ДМИТРИЙ МЕНДЕЛЕЕВ – атақты орыс ғалымы, энциклопедист Анасы – МАРИЯ...
Абайдың барымта ұйымдастыруы
...Пұшантайдағы Абай ауылының үстi хан базар. Елiмiздiң санаттағы мықты, ер жiгiттерi басы қосылған. Бiрақ бiрi де қолды кiмнiң басқаратынын бiлмейдi. Қол ағасы белгiленбеген. Тобықты атамның әр атасына ие ел ақсақалдары да жиналған екен. Бiр көк қасқа айтылып сойылыпты. Ет желiнiп болған соң, Абай ортамызға кеп, шешiмдi сөзiн айтты. Аттанбақ кiсi саны жетпiс бiр екен. Бұл Тобықты руы үшiн киелi сан саналады. Өйткенi Тобықты Шыңғыстауға келгенде, Кеңгiрбай-Мамай соңынан еретiн жiгiттер саны жетпiс бiр бопты. Менiң тосқаным - қол ағасын Абайдың атауы. Абай бiр шетте отырған бiр жiгiттi қолымен ымдап шақырды. Мен танымайтын жасөспiрiм. Мұрты жаңа түбiттене бастаған. Абай:- «Қолды мына жiгiт бастайды. Аты - Бесбесбай. Осы ұзын сызса жүресiң, көлденең сызса қонасың. Мұның дегенiне бағынбағаның, жұмсауына жүрмегенiң - бұл ел бетiн көрмей-ақ қой. Аруақты аяққа таптап, шiрiген жұмыртқамын де, өзге ел табасың кiмiң болсаң да! Баратын елiң - Керей елi, жерiң Қорғалжын теңiзiнiң бойы. Сол ел мен жердi жақсы бiлетiн мына екi жiгiт - менiң жылқышым. Қыс бойы жылқыда болды. Естерiңде болсын, қолда кiсi қалдырмаңдар. Кiсi өлтiруге ұмтылмаңдар. Қолға түсер болсаң, қорықпа! Мен тiрi болсам, ұзатпай алып шығамын. Сендермен ел аруағы бiрге бармақ. Аруақ алдымызда бастап, бетiмiздi түзеп отыр деңдер. Аруақ жар болсын, жiгiттер. Сендер ұрлыққа емес, ел намысы үшiн аттанып отырсыңдар!»
Ал, Бәке!- деп, Жуантаяқ Байғұлақ ақсақалға сөз бердi. Бәкең бата берiп жөнелтiп салды. Ауылдан аруақ шақырып, «Абылай» мен «Кеңгiрбайды» кезек атап, ұрандап шауып шықтық. Барымта жасырынып шығар ұрлық емес, салты солай...
Жол тартып келемiз. Шыққаннан бұрынғы әдетiмше қол алдындамын. Қолбасы бала да менiмен қатар жүрiп отырады. Әңгiмеге тартсам, сөзге жоқ, тұрпайылау сөйлеп, қоңқ етiп жауаптасады. Дене бiтiсi мен атқа отырысына сүйсiнейiн. Атпен қоса туып, қоса жұтылғандай отырысы. Тым шекелi, басы кiшiгiрiм қазаннан үлкен, көзi жолбарыс көзiндей отқа толып, жып-жылмағай тасырайып тұрады. Мiнгенi соқталы ұзын ақ көк ат. Боз атпен желiп жөнелсем, жалпылдап шауып отырады. Қаруы-бақан iспеттес ұзын сойыл, тақымында қара шоқпар, белiнде қысқалау қылыш.
Қол сулар, ат шалдырар, түнейтiн жерлердi менiң белгiлеуiмдi тiлейдi бала. Кейде оның мақұлдауынсыз-ақ берген әмiрiме бала басшы қарсы келмейдi. Онысына ырза да болғанмен, қолбасы болып белгiленбегенiм iшiмдi аяздай қарып жiбiтпейдi-ақ.
Сарыарқа жерiнiң өңi сан мәрте ауысты. Бiр өңiрi балқашты мол көгалды болса, бiр өңiрi ұсақ төбелi қырқалар, бiр өңiрi, ақ сортан шөлдi. Жiгiттер жалыққандай, қажығандай... Содан барар жерiмiзге таяғандаймыз. Жер бiтiсi өзгерiп, ылди боп, жазыққа айналды. Жобалауымызша, бiр-ер күндiк жер қалды десiп келе жатқан бiр түнде жол бастаушы екi Керей қашып та кеттi. Қапы ұрдық та қалдық. Не iстеу керек? Жетпiс бiрiмiзден бұл жаққа аяқ басқанымыз жоқ екен. Қолбасымыз: - «Сонша жерден келiп, қобалжудың керегi не, Абайдың екi жылқышысы елiне хабарға кеткен болды. Дұшпан хабар тапты деп есептейiк те, осы бетiмiзде түнде жүрiп, күндiз қарауыл қарайық. Жүрегiңе қобалжу кiргенiң болса, менен рұқсат, ат басын керi бұруыңа болады. Қазiр Абаң екеуiмiз арамызды ашып тұрамыз, өткенiң қол қатарында қаласың!»- деп, қатқылдау сөйледi. Бала басшының бұл сөзi менiң iшiме қона кеттi. Бұл қолды қайрау, ер қайратып жану ғой. Жақ ашпай-ақ жеке шығып, бала басшы, екеуiмiз арамызды ашып тұра қалдық. Қол бiр-бiрлеп екеуiмiздiң арамыздан өтiп болды. Бұл қол алдағы айқасқа тас түйiн деген сөз. Қолбасы бала көзi жайнап, өңi кiрiп дүр сiлкiнгендей. «Бiз бүгiн күндiз ашық жүремiз. Түнде кеткен екеу жетiп, елi хабарланғанша уақыт ұту керек. Ат тынығатындай уақытымыз бар әлi!»- деп бастап жөнелдi. Байқаймын, Бесбесбай бала етек-жеңiн жинап, дұшпанға кезiгер сәт таянған сайын өзгере бастағандай. Тым жинақылана түстi. Бұл қолға да әсер етiп, жiгiттердiң жүрiс-тұрыстары ширап кеттi. Жүрiсiмiз суыт болды. Жер танабын бiрөңкей саңлақ аттар қуырып-ақ жiбердi. Жазықтан шығып, төбе-төбеге кеп iлiндiк. Кежуiлге, қарауылға адамдар бөлiп, қол тынымдады. Ертеңмен тұрып, ыстық iстеп iшiп, ат оттатып жаттық. Қарауылдағылар «алыс емес бiр биiк көрiнедi, кежуiлшiлер сонда кеттi» деп келдi. Түс қия олар кеп, бiр түстiк жерден жайқын теңiз суы көрiнгенiн, бергi жағы қалың ел екен, көшiп судан өтiп, қонып жатқанға ұқсайды» деп келдi. Қолбасы маған:- Сiздiң көзiңiз алысты көредi дейдi ғой. Қасыңызға екi жiгiт алып, жолаушыға ұқсап биiкке шықсаңыз. Егер көшiп, судан өтiп қонып жатса, ендi жасырынып қайтемiз. Күн батқанша сол биiкке жетiп, қараңғы түсе, судан өтiп жылқысына тиелiк!- дедi. Мен де сол сөздi қостадым. Өйткенi, бүгiн бiз үшiн қолайлы күн. Бүгiннен кешiксек бұл елге iшкерiден тағы да күш қосылмақ. Биiктен қарасам кежуiлшi топтiкi рас. Қалың ел судан аржаққа асығыс өтiп қонып жатыр. Атой сап, қолға белгi берген соң, олар да келдi. Аттардың ерiн алып, сергiтiп, кеш түсуiн күтiп, ас iшiп жаттық.
Күн кешкiре биiкке шығып қарап отырмыз. Шимандай қалың ел судың ар жағына қонып, үйлерiн тiгiп болыпты. Бергi жағада тiршiлiк белгiсi жоқ. Әр үш-төрт ауыл ортасына жылқыны қоғамдап жүр. Ауылдар жылқыларын теңiзге жапты да жылқылырын топтап айдап кеп, бiр-бiрiне қоса бастады. Әр топтағы жылқыда үш-төрт мыңның қарасы бар. Мұнысы жылқыларын солайша топтап ұстап, құрылған қолдарында топтап жиып ұстаудың, жауды сөйтiп қарсы алудың шарасы екенiн ұқтық. Осы арада үлкен бiр қате жiбергенiмiз көрiндi. Мынау судан арғыға қалай өтемiз, өткелдi барлап бiлудi ойдан шығарғамыз. Тағы да не iстеу керекке тiрелгенде, Бесбесбай «тiлсiз жау болғанмен судан қорқып қайтпаспыз. Бiр қылта жерi табылмас дерсiңдер ме, саламыз суға атты»- деп қайраттанды.
Зор шайқас болатынына күмән жоқ. Қалың шайқас үстiнде бiр-бiрiмiздi ұрып алмаудың тәсiлiн iздестiрдiк. Ақылдаса кеп, баршамыз сыртқы киiмдi шешiп, сыптай қып буып қанжығаға байлап ап, iшкi көйлегiмiзбен кiлең ақ киiмдi болмақпыз. Ол да iстелдi. Қолда кiсi қалдырмау үшiн бiр-бiрiн жақсы танитын сыр мiнез жiгiттерден топ құрып, жетекшiсiне ешбiрiнен көз жазбай, топ боп соғысу мiндеттелдi. Бiрi аттан түсiп қалса қоршап тұра қап атқа мiнгiзiп немесе бiрi өңгерiп әкетуi керек. «Абылайлайтын» тек қолбасы Бесбесбай болмақ. Ол олай бұлай болса, «Абылайлап» дауыстайтын мен болуым керек. Өзгелер тек «Кеңгiрбайлайтын» болсын!.. Қол бағытты сол дауыстан айырады. Осыған тоқтап, Алла мен аруаққа сыйынып, iңiр түсе теңiзге бет түзедiк. Бала бастыққа қараймын, өң-түс, жүрiс-тұрысында қымсынған, қысылған нышан жоқ. Тек тастүйiн ширығу бар. Бiраздан соң Бесбесбай:- Ақсақал, қолдың артына түсейiк!- деген соң, ат басын iркiп, кейiндеп ем, «Абай ағам кiсi жазым болса, сүйегiн қалдырмай белгiлi бiр жерге «аманаттай» жерлеңдер. Кейiн алғызамын»- дедi. Ал, сiз алғашқыда соғысқа араласпай тың тұрыңыз, шайқас бүгiн түнiмен бiтпес. Арттан қуғын болмай қоймас»- дедi. Ақыл сөз. Теңiзге кеп тiрелдiк. Бiз соғысу үшiн ғана емес, жылқы алуға келдiк қой. Қолдың көбi соғыста жүргенде жылқыны айдап кетуге деп жиырма жiгiт бөлгемiз. Су бойын жағалап келiп-келiп бiр қылтаға ат салып, өтiп шықтық. Жылқы айдаушылар басшысы жырынды жершiл Баймұрын болатын. Баймұрынды шалғыншыға жiбердiк. Баймұрын «теңiз жағасында жылқы жоқ. Ел жылқысын үш-төрт мыңнан шоғыр үстап, iшкерiде бағып жүр. Үй сайын ат ерттеулi. Бiрнеше кежуiлдегi топтар көрдiм. Менiңше, ары iшкерiге өтiп барып соқтығайық. Жеңiп бұзып өтпесек жылқы алғызбайды. Артымыздан қуғын болдырмау үшiн осы дұрыс болады - дедi. Қолбасымыз да, қол да осыны дұрыс көрдi. Iшке өтiп, бiр қалың жылқының тұсында аттардың iшiн босатқызып, ер тұрманды түзеп алып, атқа қондық. Сыбызғымды қолыма алдым. Қолбасымыз зырылдауығын қатайтты. Бұл келгендердiң осалы бар ма... Бiр-бiреуi бiр қол бастар азаматтар. Әр қайсысы он кiсiлiк атан жiлiк жiгiттерi десек, сол жетпiс бiрiмiз мыңға татимыз-ау деп ойлаймын. Сыбызғы, зырылдауық тартып кеп жылқыға тидiк. Жерде айғай, көк те айғай... Жерi ойдым-ойдым ағаш, қалың шалғынды екен. Кiммен кiм соғысып жатыр - мәлiмсiз. Аннан бiр, мыннан бiр қолбасы баланың «Абылайлап» ақырған дауысы шығып қояды. «Қайда?», «Қайдалаған» ел кiсiлерi құйылып жатыр. Бiр тәуiрi мылтық даусы шықпайды. Сарт-сарт қағысқан сойыл, шоқпар, бiр-бiрiне кiжiнiскен дауыстан құлақ тұнады. Мен соғысқа араласқаным жоқ. Ауық-ауық жүгiртiп кеп, қолды аралап өтемiн. Бiздiң ақ киiмдiлерiмiз лек-лек боп араласып, бұзып өтiп, бұзып шығып жүр. Ел кiсiлерi жусап қалып жатыр. Бiрақ, үстi-үстiне төрт тараптан құйылып жатқан кiсiде есеп жоқ. «Кеңгiрбайлаған» сол уақытқа дейiн жарқын-жарқын шыққан дауыстар қырылдап, қарлығып шығатын болды. Қолбасы даусы да қарлыққандай. Ал, соғыс жүрiсi жойқын. Ұрыс бәсеңдер емес. Сырттай тұрып жалығып, жүрегiм де сескене бастады. «Түгел қолда қаламыз» - деген үрей денеме кiрдi. Әрi Абай ұнаған, қолбасы еткен жiгiттiң жеңiп, жылқы апарғандағы атақ, даңқ көз алдыма келiп, iшiмдi қызғаныш та буып барады. Әлi бiр ретке де сойыл сiлтегемiн жоқ.
Атым да, өзiм де тың тұрмын. Басыма екi талай күн туса қашып құтылатыныма бек сенiмдiмiн. Осы ұры ой бойымды әбден билеп алды. Түн ортасы ауып, таң алдындағы қараңғылық түсе соғысушылар су жағалауына қарай ауыса бастады. Тың-тыңдап соңынан ерiп келем. Жан-жақтан қосылушы ел адамдары да сирей бастады. Елдi жау еңсере бастағандай, «апырмай-ай, шынымен бiз жеңгенiмiз бе?» - деп ойлап, бағанағы соғыс орынын аралап, аттан түсiп қалғандар болса, құтқарып ап, абырой алмаққа Ақбозбен жүгiртiп жүрмiн. Мертiккен, жаралы боп есеңгiреп отырғандар, ыңқылдап жаяулап атын iздеп жүргендер ығы-жығы. Майдан даласын оңды-солды сүзiп жүрмiн. “Ат - ер серiгi, қанаты” деймiз ғой. Жақсы аттың иесiмен жаны да бiр ғой. Кiсiмен бiрге араласып жүрген жаралы аттардың өзi бiр табын дерлiк. Денiнiң басы жарылған. Бiздiң жiгiттер ел адамдарының мiнген аттарында шекеден ұрып құлата берген сияқты. Сонымен, өстiп бiр қауым уақыт өткiзiп аппын. Соғыс болған жерде қалған бiр кiсiмiздiң де жоқтығына көзiм жетiп, қол артынан жүрсем, жылқы да, жау да, ел де жоқ. Судан жылқыны өткiзiп әкетiптi. Ұрыс сарыны алыстан естiледi. Суды жағалап өткел iздеп келемiн, өткел жоқ. Ақбозды суға салуға жүрегiм дауаламайды. Өзiмде жалғысырау, қорқу бардай. Содан тағы бөгелеңдеп бiраз жүрiп, көзiм бiр судың енсiз, ат қарғып өтердей жерiне түсiп, Ақбозды ағындатып көп қарғыттым. Ақбоз ытқып кеткенде, мына масқараны қараңыз, тақымым босап, ат құйындата кеттi де қалды. Бұл масқараның үстiне, судың жау ел жағында қалғанымды қараңыз... Екi етектi түрiп дегендей, бiр қолыма шоқпарымды алып, бiр қолымда сойылымды сүйретiп кеп, таң әбден жарықталғанда судан Ақбоз атпен өте алмаған сорлы басым ағашты құлатып түсiрiп, бағанағы жерден ағаш бұтақтарын бiр-бiр басып өтiп, жөнелдiм жаяу. Ендiгi бар мақсатым көзге түспей осы арадан кетсем деймiн. Ат барған соң, бiреу болмаса бiреу жоқтап, бiреуi iздеп келер деймiн. Ағаш-ағашты далдалап, бұғып келе жатқанымда бiр алаңқайдан бес кiсi шыға келiп, төбелеп-төбелеп ұстап алды. Сiлтеген сойылым тисе бұйырмасын бiреуiне. Жетектерiнде бiр қара шолақ аттары бар екен. Соған мiнгiзiп, екi аяғымнан атқа таңды да тастады. Екi қолым артыма қайырыла байланған. Сөздерiнше, бүкiл серiктерiмнен қолға түскен жалғыз мен екенмiн. Есiм ендi кiргендей өз жайымды ойласам, менi аруақтың атқаны анық. Iштарлық, күншiлдiк иттiң жеткiзгенi осы. Абай қолбасы етпесе, сол иттiгiмдi дәл бiлген... Тарт сазайыңды деп өзiмдi өзiм табалаймын. Алайда, үмiт шiркiн де үзiлмейдi. Күн шыға су жағасына таяғанда артыма көз салсам, көз ұшында бiр қара жұлындай боп ұшып келедi. Көз сүртуге қол жоқ, тесiле қарағанда жетегiнде қылаңы бар. Қолбасы бала Бесбесбай шығар дейiн десем, оның ақкөк аты қылаң боп көрiнуi керек қой. Суға кеп түсiп, судан шыға бергенде шалқалап қап, анықтап көз салсам жетектегi ат нақ Ақбоз атым болды. Ендi мыналар көрiп қоя ма деп, бұларды сөзбен алдандыра бастадым. Малын алдырып, өздерi жеңiлiп келе жатқандар сөз көтере ме?... Болмашы әзiлiме ашу шақырып, кезек-кезек сойып келедi, өзiме-өзiм “Саған сол керек. Аруақ атқан соң осылай болмақ!” деп келемiн. Ашулы серiктерiм бiраздан кейiн қара шолақты жетектен жiберiп, алдына салып айдады. Ендi маған қамшы емес, сойыл тиiп келедi. Оны да сыбағам деп қабылдаймын. Сөйтiп келе жатып, әжептәуiр соққы алдым. Бiр шақта көз қиығын жiберсем, бағанағы қарайған төнiп кеп қапты. Қу сөздi көбейтiп жiбердiм бе, екi-үшеуi бiрдей тiлдеп, төпелей бастағанда:- Қайда апарасың?!- деп ақырған дауыс шыққанда бесеуi тұра-тұра қашты. Әлгi келген бесеуiн бес-ақ сап ұрып жықты. Бесбесбайды таныдым. Ақ көк аты терден қап-қара боп кетiптi. Ендi менiң астымдағы қара шолақ ит ұстатсашы... Әйтеуiр, әуре боп жүрiп ұстап, аяғымды таңған шылбырды қиып жiбергенде серейiп түстiм. Қолымды босатып, Ақбозды әкеп тосқанда үш ұмытылып атыма мiне алмадым, Бесбесбай:- Ой, Төбет!- деп зекiп, ат үстiнен кеп, атқа көтерiп салды. Жөнелдiк. Баланың зекiгенiне қарағанда ол менiң соғысқа қатыспағанымды бiлетiн секiлденедi. Бұл да қайғы үстiне қайғы боп жамалды. Оның үстiне күнi кеше Ақбоздың желiсiне әрең iлiсетiн көк ат қазiр дүлдүлге айналған. Менiң Ақбозым баланың ақ көгiнiң желiсiне шауып әзер iлiседi. Баланың өзi ше?!. Иығы шығып, өркештенiп кеткен. Бағана киген iшкi ақ жейдесiнен тамтық жоқ. Бұрынғы қазандай басы екi есе үлкейген. Көзiне түсiре киген сеңсең тымағы басына тарлық еткендей төбесiнде шошаяды. Шоқпары жарыла сыныпты. Сойылы қысқарыпты. Сойылдың ұшына көзiм түсiп едi ұшынан жемiрiле сыныпты. Бұл баланың ұрғанда сойылды дәлме-дәл сiлтегендiгiн көрсетедi. Ұрар жерiне сойыл ұшы дәл тигенде жемiрiлiп отырылмақшы. Қолға келiп жеттiк, жiгiттер алдымыздан шығып маған аңырая қарайды. Бәрiнiң жайды бiлгiсi келедi. Менде, Бесбесбайда да үн жоқ. Мен кеп жiгiттердi түгендесем бәрi түгел. Тек, баршасы жаралы, бастары жарылып, мойындарына, мұрттарына қан қатқан. Сынған ба, мойындарына қолдарын асып алғандары да көп. Бiрақ, мойып келе жатқан бiрi жоқ. Шiркiн, жеңiс қуанышына не жетсiн!?. Түстiк жерге шығып, анадағы төбелерге жеткен соң, қолды тоқтатып, екi биенi сойып, қол ыстық iштi. Қолбасы:- Аба, жылқының мөлшерiн шамалаңызшы, ерiмен келген атты бiр-бiрлеп санаңыз!-деп, аз-маз тынықты. Қарауылдағылар артымыздан көрiнген жорғалаған тышқан жоқ- деседi.
Жылқы саны екi мыңнан аспаса, кем емес сияқты. Баймұрын: “Екi жарымға тартады- дейдi. Ертоқымды ат екi жүз елуден асты. Ендi жылқыны тықпалап айдамай ауық-ауық тыныстатып, көгалды, я қалың бетегелi жерде бiраз жұлғызып-жұлғызып келемiз. Таң бiлiне соңғы қонған биiгiмiзге жетiп және тыныстап, ыстық iшiп, қолды iрiктедiк. Соғыс үстiнде жылқыны айдаған жiгiттер тыңдау екен.
Баймұрын мен Дулат ақсақал (Мамайдың Байшорасының батыры, жетпiс жасқа жасы келiп қалған) бастаған он бестей жiгiт солардан iрiктелiп, өзге жiгiттерден жарасы жеңiлдеу жиырмаға тарта жiгiттi барлығы отыздан астамымыз тосқауылға қалмақ болдық. Қолбасы бала ұйықтаса болды қатты ыңқылдайды. Тымағын басынан алмайды. Көзi iсiктен көрiнбейдi. Iсiк бетiнде iркiлдеп тұр. Жылқымен iлгерi жүре бер дегенiмiзге үн қатпай, тосқауылда қала бердi. Бесбесбай ат үстiнде де ыңқылдайтын болды да, сәске түсе:- Аба, бiз бұл бетiмiзден бұрыла жүрейiкшi!- деп, қиыстай тартты. Он шақырымдай шыққан соң, бiр биiк түбiндегi бұлақты көрiп, артқа көз салсақ, бiздiң қол келедi, әлi қуғыншы көрiнбейдi. Оны көрдiк те бұлаққа кеп аттан түстiк. Жер таза екенiне көзiмiз жеткен едi.
Ендi бала сеңсең тымағын алып едi, басын көрiп жүрегiм тiксiндi. Басы бас емес, шоқы. Бiтеу жара деген сөз жетпейдi. Iсiгi iркiлдеп, көгерiп талаурап кетiптi. Бала батыр шөке түсiп отыра кеттi де «Аба басымды қыл шылбыр мен таңып алып едiм. Көрiне ме?» дедi. Көрiнбейдi. Екi шекесiн қысып қарап көрсем, қыл шылбыр басқа енiптi де, қылдары әр жерде қылтияды. Батыр қылыштың ұшымен шетiн алып көрудi сұрап едi. Шылбыр тым терең енген. Өйтуге болмайтын болды.
Ендi бала есi кейде ауып, кейде кiрiп, басын тiлiп, сарысуын ағызуды өтiнiп болмады. Ыстығы қол күйгiзетiндей. Бас құйқасын тiлiп, қанды сары су ағызылмаса, баланың мың жаны болса да тiрi қалуы екi талай едi. Селебе пышағыммен батыр басының құйқасын төртке тiлiп-тiлiп жiбергенде, шапшыған қанды сары суы бетiмдi жуып жiбердi. Батырым есiнен танды да қалды. Жаным ашиды-ақ!.. Басын тiземе салып отырып, ақырыңдап сауа сығып отырып, бiтеу жарадан болған сары су, қанды iрiңiн тауысып, таза бұлақ суымен жуып басын таңған қыл шылбырды бiрсiн-бiрсiн кесiп алдым. Бала сол бетiнде тұяқ серiппей ұйықтады да қалды. Биiкке шығып, қолға атой берiп, әрi батырды күзету мен тосқауылға жиырма жiгiттi алып қалдым. Баймұрынды алға бiр түстiк жерде шалғында отыруды тапсырдым. Қуғын сезсек бiз де, ол да бiр-бiрiмiзге хабар жiберуге тиiстi болдық. Өйткенi, қолбасының қашан оянып, қашан ес жиятыны мәлiмсiз-тiн. Ертеңiнде, салқын түсе, қолбасымыз оянып, ес жиып тамаққа қарады. Жас неме ғой, етке тойған соң, сәт санап сергiп күшiне ене бердi. Сал бөксе боп боп қалған төл аттарымыз да терiн кептiрiп, қунаған-тын. Бәрiмiз де бiр ауыздан ең соңғы қауiптi түн осы дестiк. Ел адамдары екi күн жиналысып ендi бесiншi тәулiкте бiзге жетуге тиiс. Жылқы соңынан ат басын еркiн жiбердiк. Соған дейiн Ақбоз ат алдына ат түсер деп ойлаппын ба? Ақ бозым шыға созылып зымғап бердi. Қолбасымыз екiншi iлекте келедi. Аттардың алғашқы қарқыны басылып шын жүйрiк бауыры жазылар жер шапқанда Бесбесбайдың Ақкөгiнiң құлаштап, кеп қалғанын байқадым. Ақбозыма тақымды қанша қысып, атым қанша зымғағанмен Ақкөк ат қоймай жетiп, көп таласпай-ақ алдыма шықты. Осы арада менен де, атымнан да аруақ қашты деген ойым расқа шықты деп бiлдiм. Бiр ғажабы бала батырға бұрынғы қызғанышым оянбады. Iсiне сүйсiнгендеймiн. Оған сүйсiнген сайын Абайдың мұның кiмдiгiн танығанына таңдана түсемiн. Халқымыздың бiр нақылы де есiме келе бередi. Ертеден “Бақытты аттың соңынан құнаны, бақытты ердiң соңынан ұланы туады” дейтiн. Әлде бұл жiгiт ел бақытына-туды ма екен?!
Қолдың қолбасыға деген бейiл құрметiне сынмен қарауға ауысамын. Келе жатқан жолда көп жiгiттер маған қарайлап, шешiмдi сөздi менен күтiп келген-тiн. Ендi олай емес, бала басшыға әбден сенгендiк байқатады. Не сөзi болсын табанда орындайды. Оны жассынатын бiрi жоқ сияқты. Оның iсi кiлең батырлар iшiне қонғаны күмәнсiз секiлдi.
Қуғын жоқ боп шықты. Батырлар да сергiп, әңгiмеге әзiл-күлкiге ден қоя бастады. Төл аттарымызды босатып, жаудан алынған аттарға мiндiк. Жануарлардың арасында не сәйгүлiк кезiгедi. Бәрi де ер азаматтардың жанына балаған аттары ғой. Мен ептеп соғыс жайындағы пiкiрлердi суыртпақтап сұрай бастадым. Күнiмен тостық. Қуғыншы жоқ. Бар жiгiтпен сөйлесе берем бе, тыңдағаным Дулат батыр мен Баймұрын болды. Екеуi де сөзге жоқ кiсiлер. Екi батыр да Бесбесбай қайратына риза, ал оны қолбасы еткен Абай сыншылдығына қайран қалады. Дулат қарт:- Құнанбайдың мына Абайының бiлетiндiгiне өлшеу жоқ. Торғай атамыздың немересi Байтөреұлы Бесбесбайды қайдан тапты екен? Бұл өзi бұрын көрiнбеген жап-жас неме емес пе? деп бiр қояды.
Баймұрын болса, «Бiз Даукең екеуiмiз ұрысқа жылқыны суға саларда, судан өткен соң араластық қой. Оған дейiн соғыс барысын сырттай аңыстап, жылқыны шашау шығармай, суға қарай аудара бердiк. Ойпыр-ай, не қылған соғысқыш ел!.. Бесбесбайдың «Абылайлаған» даусы өзiне жау шақырғандай болады. Не бiр дию жiгiттер «Абылайлаушы» қолбасы екенiн аңдап алып, ортаға алып жабылып бередi. Жүн сабағандай сабайды. Аты мертiксе, не болады деген ұры ой басыма келгенде сенiң сақтығыңа ырзалығым ше? Қолбасыны қорғауға қойған үшеуiмiз- Бөдей Жамансары, өз ағалары Көшбесбай, Жарқымбайлар қылған қайратта есеп жоқ-ау!.. Батырдың өзi алдын аршығанда бұлар екi қанатта екен. Әсiресе, Жарқымбай батыр атының алдына жан жолатпауға бар қайратын салғанын көзiм көрдi. Баланың өзi ше?!.
Сол қолында шоқпарын үйiрiп жау ағашын тигiзбесе, оң қолындағы сойылмен алды-артымен бiрдей ұрады. Адамның аруағы көтерiлетiн уағы болса, бұл баланың сол түнi аруағы көтерiлген, өзiне де аруақ қонған, қорғаған сәт түнi болды.
Бұл сөзге не айтарсың?.. Менен өзге жiгiттердiң бәрiнiң жүзi жарқын... шынын айтсам, бұл менiң күнiм сөнуiмнiң басы екен.
Елге де жеттiк. Екi күн бұрын хабаршы жiбергемiз. Әрине Абайға кеттi ғой хабаршы. Абай «Қара шаңыраққа - Өскенең шыққан үй, Зере, Ұлжан бәйбiшелер аулына келсiн», - дептi. Тобықты елiнiң бас көтерер басшылары түгел жиналған. Онда қажының - Құнекеңнiң көзi тiрi. Өз тұрғыластарымен өзi - бiр төбе. Жас бозбала, жiгiт - желең түстiк жерден қарсы алды.
Ел бауырға түспей, бiздi тоспалап отыр екен. Абай ауылы Бала Шақпаққа қоныпты. Жылқыны Байқошқар өзенi бойына өрлете салдық. Бозқасқа, ақсарбас айтылып сойылуында есеп жоқ. Бiздiң келуiмiз екi күн тойланды. Бесбесбай қасынан менi екi елi тастамайды. Бұрынғысынша төр менiкi, менiң бағатыным - Абай. Абай өңiнде де менi ұнамаған белгi жоқ. Үшiншi күнi олжа үлес болды. Үлес Абай аузымен бөлiндi.Абайдан шақырту келдi. Абай Оспан үйiнде жалғыз екен. Үстiне кiрген маған көзiнiң болатын салып қарағанда, шөгiп кеткендей болдым.
– Е,е, Абылғазы! Талай салыстырған тарлық сенде де бар болды-ау!.. Қайыр, бұл жолғыңды ұмытайын. Бұрынғы Абылғазы боп жүре бер. Аруақ кешсе, кешiрдiм мен! Бар!..- дедi. Тiрi шықтым десем де, өлiп шықтым. Осы жолдан былай күнiм сөндi деп ем ғой. Бұдан соң, қол бастап көргем жоқ. Үш балам Манқа, Тiлеуке, Арыстан атқа мiнген болады. Қой ұрының аз-ақ алды.
Иә, Абаңның бала-немерелерi маңайын қан-қақсатқан ұры болған. Маңқа, Тiлеуке нәубетке дейiн бар екен. Соңғы өмiрлерiнен хабарсызбыз.
Ал, Бесбесбай Торғайдың Жабағысының ұлы Байтөреден туады. Бесбесбай бәйбiшесi – «Абай жолы» романындағы Әнет руының қызы Балбала. Бесбесбай дүниеден (1863-1919ж) Тобықты елiнiң бас қолбасшысы боп өткен.
Бекен Исабаев
("Ұлылар мекені" кітабынан үзінді)