ЕЖИ ЛЕЦТІҢ АФОРИЗМДЕРІ

АФОРИЗМДЕР
6721

ЕЖИ ЛЕЦ

Қазір ХХ ғасыр болмайтындай етіп тезірек басқа күнтізбе жасап ала қояйық!

***

Мүмкін, Иерихонның қабырғалары іштегі фанфардың ұзақ гуілінен құлаған шығар?

***

Тәбет тамақ үстінде келіп, аштық кезінде жоғалады.

***

Атеистер «Христос туған жылдан бергі» заманды - «біздің эра» дейді. Қызық ә.

***

Ех, ситуацияны емес, өмірді көре алсақ қой! 

***

Өзіміз шыққымыз келмеген жағдайды тығырық деп атаймыз.

***

Сауатсыздар үйретуге құмар.

***

Ұйқының қашуы - адамдарға көп нәрсеге көз жұма қарауды бұйыратын заманның ауруы.

***

Көпшілік дүниеге азшылықтың көзімен қарайды.

***

Оқталмаған мылтықтан қорқам. Онымен бас жаруға болады.

***

Болашақ зaу биікте тұр, ал сен құз түбіндесің.

***

Адамдар шынымен ұлы болғанда, жер бетінде көбірек орын болар еді.

***

Пафос қиратқан дүниені сатирамен жөндейтін заман туады.

***

Жүрек пен бастың арпалысында қашанда асқазан жеңеді.

***

Адалдықта аздаған жалқаулық, аздаған қорқыныш, аздаған шаршау, аздаған енжарлық, кейде аздаған адалдық болады.

***

Кісісі асылып өлген үйде арқан жайлы әңгіме айтылмайды. Ал жендеттің үйінде ше?

***

Ұлы дәуірге ұсақ адамдарды көптеп сиғызуға болады.

***

Адамтанудың шыңы - құпия полицияның архиві.

***

Сен осы Құдайға сенесің бе? Адамдар осы сұрақты көп қояды, ал Ол - үнсіз.

***

Өтірік? Бірақ сужаңа ғой.

***

Билік бастан басқа емес, қолдан қолға көп өтеді.

***

Әуелі сөз болған. Содан кейін барып үнсіздік жаралды.

***

Қаланы қамтамасыз ету жоспарында анекдот та бар. Билік бұл тарапта да жұмыс істейді. 

***

Шедеврдің жарқылынан өзіңнің талантсыздығыңды көресің

***

Ергежейлілер елінде ел басшысына үлкейткіш арқылы қарауға ғана рұхсат етілген.

***

Өтіріктің иелігіндегі фантазия арам өледі.

***

Бәріне еврей кінәлі - мынаның бәрін жасаған солардың Құдайы.

***

Торғайдың бүркіттің торына қамалғаны - еркіндікке шыққаны.

***

Қорқақтар батырлардың моласына жатудан еш сескенбейді.

***

Неге сенесің дейсің бе? Бар болса Құдайға сенем.

***

Жылжып бара жатқан уақыт емес. Мына біздер оған қарсы жылжып барамыз.

***

Конгоның тұрғындарына ыстықтан қалай сақтану керегін үйрететін эскимос қашанда табылады.

***

Компастың тілінен көз жазба - ол қашан дірілдеу керегін біледі.

***

Мақсатың жылжымалы болса, сен де өмір бойы оған ұмтылумен өтесің.

***

Бәрі иллюзия. Әрине алдыңғы фраза да солай.

***

Жақсылық бәріне керек. Беріп қоймаңыз.

***

Әлемдегі барлық кісен бір шынжырға жалғанған.

***

Қалай болғанда да боқта бірдеңе бар, миллион шыбынның қателесуі мүмкін емес.

***

Автор қандай жетістікке жетті дейсіз бе? Ол көпшіліктің деңгейін төмендетті.

***

Аштық: тәбеттің шыңы, онымен басқаларды да өлтіруге болады.

***

Өз азаматтарының өлетін күнін нақты білген мемлекет, жоспарлы шаруашылықпен қарқынды түрде айналыса берсе болады.

***

Кресте ғана бел жазуға болатыны өкінішті.

***

Тіпті Пайғамбардың да сақалын қыруға болады!

***

Оның үнсіздігінде де грамматикалық қателер бар еді.

***

Тіпті тақтың өзі шалбарыңды ақжем қылады.

***

Боқпен егер ол тыңайтқыш болса ғана айнылысуға болады.

***

Ат пен ғашық жан үшін шөптің исі әртүрлі.

***

Ойлану үшін ми керек, адамды айтпағанда.

***

Терең ойға дейін биіктеу керек. 

***

Догматиктер - прогресс кепілі: оларға түсіндіру қауіпті - қиратуға тура келеді.

***

Өнер түсінікті болу керек пе? Иә, тек әрине бағытталған адамына.

***

Адам күшті болу керек пе? Мен уақыт өткен сайын, адамның ет пен қаннан тұрғаны жөн-ау деп ойлаймын.

***

Жол белгілері шоссені лабиринтке айналдырып жіберуі мүмкін.

***

Ақымақ - өзін менен ақылдырақ санайтын адам.

***

Қапырық! Терезені ашыңыз. Мұны сырттағылар да сезінсін.

***

Тозақтағы ібіліс - қалыпты образ.

***

Егер шүйіркелесу өнері дарға асылып қалғанда, туу көрсеткіші де төмендер еді.

***

Егер: «Ешкім киелі емес!» деп жар салсаң, атеистердің өзі өкпелеп қалар еді.

***

Егер өнер бөлменің төрт қабырғасында тиылмаса, оның аузын түрменің төрт қабырғасы жабады.

***

Адамжегіштің шанышқы мен пышақ қолданғаны прогресс пе?

***

Егер тарихтан өтірікті сызып тастасаң, онда тек шындық қана қалады деген сөз емес.  

***

Өмір адамды көп нәрсені өз еркімен жасауға мәжбүрлейді.

***

Өмір - өте зиян. Одан бәрі өледі.

***

Қан ішкің келе ме? Онда бүргеге айнал!

***

Жендеттің мәңгілік арманы: сапалы қызметі үшін жазаланушының алғысын алу.

***

Егер адамға тән сәл бірдеңесі болғанда, ешкі де шайтанға айналар еді.

***

«Бір крестен екі дар ағашын шығаруға болар еді» - деп мысқылдады маман.

***

Біз шыға алмайтын бір жүйе бар - ол Күн жүйесі.

***

Деспот жараланса, миллиондардың қаны суша ағады.

***

Жұмақтан Адам мен Хауа ғана қуылды. Ал сонда арыстандар мен қырандар, бүргелер мен маймылдар қалай ол жақтан бостандыққа шығып жүр? Алма туралы да сол? ..

***

Кейде сайтан мені Құдайға сенуге мәжбүрлейді.

***

Біреулердің пафосын оқыған сайқымазақ, өзінің қызықсыз болып қалғанына қынжылады.

***

Кейбіреулер болашаққа тура қарауға қорқады, болашақ көтенін көрсетеме деп.

***

Әр ғасырдың өз орта ғасыры бар.

***

«Егер төсегіңде әйеліңнің көңілдесі басқа бір келіншекпен жатқанда үстінен түссең, өзіңді қалай ұстаған жөн?» - деп сұрады бір досым.

***

Халқының тең жарымынан полиция жасақтап, қалған жартысын мемлекет есебінен түрмеде ұстау үшін, қандай бай мемлекет болуы керек?

***

Дауысы еленбейтін халықтың үні гимн айтқанда да сезіліп тұрады.

***

Күлетін ештеңе қалмай қалған кезде, сатириктер өмірге келеді.

***

Өсек қартайса аңызға айналады.

***

Кейде өсуге шатыр да кедергі.

***

Күлуге тиым салынған жерде, әдетте жылауға да құқың жоқ.

***

Техника адам өзісіз де өмір сүре алатын деңгейге дейін жетіледі.

***

Техниканың аты техника ғой, бірақ лифт сатыға қарағанда көп бұзылады.

***

Семіз адам аз өмір сүрсе де, көп жейді.

***

Өлгеннің бәрі оның бұрын тірі болғанына дәлел емес.

***

Кімнің жады мықты, сол көп нәрсені тез ұмытқаны жақсы.

***

Адамдардың рефлексі өте баяу: тек келер буын ғана түсінеді.

***

Соқыр сенімнің қатыгез көзі болады!

***

Генийлер өндірісі бар, бірақ оған шикізат жеткізілмейді.

***

Факт қашанда тыржалаңаш, тіпті ол соңғы сәнмен киінген болса да.

***

Дөрекілік интеллект өзімен тең дәрежеде реакция бере алғанда ғана мағыналы.

***

Нан кез келген ауызды ашады.

***

Суретшіге кейде алдама - ойдан шығар дегің келеді!

***

Сөздің қадірін біл. Оның әрбірі сенің соңғы сөзің болуы мүмкін.

***

Мына өмірде бізді тартылыс заңынан басқа тағы не ұстап тұр?

***

Хаос деген не? Ол әлемді жарату кезінде жойылған тәртіп.

***

Ақсап келе жатса, демек келе жатқаны.

***

Бұлақтың көзіне жету үшін, ағысқа қарсы жүзу керек.

***

Қол бұлғамау үшін, кейде алақанға банкнот салған да дұрыс.

***

Шедевр тіпті ақымаққа да түсінікті. Бірақ ол басқаша түсінеді!

***

Ол өзі бір діни-прогрессивті жан еді. Адамның маймылдан жаралғанына, бірақ Нұхтың кемесіндегі маймылдан жаралғанына келісті.

***

Ол көрнекті дәрігер: ол әлденеше ауру ойлап тапты, тіпті олардың кең тарауына да септесті.

***

Егер тап біздікіндей құпиясы болса, балық мылқау боп жүре бермес еді деп ойлаймын.

***

Мен әйел затын жақсы білмейін, мен олардың еркектен айырмашылығын жынысына қарап қана ажырата алам.

***

Мен сондай оптимист адаммын. Ойлаңызшы, моральдық заңдардан аттап өткен адамзат неге физиканың заңдарынан да аттап өтпеске?

***

- Мен ертеңнің ақынымын! - деді ол.

- Бұл туралы бүрсүгүні сөйлесейік - дедім мен.

***

- Мен өмірді ғажап деп естідім - деді соқыр.

- Солай көрінген ғой - деді көзі бары.


Орысшадан аударған Нұрлан Хавдай

author

Нұрлан Хавдай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Мамандар 23-25 қараша аралығындағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлай...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқушылар онлайн оқып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.  Облыс аумағында...