Өтен Ахмет. Жадымдағы Мағауин

ӘДЕБИЕТ
4277

Жазушы әрі ғалым Мұхтар Мағауин сексен жасқа толып жатыр. Менен бір курс жоғары оқыған онымен дос-жаран, жақын сырлас болдым дей алмаймын. Жазушылығы һәм ғалымдығы арқасында негізінен сырттай ғана танып жүрдім. Алайда тағдыр бізді шығармашылық қарекет үстінде бірнеше мәрте кездестірген де еді. Мен ондай шуақты сәттерді асығыстау болса да қағазға түртіп қоятынмын. Мұхаңның жазушылық – азаматтық келбетін ашуға бір септігі тие ме деген ниетпен сол көріністерден бірнешеуін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.                                        

2001 жылдың 30 сәуірі.

Қарағандыдан көшіп келіп, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Мыңбай ауылында әзірге екі қыс қыстадым. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылы Шамалған бізге қол созымдай жерде тұр. Алматы да алыс емес, дәл іргемізде деуге болады. Мектепте мұғаліммін, қазақ  әдебиетінен сабақ беремін.

Осы ауылдың біраз жақсы-жайсаңымен таныс-біліс болып қалдық. Солардың қатарында ерлі-зайыпты Мұхтар мен Балғын да бар. Екеуі де ғылым кандидаты. Жастайларынан осындағы қой асылдандыру ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп, бұл күнде зейнетке шыққан. Осы кісілер арқылы бизнеспен айналысатын күйеу балалары Медғатпен танысқанмын. Медғат қазақтың ірі жазушысы Мұхтар Мағауинді жақсы біледі екен. Сыйластығы өз алдына жерлестіктері және бар. Медғат Мұхтарды және Алматыда үлкен зауыт (қазір соғыссыз тоқтап, қирап қалған) басқарған Әбекең деген кісіні атасының үйіне қонақ етіп алып келді.

Мұхтар Мағауин жастайынан бар ынта-шынтасымен беріле кірісіп, әдебиеттің әр саласында айтарлықтай үлкен іс тындырған қаламгер. Алған атақтары, тапқан беделі еңбегіне лайық білем, ешкім ешқашан сөз бықсытып ол жағына күмән келтірген емес. 

Әдеби жиындарда, қызмет басында әредік кездесіп қалып, ауызекі жеңіл-желпі сөйлескеніміз болмаса, бір-біріміздің ішімізге кіріп, сыр алысатындай жағдайда болған жоқпыз. Араларымыз тым шалғай еді, ол Алматыда, мен Қарағандыда тұрдым. 

Мағауинға қатысты бір сурет әркез көз алдыма келеді. 1993 жылы Қарағанды облысындағы Далба тауының етегінде Бұқар жыраудың 325 жылдық тойы өтті ғой. Мен бұл уақытта, 1992 жылдың басынан, облыстық Телерадиокомпания төрағасы едім. Облыстық деңгейде шара ұйымдастыратын комиссия құрамына кіргізіп қоятын. Бірақ комиссия деген аты ғана. Бәрін әкім мен оның орынбасары Н.Бектұрғанов өздері шешер еді. Осы жолы да айдалаға қаңғымайық деген ұсынысымызды құлақтарына ілген де жоқ. Айтқанымыздай той өте нашар өтті. Орыстар кекетіп «Бухали и жрали» деп өлтіре табалады. Араққа тойған жын-ойнақтың кесірінен қыз зорланды, бірнеше адам опат болды.... 

Күн жарықтық бір ашылып, бір түнеріп әлсін-әлі құбылумен тұрды. Ызғырық жел сүйектен өтті. Бірақ бишікештерге бәрібір еді. Олар темір шыбықтардан өздерінше «қазақтың киіз үйі» деп құрастыртқан аумағы тай шаптырым жасанды күмбез ішінде «бухали мен жралидің» әкесін көкесіне танытумен болды да, тойға келген ақын-жазушыларды естерінен тарс шығарды.

Жұрт үйді-үйге кіріп, ет пен араққа бас қойып жатқан түс ауған шақ. Бейіт үстінен аңыратып тікұшақтар ұшырған, сырнайлатып-кернейлетіп, қиқулатып-ұрандатып қазақ-қалмақ «соғысын» бейнелеген жүгенсіздеу ойындар аяқталған, далада азынаған жел болмаса, жан қалмаған. Мен баба кесенесін асықпай аралайын деп кешігіп жүріп Мұхтарға кездесіп қалдым. Бас изестік. Ішімнен бұл неге жалғыз жүр деп ойладым да қойдым. Бұқар баба аруағы асқақтауы үшін мен оның қайсарлықпен ұлтқа сіңірген еңбегін еске алдым. Қайсар демегенде, не дейін? ХХ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов сияқты бірен-сарандардың ғана аты аталғаны болмаса, одан әріде қазақта әдебиет жасаушылар болған жоқ деп келгенбіз. Мұхтар «Алдаспан» атты зерттеу монографиясы арқылы сол өтіріктің бетпердесін сыпырды. Қазақ әдебиетінің тарих арнасында ХҮ ғасырдан, яғни сонау Асан қайғыдан бастап мәлім болғанын паш етті. Сосын да шығар, дәл қазір тобыр дүрмектен бөлініп, баба кесенесін оңашада жеке аралап жүргені. Мен ішімнен осылай деп түйін түйдім. Мұхтар, басқа да бірсыпыра жазушы ағайын, той дастарқанына шақырылмай далада қалып қойыпты, жаңбыр мен суыққа ұрынып жүдеушілік көріпті дегенді кейін естідім.

Келесі жылы Жезқазған аймағы Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығын тойлады. Той салтанатының шұғылалы бір сәті - төңкерісшіл ақынның ескерткішін орталық алаңдағы алдын-ала дайындап қойған тұғырға орнатылатын кез. Ескерткіш уақытында жеткізіле қоймады да, жиналған жұрт тосыңқырап қалды. Кеш ұзарып түнге айналды. Ақыры жеткізілді-ау ескерткіш. Асығыс-үсігіс орнатыла бастады. Көп тосқаннан шаршай бастаған жұрт көңілі ептеп серпіліп, біршама жеңілденіп қалғандай. Біреулер Қарағандыда былтыр өткен Бұқар жырау тойы жайында бірдеңе деді білем, Мұхтардың әлгіге қарсы сөйлеген қатқыл даусын естідім. Үкімет адамы Төлеген Жүкеев бар, бәріміз қатарласа тұр екенбіз. Кім білсін, әдейі біз естісін деді ме:

-Қарағандыда жібі түзу азамат бар деп айтпаңдар, - деді әр сөзін шегелеп, -Қарағандыда ер азамат жоқ, қонақ сыйлауды да білмейді екен. Былтыр Бұқар баба тойында далада қалып үсіп кете жаздағам.

Тура маған қаратып айтылғандай еді. Ұялған тек тұрмастың керімен:

 -Халық көп жиналып, жұрт ерсілі-қарсылы сапырылысып жататын үлкен тойларда ондай-ондай болып тұрады ғой, - деп өзімше ақталып, міңгірледім-ау деймін...

Сосын 1999 жылдың көктемінде Алматыға бір жолым түсіп, Жазушылар одағы үйінде орналасқан «Жұлдыз» редакциясына кіріп, сәлемдесіп шықтым. «Жұлдыздың» басынан бағы тайып тұрған ауыр шағы болатын. Таралымы бір мың данадан сәл-пәл ғана асыңқырап, өлмешінің күнін көріп жатыр екен. Егемендік алғанға дейін 220 мың данамен шығып тұрған еді дегенге сену қиын. Редакция төңірегі – бәрі тозған. Мен ел аузында билікке қатысты Мұхтар айтыпты деген бір қыршаңқы сөзді есіне салып ем, ол қызарақтап қалды. Мүмкін мен емес шығармын деді. «Басқаға таңамын десе, қазақта азуын айға білеген құрғақ ауыз айтқыштар аз ба», деп мен де одан әрі қазбаламадым.

Әңгіме барысында Мұхтар Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға іші жылымайтынын сездірді. Сенің досың деп Рымғали Нұрғалиевті айтты, сол Әбдіжәмілді жағалап екеуі ауыз жаласып жүр деді. Өмір ғой дедім мен. Адам пенде өзіне пайда келер ыңғайлы жағына қарай құбыла береді ғой. Заман түрі мынау. Біреудің мәстегіне дер кезінде міңгесіп алмасаң, айдалада адасып қаласың. Иә, ол солай, деді Мұхтар.

Ұлттық рухтың аласарып бара жатқанын сөз еттік. Шойынбас оптимист едім, бара-бара ұлттық қасиеттерімізден біржола айрыламыз ба деген күдігім көбейіп, мазасыздана бастадым, деп түпкі ойымнан сыр бергендей едім, бәрі жақсы болады, әлі-ақ еңсе көтеріп, тіктеліп кетеміз, деп Мұхтар келіспеді.

Содан бері де арада екі жылдай уақыт зу ете түсіпті. Газет сөзіне сенсек, халықтың 75 пайызы кедей, 20 пайызы қайыршылық күн кешеді. Рас, «Жұлдыз» таралымы биыл 2,5 мың данаға жетіпті. Өйткені үкімет оң қабақ таныта бастаған. «Жұлдыз» да өз тарапынан үкімет саясатына оң баға беріп, мадақ материалдар жариялауды жиілеткен. Үкіметтің «сен мақтайсың, біз қолдаймыз» деп шарт қойғанын журналдың биылғы үшінші санында Мұхтар Мағауиннің өзі де ашық мойындап жазды...

Сонымен, 30 – сәуір - Мұхтарлар қонақ болатын күні түстен кейін мектепте үш сабағым бар еді. Сабақтарымды өткізіп келсем, қонақтардың еркектер жағы қуырдақ жеп, шөл басып, ауылмен танысуға қыдырыстап кетіпті. Жеңгей, келіндермен амандық-саулық сұрасқанша, жантақты жердің шайлыққан түйелеріндей аяқтарын асықпай маң-маң басып, өзара күбір-күбір сыпайы сөйлесіп, олар да жеткен еді. Көп кешікпей бәріміз ет жеуге отырдық. Мәжілісті Медғат басқарды. Бірақ мұндай жерде кім не дей қойсын: тілек, ниет баяғы. Тек Медғат қана шетел компанияларына қатысты бізге таңсық тың деректер айтқандай болды. Қалай дегенмен шаруаның ішінде жүрген адам ғой. 1994 жылға дейін жасалған келісім-шарттар Қазақстан үшін өте тиімсіз. Тіпті соры десе болады. 1994 жылдан кейін қабылданған заңдарымыздың ол шарттарға пәрмені жүрмейді. Екіжақты талас туа қалғандай жағдай болса, дауды Брюссель, Лондон т.б. Батыс елдерінің соттары шешеді. Олар миллиардтаған айыппұл тағып, Қазақстанның белін сындырып жіберулері мүмкін. Яғни еліміздің шетелдегі байлықтары, елшілік үйлерімен қоса, сосын жер асты қазбаларымыз солардың қолында кетуі әбден мүмкін...

Осы күндерде «Егемен Қазақстанға» берген бір сұхбатында Ақселеу Сейдімбеков ақсақал жазушы Әзілхан Нұршайықовтан бастап Бекежан Тілегенов пен Мұхтар Мағауинға да тиісіп өтіпті. Бүкіл сөзі баяғы өзінің үйреншікті сарыны – білгіштік пысықайлықпен өзгеге ақыл айтуға құрылған екен. Әңгіменің бір орайында мен Мұхтарға соны меңзеген едім, ол күлді. «Унитаз бетіндегі құмалақ қой, суды қанша ағызсаң да бетіне қалқып қайта шыға береді». Ақселеу жайында Олжас Сүлейменов айтқан сөз еді деді...

Мұхтардың жазғандарынан байқаймын, дәйекке жүйрік. Көкірегі қаншалықты аңғарғыш болса, көзі де сондай көргіш жіті ме деймін. Көбіміз жәй ғана ұсақ-түйек қой деп есептейтін жәйіттерден мағынасы үлкен түйін түйе біледі. Ауыл шетіндегі ағаштары отынға қырқылған ескі алма бағын аралап жүргенде, екі адам туралы сөз қозғады. Бірі – Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Тшанов Қозыбағарұлы Амалбек болса, екіншісі – президент аппаратының бастығы Сарыбай Қалмырзаев еді.

Жамбыл облысына іссапармен болғанында әкім бұларға бес минөт уақытын қимапты. «Қош келіпсіздер» дегенді айтпағаны былай тұрсын, әлдебір лауазым иесі үшін лифтіні қаңтартып қойып, бұларды сонау жоғарғы қабатқа жаяу шығып-түсуге мәжбүрлепті. Мұхаң әлгі әкім жайында, «бұл неге сонша сорлы болды» деп ойлайды ғой. Сөйтсе бәрі аты-жөнінде жазылып тұр екен. Атасы Тшан, дүниеге бір тышар келді, боқ келді, әкесі Қозыбағар, еркек кіндік қой, қозы бақса да өлмейді, өз аты Амалбек, заманына қарай амалдап күн көрер. Әкесінің арманы да.

Мұхаң алпыс жасқа толғанда Сарыбай Қалмырзаевтан жылы жазылған құттықтау хат алады. Мүлде күтпеген жерден. Бұрын білмейтін, тіпті естімеген де адамы екен. Мәскеу ТМД елдері жазушыларының шығармаларынан кітап шығаратын болса керек. Мұхтарға Президент әкімшілігінен телефон шалынады. Бір көркем әңгіме сұрайды. Мұндай істің жайдан-жай бола салмайтынын жақсы білетін Мұхтар пәрмен кімнен деп білгісі келсе, Сарыбай Қалмырзаевты айтады.

-Менің шығармашылық еңбегімді сыйлайтын азамат секілді. Соған қарағанда ұлттық сана, жүрегі бар ізетті жан-ау деп ойладым. Әңгіме менің жеке басымда емес қой, қайтсек қазақ боламыз дегенге саятын әрекет болғасын айтымын да, - деп бір қойды Мұхтар...

2001 жылдың 20 желтоқсаны.

Мұхтар Мағауин шығармаларын көбіне сүйсініп оқимын. Қарапайым. Жатық. Анық. Нақты. Әсіресе бұлтартпас терең ойлары үшін. «Жұлдыздың» биылғы № 11 санында жарияланған «Оңғақ» әңгімесі сондай дүние екен. Бір заманда өмір сүріп, әдебиет шаруасына қатар еңбек еткен Иман мен Жиған, әрине, жиынтық бейнелер. Бірақ біз сияқты олардың өкшесін ала өскендер үшін Иман мен Жиған артында кімдердің прототипі тұрғаны жұмбақ емес...

Жиған алас-күлес аласапыран заманның феномені. Былыққан заманға лайық былыққан тұлға шықпауы мүмкін емес қой. Былыққан дегенде адами рухты айтамын. Жиғандай тұлғаның былыққан рухын Мағауин дөп басқан. Ол былай дейді: «... Әуелі төбедегілердің сусап тілеген сөзін. Елді егемендікке жеткізген. Қазақты әлемге танытқан. Саясаткер... Қайраткер... Жағынғанда Жантықты шөлде қалдырғандай.

Содан соң төмендегілердің көкейге тіреген сөзін. Өкпе – тілек, ұсыныс – ұйғарым. Билікке зиянсыз, басшыға қауіпсіз әрқилы кеп. Қариялар зейнетақыны неге уақытылы ала алмай отыр. Парламенттегі даугерлер неге қазақша сөйлемейді. Балшабек ескерткіштер қашанға дейін қасқайып тұра береді. Совет қайраткерлерінің құрметіне қойылған мекен-тұрақ, өндіріс, шаруашылықтардың атауы неге өзгермейді. Ауыл тұрғындарының тұрмыс ахуалын қашан және қалай түзейсіңдер. Ресми іс қағаздарын қазақшаға көшіру керек. Бәрі рас. Бәрі қажет. Бірақ жалпы жұрт айтып жүрген сөз. Және айтушы үшін қатерсіз, ақыр түбі нәтижесіз сөз».

Осыған ұқсас дүниені мен де жазғанмын. «Шақшақ шерлі» атты әңгімем қарашаның 8,17 күндері «Жас қазақ үні» газетінде жарияланды. Ең бастысы балдыр – батпақ заманда Жиғандардың дәуірлеп, Имандарға жол бермейтінін ол да ойлапты, қиналыпты, мені де мазалапты. 

2002 жылдың 29 сәуірі.

Жазушылардың кезекті құрылтайы өтті араға жеті жыл салып. Сырттан келген мардымды қонақтар болған жоқ. Жоғарыдан ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл – Мұхаммед болды. Құрылтай Алматы әкімдігінің ғимаратында өтті.

Шарпысу болды. Алғашқылардың бірі боп сөйлеген Мұхтар Шаханов әріптестеріне өкпе-назын білдірді: Мені мойындағыларың келмейді. Мені әлем таниды...

Пікірталасы негізінен Шыңғысхан төңірегінде өрбіп, бар уыты өзі аттас әріптесіне бағытталды. М.Шаханов әйгілі қаһанды қанішер, адамзат өркениятын жүздеген жылдарға кері шегерген зұлым, қазақтың да өз дамуында кенжелеп қалғаны соның кесірінен дейді. Шетел бұл тұжырымға қол соғып қуанып жатыр. Америкадан алтын медаль алдым дейді. Оған қарсы сөйлеген Қалихан Ысқақ шетелдік экспансияны қолдайсың, ұлт мүддесін саттың деп кінәлады. Ел шетіне шығып-ап артыңа қарап түкіріп жүрсің деп ауыр сөз айтты... 

2003 жлдың 3 наурызы

Жазушылар үйінен шыға бергеніміз сол еді, «Ойбай, Мұхаң»» деп Тұрысбек Сәукетай кейін шегінді. Кімді айтқанын түсіндім, сонда да «Қайда?» деппін. «Әне, анау тұр».

Иә, анадайда көше жиегінде тұр екен. Машиналар қарсы алдынан әрлі-берлі ағылып жатыр. Солардың бірін тоқтатқысы келетін секілді. Бірақ ұмтылып, пәлендей пысықтық байқатпайды. Тоқтасаң тоқта, әйтпесе өзің біл дейтіндей зырылдап өтіп жатқан машиналарға самарқау ғана қарап қояды.

         -Редакцияның машинасы жоқ па еді? – деп сұрадым мен Тұрысбектен.

         -Бар ғой, анау тұр. Қарсы алдымызда көше жиегінде тұрған қызыл күрең түсті «Жигулиді» көрсетеді.

         -Ойбай-ау, сонда өз машинасын өзі көрмей тұр ма, әлде танымай тұрғаны ма?

         -Соның екеуі де болуы мүмкін.

         -Әдебиет пен өнерге әбден беріліп кеткен адамдарда бір қожанасырлық мінез болады деуші еді, - дедім мен күліп.

         -Ол рас, - деді Тұрысбек, - Осыдан үш-төрт жыл бұрын журналымыз жабылып қала жаздап, қатты жүдеп тұрған шағында бір күні редакциядағы жалғыз телефон жоғалып кетті. Жоғалғанда да біреу шнурынан қиып әкетіпті. Еден сыпырушы әйел жылап жүр, мен алған жоқпын деп. Арамызда ұры жүргендей қызметкерлер бір-бірімізден ыңғайсызданып қалдық. Осылай шат-шәлекейіміз шығып жүрсек, телефон аппаратын Мұхаңның өзі –редакторымыз Мұхтар Мағауин үйіне алып кетіпті. Қалай болды десек, үйіндегі аппарат бұзылып қалады да, алыс бір жерге шұғыл телефон шалу керек болып, жұмыстағыны қиып әкетеді ғой.

         -Шнурынан қимай, розеткадан ажырата салуды білмегені ме?

         -Білмегені ғой.

         Көше жаққа тағы бір сығалап қарадым. Мұхаң «Мерседес» жеңіл машинасын тоқтатып, маңғаз қимылдап мініп жатыр.

         -Кетті, - дедім.

         -Ендеше біз де кетейік, - деді Тұрысбек Сәукетай...

2004 жылдың 4 мамыры.

«Жұлдызға» соқтым. Мұхаңның алдында «Жас Алаш» газеті жатыр. Аударыстырып қояды. Бір беті түгел Семей аймағындағы Шұбартау ауданына арналған екен. Суреттерімен. Газеттің айтуы, егер жер бетінде Жерұйық бары рас болса, ол – Шұбартау ауданы-мыс.

«Жұлдыздың» № 4 санында Мұхтар сол өңірдің перзенті ретінде Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов үй тіккен, ат шалдырған жерлердің аудан басшылығының парықсыздығынан орман – тоғайы оталып, қу медиен далаға айнала бастағанын жүрегі езіле шамырқана жазған еді. Шыңғысханға байланысты айтыс үдеп, «Жас Алаш» газетінің Мұхтар Мағауинға қарсы қолшоқпар болып тұрған кезі ғой. Кейбір жартыкеш рухты, ерегіспе, өркөкірек жасалаштықтар Мағауинның жазғандарын жоққа шығаруға тырысқан. Сурет деген не тәйірі. Сау тұрған қабырға жақтан түсірсең, тамаша ғимарат. Екінші жағынан... қирап жатыр.

         -Қазақстанда бір сорлап қалған аудан болса, ол менің туған ауданым, осы Шұбартау, - деді Мұхтар қатты күрсініп.

Талантты болып үнемі ой арқалап жүру де оңай емес-ау. Және ұлттық рухқа қатысты мәселеде немқұрайды қалу қандай қиын. Күйінішті сезімдері кеудесіне сыймай жүрген болар, сол табанда айтып салды. Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев осыдан үш-төрт күн бұрын теледидардан сөйлепті. Хабарды Жұматай Шаштайұлы жүргізген. Айтыпты: Абай арақ ішкен, апиын ішкен... Бұл ойын ол бірер жыл бұрын жарық көрген «Жазмыш» кітабында да жазған көрінеді.

         -Газетте жарияланған біраз үзінділерімен танысқам, - деп мен де сөз қыстырдым. – Тәжірибелі кітапханашы жазғандай ғана дүниелер екен.

         -Әсілі, Абайға тиіскен адам оңбайды. Бұрын да солай болған-ды. Аруағы атады.... Кезінде сыншы Зейнолла Серікқалиев, көркемдігі жайында айтса бір сәрі, тарихи танымына тиісіп, Ілияс Есенберлинге, жалпы бүкіл қазаққа қиянат жасады ғой...

Абайдың «Сыртым бүтін, ішім дерт, мен ішпеген у бар ма» дейтінін әдейі бұрмалайтындар бар секілді. Әлде сылтауы ма... Абай өмірде қайғы – зарды мейлінше көп тартқан ғой, деп алып, Абай арақ ішкен, е, ішсе несі бар деп, Абай апиын ішкен, е, ішсе несі бар деп соғады аярлар. Өстіп Абай мен шын ішкіш болғандар арасында аналогия жүргізгілері келеді. Шын ішкіштер маскүнемдіктен өлген болса, Абайдың ішкенінде не сөкеттік бар. Заманының зарын көрген талантты адамдарға тән ортақ қасірет қой дегенді оқырманға, тыңдарман мен көрермен қауымға таңғылары келеді...

Абайдың баласы Ақылбайдан туған Әубәкір деген немересі, рас, апиыншы болған. Апиынды ат шаптырып Семейден алдырады екен. Әлгілер келгенше шыдамы таусылып, қопаңдап, демігіп бір орнында отыра алмайды екен. Қарсы ат шаптырады екен... Ақындығы керемет бопты. Өлеңді суырып салып, табанда төгіп айтып жүре береді екен...

Осыдан оншақты жыл бұрын ба, қай газет екені есімде жоқ, бір орыс авторының Абай нашақор болған деп жазғаны есіме түсті. Соған байланысты кейбір қазақ газеттерінің шу көтергені бар. Аярлар соны қайталап жүрген ғой, деп айтпақшы едім, Мұхтар асығыстық білдірді. Одақта әлдебір жиналыс...

2004 жылдың 17 маусымы.

...Үстімізге Мұхтар Мағауин кірді. Әңгімелескісі келетін ыңғайы байқалғандай. Өйткені телефонға қайта-қайта шақыртып әкетсе де, қайтып келе бергені. Кіріп-шығып жүріп екі нәрсені сөз етті. Бірі – Абайдың 150 жылдық тойының берекесіз өткені жайында, екіншісі – Бұқар жыраудың 325 жылдық тойының жүгенсіз ұйымдастырылғандығы туралы болды.

Абай тойына байланысты оның көзі тірі тұқымдарының ескерусіз қалғанына қынжылды. Оларды дұрыс қарсы алмаған, жөнді үйге түсірмеген. Құрмет-күтім былай тұрсын, қараусыз қалдырған. Сонда мен Ғалымжан Жақияновқа қатты ренжідім. Абайдың аруағы атады дегем-ді... 

Ал Бұқар жырау тойында ескерусіз далада қалады. Күн суық, әбден тоңады. Тісі тісіне тимей қалшылдай бастайды. Қай үйге барып, қайда бас сұғарын білмей дағдарады. Сүйтіп қаңғалақтап жүргенде біреу кездесіп, үстіндегі қос тері күртешесінің бірін шешіп береді. Соны киіп жан шақырады. Әлгі кісі жазушылар түскен үйге жол сілтеп те жібереді.

         -Келсем, - дейді Мұхтар, - бәрі төрде шалжиып ішіп-жеп қарық боп жатыр. – Ау, бұларың не? Мені неге тастап кеттіңдер?

         -Ой, той болған соң,- деп Ақселеу пәтуа айтпақшы еді, сөйлетпедім. – Бүйтіп ел болған, кісі болған түрлерің құрысын, - дедім де шығып кеттім...

         -Ресми жиын кезінде де қызық болды, - дейді Мұхтар, - Баба суретіне қарап бірінші қатарда отырдым. Манаш Қозыбаев баяндама жасады. Менің атымды бірінші атап өтті. Қарағандылық ғалым сөйледі. Ол да мені атап өтті. Одан кейінгілер де сөйтті.

Бір байқасам, президиумнан Қуаныш Сұлтанов, сұңғыла жігіт қой, маған қарап ым жасайды. Көрсем де көрмеген боп, түсінсем де түсінбеген боп отыра бердім. Жорғалап қасыма біреу келді. Сізді президиумға шақырып жатыр дейді. Бабама қарсы қарап отырмын, осы жер жарайды, бармаймын дедім. Қауымға белгілі, Бұқар бабаны қалай зерттегенім. Шал ақынның атын қалай тірілткенім... Әңгіме атақ-даңқ бөліскенде емес, қарапайым әділдікте ғой, дейді М.Мағауин. Осы тойдан оған пішімі келіспеген, олпы-солпы, саржағал шапан тиіпті. Соны әбден тозығы жеткенше кидім, бабаның аруағы деп, дейді Мағауин Мұхтар.

Бір жас жігіт келіп микрофон ұсынды. Ішімде қайнаған ойларымды ақтардым-ау. Галстугім қисайып кетіпті, сол күйінде сөйлей беріппін. Режиссерлар неге жөндеп қойыңыз деп айтпағанын білмеймін...

Іштей жымидым. Баспасөз – төртінші билік деген сөзге талай әріптесім сияқты менің де кәдімгідей иланып, желігіңкіреп облыс әкімі П.Нефедов пен оның орынбасары Н.Бектұрғановқа бас иіп бағынбай жүрген кезім ғой. Тойдан хабар түсіретін қызметкерлерге қадап тапсырғам, ешкімге жалтақтамай шынайы көрсетіңдер деп. Солай болды. Өзіміздің бағамыз, М.Мағауин пікірі бір жерден шықты. Жұртшылық қолдап әкетті. Бірақ бұл жөнінде мен Мұхтарға тіс жарып ештеңе айтпадым.

2007 жылдың 22 маусымы.

«Жұлдыздың» жаңа редакторына кірсем, орынбасары, хатшысы, т.б. – бәрі шәй ішіп болып қалған екен. Мен кірген соң, басқалары тұрып кетіп қалды. Редактор маған шәй алғызды.

Шаруамды айттым. Жазушылардың құрылтайына келгенде «Адасқан ғасыр» атты хикаятымды, редакцияда жан болмаған соң, қауымдастықтың басшысы Мереке Құлкеновтің қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызға қалдырып кеткен болатынмын. Темірхан мазасызданды да қалды. Көрген де сияқты, көрмеген де сияқты. Алған да сияқты, алмаған да сияқты. Бақыт деген қызметкерін шақырды. Ол алдыңызға қойғанмын деді. Темірхан үстелдің тартпаларын ақтарды. «Сахарный диабетпін», ұмытып қала беремін деді.

         -Мүмкін жігіттердің біріне берген шығарсың?

         -Мүмкін, - деп өзі іздеп кеткен, қуанып қайтып келді.

         -Қолжазбаң табылды. Жігіттерге нықтап айтып тапсырамын, - деді.

Сөздің турасы, мен бұл хикаятымды Темірхан Медетбекке өзі сұраған соң берген едім. Құрылтай болардың алдында. Мүмкін бізге жақтас болсын деп істеген амалы ма, білмедім. Қалай да сондағы маған айтқан сөзі жылы еді. Сіз біздің тұрақты авторымызсыз, сыннан өткенсіз, баяғыдан жарияланып келесіз. Басылады...

Алайда бұл менің «Жұлдызға» соңғы рет бас сұғуым екен. Уәдесінде тұрмаса да Темірханның кісі алдарқататын тілі бар еді, енді іс - әрекеттері, көзқарастары түсініксіз жаңа басшылар келді де, мен үшін «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің есіктері біржола тарс жабылып қалғандай болды. Мен де оларды насихаттамақ түгіл, оқуды да қойдым. Оқиын десем, дәм-тұз жоқ. Кейде қампиған қағаз, күмпілдек сөзді басылымның соңғы бетіне кездейсоқ көзім түсіп кетсе, қаптаған пәленбай бастықтың аты-жөнінен жүрегім айнып кетеді. Бәрі жабылып әдеби газеттің беттерінен не сүзеді екен, ақша алу үшін болмаса, бұнысы несі деп қобалжимын. Ал таралымы...сонша бастық жарыса қол қоятындай емес-ау... Қайтерсің, бізге қазір бәрі сыйып тұр ғой...

                                               х х х

Текті Мұхтар туралы біреулер: «Елге сыймай кетті, сыйдырмады», дегенді тіреп айтып қояды. Келіспеймін. Өйткені елін шын сүйетін жан, тәуелсіздігімізді шын қастерлейтін жан М.Мағауиндай-ақ болсын. Оның қаламынан еліміздің бірлігі мен тұтастығына көлеңке түсіретіндей бұзық сөз ешқашан шыққан емес. Сынаса, намыссыз ездерді сынайды. Қашса, берекесіз у-шудан, бәтуасыз қиқым әңгімелерден қашқан шығар. Кезінде Шәкәрім де: «Ойға оңаша жер керек», деп Шыңғыстаудың жықпылынан «Саят қора» атанған үйшік соғып алып, сонда жалғыз тұрып бірыңғай шығармашылықпен айналысқан еді ғой. НКВД адамдары әдейі іздеп барып атып кеткенше... Мұхтардың барған жері әуелі Прага, қазір АҚШ. Азамат болған ұлының қасында ұлық ойларының толқынына тербеліп, қазақ рухын байытар жаңа шығармалар жазып жүр; олары елге үздіксіз жетіп жатыр: Шыңғысхан туралы роман-толғаулары, қазақ әдебиетін қалыптастырған алдындағы ағалары, қатарлас қалам тербеген замандастары туралы естеліктері, яғни ойының өресі, жүрегінің жылуы халқымен бірге. Ол –классик жазушы ғой. Классик жазушының жүрегі мен жаны қайда жүрмесін ел арманы-тіршілігімен бірге соғады, бірге тыныстайды әрқашан.  

Тек аман жүрсін, ұзақ жасасын.

 Өтен Ахмет

                                                                                            

author

Мұхтар Мағауин

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...