ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарих саханасына «жадит» ұғымы шықты. Жәдитшілдік бағытта...
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Абай жуық маңда зерттеліп бола қоймайтын күрделі тұлға
Абайды әлемге танытудан бұрын оның қандай деңгейдегі тұлға екенін өзіміз танып алуымыз керек. Мұндай пікірді Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған шарадан кейін ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы білдірді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта абайтанушылар Абайды хәкім дейді. Меніңше, Абай хәкімдіктен де жоғары тұрған адам. Осыны зерттеуміз қажет. Мәселен, Абайды үнемі Батыс пен Шығыс өркениетіне байланыстыра қарай келе «солардан үйренген, зерттеген, өз халқына даналықты сол өркениеттер қазынасы арқылы түйіндей жасаған» дейді. Меніңше, қазақ халқы да аспаннан түскен жоқ. Оның арғы ата-бабаларының мыңдаған жылдардан бұрын келе жатқан өркениеті, дүниетанымы болған. Міне, Абайды осы тұрғыда зерттеу жетіспей жатыр», - деді ақын.
Оның айтуынша, Абай өзінің арғы-бергі ата-бабаларының дүниетанымынан не алды, оны еңбектеріне қалай жаратты, ұрпаққа қалай мирас етті, не айтқысы келді деген мәселелерді саралау қажет. «Осы тұрғыдан келгенде Абайды әлемге танытудан бұрын біз оның қандай деңгейдегі адам екенін танып алуымыз керек. Әрине, Абай данышпан, ақын деп айтуға оңай. Абай өте кең, жуық маңда зерттеліп бола қоймайтын күрделі тұлға. Сондықтан биылды абайтану жаңа заманының бастапқы кезеңі деп есептеуіміз керек», - деді Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.