Биыл ұлт руханиятының абызы атанған Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл. Мерейлі датаны атап ө...
Төреғали Тәшенов. Қызынған жұрт, бұзылған көп пиғылы
ТЫҢАЙТҚЫШ
Өмір жайлы өзеурейді кіл айтқыш.
О, кіл айтқыш, өтірігіңді құрай түс.
Барар жерің шіренгенмен белгілі,
Түптің түбі бәріміз де – тыңайтқыш.
Өмір жайлы өзеурейді кіл айтқыш.
О, кіл айтқыш, оның бәрі құр айтыс.
Өмір деген – көңнен өнген көбелек,
Бір-ақ күндік өлшеп берген шыдам-күш.
Түптің түбі бәріміз де – тыңайтқыш,
Қанша жерден қиғың келмей, жылайды іш.
Боқ дүниені көтеруге мәжбүрсің,
Тыңайтқышқа айналғанша шыдай түс.
Қорек жинап, келмей «кәрі құдаң» қыс,
Іңір түссе-ақ жиналатын жын, аң-құс, –
Қоңыр күзде баптамақ боп бақшамды,
Қи мен көңге мен де боппын құмартқыш.
Түптің түбі бәріміз де – тыңайтқыш,
Бәрі өткінші, жалғанды ойлап, жылай түс.
– Жоқтан емес, боқтан ізде бақытты, –
Тас төбеме кетті саңғып құмай құс...
САЯСИ ШІЛДЕ
Жалп-жалп ұшқан қара қарға ұсқыны,
Қуырып тұр құрғақ жаздың ыстығы.
Қарғыс өтпес, дуа жетпес қоғамның
Тірсегіне түсіп кеткен ышқыры.
Түк емес-ау күннің найза-істігі,
Күннен де өткір саясаттың ыстығы!
Ашынғандар аямасқа анттасқан
Арасында байы да бар місікіні.
Аптап шілде (ары қарай тамыз-ды),
Ақ тер-көк тер ағызудай ағызды.
Жауын емес көктен бірақ күткені
Көптің мына – жауыннан да маңызды.
Қызынған жұрт, бұзылған көп пиғылы,
Қолдарында Құдайдың дәу бұйрығы...
Түртіп көріп сірі жанын жүйенің
Сыбырлайды: "жыбырлай ма құйрығы?..."
ҰРҒАШЫЛЫҚ
(экспромт)
Қай жаққа қарасаң да – ұрғашылық!
Қатын – би боп, сиыр тұр пұлға шығып.
Тіліңе де тиісіп дініңе де,
Тепсінеді тұл қатын, тұлғасынып.
Ән – ұрғашы, өлең де, жыр да – ұрғашы,
Сұлу, жылтыр, сенбесең, сөз тыңдашы.
Саясат та – ұрғашы, заңымыз да,
Осы шығар, сірә да, құрдым басы.
Құрып кетсін, өзімен құмға сіңіп.
Айғай салғың келеді, қырға шығып.
Бәсі биік бәйгенің алдын бермес
Ұрғашылық – бұл күнде жорға шығып.
Ұрғашылық дегенім – бұл ғасыр, ұқ!
Жетегінде етектің жүр басылып.
Қасиетті әйелде не құным бар?!
Қоғамға айттым: – қылма, – деп, – ұрғашылық!
***
Адамы көп Алматы – Алаңы жоқ,
Алаңы жоқ болған соң – Адамы жоқ!
Амалсыздан тығылып фейсбукке,
Жалғыз-жарым жалаймыз жараны кеп.
Ақ мәрмәр тас жарқылдап табандарда,
Алшаң басар күн қайда Алаңдарда?!
Алақандай алаңша арман боп тұр –
Алшаң баспақ түгілі, аялдарға.
КӨК ҚОШҚАРДЫҢ КҮЙІСІ
(Махамбетше)
Құлағым, сені сақтадым,
Маған біткен серек деп.
Мүйізім, сені сақтадым,
Сынбасын деп өбектеп.
Құйрығым, сені сақтадым,
Құрбандыққа керек деп,
Көзім, сені сақтадым,
Сүзіскенде есептеп.
Тісім, сені сақтадым,
Сынбасын деп бөлектеп.
Жілігім, сені сақтадым,
Майы болсын ерек деп.
Құрбан шалсаң, мен дайын,
Жаратқанға керек деп.
Ризамын, ертең Айт күні
Ала кетсең жетектеп.
Мойұнсындым Аллаға,
Баратұғын мезет кеп,
Пышағыңды қайрай бер,
Тілеп тұрам «тез өт!» деп.
«Бисмиллә Аллаһу Акбар!» деп,
Шалып жібер, кезеп кеп...
КОМСОМОЛ – 100
20 жасында ВЛКСМ-нің қып-қызыл жетекшісі еді –
Қазір кәрі коммунист!
Жасында сірескен таяқтай-ды.
Қазір тойға барса да батасын
«Елбасы мен Нұр Отан жасасын!» –
деп бастайды һәм аяқтайды.
Жарықтық!
Сол сірескен таяқтай боп жүріп,
Өмірінде бір шек-сілесі қатып күле алмады,
Не еңіреп жылай алмады,
Не қартайғанда сәждеге жығыла алмай,
Не жас шағында удай мас болып жерге бір құлай алмады,
Жаны сірі екен,
Жасы 100-ге келсе де, – Құдай алмады!
Тоғыз басты айдаһардай
Тоғыз патшаны көрді,
Сол патшалардың сегізі өлді.
Қырық қатпарлы жаны шығып кетердей,
Қырық түймесін түгел қадап,
Галстугін қылғындыра байлап,
Әлі де өмірге құштар,
Иегіне сақал да шықпады үш тал.
Жүз жасау оңай ма,
Қазір жүріп-тұруы біршама қиындаған,
Сонда да басына бөрік не тақия бұйырмаған,
Сол баяғы оқшырайған сәбеттік шләпісі.
Өлсе де жаназасын шығартпай,
гробпен кетеді енді, мына кісі!
Әшкиі шақшиып,
Әлі күнге оқитыны «Комсомольская правда»,
Пысқырмайды қазақша кәзит тұрмақ, Құранға!
...Бұ кісінің қылмысын айтсам – 40 том болар,
Не істемеді бұл! –
Қызмет етем деп Коммунистік Ұранға...
***
«Жер сатылмасын» дейсіңдер ме –
Сатылып кеткен!
«Ер атылмасын» дейсіңдер ме –
Атылып кеткен!
Шығып барады жалғыз көз
Мақұлық шектен!
Бұдан да жаман болады! –
Жерден Мәді шықпаса
Жапырып шеттен! –
Иса Мәсіх түспесе
Ақырып Көктен!
КЕПТЕЛІС
Алматыда көлік көп,
Көрген күнің – кептеліс.
Отыз жылда, қайтейін,
Осы – біздің жеткен іс...
Итшілейсің итіңдеп,
Құрып кеткір, неткен іс?
Қор болғандай көк есек
Күре жолға теп-тегіс;
Боқтық пенен қарғыстан
Құлақ шулап, кепкен іш...
Бақытты едің о, неткен,
Ұшқан сонау көкте құс?!
Бәрі осының аздай-ақ,
Тағы билет тексеріс...
Жайлап алды миымды
Көк темірге кектеніс;
Бедірейген асфальт,
Бетің құрсын теп-тегіс;
Бірін бірі итеріс,
Бірін-бірі жекөріс;
Қалтаға абай болмасаң,
Қағып түсер ептегіш;
Қала берді кондуктор
Көрсетеді өктем іс;
Алматысы құрысын,
Шықты-ау мына шектен іс;
Ауылдағы бақытты-ау
Сиыр баққан Бектеміс!
Жоғары жақ өтірік
Жұбатар деп: «өтпелі іс»;
Қашан мынау тыйылар
Көліктегі көп керіс?
Шешетін жоқ жерде ешкім,
Шешілмесе көктен іс?!
Жол түзелмей түзелмес
Жұртымдағы тоң-теріс.
Қолдан шығып кетпегей,
Жолдан шығып төңкеріс...
***
Лұт қауымы секілді Люксембург,
Жер астына, обал жоқ, кетсең, құрып, –
Бір ауыздан гей көсем сайлап апты,
Азғын халық, бұзылған шектен шығып!
Қарсы шыққан Құдайға, неткен бүлік!
(Біреу жоқ-ау алатын беттен тіліп), –
Беттель деген жылмақай гей көсемі,
Елге анада кеп кетті еппен күліп.
Жай келмеген, берген-ау пәтуасын:
«Бір жынысқа біржыныс «асылатын»
Насихатқа болмасын ешбір шектеу,
Ашық болсын, түгі жоқ жасыратын!».
Жылайық па, қайтейік, күлелік пе?
Осы емес пе, айналған тірі өлікке!, –
«Ата Заңда заңдастыр!», - деп гей-біреу
Бұйрық берер түбі Игорь Роговке!
Осы емес пе, келгені заманақыр?!
Біз жүргенде мөңіреп далаға құр,–
Алматыда болмаса Астанада,
Өткізеді, гей-шеру, қара да тұр!
АЖАЛЫҢ НЕДЕН БОЛДЫ, АҚБӨКЕНІМ?!
Арқада он мыңдаған киік өлді,
Көміп жатыр бір жерге үйіп енді.
Ақбөкенді уласа бүгін, ертең
Улап түгел жүрмей ме, дүйім елді!?
Қазақтың осы емес пе кер кеткені,
Сәкендер адаммен тең көрмеп пе еді?!
Бүгінгілер бір күнде баудай түскен
Жүз сексен мың киікке селт етпеді.
Ажалың неден болды, Ақбөкенім?!
Тым құрса бұйырмадың жатқа тегін.
Қайыр жоқ қоғамнан да, адамнан да,
Қол жайып тілемесек Хақтан емін.
Келгенін іш сезеді кептің неден?
Көк майса шақта мынау шөп гүлдеген,
Тойынғаннан өле ме текті тағы,
Уламаса әдейі «гептилменен».
Ток соққандай – қай жерден толқын ұрды?!
Көк соққандай – қамшымен тартып улы!
Жан бар ма екен жалғанда түсінетін,
Жанарында қап кеткен жалқы мұңды?
Қысқа күнде қырылған қынадайын,
Кім тоқтатар сұмдықты мынадайын!
Құдайсыздар, қарашы, құрық салған,
Өргізерде өрімдей құралайын.
Қайда? – деп, – киік, – ертең дала сұрар,
Қазақтың бар ма соны, данасы ұғар?!
Киеліге иелік ете алмасақ,
Киіктің көздеп бір күн наласы ұрар!
ЖЕР
Жер әкемнің тері екен ғой,
Жер анамның көзі екен ғой.
Жер жамылып кете барар,
Бес қабатты бөз екем ғой.
Басқан із бен көрген қызық,
Жерге шыққан шөп екен ғой.
Жер адамның өзі екен ғой...
Жер Тәңірдің төрі екен ғой,
Шөккен жардай шер екен ғой.
Көшкен нардай бел екен ғой.
Жер дегенің – Ел екен ғой.
Ағытылған төл екен ғой,
Мен екем ғой, сен екен ғой,
Қаратаудай қол екен ғой.
Жерімен ел жұрт екен ғой.
Жауға жегі құрт екен ғой.
Жерін жатқа өлмей бермес –
Көк Түріктің ұрқы екен ғой.
Шаңырақтың шырқы екен ғой,
Тартып қалсаң шырпы екен ғой...
Жер дегенің – Ұлт екен ғой...
Төреғали ТӘШЕНОВ