1995 жылы желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан» телеарнасынан көрсеті...
Мадияр Төлеу: Мен әр елдің бағзы сазынан адамзаттың жалғыздығын естимін...
***
Әйнек жүзіне қонған сәулелер,
Қою түстерден ада самаладай үйдегі өң.
Мектепке асығулы балалар,
Қайтар шағын ойлайды -
Тұрақтылық жалығуға жетектеп.
...қауырсындай күйдемін.
Кейді ескі жаңғырықтар ізімен,
Күрмелемін, сөйлеймін...
Ауладағы күн түспейтін,
Жел тербеген ағаштарға қосылып,
Мағынасыз әуендерге балконымда билеймін!
***
Сені шолған көзімдей таң мінəжатта,
Мінəжатта қанкірпік кеш, куəмін!
Көктем келсе де өлкенің бұғағы аппақ,
Теріс қарап өткеніңдей бұл ағын.
Қауышудың сəттерінде өртелген,
Сұлулық - ойнасы күнəнің...
Сезімменен ойлаудың ауырлығын,
Ешбір ілім үйретпейді сөз қуған.
Өксігіңе шалынды үнім,
Мастық басқан ұнжырғам.
Жат қаланың самсаған шамдарындай,
Барасың-ау бұлдырап...
Ызғар кеткен бе еді?!
Бəлкім, мезгіл - құбылуы сенімнің.
Аңсар толы түстерді төккен өңім,
Сырттағы әуез елеңдетер,
еміндім.
Көктем желі әлі де тоңдырады,
Үнтаспасын айналдырып көңілдің!
Лек
Әуелде қиял қалықтап,
Шексіздікті жарды!..
Ізгі ойларға бастар қиғада құрып.
Бəрі ертегіден басталды,
Менің жансақ жоруым да,
Сенімім де,
Аңызға ұласып -
Қиял мен көргеніңнің ұйқаспайтыны -
Осылай бастау мен соңғы көш жанаспауы - қасірет.
Төбемде суретші бояған кешкі бұлт өксіп тұр.
Бәрі де сезімсіз,
Әрі қызықсыз.
Тек қана саңылаудан ақиқат сығалап тұрғанын сеземін.
Кейде аспанның сансыз меңін жалғап,
Жалғыздықта маңған орманшы дидарын көремін...
Безбүйрек дәуірлерге ұшқын сілтер,
Тақуа көзінің майын сорған білте
өшкен.
Ықтағаным - сөз,
Бірақ, бұл да "сол ертегінің" жалғасы -
Мен өмірді сүйе алмаймын таңданбай!
Өліара
Күңгірт дүниенің жасырынбағы сынды,
Естегі субұрқақ əуезі,
Тəубесі секілді шарасыз ойлардың...
Ұйқылы жүрістер таңдағы,
Салмағы басады еңселі үйлердің.
Қоңыр жел құлайды тəніңе шалынып,
Қамыққан кездердей,
Жарнама қаптаған көшеде ұлылар жүрісін қайталап...
Ағаштар иілген Тəңірге -
Өңірде - жайлаған құлшылық.
Табаным сауыққа сүйрейді кешкісін,
Еш кісі күтпейді ол жақта...
Қайыршы əйнекке үңілді - күнгейде.
Білмей ме біздің де сұраншақ екенімізді кітапқа?!
Шам - аспан бұлттарын қызғылт түске бояған,
Кей адам өркениетті шимайлағаны сынды...
Мен ұнатпаймын қалалық сарынды,
Жаңылдым,
Тілсіз тастардан, үгілген іргеден қызықтап жанымды!
Естелік
Көше әуені қарлығады зарыға -
Мағынасыз, дегенменен шынайы...
Инеліктей ырғақтары,
Сілкілеп түннің жамалын,
Миымның сары дақ парақтарына,
Сөзбенен сурет саламын !
Сол түні -
Көзіңнің қара күмбезін ақшылтым жас арбап,
Саусағыңды малдың,
Ақырғысындай жауынның...
Мен болсам, жалғыздығыммен достасып,
кейідім...
Адам сұлулық құрығынан босай ма,
Нүктесі - қоштасу!
Таң алдында көлеңкелер қаумалап,
Түрлі шындық кернеген
Кеуделердің көші ағып.
Содан бері аялдамай аулада,
Түрлі көзқарастардан қашамын...
Жаныңды шаттық көлбегей,
Іңкәрлік бұл тыныштықта боздаған.
Құдай барын біле тұра иімеген пендедей,
Арылғым келді,
Сезімім жығылған қағбадан.
***
Таң қылаңына сазарған жүрек булығып,
Солғын жанардағыдай қаланың нөсері -
Қарақұсыңнан дағыра үні еседі,
Бойжеткен жамылғысындай түнек сырғыды.
Мен де асыққам алқынып күн ілгеріде,
Тағдыр қашаған сергелдең санам үгіліп.
Күмбез толқиды қарашығымдай сығылып,
Діншілдердің алқынған күбірлерінде.
Саяқ шаштарын балауыз шыраққа малған,
Қауым күңкілі сүйсінбеген көркіне,
Шарам шырмалып қорқатынмын ілкіде,
Көрші кемпірден Құдайды жылап қарғаған...
Қала сіңірді бойына ыршып арайды,
Қашан бітеді әдетін тыймас бұ сүргін?!
Кенет, күмілжіп, өз ойларымнан ұшындым...
Ал, пердеден бұйығы күн сығалайды.
Арылу
Мағынасыз кезеңнен,
Түнгі жауын айғыздаған көшелердің дидарын
Қиялымда кезем мен!
Ескі сарын шырмауында бұғып жатқан өлеңнен.
Сыбызғы үнді жел қаңғыған үй жаны,
Толқын болып ауада жел билейді, кезерген...
Тұрақтылық ұран қылған уақыттан,
Шайқалуы шарасынан асып түскен айлардан.
Саусақ ұшы сіміргенде сəуле ойнатқан жақұттар,
Серт пен сенім жаңылысқан қай маңнан?!
Біздің жылдар күтпейді енді, жалғандығы өтелген,
Өткерудің соңғы өткелі - жалығу.
Сенің тұман көзіңнің сөзі өртелген мекенде,
Түнегімді жарудың ақырғысы - арылу !
***
Кәрі шал...
есігін қағып тұрғанындай ескі үйдің,
Мен
əр елдің бағзы сазынан
адамзаттың жалғыздығын естимін...
Санадағы сансыз жазу жоғалды,
Көшпелі керуеніндей құм сіңірген -
жоқтағаныммен, обалсыз...
Қараңғы мен жарық -
Тәуліктің сыңар қанаты.
Ол да ендігі қағысынан жаңылған,
Бірі баяу - Қара бояу
Жұлдыздарға шағылған.
Өрмекшінің торындай қуыстарда желбіреп,
Қағидаға қамалған күмәншіл ой жалауын
өртер болса еркіндіктің алауы!
Жауап таппай аттанған,
Ұлылардың тынысындай жердегі...
Жанымдағы сəбидің бүлкілдейді еңбегі.
Бейнетқорлық
Жазығы жоқ сөздерді парақтарға таңуға,
Үйрете ме біздерді,
Сыбызғы үнін ежелден аңсап жатқан жалған маң?!
Дүниенің тылсымын танытам деп аруға -
Тəңірдің бейнесін салуға...
Жеткізбейді ғасырлар,
Жеткізбейді армандар!
Тіршілік
Ойлар, сірә, жолдардың жолдасы,
Адымыңды алдар түйісіп...
Шабытыңды қытықтайды -
күмбезді ауылдың уағызшыл молдасы
және жыңғыл тозаңының иісі!
Солқылдатып құмарлық безгегі,
...Үрей торыған мекеніме тоқтадым,
Ұмытқан өлеңдерімнің сөздерін
жоқтадым.
Өзіндей шексіз көлемді,
Қараңғылық менен өлең қаужайды - демікпем...
Мен білсем - Тіршілік күндейді өлеңді -
Кінәлайды олар Бодлерді...
Неліктен?!
***
Қуыс үрген көк ызғардан тоңып келдім жол бойы.
Жалғандығын ақтап жатыр Ақиқатпен теліген,
Бұла тағдыр бояу малған іңірімен қол қойып...
Ауыл кеші бүрсеңдейді.
Шуылы аз ба қаланың?!
Жайсыз xабар қабырғасын қайыстырған құрдастың,
Солған өңін көргім келмей арқасынан қағамын!
Табанында табынарын таптағанын білсе адам,
Буалдырлау тар жолдардың алқымынан іңкәрлік,
Естелігін бұлғай-бұлғай шаршаған.
Сол секілді мен де әлі ескі күнге табынам...
Аңсайтыным арса-арса тілсіз жүрер кезбелік,
Себеп те жоқ жаңашылдан жалығар.
Құшағыма қысар едім сағым қолға көнсе егер.
Тебіреністер топыраққа жұқпайтынын білемін,
...Бақыт неге өткеніңді ұмытумен өлшенер?!
***
Жұлдыз - адам көзінің раxаты үшін шашқан Тәңір дәні.
Ымырт киген елестей сылаңдайды тал ырғалып,
Саусақ ұшынан ұзаған түтін сіңді жейдеме сағымдалып,
Мен отырмын тасада, сен билеген әуезге жаным талып !