«ЖЫНДЫ»1973 жылы қысқа салым Алматыда жас ақын-жазушылардың кеңесі өтті. Семинарларға бө...
Бақытбек Қадыр. Түскі астан кейін (новелла)
– О, оқымысты қайным, кел төрлет, – деп самбырлай күліп қарсы алды Ә. жеңешем. – Ағаңның орнына жайғас, ағаңдай бастық боласың. Айтпақшы, бүгін ол түскі асқа келмейді, асықпай түстеніп қайт, – дейді қуланып.
Жеңге болғанда, жақын туыс емеспіз. Етене араласып-құраласып, бірге тумасақ та туысқандай боп кеткен бір арқалы ағамыздың жас бәйбішесі еді.
Бір шаруаларыммен келгем. Түскі ас мезгілінде кездесіп үлгермесең, басқа уақытта ағамыз көбіне-көп қауырт жұмыстармен жүретінді. Ол кісімен тым тығыз қарым-қатынаста болған соң ба, ескертусіз келіп-кетіп жүретін едім...
Түс әлеті. Ә. жеңгем мені ас үйдегі қақ төрге отырғызды. Мен имене-имене ағамның жылы орынына жайғастым. Сосын аз-маз оны-мұны сөз етіскен болдық. Екі шиттей бала соңғы үлгідегі smart телефонға үймелесіп бірдеңе көріп жатыр. Олар біреуде, біреудің олдарда шаруасы жоқ... Үйдің іші біртүрлі жайсыз сезілді. Дар-дар еткен электр бұрғының және басқа да шық-шық еткен дыбыс естіледі. Қаладағы көп қабатты үйлерде үнемі байқалатын мазасыз сол тірлік. Әлдебір желімнің жағымсыз иісі мен ас үйдегі ас-мәзірдің иісі араласқан соң ба, үй ішіндегі кермек иіс өкпені қабады. Бірақ қазанда бұрқ-сарқ қайнап жатқан тамақтың иісі әлгі иістерді жеңіп, тәбетті аша түсті.
– Қолыңды жуып кел, оқымысты қайным, тамақ түсірем, – деді Ә. жеңешем.
Мен тазалық бөлмесінде қолымды жуып, шашымды әрі-бері қайырып айнаға қарап, біраз бөгелдім де мипаздап ас үйге қайта кірдім. Келсем, мана байқамаппын, әлгі жөндеу жұмыстары осы үйде жүріп жатыр екен де жұмысшылар түскі асқа түсіпті.
Көрнекі сурет («После обеда» Берта Моризо Живопись, 1881, 100×81 см)
Қырма сақалды көкжақтанған, мұрындарының үсті дөңес, қоңқақ келген, қою қастары бір-біріне етене жақын орналасқан, қабақтары шығыңқы, көздері шұңғыл, үсті-бастары салтақ-салтақ, жағал-жағал орта бойлы үш өзбек жігіті дастарқанды қаумалай ошарылап отыр. Біреуінің шашы шашақтанған сарғыш сұр, көзі бозғыл көк. Тамақтан бас алмай сұғына түседі. Түрлері жадау, қажыған. Жеңгей шай құйып, тамақ салып, пәруана болып жүр. Әлгінде мен отырған қақ төрдегі орындыққа ересектеу өзбек жұмысшы жайғасыпты.
Мен есік жақта сәл кідіріп қалдым. Самарқау ғана сәлемдестік. Ақыры маған есік жақтан орын тиді. «Есік жаққа арқаңды беріп отырма, балам», – дейтін әжем ылғида. Сол есіме түсіп кетті ме, арқамды сәл бұрып, дастарқанға қиғаш отырдым. Тамақтан екі шөкім ауыз тидім. Содан кейін түк ас батпай қойды. Ал жұмысшылардың, әсіресе, түрлі салаттарды күтір-күтір шайнағаны – тап құлағымның шеміршегін жеп жатқандай әсер етті.
Менің орнымда отырған өзбек жігіт басқа екеуінен гөрі қушыкеш, әзілқой екен, жеңгеммен қалжыңдасып, күлісіп қояды. Шүңірек көзі менен тайған кезде, жеңгемнің көздеріне жиі ұшырасып қалады... Жеңгем жымиып күледі де оған қиыла қарайды. Ол әлдебірдеңені айтып болмастан, бес саусағымен алдындағы майлы палаудан омырып алады да, ауызға салады. Ұртын толтырып алып, тамағын шайнап жатып та күлісіп, сөйлесіп жатты. Оның үстіне Ә. жеңешем Ташкентке жақын орналасқан ауылдың тумасы-тұғын. Ол сондықтан да басыбайлы жұмысшыларының тілінде сөйлесіп отырды. Мен көп ештеңе ұқпасам керек, сөзге араласпай өзіммен-өзім болдым. Бірақ олар маған үдірейе қарады да отырды.
Ә. жеңге қос қолын шапалақтап:
– Қап, мен сендерді таныстырмаппын ғой. Мынау менің оқымысты қайным. Есімі – Арсен. Қалалық кітапханада істейді, өзі тауық етін жегенді жақсы көреді, – деп, қалжың араластырып, мені жұмысшыларына таныстырып жатты. Мен дәнеңе демедім. Аузыма қапелімде сөз де түспей қалды. Ары қарай сөзін үстеп: – Мынау жігіттер, біздің үйдің ішкі ремонтарын жасап жатқан жұмысшыларымыз, – деп таныстырғандай болды. Дәл не дегені де нақты есімде қалмапты. Әлде мүлде таныстырған да жоқ.
Мен түскі асты дәулетті ағамның үйінен ішіп шыққандай болып едім. Бірақ бір түрлі қарным аша берді...