбылыс туралы айта кеткен жөн. Бүл Маулави ордені дәруіштерінің, яғни айналшақ дәруіштер деп атайтындардың қойылымдары. Дәруіштердің Маулави ордені аса құрметті тектен. Оны XIII ғасырда парсының ұлы ақындарының бірі, Кіші Азияның бір қаласы Кониде дін сабағын оқытқан данышпан Джалал ад-Дин Руми негіздеген. (...) Орден Румидің досы Шамс Табризидің құрметіне құрылған. Оның қаралы күні құрметіне орден мүшелері қаралы киім — көк жасыл түсті мантия киіп, жиындары достан айрылған мұнды жырлаған флейтаның зарлы үніне бөленіп тұратын. Орден әлі күнге дейін бар. Оның орталығы әлі де Кония, ал оны құрметті "Челеби" деген атақты иеленген Джалал ад-Дин Румидің тікелей ұрпақтарының бірі басқарады.
Бұл орденнің бөлімшесі Константинопольде де бар. Мен оның бір жиналысын, яғни өзіндік ерекшеліктегі ізбасарлардың мінәжатын көрдім. Театр қойылымына ұқсас осындай жиналысты мен осы арада суреттен көрмекпін.
Текке Мевлеви Переде орыс консульдығының қарсысындағы ғимаратта орналасқан. Мінәжат онда аптасына екі рет сейсенбі және жұма күндері, тура күндізгі сағат 12-де өтеді. Текке — шағын ғана ағаш үй. Кіреберісінде кассі. Оған 5 пиастр төлеп, қолшатырлар мен таяқтарды сақтауға өткізеді. Мінәжат өтетін ғимараттың өзі — сегіз қабырғалы, орта тұсына хрусталь самала ілінген әжептәуір үлкен бөлме. Бөлмені айнала әйелдерге арналған орындар мен шетелдіктерге деген ложалар. Мекке жақ қабырғада михраб деп аталатын шағын қуыс бар. Бұл қауымға намаз кезінде сәждеге жығылатын бағытты көрсетеді. Жиналыстағылар тәуеп еткен шақта олардың алдында имам тұрады.
Жұртшылық орналасып болып, тынышталған кезде бөлмеге дәруіштер кіреді. Олар — тоғыз, он бір немесе он үш адам. Олардың бәрі қоңырқай сопақша келген кигіз қалпақ және көк-жасыл түсті шапан киген. Олар бөлмеге маңғаздана енеді, соңын ала Қоғамның жетекшісі шейх келеді. Кірген бетте дәруіштер бір-бірінен бірдей арақашықтықта төселген қой терілерінің үстіне отырады. Олар қолдарын кеуделеріне айқастырып, бастарын төмен салып, көздерін жұмып, үнсіз, еш қыбырсыз отырады. Бұл үнсіздік кейде жарты сағатқа дейін созылады. Оны жиналысқа былай деп үн қатқан шейх дауысы бұзады:
"Алла тағаланың мәртебелі даңқына, барлық пайғамбарлардың құрметіне, соның ішінде бүкіл елшілердің ішіндегі ең ұлысы, жоғарғысы және даңқтысы таңдаулы Мұхамедтің құрметіне, алғашқы төрт халифаны еске алуға, Фатиманы, Қадишаны, имамдар Хасан мен Хұсайынды, Кербала соғысы азапкерлерін, ұлы Пайғамбардың адал жолдағы елдерін, оның барлық сүйікті де сенімді серіктерін, барлық имамдар-мұжтахидтерді,27(Жизудь түсіндірушілер), Исламның барлық ұстаздары мен барлық әділдік жолындағы ерлер мен әйелдерін еске алып, фатиха (Құранның 1-ші сүресі) оқылық. Оны біздің даңқты ұстазымыз, орденнің негізін салушы, әрі даңқты Сұлтан әл Уламның28, (Джалал ад-Диннің әкесі) Сайид Бурхан ад-Диннің,29 (Джалал ад-Динның ұстазы) Шейх Шамс ад-Диннің, оның анасының, Мухаммед Ал ад-Дин — әпенділеріміз (Джалал aд-Диннің ұлы) барлық челебилердің, олардың ізбасарларының, барлық шейхтердің, барлық дәруіштердің, біздің теккеміздің бүкіл қамқоршыларының құрметіне оқимыз. Жоғары жаратушы оларға бейбітшілік пен береке сыйласын. Біздің қасиетті орденіміздің гүлдене беруі үшін, ғұлама және аса құрметті челеби-әпендінің амандығы үшін, біздің мырзамыз бен ұстазымыз үшін, билеуші Сұлтанның амандығы үшін, жетілген және рахымды дін сеніміндегілердің билеушісінің амандығы үшін, ұлы уәзірдің және шейх әл исламның жетістіктерге жете беруі үшін, барлық мұсылман жауынгерлері мен тәуап етушілер үшін оқимыз. Фатихамызды барлық қамқоршыларымыздың, басқа ордендердегі шейхтер мен дәруіштердің, барша діндердің, барлық ісімен танылғандардың, демеушілер мен жәрдемдесушілердің жан тыныштықтарына арнаймыз. Шығыс пен Батыстағы әйел-еркек мұсылмандарына, бейбіт өмір үшін, пәле-жаланың беті аулақ болсын, игі тілектің қабыл болып, жүзеге аса беруіне тілек етіп, Құдайдан оның бізге деген шапағатын тілейміз".
Содан кейін жиналғандар бірігіп Фатиха оқысады, түрлі дұғаларды жария етеді, сосын барып мінәжаттың өзі басталады. Джалал ад-Дин "Жалғызсыраған дос" деп атаған. Сыбызғының нәзік те баяу үні естіледі. Саз бірде биіктеп, бірде төмендеп барып, төменгі нотада тұрып алады. Флейта ежелгі мұңға батып, өзінің жасыл қамыс боп өскен танабынан ажырап қалғанына налып, мезгілсіз кеткен Шамс-и Табризиді жоқтайды. Сыбызғы сарынына әнші дауысы қосылады. Джалал ад-Диннің дәруіштердің бейқам өмірін жырлаған гимнінің салтанатты әні естіледі.
Естен тандым, мұңға баттым сүйінгеннен дәруіштерге,
Жолын таппай, тілін таппай сүйінуге дәруіштерге,
Мен дәруіш деп атамаймын бейпілді,
Талай жауыз, арсыздар бар дәруіш боп бүркенген,
Мен дәруіш деп танимын шын жүректен күрсінгенді,
Сол сәтінде-ақ ол естіді "мен сенің қасыңдамын" деген сөзді.
Дәруіштер мен дәруішшілер Мұхаммедті дәріптейді,
Дәруіштерді мадақтауға Алла талай жыр берген.
Дәруіштер шын пейілмен биге түскен сәтінде
Құдай бірге болады екен дәруіште қонақта.
Ал дәруіш махаббаттың шарабын ішкенінде
Қызыр пайғамбар келіп дастархан басқарады.
Пайғамбардың күйеуі, дін мұсылман билеушісі Хайдар-Әли,
"Мен — дәруіштердің қызметшісімін" деп үндер.
Ей, Шамс-и Табриз, дәруіштерге иіл,
Дәруіштердің жүрегінен мәңгілік орын аларсың сен!
Гимн әуенімен дәруіштер орындарынан баяу көтеріліп, Михрабқа тақап, Джалал ад-Диннің есімі жазылған кішкене тақтаға бас иеді. Содан соң олар шейхке тәжім етіп, оңға қарай ығысады да, бөлме ішімен айнала қозғалысқа түседі.
Енді музыка үні айқындала бастайды, тамырдың жеңіл соғылуы естіледі, бірте-бірте қарқын ала түседі. Дәруіштер өздерінің көк шекпендерін сыпырып тастап, сопақтау кең ақ көйлектерімен қалады. Олар бір-бірлеп шейхке келіп, тәжім етіп, оның киіміне қол тигізіп, кейін жылжып барып, қолын жайып айналысқа түседі. Ақ көйлектер қозғалыстан күмпиіп, бишілер бейнесі бейне бір үлкен қоңырауға ұқсайды.
Қозғалыс шапшаңдай береді, бейнелер көбейе түседі. Әуелінде дәруіштердің қозғалысы өз бетінше жүйесіздік тәрізді болып көрінгенімен, көз қаныға келе олардың қозғалыстарының өзіндік заңдылықтары барын байқайсыз. Әрқайсысы бірі кіші, бірі үлкен шеңбер жасайды. Осылайша бірі шеңберлі, бірі бірін-бірі қиып өтетін шеңберлер пайда болады... Бұл нышан: әлемде ғаламшарлар қатал үйлесімділікте, әлемдік махаббаттың, жақынды сүю, "өзін" танымау, бәрін тек басқаларға беретін әлемдік махаббаттың ұлы күшінің тарту және басқаруымен қозғалады.
Сыбызғы сарыны, тамбурдың бірқалыпты дүңкілі. Дәруіштер болса айналып жүр, шаршау жоқ, кідіріс жоқ... Олардың жүздері бір түрлі кейіпке түсіп қозғалыссыз қалады, көздері ашылып, бірте-бірте бақырая түседі. Айналыс жылдамдай береді, тамбур дамылсыз дүңкілге көшеді, шейх алыстағы бауырластарын жіті қадағалайды. Әлдебіреу қозғалыс күйінен жаңылысар болса, ол жеңіл тебініп, ақырын ғана дыбыстайды. Тәртіп қалпына келіп, билеушілер қайыра күйелі түрде шеңбермен қозғала береді.
Тамбұрдың шалт дыбысы... Музыка тоқтайды. Барлық дәруіштер өздерінің бұрынғы орындарына барып, қайтадан қой тулақтарына отырады.
Тағы да баяу, мұңды әуен естіледі. Жұмсақ жоғары тенор кемдетеді. Бұл жолы түрік тілінде:
Гонюль хейран олуб-дур ишк элинден, элинден...
Джийер бирьян олуб-дур ишк элинден, элинден...
(Толқиды жүрек қолдың махаббатынан, қолдың махаббатынан...
Кеудем жанды қолдың махаббатынан, қолдың махаббатынан)
Тағы да мұңды әуен жылдам би қозғалысына ұласады, тағы да ақ бейнелер дөңгелене бастайды. Келе-келе шейхтың өзі де шеңберге кіріп, биші дәруіштердің ортасында жүреді. Осылай бірнеше сағатқа созылады. Бір кезде тамбұрдың шалт соғысы естіледі де, бәрі тынады. Дәруіштер бөлмеден дыбыссыз шығып кетеді.
Шамасы, қазіргі кезде дәруіштер бұл биге кәдімгі бір қойылым есепті қарайтын болар деймін. Ол күнкөрістік ақша табудың жолы есепті. Сонда да болса, көрермен бұл биден ұзаққа жалғасар жақсы әсер алады. Меніңше, мұны көру мүмкіндігіне ие болған адам оны әрқашанда ризалықпен еске алатын болар деймін.
Парсы театр өнеріне бірсыдырғы жасалған шолуымызда оның барлық көріністері қарастырылды. Әрине, оның көп нәрсесі еуропалық оқырманға анайы да дәрменсіздік болып көрінуі мүмкін. Алайда, қорытындыда мен бір негізгі жәйтке назар аудартсам деймін. Иран театры, ескілікті болып көрінуіне қарамастан, елдің рухани салтына тығыз байланысты. Ол ең алдымен тұрғындардың тілегін қанағаттандырады. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда оған баяу кәрілік сему тон деуге болмайды. Парсы әдебиеті, өзінің классикалық дәуірінде (X-XV ғ.) айрықша биікке көтеріліп, адамзатқа мәңгілік жасайтын көркем шығармалар беріп, ақырында семіп, елді. Қазір Иранда жаңа әдебиет енді ғана туып келеді. Мұндай тағдыр парсы театрына тәнті емес. Өйткені, онда өмір шындығынан алшақтау жоқ және болуы да мүмкін емес. Ол талапқа сай икемделе отырып, қозғалыста, өзгерісте келеді. Сол себепті де мен жоғарыда парсы театрының болашағы үлкен де жарық деп түйіндедім. Біз парсы актерлері мен режиссерінің театр техникаларының төмен деңгейіне қарамастан, діттеген ойдан шығып, түбегейлі қойылымдар жасағандарын көрдік. Олар театрдың ықпал ету мүмкіндігін өте керемет игерген, олар ең күрделі де қиын міндет — көрермені мен сахнаны біріктіруді жақсы шешкен. Иран көрермені ешқашан енжарланып, еш уақиғаға қатыссыз қала алмайды. Сахнаның сыйқырлы күші оларды еріксіз өзіне тартып, сахнамен бірге болуға мәжбүрлейді. Егер парсы театры өзінің осы негізгі ерекшелігін сақтар болса, ол сөзсіз әдебиетке де ықпал етеді. Оған жаңа да таза нәр құйып, әдебиет арқылы осы тамаша елдің бүкіл өміріне де әсер ететін болады.
Парсы театрының маңызы да осында. Бұл бізді оған зер салуға және оның ұмтылысын түсінуге, оның рухына үңілуге мәжбүрлейді.